Өміріміздің әр сәтінде, Баршамыздың Ойымызға да, Сөзімізге де, Ісімізге де ТӘҢІРІМІЗ разы болсын!
     Бүгін:   жыл
    
  • Азамат пікір-сайыс клубы
  • Бекжан Толыбай
  • Аршат Оразов
  • Өркен Кенжебек
  • Рахат Жақсыбай
  • Ербол Азанбеков
  • Кәмшат Тасболат
  • Ғалия Әженова
  • Жапониядан күнделік
  •  
     

    Журналист Ханымбүбі Ақжолованың 90-жылдық мерей тойы (фото-видео репортаж)

    /

    Арнайы www.internettv.kz үшін Болат Нәукенұлы.

    Қазақ Елі, 22 қазан 2011 жыл

    Кеше, 2011 жылдың 21 қазаны күні, ардагер журналист Ханымбүбі Ақжолованың 90-жылдық мерей тойын әріптестері, жерлестері және туыс-жекжаттары Алматы қаласында атап өтті.

    Бейнесюжеттерді көру үшін төмендегі сілтемелерді басыңыз:

    Журналист Ханымбүбі Ақжолованың 90 жылдық мерей тойы 1 бөлім
    Журналист Ханымбүбі Ақжолованың 90 жылдық мерей тойы 2 бөлім

    (… бейне материалдар әлі өңделуде, толық нұсқаны алам деушілер мына тел. 8-701-712 4511 хабарласса болады)

    МЕРЕЙТОЙДАН ТҮСІРІЛГЕН ФОТОКӨРІНІСТЕР:

    Журналист Ханымбүбі Ақжолованың 90 жылдық мерей тойынан фотокөріністер

    «Улы Сталин» және Ханымбүбі Ақжолова

    "УЛЫ СТАЛИН" және Ханымбубі Акжолова
    БІР ТҮЙІР ҚОРҒАСЫН ХИКАЯСЫ

    Батыр да бір оқтық дейді… Тарының түйіріндей ғана қорғасын тіршілік иесінің өмірін тоқтата алады. Әрине, бұл ұрыс жағдайындағы оқиға. Бейбіт өмірде иненің жасуындай қорғасынның оққа ай­налмаған бір түйірі де бейкүнә жанның тағдырын қыл ұшына байлай алады екен! Мен мұны тоқсанның төріне жақындаған қарт журналист Ханымбүбі Ақжолова апамның өз аузынан естідім. Аяулы әзіз жанның алпыс жылдан соң ақтарып жайып салған жан сырынан жа­ным түршікті, жағамды ұстадым!

    Өткен ғасырдың 70 жылдары… Аудандық газетте жүргенімізде бізден ит көйлекті бұрындау тоздырған Жұматай мен Базарбек, Мұхаметжан есімді әріптес ағаларымыз ол кісіні «арыстан апа» деп атар еді. Әрине, көзінше айтпайды, айту үшін де жан керек шығар… Ал біз, 20 жастың ар-жақ бер жағындағы редакцияның «бозөкпелері», неге екенін қайдам, ләжі болса ол кісінің атын атамауға тырысып бағатынбыз. Апталық лездеме үстінде әлгі батыр ағаларымыздың өзі «арыстан» туралы ұмытып, абайлап сөйлеп «апалап» қалатын. Жалғыз редакторымыз ғана әңгімесін «Ханеке» деп бастар еді. Білетініміз – апамыз қазақтың тұңғыш ашылған қызыл журналистика институтының қарлығаш-түлегі. Жұрттың бәрінің мысын басып, қайбірінің құтын қашырып жіберетін басты қасиет сол «қызыл журналистиканың» құдіретінде емес пе екен деген балаң ой кейде қылаң беріп қалатын. Қалай десек те, көнекөз һәм жәдігер апамыздың өзіне ғана лайық сұсты мінезі, салмақты болмысы бар еді. «Партия солдаты» деген идеологиялық ұғымның түп-төркініне де сол жылдары «арыстан апамыздың» қимыл-қарекетінен қаныққандаймыз. Апамыздың шынысы да, мүйізі де қалың көзілдірігін қолына алып, түюлі қабағымен көзіңе тіктеп қарап, хал-жағдайыңды сұрағанының өзіне сынақ үстіндегі солдаттай сасқалақтайтынбыз. Ертеңгісін «Газет неге кешікті?» деген сұрауының қорғасындай салмағы туралы тәптіштеп айтудың өзі бір ғанибет. Онысы газет неге уақтысында жарыққа шықпады дегені, ол кісі газеттің редакторы болмаса да, редакциядағы партия ұйымының хатшысы. Еңбек тәртібін қадағалау тікелей міндеті. Өтірік айтуға қақың жоқ, жауапты хатшы болған соң, бәрін де бастан- аяқ баяндап шығуға мәжбүрсің. Оның үстіне, өзі қадап айтқандай, партия қатарына өтуге үміткердің бірі емеспін бе?! Айтпақшы, менің партия қатарына өту үшін аупарткомға барғанымның өзі бір жыр.

    Әлі есімде, апам мені бюроға ертіп әкелді. Дайындығым тастай. Коммунистік партияның жарғысынан бастап, осыны сұрап қалар деген жайттың бәрін жаттап алғанмын. Бюроға бірінші кірген орыс жігітінің кіруінен шығуы тез болды. Ендігі кезек менікі. Ішке кірсек, төрде әйгілі актер Жантөриннен аумаған бір пенде отыр. Үлкен бөлменің бір қабырғасына қаз-қатар қойылған қызыл орындықтарға бір қауым ел қаздай тізіліп жайғасыпты. Бірінші хатшының алдындағы ұзынша үстелде де ентелей, үймелей отырған адам. Бірінші хатшы қол астындағы қағазға шұқшиып міз бағар емес. Мынадай ортада, әрине, торға түскен торғайдай күй кештім.

    Бірінші хатшы мен пақырға көз де салған жоқ. Ақжолова апам орнынан тұрды. Бірден байқағаным, өзімізге, көзімізге таныс маңғаз апам маған әлденеден именіп тұрғандай көрінді. Бұрын-соңды біз естімеген бәсең дауыспен аты-жөнімді қызметімді, журфактің үшінші курсында сырттай оқитынымды тігісін жатқызып оқып берді. Дауысы қарлығып, қайта-қайта жөткірінді. Бүкіл аудан бойынша беделі бес батпан «арыстан апамның» мынадай күй кешкенін алғаш көруім. Бірінші хатшы енді маған мойын бұрды. «Жамбыл ауданында қанша сауыншы бар?» «Апырай, мұндай да сұрақ болады деп кім ойлаған?» Әр тоқсан сайын сауыншылардың көрсеткіш қорытындысының тізімін беріп жүретін аудандық газеттің жауапты хатшысы емеспін бе?! «Үш қатардан боргеспен терілгенде тоқсан жол, корпуспен терілсе сексен жол, бас тақырыбын алып тастағанда…» деп жандалбасалап жатып, есептің жауабын дәл табуға қалғанда, «Қанша жылқышы бар? Қанша шопан және оның қанша көмекшісі бар?» деген сұрақтар маған қарай пулеметтен атқан оқтай жауды. Есеңгіреп қалдым. «Жас екен, келесі жылы да­йындалып келсін! Партия хатшысы да… дайындалсын!» деп нығырлай айтылған соңғы сөз де есімде. Түсіндіңіздер ме, келесі жылы! Апамда үн жоқ. Қатты қобал­жығаны білініп тұр, көзілдірігін бір киіп, бір шешіп әлек. Осы сәт Жұматай Қалығұлов ағамның «Бұл кісі партиядан таяқ жеген адам, Сталиннің заманында бір әріп үшін атылып кете жаздаған» деген бір әңгімесі еске түсті.

    Алайда апамыз алпыс жыл ішінде сақтаған, адам тағдырына араласқан бір түйір қорғасынның сырына араға ширек ғасыр уақыт салып қанықтым…

    Бір кездегі «Большевик жолы», «Сталин жолы», «Екпінді еңбек» атауларын өзгертіп, «Атамекен» атауымен жарыққа шығып жатқан қасиетті қара шаңырақ – Жамбыл аудандық газеті 80 жылдық туған күнін атап өтуге құлшына дайындалып жатқан. Жастық өмірінен бастап зейнет жасына дейін осы газеттің отымен кіріп, күлімен шыққан қаламы қарымды журналист Ханымбүбі Ақжолова апамыз өз газетімен замандас әрі мұңдас. Содан да оны көлікке отырғызып, баяғы өзіміз бірге қызмет еткен аудандық газеттің редакциясына алып келгенім бар. Тастан қаланған ғимараттың бергі есігінен редакцияға кіріп, екеуміз одан әрі баспаханаға бас сұқтық. Бар жүйе компьютерлендірілген. Шағын цехтағы Ұлтуғанның бет қаттайтын қаңылтырмен тысталған қара үстелі мұражайдың жәдігеріндей, жас­тығымның айнасындай көзіме оттай басылды. Баспахананың қаңырап тұрған бар бөлмесін армансыз аралап жүрген апам да осы жерге келгенде кідірді. «Балам, бері таман келші» деп мені кішкене терезенің тұсына жақын шақырды. Әмиянын ашып, ішінен мұқият бүктелген бармақтай сары қағазды алды. Ашты. Әбден умаждалған сары қағаздың ішінен иненің жасуындай бір түйір қорғасын шықты.

    …1949 жыл. «Сталин жолы» газетінің кезекті саны шыққан алакеуім таң «аттандаған» төтенше оқиғамен басталыпты. Газеттің редакторы Ханымбүбі Ақжолованы НКВД-нің екі қызметкері үйінен дедектетіп, баспаханаға алып келеді. Түкке түсінсе бұйырмасын. Әйтеуір жүрегі бір жамандықты сезгендей. Баспаханадағы газет басу машинасының жанында ауданның бірінші хатшысынан бастап, тіпті облыстың мүйізі қарағайдай белсенділері абыр-сабыр жүр. Өңдері өрт өшіргендей. Атынан ат үркетін мекемеде қызмет атқаратын бейтаныс азаматтар да баршылық. Газет басушы жас жігітті аудандық милицияның түрмесіне қамап тастапты. Көзі шарасынан шыққан бірінші хатшы қолындағы газеттің бірінші бетін редактордың тұмсығына тақап «Жолдас Ақжолова, мынау не масқара?» дегенде барып мән-жайға қанықты. Газеттің бірінші бетіндегі үлкен әріппен басылған «Улы Сталин жасасын!» деген жазуға көзі түсті. Жүрегі аузына тығылып, басы айналып, құлап түсті. Есін жиса, әлдекімдер су бүркіп жатыр екен. Ол заманда қазақ әліпбиіндегі қазіргі «ұ» әрпінің рөлін төбесіне сызықша қойылатын «у» әрпі орын­дайтын. Әбден ыңыршағы шыққан ескі баспа мәшинесі селкілдеп, зырылдап бергенде сол «у» әрпінің үстіндегі сызықша ұшып түскен. Газет басушы байқамаған. Ұлы Сталин бірден «улы» болып шыға келген. Редактордың түннің бір уағында «Басылуға рұқсат» деп қол қойған газеті табылып, ондағы «Ұлыға» көздері жеткен құпия қызметтің агенттері коммунист Ақжолованың бұл әрекетті әдейі жасамағанына аз-кем иланғандай сыңай танытады. Жұрт баспа мәшинесінің айналасын сүзгілеп, кездейсоқ ұшып кеткен «у» әрпінің төбесіндегі түйір қорғасынды жанын шүберекке түйіп іздейді…

    – Апаңның көретін күні алда екен, жапа-тармағай іздеп, осы биттей қорғасынды тауып алдық… аман қалдым, сол күні-ақ алып кететін еді… несін айтасың, балам-ай! Редакторлық қызметтен босатты, партиялық қатаң сөгіс жариялап, газетте кіші қызметке қалдырды. Сыртымнан бәрібір қауіпті «контра» ретінде бақылау қойыл­ды. Газет басушы жігіт салғырттығы үшін ит жеккенге айдалды, одан арғы тағдыры маған беймәлім… – деген аяулы жанның күңгірт дауысы тарихи топалаңның сол кезеңдегі адам тағдырын ойыншыққа айналдырған азапты жылдарының азалы сәттерін көз алдыма елестетті. Адамдар өз қолдарымен жаса­ған қатігездік пен аяусыздықтың арбауынан шыға алмаған дегенге сенесіз бе? Тағдырдың тәлкегіне сағы сынбай төтеп берген жүректі азаматтың, өзіміз тәлім-тәрбиесін көрген ардақты ананың иығынан құшақтап, қолынан сүйдім. Жасты­ғымыздың ең аяулы шағында – зар заманның тосын тауқыметін көрсе де бір ауыз тіс жармаған сондайлық сабырлы да салмақты, салиқалы азаматпен бір кеңседе, бірге қызмет еткенімді мәртебе санап, қатты толқыдым…

    Талғат СҮЙІНБАЙ.

    Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылы.

    («Егемен Қазақстан» газеті, Сенбі, 25 Маусым, 2011 жыл)

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Buzz
    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в LiveJournal
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники

    Creative Commons License
    The Журналист Ханымбүбі Ақжолованың 90-жылдық мерей тойы (фото-видео репортаж) by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.

    22 Қазан 2011 at 11:28 - Пікір жазу Пікір жазылмаған 2 479 рет қаралған ...