Өміріміздің әр сәтінде, Баршамыздың Ойымызға да, Сөзімізге де, Ісімізге де ТӘҢІРІМІЗ разы болсын!
     Бүгін:   жыл
    
  • Азамат пікір-сайыс клубы
  • Бекжан Толыбай
  • Аршат Оразов
  • Өркен Кенжебек
  • Рахат Жақсыбай
  • Ербол Азанбеков
  • Кәмшат Тасболат
  • Ғалия Әженова
  • Жапониядан күнделік
  •  
     

    Ұрпағының ұлттық болмысын, IT технология көмегімен, жаңғыртуды көздеген ҚАЗАҚТЫҢ АҚСАҚАЛЫ (фото-видео репортаж)

    Арнайы www.internetTV.kz үшін Болат Нәукенұлы.
    Қазақ Елі, 10 ақпан 2010 жыл

    Бүгін, Алматы қалалық білім басқармасының, ұстаздардың білімін жетілдіру институты мамандарының ұйымдастыруымен өткен семинарда қала бала-бақшаларының бір топ әдіскерлері, Қазақ Еліне танымал, Мұхтар Әуезов пен Зейнолла Қабдоловтың шәкірті екендігінен артық дәрежені қажетсінбейтін, жаңашыл ұстаз Рамазан Жәшиұлының «Мақсатымыз — тәлімді ұрпақ тәрбиелеп, өсіру» атты дәрісін тыңдады.

    Рамазан Жашиулы сабак беруде

    Рамазан Жашиулы сабак беруде

    Бейнесюжеттерді көру үшін төмендегі сілтемелерді басыңыз:

    РАМАЗАН ЖӘШИҰЛЫ Мақсатымыз ТӘЛІМДІ ҰРПАҚ тәрбиелеп, өсіру

    «Үлкен ойын» атты интерактивтік бағдарлама

    Ата-бабамыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Ұрпағына табиғи түсінік салу арқылы оның ой құнарлығын қамтып, бақылап отырған. Баланың тілін қазақ тілінің жаухарымен шығаруға күш салған. Қазіргі таң да Рамазан Жәшиевтің «Үлкен ойын» атты интерактивтік бағдарламасы баланың тілін ақындық икеммен шығуындағы таптырмас дүние. Компьютерлік бағдарламаның негізгі мақсаты баланын өз бетімен білім алуға, ойлай білуге дағдыландыру.

    Бағдарлама 12 ойыннан 900 сағаттан тұрады. Бұл ойын 3-12 жас аралығындағы балаларға арналған. Ұлы далаға саяхат жасау арқылы бала табиғаттың тыныс-тіршілігімен танысады.

    Сонымен қатар бала жеміс жидек базарына тап болады. Ол жердегі жемістер өлең жолдары арқылы өздерін таныстырады.

    Негізгі меню арқылы оқушы таңдаулы саласын айшықтап алып, оған қажетті ақпаратпен қанығады. Сондай-ақ, ережелер мен сауалдардың жауаптары лезде ұсынылады. Әр жауапқа шешендік сөзбен жауап алады.

    Рамазан Жашиев жасаған компьютерлік интерактивтік бағдарлама өз бетімен табиғи жағдайда ұлттық құндылықтар арқылы,қазақ даласының әсем табиғаты аясында,ұлттық саз бен күйлердің қостауымен баланы тәрбиелеу.

    Білім саласы бағдарламалары мен жобалары авторы — Рамазан Жаши ұлы

    Рамазан Жәши ұлы Бейісқали тегі — ҚазМУ-дың түлегі. Білім беру саласында отыз жылдай тер төккен оқу ісінің үздігі. Зейнет жасында да ұрпақ тәрбиелілігі мен білімдарлығы үшін әлі де талмай еңбек етіп, бүгінгі таңда 900 сағаттық компьютерлік интерактивтік бағдарламасымен Алматы, Атырау облысы мектептері пайдаланып, авторға жүрекжарды ризашылықтарын білдіруде.

    2008 жылдан бері БҒМ-ның бұйрығымен мақұлданған «Ғұламалық мектеп» сабақтары «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан беріліп, шалғай ауыл балаларына ұлттық рух себуде.

    Өзі М.Әуезов пен З.Қабдоловтың шәкірті болғанынан артық марапатты мойындамайды.


    Семинардан көріністер:

    Болат Наукенулы мен Рамазан Жашиулы

    Болат Наукенулы мен Рамазан Жашиулы

    БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ АТА ТӘЛІМІНЕ ҚАЙТА ОРАЛУ.

    Ата-бабаның табиғи тазалығы сондай ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, үште баланың тілін шығарып, бесте атқа отырғызып, он үште отау иесі боларлық дәрежеге жеткізген. Ата-баба ұлдың ұлықсыздығы үшін қынжылып, қыздың қылықсыздығына ұялған. Сондықтан ауылдың ажарын қыз, тірегін ұл қылып өсіру үшін «қызға қырық, ұлға отыз үйден тыйым» беріп, ұйым болып тәрбиелеген. «Қыз қартайса, ұят кетеді» деп, құтты жеріне қондыру мен текті жерден келін алу, ұрпақтың тазалығын сақтау ең үлкен мақсат болған. Осындай тәрбиенің нәтижесі XIX ғ. шет ел саяхатшыларын «таң қалдырып, талып түсірді» емес пе?

    Өткен ғасырда тамырымыздан ажыраудың азабын өте терең түсінген халық қаһарманы жаужүрек батыр Бауыржан Момыш ұлы болды. Ол: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр.Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немересіне ертек айтып беретін әжелердің азаюынан қорқамын. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсең, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ» деді емес пе?

    Енді XIX ғасырда екі қазақтың бірі ие шешендік өнерден мүлде ада болуға таядық деуге де болады. Ринат пен Мұхтардың айтысында Ринаттың «Мұхтар Әуезовтың басына барып, тағзым еттің бе, оның бейіті қайда, қай шығармасын оқып келдің» деген сұрақтарынан Мұхтар тосылса да, айтыс жалғаса берді, халық та, қазылар да «Айтысты тоқтат» демеді, мәнінен айрылған айтыстың мыжылған түсінігін езгілеп тыңдай берді, тыңдай берді… Кейде ұятты осылай көп болып та көтереміз…

    Сынаушылар көп-ақ, оны түзер жол қайда деп отырған боларсыздар, оның жолы сайрап жатыр…

    Бала тілі қазақ тілінің жауһарымен шығуы тиіс Ата-баба баланың тілін қазақ тілінің жауһарымен шығаруға күш салған, себебі тілі жай ауызекі дәрежеде шыққан бала тілдің астарлы мәніне түсіне алмайтын дәрежеде есейеді де, «көрмес, түйені де көрмес» болып мәңгілік қалу қаупі туатынын аңғарған, астарлы сөзге түсінбегеннің ойы өресіз болатынын білген. Ата-бабаның осы көрегендігін басшылыққа алып, баланың үш жасынан бастап тілінің ақындық икеммен шығуына жағдай туғыздық. Балмұздақ: «Тәттілігім балдай, қаттылығым мұздай, балдай мұзбын мен балмұздақ» деп ақындық икеммен сөйлеп таныстырадыөзін. Немесе. «Мен Жетіқарақшы боламын, атым емес тым тәуір, адамдарға Темірқазықты тауып берем әйтуір» деп ойнақы сөйлейтіндер де табылады. Міне осындай жүзге таман өлең жолдары мен шумақтар арқылы тілі шыққан бала, тілдің құдыретіне еркінен тыс тәнті болады. Қай ұлттың да баласының тілін есту, көру арқылы ақындық икемде, қазақ тілінің жауһарымен шығаратын «Тіл шығару» бағдарламасымен Алматы мектептері асқан қызығушылықпен пайдалануда…

    Балаға түсінікті кім бұрын салса, бала соныкі Ата-баба «балаға түсінікті кім бұрын салса, бала — соныкі» екенін, «баланың тілі қай тілде шықса, ол- сол тілдің құлы» екенін бізден гөрі тереңірек білген. Сондықтан бес-алты жасар баланың өзі руын, жеті атасын жатқа біліп, оларға сөз келтірмеудің қамымен ер жеткен. Сол биіктен көріну үшін «Тіл шығару» ойынында ақсақалға: «Мынау сенің Алатауың алыбың, Қаратауың қалыбың. Ұлылығың Ұлытау, Көрімдігім болсын саған Көкшетау. Маңғыстаумен, Түркістан, сансыз баппен толғанған, ашық аспан танымың. Ал кәнекей, қолыңды жай, балақай, бата берем: Өткеніңмен берік бол,бүгініңмен биік бол, әуелеп өс те, дана бол, Ұлы далаңа пана бол!» дегендей бата айттырдық. Бала атасына «Атырау қайда» деп сұрақ қойса, табиғат: «Мынау болар ер Каспий, көлден теңіз атанған. Оған құяды Ақ Жайық, бауырында Атырау» деп жауап қатады. Сыбызғы: «Мен сыбызғымын, менімен баба қой баққан, қой баққан емес-ау, ой баққан» деп бабалар туралы терең ойға жетелейді Осындай, бұдан да басқа өз ұлтының мақтана алатын артықшылығымен қанығып өскен ұрпақ өз тілін өгейсітпейді, түсінігін түзеттірмейді, кез-келгеннің етегінен ұстамайды…

    Балаға жасанды емес, табиғи түсінік керек Ата-баба балаға табиғи түсінік салу арқылы оның ой құнарлылығын қамтып, бақылап отырған. Бала машинасын құрастырып болғаннан кейін «Бұл машина байлық емес, жай қатынас құралы. Барлық байлық байлық емес, нағыз байлық кітапта» деген түсінікке тап болады. Не атасымен сөйлесіп, үлкеннің алдын кеспеудің философиясымен танысады. Не өзінің «Өмір жолының картасы»-мен жүріп отырып, «темекі сатып алудың, ауру сатып алу» екенін, «жарды шимайлау, табиғатқа өшпес жара салу» екенін т.б. кейбір үлкеннің де мән бермей, кейде түсінбейтінін де бесіктен белі шықпай жатып-ақ біліп, ерте есейіп ер жетеді…

    Табиғи түсінік пен жауһар тіл — қасиет иесі Өзен сөйлей келіп ойын: «Сатусыз менің еңбегім, пайдаланса есеппен» деп аяқтаса, күн мезгілі. «Таңертең ерте тұрып жуынатын кез, Жұмысқа асығып қуанатын кез…» деп сайрай жөнелсе, шие: «Шиемін мен шиемін шымқай қызыл, ұялсаң сен де боларсың мендей қызыл» деп ұят ұғымын айтса, қарлығаш: «… үйге салам ұямды. Адамдарға рақмет, ұялатқан ұямды» деп ризашылығын білдірсе, берілген тапсырманы орындау арқылы Өтейбойдақ бабасының «Көктемдегі жорғамаларға, өскінге, шикілікке тиіспе» деген ескертуімен танысады. Тапсырманы орындау арқылы «Жапырақты жұлмаймыз, ағаш көркі жапырақ. Көбелекті қумаймыз, гүлзар көркі көбелек» деп өз сұрағына өзі жауап беріп, көңілінің түкпіріне табиғи түсінік ұялатады. Осындай баланы ақындыққа баулитын ойындар мен тапсырмалар жеткілікті мөлшерде берілген

    Бала шахматты үйренгеннен кейін, ойнау барысында мынандай түсінікке тап болады: «Сардар айтты, екі жүріп берем мат, екі сөйлеу, өтірік айту оған жат», немесе: «Ат атойлап секірді, құтқарам деп уәзірді. Сертте тұрмау, екі сөйлеу оған жат» т.б. осындай өлең жолдарын қайталап отырып ойнау арқылы бала өз бойына қасиет үйіреді. Сөз көңіл түкпіріне берік тұрақтану арқылы бірте-бірте қасиетке айналады.

    Егер баламыз қазақ болып өссін десек, заман талабына сай оларға бірінші керегі: компьютер, домбыра, шахмат. Осы үшеуі болмаса, баланы менікі деп айтуыңыз жаңсақ болуы мүмкін, себебі олар компьютер клубындағы машина қуалаудан бастап, басқа да қуалаудың ауылынан бір-ақ шығады,.. құлаққа жағымсыз музыканың құлына айналады,.. ата тәлімінен қашақтай береді, қашықтай береді,.. өзінікі болмаған соң, өзгеге тәуелді болады, тәуелділік ұғымы қалыптасады…

    Ата-баба ешқашан тура айтпаған, тұспал сөзбен баланың ойын өрістеткен, өнеге ұсыну арқылы тәрбиелеп, нені де өзінің ұғып, ұғынуына жағдай жасап, жасампаздыққа баулыған. Біз де осы өнегені басшылыққа алып, бүкіл ойын барысындағы қозғаушы күшті баланың өзі болуына бар жағдай жасадық…

    Балабақша жоқ жерде де мектепалды даярлық проблемасы шешіледі Төрт жүз сағаттық «Алақай!» топтамасы деп аталатын «Тіл шығару», «Тіл үйрену, ой үйіру әліпбиі», «Ой алғырлығына баулу курсы» атты үш ойыннан тұратын бағдарлама арқылы «Балабақша» жоқ жерде де мектепалды даярлық проблемасын шешілді. Егер ел болашағы туралы ойлайтын ауыл Әкімі болса, бұл ойындарды елдімекендегі кітапхана не мәдениет ошағына салдырып қояр еді, сонда балабақша жоқ жердің баласы да тілін ақындық иіріммен шығарып, әріп танып, түсінігін қалыптастыратын мол тәжірибе жинап, ойын сан саққа жүгірте алатын дәрежеде мектепке толық дайындықпен келеді

    Ұлт тағдыры, ата-ана мен әлеумет, өз қолымызда. Мектептің қолынан келетіні де, келмейтіні де бар.Көбіміз балаға нан тауып берсем болды емес пе деп ойлаймыз: нан тауып беру — бір жұмыс; ал жан азығын тауып беру — мың жұмыс. Ұлымыздың ұлағатты, қызымыздың қылықты болуы бәріміздің күш біріктіруімізде екенін ұмытпайық, ағайын!

    Устаз Рамазан Жашиев №36 гимназияда:

    Компьютерлік интерактивті бағдарлама авторы Рамазан Жашиев:

    Компьютерлік интерактивті бағдарламалар авторы туралы:

    Рамазан Жаши ұлы Бейісқали тегі

    КАЗМУ-дың түлегі. Мұхтар Әуезов пен Зейнолла Қабдолдың шәкірті болғанын ең жоғарғы бағаға балайды.
    Атырау облысының Мақат ауданында ұстаздық етіп, сол кезде ұстаздың озық тәжірибесі БҒМ-ның бұйрығымен Атырау облысы мектептеріне таратылды. Зейнет жасында болса да, ұрпақ тәрбиесі мен білімі үшін жалықпай, талмай еңбек ету үстінде. Шәкірттің білім алып, білікті болуы мен тәрбиелілігін қалыптастыруға ата тәлімі негізінде жасалған компьютерлік интерактивтік бағдарламаларымен Алматы қаласы мен Атырау облысы мектептерінің оқушылары пайдаланып, ғылыми жобалар қорғап, «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан сабақтар беріп, ұстазға алғыстарын жаудыруда. Автордың бүгінгі таңдағы еңбегі оның өз сөзімен образды түрде айтсақ: «ҮШ-те тілін шығарып, БЕС-те ақынша сайратып, ОН-да шешенше толғатып, ОН ҮШ-те ел қамын ойлайтын ұрпақ қалыптастыру» болмақ. Бұл бағытқа арналған компьютерлік бағдарламаның әзірге тоғыз жүз сағаттық электрондық өнімі дайын. Бұлар үш пен он үш жас арасына арналса, алда техникалық жоғары сауатты кәсіпқой ұрпақ дайындау жұмыстары күтіп тұр
    Ұстаз — Атырау облысы Мақат ауданының құрметті азаматы. Оның «ҚАЗАҚТЫҚ» атты әңгімелер жинағы кәсіпкер азамат Талғат Акуевтің демеушілігімен қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. Егер демеушілер табылса, бар жиынтығы бес мың сағаттық өнімді дайындау жеделдеп, жүрегі ел деп соғатын, әлемдік бәсекелестікке дайын ұландарымыздың жетіліп қалыптысатынына ұстаз нық сенімді

    Байланыс телефондары:
    8-(727)-251-51-79 8-701-353-62-76

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Buzz
    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в LiveJournal
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники

    Creative Commons License
    The Ұрпағының ұлттық болмысын, IT технология көмегімен, жаңғыртуды көздеген ҚАЗАҚТЫҢ АҚСАҚАЛЫ (фото-видео репортаж) by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.

    10 Ақпан 2010 at 20:36 - Пікір жазу Пікір жазылмаған 3 704 рет қаралған ...