Өміріміздің әр сәтінде, Баршамыздың Ойымызға да, Сөзімізге де, Ісімізге де ТӘҢІРІМІЗ разы болсын!
     Бүгін:   жыл
    
  • Азамат пікір-сайыс клубы
  • Бекжан Толыбай
  • Аршат Оразов
  • Өркен Кенжебек
  • Рахат Жақсыбай
  • Ербол Азанбеков
  • Кәмшат Тасболат
  • Ғалия Әженова
  • Жапониядан күнделік
  •  
     

    Оралмандардың Алматы қалалық «Еліне оралып, еңбегі жанғандар!» атты форумы (фото-видео репортаж)

    Арнайы www.internetTV.kz үшін Болат Нәукенұлы./

    Қазақ Елі, 24 қазан 2012 жыл

    2012 жылдың 17 қазаны күні Алматы қаласы Әкімдігі мен Халықаралық «Жанашыр» қорының ұйымдастыруымен  Оралмандардың Алматы қалалық «Еліне оралып, еңбегі жанғандар!» атты форумы болып өтті.

    Алматы қалалық Оралмандар Форумы

    Оралмандар Форумын қала Әкімі орынбасары Мұқашев Мәулен ашты

    Профессор Нәбижан Мұхамедхан Алматы қалалық оралмандар Форумында баяндама жасады
    Рахым Айып Алматы қалалық оралмандар Форумында
    Алматы ІІД Көші қон полициясы өкілі Е. Алтаев оралмандар Форумында
    Журналист Сәлен Жарқын Алматы қалалық оралмандар Форумында
    Жамали Диханұлы Алматы қалалық оралмандар Форумында
    Кәсіпкер Мұхамедхан Сабыржан Алматы қалалық оралмандар Форумында
    Мұратхан Шоқан Оралмандардың Алматы қалалық Форумында
    Оралман — өнерпаздар концертінен көріністер
    Арыстан қажы Шәдетұлы «Қаражорға» биімен оралмандар Форумында

    Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласындағы Қазақстанда еңбек қоғамын, одан әрі жаңғырту идеясын басты мақсат етіп алған форум, Алматы қаласына шетелдерден келген қандастарымыздың еліміз экономикасы мен мәдениетіне, руханиятына қосып жатқан үлестерін және қоғамға бейімделіп, орнығуында кездесетін проблемаларын ортаға салып, ой бөлісті.

    Шараға шаһарда тұратын өнер, білім, ғылым, әдебиет, бизнес және т.б. салаларда зор жетістікке жеткен оралман азаматтар қатысты.

    Форумға қатысушы қандастарға, өмірдің барлық жағдайында, бейімделіп, орнығуында жол көрсететін «Елдесіміздің есіне. Керек кеңестер» атты жинақ таратылды.

    Форум аясында «Оралмандар жетістіктері» көрмесі ұйымдастырылды.

    Форум жұмысы өнер шеберлерінің концертіне ұласты.

    Елге оралып, еңбегі жанғандар бас қосты

    «Көшіп келіп жатқан ағайынға көмек көрсету
    – әрбір қазақтың парызына айналуы тиіс»

    Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Дүниежүзі
    құрылтайында айтқан сөзінен.

    Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы негізінде «Елге оралып, еңбегі жанғандар!» деген тақырыпта форум өтті.
    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт алдындағы, ұрпақ алдындағы ең бір сауабы шексіз сарабдал саясатының құрамдас бөлігі — тағдыр тәлкегімен төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымызды атажұртқа шақыруы болды. Содан бері 1 миллионнан астам қандасымыз Отанына оралды. Олардың көпшілігі Алматы қаласына келіп қоныстанып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр.
    Елбасының оралмандарды қолдау саясатын жүзеге асыру аясында Алматы қаласы Әкімдігі мен Халықаралық «Жанашыр» қоры 2012 жылдың 17 қазаны күні Оралмандардың Алматы қалалық «Еліне оралып, еңбегі жанғандар!» атты форумын өткізді.
    Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласындағы Қазақстанда еңбек қоғамын, одан әрі жаңғырту идеясын басты мақсат етіп алған форум, Алматы қаласына шетелдерден келген қандастарымыздың еліміз экономикасы мен мәдениетіне, руханиятына қосып жатқан үлестерін және қоғамға бейімделіп, орнығуында кездесетін проблемаларын ортаға салып, ой бөлісті.
    Шараға шаһарда тұратын өнер, білім, ғылым, әдебиет, бизнес және т.б. салаларда зор жетістікке жеткен оралман азаматтар қатысты. Жиында Қытайдан келген қандасымыз, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлының «Елбасының оралман саясаты және оның қомақты нәтижесі», оралмандар мәселесімен үздіксіз айналысып жүрген қоғам қайраткері Рахым Айыптың «Қазақ көшінде қалыптасқан жағдай мен оны шешудің жолдары», «Тәуелсіздік жемісі» жинағының авторы Мұратхан Шоқанның «Тәуелсіздік жемісіндегі оралмандар үлесі» атты баяндамалары тыңдалып, қандастарымыздың Тәуелсіздік жемісіндегі ел дамуына қосқан үлесі айтылды.
    Жарысөзге шыққан Алматы қаласы Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары Ержан Нұрсұлтанұлы Алтаев көші-қон саласындағы Оралмандар мәселелеріне тоқталды.
    Әр елдерден келген қандастар өкілдері «Әлемнің әміршісі – еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек» деген Елбасының ұранын ту еткен қандастарымыз жеке бизнестерін ашып, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына атсалысып жатқанын тілге тиек етті.
    Жиында сөз алған «Алатау-спецтехника» ЖШС директоры Сабыржан Мұхамедхан, спорт шебері, қара белбеу бірінші дан иегері, «Қаражорға» биін насихаттаушылардың бірі Жамали Диханұлы, журналист, жас оралмандар өкілі Сәлен Жарқын, «Айқын» газетінің тілшісі Құтмағамбет Қонысбек және т.б. шешендер қандастардың ел әлеуетіндегі рөліне тоқталды.
    Форум жұмысына билік тарапынан қатысқан Алматы қаласы Әкімінің бірінші орынбасары Мұқашев Мәулен Шапанбайұлы, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Кұлмаханов Әмір Кұлмаханұлы, Ішкі саясат басқармасының бастығы Мәкен Бахтияр Макенұлы, Қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Ахетов Мамай Қаниұлы, қалалық Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Әуезов Ерболат Құдіреұлы, Алматы қаласы Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары Алтаев Ержан Нұрсұлтанұлы және Экономикалық даму және сауда министрлігі Әлеуметтік саясат және мемлекеттік органдар жұмысын дамыту басқармасының бас эксперті Слямова Құралай Бөкейханқызы т.б. өз салалары бойынша оралмандарға қатысты мәселелерді қаперлеріне алды.
    Еселі еңбегімен ел экономикасына, руханиятына үлес қосқан қандастарға Алматы қаласы Әкімінің Алғысхаты, Ішкі саясат басқармасының және Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқармасының Грамоталары табыс етілді.
    Сондай-ақ, форумды ұйымдастырушы халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры атынан шетелдерден келіп ЖОО-да білім алып жатқан, жағдайы төмен отбасынан шыққан жастарды көтермелеу мақсатында кәсіпкер-оралмандар тағайындаған шәкіртақы Сертификаттарын табыстау рәсімі болды. Жаңыл Құрманқызы, Жасан Зекейұлы, Қайрат Байтолла, Жамали Диханұлы сынды азаматтар тағайындаған шәкіртақы Сертификатын қор президенті Жаңыл Әпетова әл-Фараби атындағы ЖОО дейінгі дайындық факультетінің 10 тыңдаушысына табыс етті.
    Форумға қатысушы қандастарға, өмірдің барлық жағдайында, бейімделіп, орнығуында жол көрсететін «Елдесіміздің есіне. Керек кеңестер» атты жинақ таратылды.
    Форум аясында «Оралмандар жетістіктері» көрмесі ұйымдастырылды.
    Форум жұмысы өнер шеберлерінің концертіне ұласты.

    Рахым Айыптың баяндамасы:

    ҚАЗАҚ КӨШІНДЕ ҚАЛЫПТАСҚАН ЖАҒДАЙ
    ЖӘНЕ ОНЫ ШЕШУДІҢ ЖОЛДАРЫ

    Ардақты ағайын, қымбатты туысқандар!
    Біз бәріміз Қазақстан деп аталатын қасиетті елдің иесі, мемлекет құрушы ұлттың өкілі ретінде ұлттық тұтастығымыздың келешегін саралауға арналған осы бір алқалы бас қосу кезінде қазақ көшінің өткеніне де бір сәт көз жіберіп көрелік.
    - Қазақстан Үкіметі сонау тәуелсіздіктің қарсаңында-ақ қазақ көшін бастап кеткен болатын. Әсіресе, тәуелсіздіктен кейінгі әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайының қарсаңы ұлтымыз тарихында мәңгілікке алтын әріптермен жазылатын айтулы уақиғаларға толы болды. Еліміз бодандықтан бостандыққа шықты. Жат жұртта жүрген біз, Қазақстан тәуелсіздік жариялағанда бақыттан басымыз айналып, төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей қалған еді. Ендігі арман -Тәуелсіз қазақ топырағына қалай жету болатын. Кешікпей оның да көкжиегі көрінді.Еліміз өз тәуелсіздігін жәриялағаннан кейін екі апта өтпей жатып, 1991-жылы 31- желтоқсанда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ радиосы» арқылы шетелдердегі қазақтарға арнап: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекеннен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайта келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білем. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правасы туралы ел аралық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан үкіметі: «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылданды. Сондықтан, атамекенге келемін деуші ағайынға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деген жан тебірентерлік, жүрек жарды сөзін естігенде, радио қабылдағышты құщақтап қуаныштан ағыл-тегіл жылағаным әлі есімде.
    Ол кезде «Қазақ радиосын» қалт жібермей тыңдап, елден жеткен газет-журналдарды обырлана оқитынбыз. Тұңғыш қазақ құрылтайының қарсаңында жасалып жатқан қызу дайындық, елдегі ағайынның ықылас-пейілі бізді ғаламат тәтті сезімдерге бөлейтін.
    Дүние жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы сан ғасырға созылған бодандықтан соң, тұтас әлем қазақтарына ғаламат рухани сілкініс тудырған тарихи уақиға болды. Ата-бабамыз армандаған осы күнге дейін отаршылдық үстемдік тұсында біздің туған халқымыз өз басынан қандай нәубеттерді өткермеді?! Бұл туралы тұңғыш құрылтайда Елбасы: «Әрине, бодандықтың аты-бодандық. Патшалық Ресейдің отаршылдығы басқа елдердің отаршылдығынан асып түспесе, кем түскен жоқ. Ұланқайыр даламыз Империяның меншігіне айналды. Дініміз тәрік, тіліміз ғаріп, мәдениетіміз мүшкіл, өзіміз міскін халге ұшырадық. Өз жерімізде өзіміз қырғынға ұшырап, өз жерімізде өзіміз қуғынға түстік. Мыңдаған жандар қырылып, мыңдаған жандар Атажұртын тастап кетуге мәжбүр болды. Республиканың ұлттық құрамына таяу арада дүзеп болмастай, орасан нұқсан келтірілді; жер құнары азып, Атамекен тозып кетті. Кербез сұлу Көкшетаудағы сексен көлдің саны азайып, айдынды Аралымыз тартылды, Абай туған Шыңғыстауды қырық жыл бойы Семей атом полигонының сынақтары сілкінтіп тұрды, Сарыарқаның шалғыны азып, жер жанаты Жетісудың жайлауы жүдеді». («Тәуелсіздіктің бес жылы» 52-, 53-беттер) деп мұң шаққан болатын. Шынында, отаршылдық үстемдік тұсында қайыс ноқта ма, темір ноқта ма бодандық қамытын киген халқымыз атып-асу мен қудалаудан көз ашқан жоқ. Әсіресе, өткен жиырмасыншы ғасыр тұтас қазақты торғайдай тоздырып, қынадай қырған қасіретті кезеңдерге толы болды. Шығыста Гималайдан батыста Берлинге дейін, оңтүстікте Тарымнан солтүстігі Итжеккенге дейінгі жарты әлем бейуаз халқымыздың қанымен боялды. Осындай ұлттық қасіреттен соң қайта қауымдасқан қазақ ұлты өзінің Қазақстандай азат елінде емен-жарқын қауышып, бақыт құшағында армансыз шалқыған күндер еді ол . Содан бері қазақ билігі көші-қон саясатын еліміздің стратегиялық саясаты ретінде табаны күректей жиырма жылға жуық уақыт табанды жүргізді. Соның арқасында милионға жуық қандасымыз елге оралды. Республика халқы бір жарым миллион қандасымызбен толықты.
    -Өкінішке қарай, тәуелсіздіктен бері қазақ көші дәл соңғы жылдардағыдай дағдарысты жағдайға тап болған емес. Дәлірек айтқанда, қаңтарылып тоқтаудың аз ақ алдында тұр. Бұл жағдайға байланысты өкен жылы дүние жүзі қазақтарының IV құрылтайында Президент Н.Назарбаевтың өзі де соңғы екі жыл бойы көшіп келу квотасының орындалмағанын ашық мәлімдеді. Өткен жылдың желтоқсан айындағы ресми мәліметке сәйкес, көшіп келу квотасының небары 33 пайызы ғана орындалған. Аталған құрылтайда Елбасы: «қандастарымыздың құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюды» қадап тапсырған болатын. Өкінішке қарай, Президент тапсырмасын орындауға біздегі атқарушы билік асықпайтын сияқты. Себебі, ол кісі бұл сөзді өткен жылдың алғашқы жартысында айытқан болатын. Міне осы жылдың соңғы жартысы да аяқталуға жақын, бірақ баяғы жартас сол жартас күйінде қалып отыр. Тіпті елге оралған қандастарымыздың жағдайы одан бетер қиындай түсті. Мұның ең басты себебі, біздегі құзіретті биліктің өз қандастарымыздың жағдайын жылдан жылға қолдан қиындатып отырғандығы дер едім. Атап айтар болсақ, Республика Үкіметі ең алдымен осыдан бірқанша жыл бұрын-ақ ешбір негізсіз, себеп-сылтаусыз 1992 жылы 23-қыркүйекте қабылданған «Шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» №791 қаулысының күшін жойды. Соның кесірінен елге келген өз қандастарымыздың мәртебесі келімсектермен бірдей болып калды.
    Бұдан кейін, 1999 жылдан бастап қолданысқа енген тағдыр тәлкегімен бөлініп-жарылған отбасылардың халықаралық адам құқығы пактілері негізінде шетелдердегі туыстарын өздерінің жеке кепілдігі арқылы шақыртып алуының жолын жапты. Президенттің тапсырмасын аяқ-асты етіп отырған Үкімет халықаралық пактілерді қайтсін?! Өткен жылдың 14 сәуірінде Премьер-министріміз өзі қол қойған №307 қаулысымен «Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуын құқықтық реттеудің жекелеген мәселелері» деп аталатын 2000 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің №136 қаулысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу арқылы елге келетін өз қандастарымыздың Қазақстан Республикасындағы жағдайын мүлде қиындатып жіберді. Соның кесірінен визасының мерзімі біткен сан мыңдаған қандасымыз сот шешімімен елден қуылып, бес жыл мерзімге дейін өз отаны Қазақстанға қайтып оралу құқығынан айрылды. Міне осындай өз Үкіметіміз тарапынан жасалып отырған жасанды тосқауылдардан кейін көші-қон квотасының орындауынан қалай үміттенуге болады. Одан да сорақысы, осы жылы Үкімет көшіп келу квотасын 2015 жылға дейін тоқтату жөнінде қаулы қабылдады. Елбасымыздың «түрлі кедергілерді жою» жөніндегі тапсырмасының керісін істеп келген Мәсімов Үкіметінің отставка кетуін қандастарымыз жылы қабылдады ғой деп олаймын. Себебі,ел-жұрт аталған кемшіліктерді С. Ахметов Үкіметі түзейді деп үміттенеді.
    Ал, дәл қазір оралман қандастарымыздың басындағы ең үлкен қиындық- олардың елге келгеннен кейінгі азаматтық алудағы әкімшілік кедергілердің есіңнен тандыратындығы. Өткен жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның жаңартылған нұсқасында оралмандарға азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі қолданылатындығы айтылған. Әрине, заңдағы бұл жаңалық құптарлық жағдай. Бірақ, жақыннан бері оралман ағайын азаматтық алуда өзі келген елінен қылмыс өткізбегендігі жөнінде анықтама әкелуі шарт деген талап қосылыпты. Және оған сол елдің осындағы дипломатиялық өкілдіктері растап мөрін басады екен. Басқа елді білмеймін, Қытайда бұл мәселе әлдеқашан заңмен реттелген. Мысалы,»Қытай Халық Республикасы азаматтарының шекарадан кiрiп-шығуы туралы» ҚХР Заңының 8-бабында: «Төмендегі жағдайлардың біреуі болса, азаматтардың шегарадан шығуына тыйым салынады»- деп айқын жазылған. Бұған мыналар кіреді: «1.Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар және қоғам қауіпсіздігі, прокуратура немесе сот орындарының біреуі күдікті деп тапқан азаматтар; 2.Соты аяқталмаған азаматтық дау-шарға іліккендер; 3.Жазасын өтеушілер; 4.Еңбекпен түзеу мекемесінің тәрбиеленушілері»
    Заңнан әліппелік сауаты бар адамдардың барлығы осыған ұқсас заң талаптарының барлық елде бар екенін білмеуі мүмкін емес. Соған қарамастан, оралман қандастарымызға 20 жылдан аса уақыт қойылмаған басы артық талап қою кімге керек болғанын өз басым түсіне алмадым. Алматы қаласында тұрақты тіркелудің адам айтқысыз машақатын да айтпай кетуге болмайды.2010-жылы Алматы қалалық мәслихаты қабылдаған тіркеуге тұрудағы адам басына 15 шаршы метрден кем болмауы жөніндегі шешімі қандастарымыздың басындағы жағдайды ерекше қиындатып жіберді. Бұдан тыс,елімізге оқу іздеп келген шетелдердегі қазақ дияспурасы ұл-қыздарының жағдайы да кісі қызығарлық емес.Олардың оқуға қабылданғанға дейінгі уақытша тіркелу орындарының болмауы және тіркелу мерзімін создыра алмауы және оқуға қабылданғанан кейін азаматтыққа құжаттарын рәсімдей алмауы олардың өміріндегі ең басты қиындық саналады. Өткен жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 33-баптың 1-тармағы 2-абзацындағы: «Қазақстан Республикасына білім алу мақсатында келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін тұрақты тұруға және Қазақстан Республикасының азаматығын қабылдау туралы өтініш беруге құқылы»-деген ерекше тағдырлық маңызы бар нормалардың болуына қарамастан, жоғары және арнаулы оқу орындарының көбісі оларды жатақ ханаларға тұрақты тіркелуге қолдау хат бермейді.
    Әрине, құқықтық базадағы өзіндік кемшіліктер де жетіп артылады. Мысал, 23-баптың 6-тармағында: «Оралмандардың көшіп келу көшіп келу квотасына енгізуге келсім алған этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасы аумағына келген кезде, көлік құралдарын қоспағанда, жеке мүлкіне кеден төлемдерін төлеуден босатылады»-деп жазылған. Байқап қараған адамға мұнда да мысық тілеулі біреудің ағайынды алалап, бір бөлімін шөміштен қағуға бағытталған жат пиғылының құлағы қылтияды. Тұтас 23-бап оралмандарға арналған жеңілдіктер мен басқа да көмек түрлеріне арналған соң, мемлекетке салмақ салмай өз мүмкіндігімен елге оралған ағайынды тақ бір кіналы адамдай, бар жиған-тергеніңді жатжұртта қалдырып, кеденнен 50кг жүгіңмен ғана өтесің деп міндеттеудің қандай қажеттілігі болғанын түсінсем бұйырмасын. Міне енді көшіп келу квотасының 2015 жылға дейін тоқтатылуына байланысты елге оралған қандастарымыздың барлығы да бар жиған-тергенін жатжұртта қалдырып кетуге мәжбүр. Аталған жағдайға байланысты қазақ көшін қалыпты арнаға бұру мақсатында төмендегі құқықтық және әкімшілік шараларды қолға алу қажет деп білеміз.

    «Шалқар — 2» газетінің басты директоры
    «Жанашыр» халықаралық оралмандар орталығының төрайымы
    Әпетова Жаныл ханымға!

    17.10.2012 күні Алматы қаласында өткізілген форумдарыңызға оралман қауым дән риза. Төккен теріңіз ешқашан далаға кетпейді деп білеміз. Жат жұрттағы ағайындар газеттеріңізді оқып, сусындайды. Елге оралған оралмандардың күй-жайынан хабардар болады. Қала әкімі көңіл бөліп отырған бұл ұйым жұмысын әрі қарай дамытады деген үміттеміз. Әрі газеттеріңіз арқылы форумдағы сөз алған қала әкімімен оралман өкілдерінің мақалаларын жариялауларыңызды, марапатталған оралмандарды өмірбаянын жеке-жеке таныстыруларыңызды (студенттерге степендия даярлаған оралмандарды қамтиды) сұраймыз. Сонымен бірге осы үрдісті жыл сайын жалғастыруларыңызды үміт етеміз.

    Құрметпен: Қытайдағы «Алтай аясы» жураналының орынбасар директоры Мұрат Қазезұлы. 18.10.2012 ж

    «Елге келіп, еңбегі жанғандар!» атты
    Оралмандардың Алматы қалалық форумының
    ҚАРАРЫ


    17 қазан 2012 жыл Алматы қ.

    1. Алматы қаласы бойынша қалалық Мәслихаты жанынан Оралмандарды қолдау жөніндегі арнайы кеңес құрылса.
    2. Алматы қаласы әкімдігі жанынан арнайы мамандандырылған «Оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталығы» құрылса. Аталған орталықта оралмандар азаматтақ алғанға дейін уақытша және турақты тіркелуге, белгілі мерзімге дейін паналауға, ал,білім алу мақсатында келген этникалық қазақтардың ұл-қыздары оқуға түскенге дейін уақытша тұруға мүмкіндік туғызылса. Биыл жұмысын бастаған «Жанашыр» оралмандарды қолдау орталығына қала әкімшілігінің арнайы шешімімен «Оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталығы» ғимаратынан арнайы орын беріліп, оралмандардың жаңа ортаға бейімделіп орнығуына дейінгі барлық бағыт бағдар, құқықтық көмек беретін, азаматтық алғанға дейінгі құжаттарын реттейтін, тіркелуіне көмек көрсете алатын, оралмандардың арқа сүйер Орталығына айналса.
    3. Әрбір азаматтың тіркелетін аумағының 15 шаршы метрден кем болмауы жөніндегі қалалық Мәслихат шешімін қайта қарап, аталған шектеуді оралман ағайындарға қолданбау мүмкіндігін қарастырса.
    4. 35 жылдан бері шетел қазақтары үшін шығып тараған, Тәуелсіздіктен бері шетелдердегі қандастарымыз бен оралмандардың мәселесін үзбей жазып келе жатқан жалғыз басылымы (төте, латын, кирилл жазуымен шығатын) еларалық «Шалқар» газетіне мемлекет тарапына және Алматы қаласы Әкімдігі тарапынан да қолдау көрсетілсе.
    5. Республика аумағында Көші-қонды басқару құзіретін ІІМ-нен алып, арнайы министрлік немесе агенттік етіп қайта жасақтаса;
    6. 1992 жылы 23-қыркүйекте Республика Үкіметі қабылданған «Шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» №791 қаулысын қайта қалпына келтірілсе;
    7. 2010 жылдың 14 сәуірінде премьер-министр Кәрім Мәсімов қол қойған №307 қаулысының күшін жойып, «Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуын құқықтық реттеудің жекелеген мәселелері» деп аталатын 2000 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің №136 қаулысын қайта қалпына келтірілсе;
    8. Жыл сайын 20 мың отбасыға арналған көшіп келу квотасын 2015 жылға дейін уақытша тоқтата тұру жөніндегі Үкімет қаулысының күшін жойса;
    9. Шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстан Республикасына кедергісіз оралуы үшін, оларға еліміздің шетелдегі депломатиялық өкілдіктерінен, өз өтініштеріне сәйкес, бір жылға еш кедергісіз көп мәрте виза берілсе;
    10. Өткен жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның жаңартылған нұсқасында оралмандарға азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі қолданылатындығы айтылған. Бірақ, жақыннан бері оралман ағайын азаматтық алуда өзі келген елінен «қылмыс өткізбегендігі жөнінде анықтама» әкелуі шарт деген талап қосылыпты. Және оған сол елдің осындағы дипломатиялық өкілдіктері растап мөрін басады екен. Қытайда және басқа да алыс-жақын шетелдерде бұл мәселе әлдеқашан заңмен реттелген. Мысалы,»Қытай Халық Республикасы азаматтарының шекарадан кiрiп-шығуы туралы» ҚХР Заңының 8-бабында: «Төмендегі жағдайлардың біреуі болса, азаматтардың шегарадан шығуына тыйым салынады»- деп ашық жазылған. Бұған мыналар кіреді: 1).Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар және қоғам қауіпсіздігі, прокуратура немесе сот орындарының біреуі күдікті деп тапқан азаматтар; 2).Соты аяқталмаған азаматтық дау-шарға іліккендер; 3).Жазасын өтеушілер; 4).Еңбекпен түзеу мекемесінің тәрбиеленушілері». Демек, елге оралған қандастарымызға жиырма жыл бойы қойылмаған мұндай басы артық талап қоюға тиым салынса;
    11. Құқықтық базада «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 33-баптың 1-тармағы 2-абзацындағы: «Қазақстан Республикасына білім алу мақсатында келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін тұрақты тұруға және Қазақстан Республикасының азаматығын қабылдау туралы өтініш беруге құқылы» — деген ерекше тағдырлық маңызы бар нормалардың болуына қарамастан, жоғары және арнаулы оқу орындарының көбісі оларды жатақханаларға тұрақты тіркелуге қолдау хат бермейді. Сол себепті, Республика аумағындағы барлық жоғары және арнаулы оқу орындарына этникалық қазақ студенттерін жатақханамен қамтуға және Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау туралы өтініш берушілерге еш кедергісіз қолдау хат беруге міндеттеуге;
    12. «Халықтың көші-қоны туралы» заңы 23-баптың 6-тармағында: «Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісім алған этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасы аумағына келген кезде, көлік құралдарын қоспағанда, жеке мүлкіне кеден төлемдерін төлеуден босатылады»-деп жазылған. Тұтас 23-бап оралмандарға арналған жеңілдіктер мен басқа да көмек түрлеріне арналған соң, мемлекетке салмақ салмай, өз мүмкіндігімен елге оралған ағайынды бар жиған-тергеніңді жатжұртта қалдырып, кеденнен 50кг жүгіңмен ғана өтесің деп міндеттеудің ешқандай қажеттілігі жоқ. Міне, енді көшіп келу квотасының 2015 жылға дейін тоқтатылуына байланысты елге оралған қандастарымыздың барлығы да бар жиған-тергенін жатжұртта қалдырып кетуге мәжбүр. Сол себепті, барлық көшіп келуші этникалық қазақтардың жеке мүлкіне кеден төлемдерін төлеуден босатса;
    13. 1999 жылдан бастап қолданысқа енген тағдыр тәлкегімен бөлініп-жарылған отбасылардың халықаралық адам құқығы пактілері негізінде шетелдердегі туыстарын өздерінің жеке кепілдігі арқылы шақыртып алуының нақты жолдарын айқындауға Алматы қалалық Әкімшілігі мен Мәслихаты Елбасына және Республика Парламенті мен Үкіметіне арнайы ұсыныс енгізсе;
    14. Шетелдік қазақ жастарын оқуға қабылдау үшін квота мөлшерін көбейтсе;
    15. Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы; Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» бағдарламалық мақаласында айтылған тұжырымдарын қолдай отырып, барлық қандастарымызды бүкіл еңбегін ел әлеуетін көтеруге жұмсауға шақырамыз.

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Buzz
    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в LiveJournal
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники

    Creative Commons License
    The Оралмандардың Алматы қалалық «Еліне оралып, еңбегі жанғандар!» атты форумы (фото-видео репортаж) by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.

    24 Қазан 2011 at 13:42 - Пікір жазу Пікір жазылмаған 4 106 рет қаралған ...