Өміріміздің әр сәтінде, Баршамыздың Ойымызға да, Сөзімізге де, Ісімізге де ТӘҢІРІМІЗ разы болсын!
     Бүгін:   жыл
    
  • Азамат пікір-сайыс клубы
  • Бекжан Толыбай
  • Аршат Оразов
  • Өркен Кенжебек
  • Рахат Жақсыбай
  • Ербол Азанбеков
  • Кәмшат Тасболат
  • Ғалия Әженова
  • Жапониядан күнделік
  •  
     

    «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» Заңының Жобасы дайындалуда

    /

    Арнайы www.internettv.kz үшін Болат Нәукенұлы. Қазақ Елі, 31 тамыз 2011 жыл.

    ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

    ҮЕҰ-дың БІРІККЕН ҚОҒАМДЫҚ КОМИТЕТІ

    20 жылдық тәуелсіздіктің нәтижесінде

    бодандық санадан арыла бастаған халықтың,

    белсенділігі артқан қоғамдық ұйымдарының

    пікірлерін ескере отырып дайындалатын

    «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы»

    Заңының Жобасы

    Алматы – 2011 жыл

    2011 жылдың 13 шілдесі күні Алматы қаласында «Алаш үні» қоғамдық бірлестіктер Одағы, «Ғалымдар одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі және «Қазақстан Жазушылар Одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің бірлесіп өткізген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» атты үкіметтік және оған балама «Мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейтудiң, оның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарламасы» атты қоғамдық нұсқаларын талқылауға арналған жиналысында 1991 жылдан бері шешімін таба алмай келе жатқан мемлекеттік тіл мәселесін жан-жақты талқылап, 1989 жылдан бері қабылданған мемлекеттік заң актілеріне талдау жасап, кемшілік себептерін саралау арқылы, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі үшін ауадай қажет Еліміздегі тыныштық пен татулықты сақтаудың негізгі құралы мемлекеттік

    қазақ тілінің қордаланған мәселесін шешу үшін ҮЕҰ-дың бірлескен қоғамдық комитеті құрылып, оның аясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» Заң жобасын дайындайтын ЖҰМЫСШЫ ТОБЫ жасақталды.

    ҮЕҰ-дың Біріккен Қоғамдық комитетінің құрамы:

    1. Оразалы Сәбден - Қазақстан ғалымдар Одағының президенті, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, «Алаш үні» ҚБО Билер кеңесінің төрағасы, экономика ғыл. докторы, ҰИА академигі.

    2. Мұхтар Шаханов — «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы, қоғам қайраткері, халық ақыны.

    3. Совет-Хан Ғаббасов —   “Алаш үні” қоғамдық бірлестіктер Одағының құрметті төрағасы, жазушы, “Махамбет” сыйлығының лауреаты, Медицина және Педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

    4. Сайлау Батырша-ұлыАстана қаласы «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы, ҚР дипломатия қызметінің еңбек сіңірген қайраткері, Сыртқы Істер Министрлігінің кеңесшісі, экономика ғылымының докторы, профессор.

    5. Марат Бөтеев - «Аллажар-қолдау» қоғамдық қорының төрағасы.

    6. Серікжан Мәмбеталин - «Руханият» жасылдар партиясының төрағасы.

    7. Дос Көшім — «Ұлт тағдыры» Республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы.

    (… Қоғамдық комитеттің құрамына кіруге ниет білдірген ҮЕҰ-дың өтініштері қаралуда…)

    8. Асылы Осман - «Қазақстан халқы Ассамблеясы» жанындағы Әзербайжан этно-мәдени орталығының жетекшісі.

    9. Клара Хан - «Қазақстан — Оңтүстік Корея достығы» мәдени орталығының жетекшісі.

    /

    «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» Заң жобасын

    жасаудың алғышарттары:

    Қазақ тілінің Мемлекеттік тіл ретінде қалыптаса алмауының негізгі себептері

    Қазақ тілі өз тарихында аса күрделі ахуалды кешуде. Тілдік орта барған сайын тарылып, қолдану сапасы құлдырай түсуде.

    Өркениетті елдерде мемлекеттік міндетті атқару жолындағы қатынас құралы болып табылатын тілді мемлекеттік немесе ресми тіл деп атау қалыптасқан. Қазақ тілі Қазақстандағы мемлекеттік тіл ретінде заң жүзінде бекігенімен, ол мәртебені толық түрде орыс тілі атқарып отыр. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде даму және оның қоғамдық ортадағы мойындалу деңгейін көрсететін жәйттердің өзі бұл саладағы басты кедергілер болып табылады. Соларды атап өту арқылы мемлекеттік тілдің шынайы ахуалына көз жетеді.

    1.Саяси және заңнамалық кедергі.

    Қазақ тілі мемлекеттік өмірдің барлық үдерісін қамтитын жұмыс тілі болуға тиісті және мемлекеттік органдар мен ұйым, мекемелердің қолданысындағы басты тіл болуы керек. Өзге тілдер заңнама бойынша жергілікті деңгейде қолданыс табуы мүмкін. Алайда, конституцияның 7-бабының 1-тармағына оның 2-тармағының қайшы уәжі мемлекеттік аяда қазақ тілі мен орыс тілін бір біріне қарсы қойғаны өз алдына, конституцияның 7-бабының 1-тармағын оның 2-тармағы жоққа шығарып тұр. Екі тармақ бір біріне қайшы болмас үшін ең болмаса, 2-тармақ былайша болуы керек еді: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде мемлекеттік тiлмен қажетті жағдайда тең қолданылуы мүмкін.»

    1-тармақтың құзыретін айқындайтын «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң әлі қабылданбай келеді. Оның үстіне, 2-тармақтағы «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.» деген уәж қоғамда және құқықтық салада «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде мемлекеттік тілді алмастырады.» деген уәж ретінде қабылданған. Осы жаңсақ ұғымның нәтижесінде, орыс тілін қоғам үшін міндетті ортақ тіл ретінде орнықтыру үдерісі аяқталды. Қалыптасқан бұл жағдайда, қазақ тілі қазақстандық этникалық топтар тілінің қолдану деңгейінде қалып отыр.

    Тіл саясатының негізгі нысаны ретінде қазақ тілін дамыту көзделмеген, нысан ретінде оған барлық 130-дан аса этникалық топ тілдері жатқызылып отыр. Бұл тіл саясатының салиқалылығын емес, оның жүйесіздігі мен мақсатсыздығын тудырып отыр. Жүзден аса тілді бір елде дамыту мүмкін еместігі ескерілмеген. Мемлекетте мемлекеттік тіл ғана дамуға жататыны, ал қалған тілдер этникалық топтардың өзара қатынас құралы және этно-мәдени нысан ретінде қорғауға алынатыны саяси нақты мақсат ретінде айқындалмаған және саясатқа айналмаған.

    Қабылданған тұжырымдамалар мен бағдарламалар жалаң сөзуарлыққа ұрынған, декларативтік сипаты ғана бар, нақты бағыт пен іс-шараны, міндетті анықтауға дәрменсіз. Сондықтан да елде мемлекеттік тілді дамытуға арналған нақты шешім мен заңнама жоқ, бары долбар мен жорамалға негізделген.

    Нақтыланбаған тіл саясаты мемлекеттік тілдің дамуына бірден бір саяси кедергі болып отыр. Соның нәтижесінде қазақ тілі біртұтас ұлттың қалыптасуына қажетті факторға айналмай отыр. Мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерде мемлекеттік тілге қолайлы орта мен мүмкіндік жасау саясаты жүргізілмей, тіл саясаты жаттанды шаралармен қамтылған нәтижесіз алданыш ретіндегі көрініске айналған. Тілдік саясатты атқаруға, жүзеге асыруға мемлекеттік міндет ешкімге нақты жүктелмеген және көрсетілмеген, талап айқындалмаған.

    Мемлекеттегі ісжүргізім үдерісін бақылау тетігі айқындалмаған. Конституция қабылданған күннен бастап мемлекеттік тілде іс жүргізуге тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдар, басты заңның құзырына қайшы, түрлі мерзімдерді ойлап табу арқылы, ісжүргізімді мемлекеттік тілде жүргізуден астыртын түрде бас тартып келеді.

    2. Менеджменттік кедергі.

    Мемлекеттік тілдің дамуына бөлініп жатқан қаржы жалпы алғанда қомақты болғанымен, Тіл комитеті тарапынан құралған бұл бюджет барынша сарапталып айқындалған мақсаттарға емес, жолайы және субъективтік пікірлердің ықпалымен анықталған бағыттар мен жобаларды қаржыландыруға жұмсалып келеді. Оның үстіне жергілікті билік деңгейіндегі, мемлекеттік тілді желеу етіп бөлінген, қаржы да аса қомақты, бірақ олардың қандай мақсатқа және нәтижеге жеткізіп отырғандығы беймәлім. Қыруар қаржы көзінің тиімділігі үлкен күдік туғызады; әсіресе, тіл оқыту мәселелеріне миллиондап бөлініп жатқан қаржының тиімділігі аса төмен, бұл жөнінен әлі күнге мониторинг жасалған емес, әрбір мемқызметшіге қанша ақша бөлінді, оның нәтижесі қандай деген сауал сол күйінде қалуда; жалпы бұл мәселеде тиімді тактика қарастырылмауда. Қыруар қаржы бөліп тіл оқыту үдерісін ұйымдастырғаннан гөрі, тіл үйренушіге әлдеқайда тиімді тілдік орта жасақтау саясаты қолға алынбай отыр.

    Мемлекеттік тілді білу ынталандыру жүйесімен қамтылмауда, қазақ тілін білетін мемлекеттік қызметшілерге тиісті сыйақы да қарастырылмаған. Алайда, қостілді қызметшілер өз міндетіне қоса ісжүргізімді қазақшаға аудару ісін де тегін атқаруда, олардың еңбегі әділетті түрде қорғауға алынбаған.

    Мемлекеттік тілдегі ақпарат өндірісі мен өнер, білім және ғылым саласы нақты әрі айырықша экономикалық қолдау таппай отыр. Соның кесірінен бұқаралық ақпаратпен қамтудың 10 % — ы ғана қазақ тілді ақпарат өндірісі болғанымен, бұл өнімнің жартысының өзі орыс тілінің аудармалары болып табылады. Сөйтіп, қазақтілді ақпарат өндірісі индустриялық деңгейді былай қойғанда, дербес өндірістік салаға айналмауда. Ал, қазақтілді кино, әдебиет және басқа гуманитарлық өнер шетелдік экспансия ықпалынан шыға алмай, құрсауда қалып отыр. Білім беру мен ғылым саласы ең төменгі қажеттілік болып табылатын қазақ тілінде шығатын әдебиет пен оқулыққа зәрулікті бастан кешуде. Аталмыш жәйт бұл салаларға салықты төмендету, тиісті өнерақы төлеу секілді қарапайым шаралармен де қамтылмаған.

    3. Мемлекеттік ұйымдардың кедергісі.

    Мемлекеттік тілді ауызекі қолдану мемлекеттік ұйымдарда тұрмыстық деңгейде, одан қалды әшекей ретінде қолдану кең тараған; ауызекі қазақ тілі сәлемдесумен, қызметшілердің өзара жекелей пікірлесуімен ғана шектеледі. Ресми отырыстарда жұмыс тілі есебінде емес, сәлемдесу, кіріссөз бен ақырсөз ретінде, мемлекеттік тілдің атқарымпаздық үдерісі емес, әлдебір рәміздік кейпі ғана қалыптасқан. Мемлекеттік ұйымдарда қазақтілді азаматтардың бар екендігіне қарамастан, оларды сол тілде сөйлеуге икемдеу, міндеттеу немесе ынталандыру мемлекеттік деңгейде қарастырылмаған. Қазақша сөйлеуге мүдделі азаматтардың сөзі аудармамен қамтылмайды және ол ресми әрі хаттамалық дәстүрге енгізілмеген, техникалық жағынан ілеспе аударма штаттық кестемен және құралдармен қамтылмаған.

    Елде үштілді ресми бағыт жарияланғанына қарамастан, мемлекеттік ұйымдар біртілді (орыстілді) қоғамның ғана қажетін өтеуге бағытталған. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметтегі қазақтілді азаматтардың өз тілін өз қызметіне қолдануы барған сайын төмендеп, тұрмыстық деңгейге құлдырағаны соншалық, тіпті олардың ана тілінде ойын еркін жеткізу қабілетінен ажырауы қарқын алған. Осылайша, мемлекеттік ұйымдарда орыс тілін білмейтін адамға қызмет ету мүмкін еместігі барған сайын орнығып отыр.

    Жазбаша сала бойынша Қазақстанның барлық мемлекеттік мекемелерінде, шалғайдағы қазақтілді елді мекендер мен аудандардан басқасында, орыс тілінің айналымда екені дау туғызбайды. Алайда, мұрағат үшін және кейбір тексерімдерге бола ісжүргізімді қазақшаға аудару дағдыға айналған. Бұл аудармашы ұстау шығынын туындатып, қазақтілді қызметшілерге артық жүк болуда, ал аударма қағаздар мұрағат ретінде сақталатын құны болмаса, ешбір ресми жазбалық құндылыққа жарамауда. Себебі, аударма ісжүргізімі айналымға түспейді, әрі ісжүргізімнің үдерісін көрсететін жұмыстық құжат болып табылмайды.

    «Іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру» науқаны өзін өзі ақтамайтын шара. Ол мемлекеттік ұйымдардағы жазбаша тілдік ортаның орыс тілінде қалыптасқандығын, мемлекеттік тілде жазбаша ортаның жоқтығын көрсететін айғақ болып отыр. Тілдік ортаның маңызын түсінбегендіктен, оған қарабайыр жолмен кірісуден туылған тұрпайы әрекет себеп болуда. Нәтижесінде бұл бағыттағы әрекеттен ешбір тыңғылықты тіл дамуы байқалмай отыр. Оның үстіне әлі күнге қандай құжат қай тілде жазылатыны, мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілдегі қандай деңгейді меңгеруге міндеттілігі айқындалмағандықтан, аталмыш істің бәрі құзыры мен мәртебесі беймәлім аудармашыға жүктелген. Сөйтіп, мемлекеттік тіл ресми жұмыс тілі емес, аударма түріндегі жансыз мұрағаттың шала өніміне айналуда.

    Биліктің сот, парламент, үкімет тармақтарының ресми тілі орыс тілі болып табылады. Мемлекеттік тілде сот үдерісін жатық жүргізетін сот төрешілері тапшы. Қазақтілді азаматтардың мүддесі аударма арқылы орыс тілінде жүргізіледі. Қазақтілді депутаттардың өздері депутаттық сұрауларын атқару билігінің өкілдері үшін орыс тілінде мәлімдеуге дағдыланған және қоғамды соған көндірген.

    Мемлекеттік ұйымдар мен мекемелер бұқара алдында БАҚ арқылы негізінен орыс тілінде қатынас жасайды, қазақтілді БАҚтар бұл жағынан мемлекеттік ұйымдардың аудармашысы қызметін атқаруда. Тіпті, жариясөз (пресс-релиз) үстіртін, қатемен аударыла салады болмаса көптеген мекемелерде бұқараға арналған құжаттар орыс тілінде ғана таратылып, қазақтілді баспасөз талабы орындалмайды.

    Қорыта келгенде, мемлекеттік ұйымдар мемлекеттік тілдің ауызекі және жазба салаларын дамытуды былай қойғанда, оны қалыптастыратындай орта бола алмауда.

    4. Қоғамдық кедергі.

    Бұл кедергі, шын мәнінде, тілдік ортаның қаншалықты екенінен туындайды. Қоғамда белгілі бір тілдік орта қаншалықты болса, тілдің қолданымы да соншалықты деген сөз. Ендеше, тілдік ортаның аумағын қарастыру арқылы қоғамдық кедергіні де анықтауға болады.Тілдік ортаның аумағы ретінде мыналарды атап өтеміз: кәсіпорындар мен мекемелер, коммерциялық құрылымдар және қоғамдық ұйымдар, БАҚ. Тілдік ортаны жасақтайтын тілдің екі түрлі сипаты бар: ауызекі және жазба тіл, соған сәйкес қазақ тілінің де қолданым аясы әр алуан болуда. Қоғамдық өміріміздің бар саласында тілдің аталмыш екі сипатын қарастыру арқылы, мемлекеттік қазақ тілінің қолдану аясының шынайы жағдайына көз жеткізуге болады…

    Құрметті, ұлт болашағын ойлаған,

    Қазақ Елі азаматтары!!!

    Осы жобаға ендіруге қажет деген ой-пікірлеріңізді жіберіңіздер…

    Қоғамдық комитеттің

    үйлестіруші: «Аллажар-қолдау» ҚҚ төрағасы Марат Бөтеев

    nauryzbai@mail.ru, тел. 8 (727) 225 25 11, 8 701 277 16 83

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Buzz
    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в LiveJournal
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники

    Creative Commons License
    The «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» Заңының Жобасы дайындалуда by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.

    31 Тамыз 2011 at 18:48 - Пікір жазу Пікір жазылмаған 5 023 рет қаралған ...