Өміріміздің әр сәтінде, Баршамыздың Ойымызға да, Сөзімізге де, Ісімізге де ТӘҢІРІМІЗ разы болсын!
     Бүгін:   жыл
    
  • Азамат пікір-сайыс клубы
  • Бекжан Толыбай
  • Аршат Оразов
  • Өркен Кенжебек
  • Рахат Жақсыбай
  • Ербол Азанбеков
  • Кәмшат Тасболат
  • Ғалия Әженова
  • Жапониядан күнделік
  •  
     

    Болат Нәукенұлы Бөтеев

    ҰЛТТЫҚ БОЛМЫС және УРБАНИЗАЦИЯ

    (Болат Нәукенұлы Бөтеевтің «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» газетіне берген сұхбаты, 13.02.2009 жыл)

    Журналистік жолда өмірде көп адамман ұшырысасың, әңгімелесесің. Ой қарымы мықты, сөз саптасы ұғынықты жандардың өзекті пікір желісі, әрине, өзіне назар аудартады. Осы орайда ұлттық болмыс пен жаһанданудың үйлесімділігі жайында ауыл шаруашылығы саласы мамандарының ой-пікірін білу үшін еліміздегі урбанизация үрдісіне 25 жыл атсалысқан инженер, экономист БОЛАТ НӘУКЕНҰЛЫН әңгімеге тартқан едік.

    «Ат тұяғы жеткен жер бос қалмасын»

    Бабалар өсиеті.

    «Урбанизация» сөзінің кең мағынасы – жалпы қоғамның дамуындағы қалалардың рөлін көтеру, қала мәдениетін-тұрмыс жағдайын барша елді-мекендерге енгізу арқылы Ел ресурстарын тиімді пайдалану үрдісі, ал тар мағынасы – ол тек үлкен қалалардың одан ары кеңейуі әсерінен, тұрғындардың үлес салмағының өсуі қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен сәйкес келмей, жалған урбанизацияға ұрыну үрдісі. (анықтама)

    - Ұлттық болмысты қалыптастырған дала өркениетінің бүгінгі ұрпаққа үлгі болар ұстанымдары болды ма? Ұлттың көне тарихынан қандай тағлым алуға болады?

    - Тіршіліктің мәнін түсінген, парасатты ата-бабаларымыздың өмірлік ұстанымы: «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» болып, әрбір қазақ түтіні(семьясы) дербес, тұрақты өндіруші күш ретінде қалыптасып, шаруашылықты жерге орналастырудың және ұжымдық еңбекті ұйымдастырудың ең тиімдісі – рулық (фирмалық) тәсілді қолданып Қазақ Елі байлығын жыл өткен сайын арттырып, мәдениетін дамытқан.

    Жері мен малы бар Бабаларымыз ешкімге тәуелді болмаған. Бабаларымыз мыңғыртып өргізген төрт түлік малының арқасында Шығыс пен Батыстың тауарларын шертіп тұрып таңдап, киініп-қолданып, «Ұлы Жібек жолы» саудасының негізгі ойыншысы-әріптесі болған. Соңғы кезде баспасөз бетінде жарияланып жүрген «… Еуразиядағы көне қалалар негізінен көшпелі өркениеттің экономикалық әлеуетіне сүйеніп салынды…» деген ақпараттардың жаны бар. Адамзат өркениетінің бір бесігі Қазақ Даласы екенін әлемдік тарих және археология ғылымдары әлдеқашан жазған екен, бұл деректерге қазақтың қолы Тәуелсіздік алғалы ғана жетіп отыр… Марко Поло қазақ даласын аралап-көріп, «малдың көптігінен жердің беті көрінбейтін» қандай бай Ел деп тамсанған екен… Көне дүниенің ойшылы Геродот өзінің «Тарих» атты еңбегінде «… сары қымыз, қазы-қарта, жал-жая» сияқты көптеген ұлттық тағамдарымызды атап тамсаныпты…

    Ол кезде, Бабаларымыздың біраз көршілері, өмірлеріне қауіп төндіріп жабайы аң аулап, етін жеп, терісін киім етіп жүрген заман екен…

    Осындай таңданғандардың қатары көбейіп, ақыры «Ұлы Жібек жолы» қазақ даласының үстімен өтіпті. Бұған логикалық талдау жасап көрсек, ол заманда азық-түлік және сол кездегі өнеркәсіптің негізгі шикізаты- жүн, тері, сүйек ең қымбат тауар санатына кірген. Сондықтан осы тауарларға қызыққан елдердің саудагерлері Қазақ Даласына ағылған…

    Ақын Сәкен Иманасов бір мақаласында: «Мыңғырған малының арқасында ойын-күлкісі, той-томалағы үзілмеген, сүндет тойына түйе сойған Қарқаралы болысындағы ауқатты ауылдардың 1915 жылғы өмірін бейнелейді. Бір қарағанда, шұрайлы жерлерді «қарашекпенділерге» алып беріп, қазақтың екі аяғын бір етікке тыққан орыс мемлекеті Германиямен соғысып жатқан, қиын кезең. Бірақ қазақтың малының көптігі соншалық, Қарқаралы болысының қазақтары Ресейге астық тасуға, кіреге бір мезетте, 25 мың түйе шығаруға мүмкіндігі болған екен» – деп жазды.

    1916 жылғы санақ бойынша қазақ даласында тек жылқының саны 15 000 000-нан асып жығылған. Рухы тапталған кедей халық көтеріліс жасай алмайды, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі де осы байлықтың қуаты деп ойлаймын. Тіпті, көтерілісшілер, пулеметке қарсы жылқыны айдап салу сияқты, соғыс тәсілдерін қолданған деген деректер бар.

    - Бабалар тарихы не үшін кескіленіп-қысқартылғанын білу, бізге не береді?

    - М.Әуезов «Абай жолы» романының алғашқы нұсқасын жазып болғанда СОКП идеологтары «… қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, мәдениеті және рулық ұйымшылдығы тым жақсы жағынан бейнеленіп берілген. Бұл кітапты оқыған қазақтарда, социализмге өткеніміз қате болыпты деген ұғым қалыптасады, сондықтан «соцреализм» тұрғысынан тиісті өзгертулер енгізілуі тиіс» деп, қайта жазуға мәжбүрлепті деген ақпарат Тәуелсіздіктің арқасында баспасөзде жарияланды…

    Барша қазақ сүйсініп көріп жүрген, қазақ мәдениетін әлемге паш еткен «Қыз-Жібек» кинофильмінің де, қырық кесіліп-қысқартылған нұсқа екенін енді біліп жатырмыз. Қанша идеологиялық қыспақ көрсе де, сол замандағы қазақ ұлтының халықаралық экономикалық әріптестік байланыстарының тығыз болғанын дәлелдейтін «…Жағалбайлы руы (фирмасы) басшыларының бірі Базарбайдың Жібек жолымен әрі-бері жортқан көптеген шетелдіктердің бірі – француз саудагерімен өз дәрежесіне сай, өз тілінде келіссөз жүргізіп отырған» эпизодтарын өткізіп жіберген режиссер Сұлтан-Ахмет Қожықовтың ұлттық-ойлау қабілеті – бүгінгі шығармашылық қауымға және әр деңгейдегі билік тізгінін ұстаған азаматтарға үлгі.

    - Ұлттық болмысты қалыптастырған қандай орта?

    - Рухы биік, парасаты мол ата-бабаларымыздың арқасында Қазақ ұлты көп нәрсеге ИЕ болған:

    1. – асты-үсті байлыққа толы ұлан-байтақ ЖЕРГЕ ;

    2. – ең әдемі, біртұтас бай ТІЛГЕ ;

    3. – дамыған ұлттық өнер мен мәдениетке;

    4. – табиғатпен және қоғаммен үйлесімді өмір сүруге бағыттайтын қазақтың ежелгі САЛТ-ДӘСТҮР, ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАРЫмен үйлескен және үндескен ислам ДІНІНЕ.

    Осының бәрін Ата-бабаларымыз тек қана «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» ұстап тұрмаған.Қазақты халықтық деңгейге жеткізіп, Қазақ Елін қалыптастырған – атаға, ауылға, руға топтасу негізінде құрылған, қазақ азаматтық қоғамына, дала демократиясына тән – төл Ел басқару ЖҮЙЕСІ. Бұл жүйе – әрбір қазақтың қанының тарихи жадында әлі күнге дейін сақталып қалған. Үш ғасырлық бодандық, әсіресе соңғы жүз жылдық, құрта алмаған неткен мықты жүйе. Бұл жүйе – кемеңгер ата-бабаларымыздың баға жетпес еңбектерінің арқасында ғасырлар бойы қалыптасқан, бүгінгі күннің тілімен айтсақ – азаматтық қоғамда өмір сүрудің – ғасырлар бойы өмір талқысынан өткен, теңдесі жоқ моделі.

    Шежірелік (корпоративтік) ЖҮЙЕ өз қуатында болған кезде Қазақ Елі азаматтық қоғамы берік біртұтастықта, қисынды жүйелілікте, шебер үйлесімділікте өмір сүріп, қазаққа тән ұлттық құндылықтар сол кезеңде қалыптасты. Ол деңгейге әлемнің ең өркениетті, демократиялық деген Елдерінің азаматтық қоғамы әлі жеткен жоқ. Орыс-Совет империясының масондық басшылығы Қазақтың шежірелік (корпоративтік) ЖҮЙЕСІНІҢ барлық артықшылығын толық сезініп, оны жоймай, қазақ халқын бағындырып, құлдыққа сала алмайтынын білді.

    Сондықтан бұл ЖҮЙЕНІ уақыт өткен сайын жетілдіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан қазақтың игі-жақсыларын, асылдарын қудалап-жойып, қазақтың қанындағы тарихи жадын өшіру үшін, үш ғасыр бойы бар күшін салды. Ең сорақы зұлымдықтарын соңғы жүз жылдық ішінде жасап, қазақ халқын қырды.

    Бұл зұлматтың жойқын қасіретін мына бір ғана мысалдан көруге болады: ХХ- ғасыр басталғанда саны жағынан шамамен бірдей ( 6 млн.) болған қазақ пен түрік халқының саны, ұлтымызға тән табиғи-демографиялық өсу мүмкіндіктерінің ұдайы зор болғанына қарамастан, бүгін төмендегідей : қазақтар – 12 млн. , түріктер – 72 млн.

    Сонда бір планетада, бір заманда өмір сүрген екі халықтың бірінің 60 млн. жуығы жоқ болып кетуіне К І М кінәлі ? Н Е кінәлі ?

    Бұл сұраққа жауапты 17 жылдық Егемендіктің мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланып, өзінің қанындағы тарихи жадын оятып, құлдық психологиядан арылған әр қазақ жақсы біледі. Бүгінгі күнгі қазақтың ТІЛІНІҢ жағдайы, асты-үсті байлыққа толы ЖЕРІ сатылып біткен соң, енді жай жерлердің өзі саудаға түсіп талануы, қазақтың ДІНІ-нің жіктеле бастауы, осының бәрі, әр түрлі атпен, әр түрлі идеялармен бүркемеленген, дүние жүзін билеуге ұмтылған әлемдік басым күштердің зымиян саясаттары мен құйтырқы іс-әрекеттерінің жемісі екені белгілі болды.

    Осы жерде айта кететін тағы бір жайт, соңғы 300 жылда, Орыс-Совет империясының аумағында ТІЛІ-де, ЖЕРІ-де, ДІНІ-де, ӨЗІ-де жоқ болып кеткен 100-ге жуық ұлттардың кебін киіп, қазақтың жер бетінен құрып кетпеуіне белгілі бір дәрежеде, бір нәрсе себеп болды — ол біздің ұлттың қазақ үні арқылы атаға, АУЫЛҒА, руға (фирмаға) топтасып, өмірдің талай қиыншылықтарына төзе білгендігі. Мысалы, кеңестік зұлматтан басқа елдерге бас сауғалап, жер ауған қазақтардың тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтап қалуы – олардың атаға, ауылға, руға топтасып өмір сүруінің арқасы.

    Қазақ Елінің шежірелік (корпоративтік) жүйесі негізіндегі АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМЫ адамзаттың ең ұшқыр ойлары жемісінің көрінісі болатын, себебі ол – адам өміріне қатысты, керек жағдайлардың бәрі (тұрмыстық, әлеуметтік, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл, дін, мәдениет, ұрпақ тәрбиесі, дау-дамай, әскери қорғаныс т.с.с. көптеген мәселелер) жан-жақты қарастырылған, ұлттық құндылықтармен қамтылған, өте терең ойластырылған, өте тиімді ұйымдастырылған, кемел қоғам еді.

    Жеке қазақ түтінге – түтін атаға – ата ауылға – АУЫЛ руға – ру тайпаға – тайпа ұлысқа(жүзге) топтасып – ұлыстар бірігіп– қазақ елін құраған.

    Ерте кездегі азат, тәуелсіз Қазақ Елінде батырлар, билер, басшылар өте көп болған, себебі қазақтың әр ата-ауыл-рулары өздерінің зиялы ТҰЛҒАЛАРЫН өмірге алып келген. Артында қалың қауым елі бар және қандастарының алдындағы жауапкершілікті жан-тәнімен сезінген, ақылды ТҰЛҒАЛАР бірігіп өз ішінен Төле би, Қазыбек би, Айтеке би, Әбілқайыр, Абылай сынды кемеңгерлерді іріктеп шығарған.

    Табиғаттың сұрыптау заңына негізделген шежірелік жүйе табиғи таза бәсекелестік ортаны (кеңістікті) қалыптастырған. Шежірелік жүйенің ұзақ сынынан өткен АЗАМАТ қана, халыққа қызмет етуге лайықты зиялы Тұлға болуға мүмкіндік алатын. Халық – өздері ТҰЛҒА етіп таңдаған зиялылары: ата-ауыл-ру(фирма) басшыларының, билерінің, батырларының, хандарының бір ауыз сөзіне тоқтап, оларды тыңдап артынан ерген.

    Ертеде, рулық жүйеден тыс, Қазақ Елі азаматтық қоғамын біртұтас етіп, ұйытып отырған және қазақтың үнін жүйелі де тұрақты шығарған негізгі құралдар (институттар):

    Ата жұрт, Нағашы жұрт, Қайын жұрт, Құдалар, Андалар, Аманат, Бейіт-қорым- кесене.

    Ертеде, рулық жүйеден тыс, Қазақ Елі азаматтық қоғамын біртұтас етіп, ұйытуға ықпал жасаған және қазақтың үнін жүйелі де тұрақты шығарған негізгі іс-шаралар:

    Шілдехана, Бесік той, Тұсау кесер той, Сүндет той, Ерулік, Құдайы тамақ, Құда түсу, Құдалық, Үйлену тойы, Жерлеу, Ас беру.

    Жоғарыдағы құралдар мен іс-шаралардың арқасында, бәрімізге ортақ қазақ даласы біте қайнасып – біртұтас азаматтық қоғам болып, ұлттық мәдениетіміз бен болмысымыз қалыптасқан. Осы Жүйенің-Ортаның арқасында Қазақ Елі бүкіл Еуразия кеңістігіне ықпалын жүргізген…

    - Әлемді тізе бүктірген СОКП – рушылдық пен жершілдіктен неге қорықты?

    - Қазақ Республикасының Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 1986 жылы 16 желтоқсанда өткен кезектен тыс Пленумы бар-жоғы 18 минутқа созылды. КПСС орталық Комитетінің хатшысы Г.П.Разумовский аталған уақыт бойы өзі сөйледі. Ол алдымен жұртты бір ықтырып алайын деді ме, сөзін зілмен бастады.

    Оның айтуынша: “Қазақстан сәл болғанда, су түбіне кеткендей екен. Кадр саясаты мүлде бетімен жіберілген. Республика партия ұйымын біліксіз, білімсіз қызметкерлер жайлап алған. Рушылдық пен жершілдік сырқаты өршіп тұр! Соның салдарынан ел экономикасы да күйреудің аз-ақ алдында қалған”. Пленум Қонаевты қызметінен “бірауыздан” босатып, Колбинді бірінші хатшылыққа “бірауыздан” сайлап жіберді.Залды ауыр үнсіздік жайлады…..( “Алтынбек Сәрсенбайұлы қоры” шығарған “Желтоқсан-86″ атты кітап, 5-ші том, 5-бет, Алматы-2006 жыл)

    Ұлты үшін ұрандап шауып, жанын беретін қара қыпшақ Қобыланды, суан Елтінді, албан Райымбек, қаракерей Қабанбай, шапырашты Наурызбай, қанжығалы Бөгенбай сынды көптеген «трайбалистердің» өсіп-өнуінен сақтандырған КПСС, қазаққа ата-ру аттарын сыбырлап айтуға мәжбүрлейтін «жағдай» қалыптастырып қойды.

    70 жыл бойы КПСС-тің тәрбиесін алған ұрпақтың кейбір өкілдері қалың қазақты рушылдық және жершілдікпен әлі үркітіп-қорқытып келеді…

    Алла жаратқан ұлттардың – жаманы, үлкені, кішісі болмайды – бәрі бірдей. Тек – әр ұлттың ішінде ҰЛЫСЫ мен АЗҒЫНЫ, ДҰРЫСЫ мен БҰРЫСЫ бар.

    Міне, осы аксиоманы әлемдік билікке ұмтылған басым күштер, ұтымды қолдана білді. Олар өздерінің әлемді торлап алған ұйымдары арқылы, кез-келген елдің, әсіресе дамушы елдердің ұлтын 4-ке бөліп, АЗҒЫНДАРЫН іріктеп алып, жан-жақты қолдау ұйымдастырып, олардың санасынан ұлттық–ойлау қабілетін өшіргеннен кейін, қызметін жоғарылатуға күш салып, БҰРЫСТАРЫНЫҢ үнсіздігін пайдаланып, сол ұлттың ҰЛЫЛАРЫН жойып, ДҰРЫСТАРЫН қудалап, олардың ҮНІН өшіру арқылы бүкіл ұлттың күш-қуатын өз мүдделеріне жегіп қоюға қол жеткізіп отырған…

    - Аға ұрпақтың бізге үлгі болар ерен еңбегі ұмытылған жоқ па?

    - «Мың өліп-мың тірілген» қазақ ұлты, 1964-1986 жылдары ғана Д.А.Қонаевтың басшылығымен, сол кездегі кеңестік «өнеркәсіптік және аграрлық саясатты» ұтымды пайдаланып, кіші қалалар мен колхоз-совхоздардың экономикалық жағдайын көтеру арқылы, елді-мекендерде шын мәнінде урбанизация үрдістерін жүргізіп, екі ғасырға созылған бодандық кезеңде күйзеліске түскен тұрмысы мен құлдыраған мәдениетін көтеріп, өсіп-өніп, бір серпіліп қалып еді…

    1985 жылғы санақ бойынша Еліміздегі тек қой саны 40 000 000-нан асып түскен. Дәлелге, Халыққа түрлі мәдени-тұрмыстық қызмет көрсететін инфрақұрылымдары бар 10 елді мекені, ішінде ғылым докторлары мен кандидаттары бар 1000 жуық ИТР, 12 ірі ауылшаруашылық құрылымы, 6 өндірістік заводы, құрамында 12 ПМК–сы бар 1 құрылыс тресті, 1 ғылыми зерттеу институты, шетелге экспортқа ағаш-құрылыс материалдарын шығаратын Сібірдегі 1 мекемесі, 1000 аса әр түрлі маркалы автомашиналары, 3000-ға жуық ауылшаруашылық техникалары бар және 80-ші жылдардың аяғында , Кеңестер Одағында бірінші болып, сол уақыттағы ең соны моделді IBM техникасымен жарақталған локалді компьютер желісін құрып, колхоздың барлық бөлімшелерін модем арқылы Финанстық есептеу және басқару Орталығына қосқан, 1991 жылдың 1 қаңтарына- 4(төрт) миллиард АҚШ долларына пара-пар жаңаланған негізгі ҚОРЫ бар, аудан территориясының 10 пайызын алып жатқан агломерациялық құрылым болған – бүгінгі күні құрдымға кеткен «Октябрдің 40 жылдығы» колхозы сияқты, сол кездегі мемлекеттік саясатты халық мүддесі үшін дұрыс қолданып, байыған мыңдаған ауыл шаруашылықтарын мысалға келтіруге болады.

    Бұған, бүгінгі құлазыған ауыл шаруашылығындағы келеңсіздіктерді күнде көріп, шарасыздықтан өзегі күйген миллиондаған бұрынғы колхоз-совхоз еңбеккерлері куә.

    - Жүйесіз жалған урбанизацияның Елді орға жығуы мүмкін бе?

    - Егемендік алған күннен бастап, еліміздің Өкіметі мен Үкіметі – егіншілік пен мал өнімдерін өндіруді жыл сайын интенсивті жолмен ұлғайтып, оны ұқсатудың әлемдік ең жоғарғы технологияларын Қазақ елінің әр ауданының орталығында енгізіп, қалың қазақты жұмыспен қамтып, жыл сайын арта түсетін егіншілік пен мал өнімдерін терең ұқсатылған соң ғана экспортқа шығарып, барлық аудан орталықтарын жоғары деңгейдегі инфраструктурасы бар кіші-қалаларға айналдырып, ұлан-байтақ жерді игеру үшін мемлекеттің бар мүмкіндіктерін ұлттық мүддеге дұрыс пайдаланудың орнына, қазақтың жері мен байлығына қызыққан әлемдік басым күштердің тәрбиесі мен ақылының «нәтижесінде» ұлттық-ойлау қабілетінен айырылған, бірақ білімді әрі пысық кейбір экономист-саясаткерлердің жетегінде кетіп - ауыл шаруашылығын «приватизация», «оптимизация», «легализация» сияқты ГОЛОЩЕКИННІҢ (1930-шы жылдары бейбіт заманда қазақтың малын жойып, халқымыздың өмір сүру дәстүрін күшпен өзгерту арқылы ұлтымыздың жартысын қырып жіберген) мыйы жетпейтін науқандарды іске асыру арқылы, еліміздің ЖЕР мен СУ ресурстарын игеріп жүрген еңбекке жарамды бүкіл қазақты бес-алты қалаға жиып алып, олардың екі-үш ұрпақ болып өмір бойы тапқан – таянғанын, байырғы қала тұрғындарының қолына ұстатқызып (олардың мемлекеттен мүліктерімен қоса тегін алған автобазалары, сауда және өндіріс орындарынан тыс, бас-басына мемлекеттен тегін алған қос-қос пәтерлері мен көптеген сая – бақтары құйтырқы саясаттың арқасында қып-қызыл ақшаға айналды), оларды бір байытып тастады…

    Осындай жолмен байып алған, орыс-совет империясының мұрагер-көзіндей болған байырғы қала тұрғындары, елдің әр жерінен үлкенді-кішілі кәсіпкерлік ашып, арнайы ЖЕР туралы ЗАҢ қабылдатқызып, елдегі бос қалған жерлерді бірінен алып біріне сатып, алыпсатарлық пен сыбайлас жемқорлықты өрістетіп жіберді. Ұлттық экономиканың негізгі тірегі – қазақтың кең байтақ мол ЖЕРІ тауарға айналды. Енді ЖЕР саудасы тоқталмай, Елімізде басқа тауар шығаратын өндіріс орындары кеңінен дами қоймас…

    Жағдай мен қаражаттың жоқтығынан жерін игере алмай, күнкөріс үшін қалаға қашқан үйсіз-күйсіз, ата кәсібінен айырылған, арзанқол қазақтар – Кеңес империясының қалалық мұрагерлерінің отымен кіріп-күлімен шығып, ұлтты аздыратын жалған урбанизацияның зардабын шегуде. Бүгінгі, біздің елді жайлаған, келеңсіздіктердің экономикалық негізі жоқ, бұл ұлттық сана- ұлттық болмыс дағдарысының салдарлары.

    - Қоғамдағы бүгінгі рухани дағдарыстың тамыры қайдан?

    - Бодандық дәуір кезінде, Кеңес Одағы халықтарынан құл дайындауда өте озық технологиялар қолданылды, соның нәтижесінде, мәдениетті және момын қазақ құлдарының бірнеше топтары пайда болды:

    1 –топ. Білімді, еңбекқор орыс-совет “ноқтасына” жақсы көндіккен, жаңа қожайындарға өте бейімделгіш, әр деңгейдегі партия-комсомол, әкімшілік, кәсіподақ, басшыларының біраз бөлігі. Отаршылардың сан- қырлы тексерулерінен өткен бұларға – құлдық психология қандарынан өтіп, сүйектеріне сіңіп кеткен.

    2 – топ. Білімді, еңбекқор, талантты, «орыс- совет реализмі» стилін жақсы меңгерген, содан ауытқымайтын жазушылар, ақындар, тарихшы- ғалымдар, журналистер және өнер – мәдениет саласы басшыларының біраз бөлігі. Құлдық психология бұлардың қанына сіңген.

    3 – топ. Білімді, еңбекқор әр саладағы қарапайым мамандық иелерінің біраз бөлігі, бірақ жоғарыдағы екі топтың айтқанын тыңдап, жазғанын оқып, солай өмір сүруге бейімделгендер. Құлдық психология бұлардың қанына жартылай сіңген.

    Ел болғаннан кейін, жоғарыдағы топтарға кірмейтін жұртта баршылық. Бұлар Дүние жүзін билеуге ұмтылған әлемдік басым күштер өкілдерінің және азғындардың үгіт-насихатына іштей қарсы болып, олардың алдап- арбағандарына көнбегендер, күштеп құлдықта ұсталғандар. Бұларда құлдық сезім жоқ, солардың арқасында ғана қазақ егемендік алып, әзірше Қазақстан аталып жүр.

    Жоғарыдағы айтылған топтар классикалық түрдегі құлдар емес, ешкім олардың танауын тесіп, бұйдалап тастамаған, бәрі де сырт көзге осы заман талабына сай мәдениетті адамдар сияқты. Бұлардың ішінде, өздерінің физиологиялық, психологиялық ерекшеліктеріне қарай, өмір сүрген ортасының әсерінен және бастарындағы құлдық сезім “вирусының” түрлі мутацияға ұшырауына байланысты құлдардың жаңа түрлері пайда бола бастады:

    - Құлқынның құлы (коррупция);

    - Арақтың құлы;

    - Дүние-мүліктің құлы;

    - Есірткінің құлы;

    - Казино, ойын автоматтарының құлы (компьютер ойындары);

    - Шетелдік кірме секталардың құлы;

    - Мақсаты белгісіз діни секталар мен бірлестіктердің құлы;

    - Жекеменшік Банктердің (жабайы өсім ақысы бар несиелердің көптеген түрі) құлы.

    Сондықтан да, жоғарыда айтылған үш топтан шыққан, ұлттық болмысы өзгерген азғындар, елімізде отарсыздандыру саясатының жүрмегендігі нәтижесінде дүниежүзілік басым күштердің жетегінде кеткендіктен, солардың ақыл-ойымен өмір сүріп, бүгінгі күнгі қоғамымызды жегідей жеген сыбайлас жемқорлықтың негізін қалап, қоғамыздағы келеңсіздіктерге жол ашып берді…

    - Ұлттық сана дағдарысы жөнінде не айтар едіңіз, және ол қандай келеңсіздіктерге жол беруі мүмкін?

    - Алла тағала әр адамды дүниеге саналы етіп жаратады. Ұлттық сана ұлттық ортаның әсерінен ғана қалыптасады. Ұлттық қоғамдық сана азаматтық қоғамның ұйымдық құрылымдар жүйесі қалыптасқан Елде ғана пайда болады. Осының бәрі ата-бабаларымыз азат өмір сүрген кезде – 100 пайыз бар болған және орындалып тұрған…

    Ал енді бүгінгі Казахстанда осы үш ұғым мүшкіл күйде. Құдайға шүкір, бүгінде саналы сәбилер дүниеге келіп, ұрпақ жалғасуда,бірақ азғындаған біраз отандастарымыз, ұлттық тәрбиенің әлсіздігінен, Алла тағалаға қарсы шығып (арақ-шарап, темекі, есірткі, т.б. беріліп) дүниеге кемтар, жарымес ұрпақ әкелуімен қоймай, ұрпағын өзге тілді балабақша-мектептерге беріп, оларды ұлттық ойлау қабілетінен айырып космополит – мүгедек етуде…

    Ұлттық тәрбиелік – жауапкершілік ортаның әлсіздігінен, біраз отандастарымыздың ұлттық санасы төменгі деңгейде. Рухы биік, парасаты мол ата-бабаларымыздың азат кезіндегі қазақ азаматтық қоғамының ұйымдық құрылым жүйелері халықтың жадында болғанымен, соңғы 100 жылда іс жүзінде жойылған, сондықтан ұлттық қоғамдық сана әзірше әлсіз…

    Себебі, «беймәлім күштер» – Қазақ ұлтына қарсы жарияланбаған соғысын, жалғастырып, жүргізіп жатыр…

    Бұл беймәлім күштер кімдер, қайдан пайда болды? Жауапты, біртұтас халық үні – қазақ үні арқылы санамызды тазартып, ұлт тарихын зерделей алған кезде аламыз.

    Бүгінгі ұрпақтың мақсаты – тірі жүру мен қарын тойдыру ғана емес, қасиетті жерімізді, оның зор байлығын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін, мемлекеттілікті ұлт мүддесіне қызмет еткізе алатын – азаматтық қоғамды қалыптастыру болу керек. Ұлтшылдығымызды құпия сақтаудан, өз елімізде – өгей, өз жерімізде – кедей болудан, жалған мәдениеттілік пен қазақ үнінің өшіп бара жатқандығынан шаршадық…

    Бұдан әрі көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлар (Елбасшымыз айтқандай …бұларды қара Жер қалай ғана көтеріп жүр екен!?…) жайлаған қоғамда бұлай өмір сүру мүмкін емес.

    Бәріміздің де жауап берер кезіміз келді: Ұлт болып қаламыз ба? Жоқ па?

    Ел экономикасының дұрыс бағытта өркендеп дамуы – халықтың ұлттық-ойлау қабілетіне тікелей байланысты. Осы орайда айтатыным, тәуелсіздік алғалы экономикамыздың өсуіне бағыт-бағдар беретін мекемелердің басқару тұтқасын ұстаған кейбір маман-ғалымдар мен шенеуніктердің ұлттық-ойлау қабілеті өте төменгі деңгейде.

    Бұл пікірге, кемшіліктердің ең сорақыларынан дәлелдер келтірейін:

    - Әлем елдері ЖЕР және СУ ресурстары тапшылығын сезініп, қыруар қаржы бөліп, мухитты-мәңгі мұздықты-космосты-басқа планеталарды зерттеп, оларды өз игіліктеріне пайдаланудың бар мүмкіндіктерін қарастырып әлекке түсіп жатқанда, біздің өзге тілде оқып, шетелдіктерше «ойлайтын» кейбір бауырларымыз – кеше ғана ата-бабаларымыз мыңғыртып төрт түлік малын өрістетіп, ұрпағын өсірген ауылдық өңірлерді – «болашағы жоқ (депрессивный) ауыл-аудан» деп шатасты;

    - Жердің жекеменшікке сатылуы, әлемдік басым күштерді басқа планеталардан ресурс іздеу машақатынан құтқарып, оңай олжаға кенелтті;

    - Өзін-өзі бағуға ЖЕР және СУ ресурстары жеткілікті, мол табиғи байлығы бар 15-ақ миллион халыққа, дәл бүгін аса қажет емес салаларға – жүздеген миллиард доллар шетелдік инвестициялар тарту арқылы, бүгінгі және болашақ ұрпағымызды ұлттық байлығынан айырды.

    - Ұлттық сананы отарсыздандырып, жаңғырту үшін не істеу керек?

    - Өзін қазақпын деген адамның бәрі қазақша ойлап, қазақша сөйлеп, өз өмірімізге қатысты кез-келген мәселені шешуде қазақша үн қатуы керек. Өзін қазақпын деген адамның бәрі ата-бабамыз таңдаған Ислам дінін қолдауымыз керек. Себебі, Әлемдік билікке ұмтылған күштер, тек қана ислам әлемінен сескенеді. Оның айғағы — соңғы 2-3 онжылдық ішінде олардың Ислам әлемін бөлшектеу, әлсірету жолындағы құйтырқы, зымиян әрекеттері.

    Парламентіміз Қазақ Елінің үш ғасыр бойы орыс-совет империясының отары болғанын мойындап, оның зардаптарын көрсетіп, Елдігімізді қайта қалпына келтіріп, егемендікке 1991 жылы қол жеткізгенімізді айтып, кеш болса да, отарсыздандыру туралы Декларация қабылдауы керек. Бодандықта болған уақыт ішінде өзгерген жер-су аттары, елді-мекен атауларын байырғы атауларымен атап, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру керек. Өзгермеген атаулар әлі де қазақтың санасын улап, рухын таптап тұр. Бұл өзгерістерге қарсы болғандар — қазақты осы күнге дейін құл деп санайтындар.

    Әлемдегі қазақтың көпшілігі қолданып жүрген, кириллица негізінде жасалған, бүгінгі күнгі қазақтың үнін өзгертпей – дұрыс шығаратын 42 әріптік қазіргі қазақ әліпбиі — мемлекеттік әліпби болуы керек.Сонда ғана Еліміздегі басқа этнос өкілдері бізді “казах” емес, “қазақ” деп жаза алады. Себебі, орыс әліпбиіндегі жетпей тұрған 9 әріпті(дыбысты) үйренсе болғаны, олар кез келген этностың үнін бұзбай, таза сөйлеуге мүмкіндік алады. Орыс әліпбиінен тікелей аударып жүрген көптеген қателерімізді түзеп, Ел атауын«kazakhstan» емес, «qazaqstan» деп, тұлғаларымызды «Чокан Валиханов» емес, «Шоқан Уәлиханов» деп, «Абиш Кекильбаев-Кекилбаев» емес, «Әбіш Кекілбаев» деп, «Умурзак-Омирзак Шокеев-Шукеев-Чукеев» емес, «Өмірзақ Шөкеев» деп басқа тілдерге өз үнімізден дұрыс аударып, жаза бастаймыз. Сонда ғана, Қазақ елінде жер-су аттары, елді-мекен аттары, көше, мекеме, дүкен атаулары, жарнамалар дұрыс жазылып ұлтымыздың рухани түлеуіне көмек болар еді. Мекемеаралық хат-хабарларда, электронды поштада, орыс тілді іс-қағаздарда да тек қана қазақ мемлекеттік әліпбиі қолданылуы керек. Қазақстан азаматтығын мемлекеттік әліпбиді меңгергендерге ғана беру керек.

    Әліпби ауыстыру мәселесін, түгел қазақша сөйлеп және үні қазақша таза шығатын келесі ұрпақтың еншісіне берейік. Тағы не істеу керек екенін қалың ҚАЗАҚ айта жатар…

    - Дамыған елдердегідей ұлтты өсіріп, елді көркейтетін нағыз урбанизация үшін не қажет?

    - Ал дүние жүзінің дамыған елдерінің ауыл-селолары ешқандай «оптимизацияларға» ұшырамай, байырғы халқының көпшілігі ата кәсібін өзгертіп, тентіремей-ақ, ғылыми-техникалық жетістіктер негізінде өз ата қоныстары мен кәсіптерінде қалалық жағдай қалыптастыру арқылы, заманға сай – лайықты өмір сүріп келеді. Себебі, бұл елдерде жоғары механикаландырылған ауыл шаруашылығы қалыптасып, табиғи ресурстары толық игеріліп болып, қолы босаған және жері жоқ адамдар пайда болған кезде ғана үлкен қалалардың дамуы басталып, өзін-өзі ақтап өмір сүре алатын мегаполистерді қалыптастырудың жүздеген жылдарға созылған тарихи үрдісі әлі жалғасып келеді…

    Сондықтан Қазақ Елінің тарихи-географиялық ерекшеліктеріне сай келетін урбанизация үрдістерін жүргізе отырып, ұлттық экономикамыздың табиғи даму мүмкіндіктерін әлі толық игеру үшін:

    бірінші кезекте, халқымыздың бүгінгі-ертеңгі несібесін опыра жеп жатқан, көп шығынды-үлкен қалаларды ұлғайтуды тоқтатып, Елдің бар қаражаты мен мүмкіндіктерін – барлық аудан орталықтарын тікелей Үкіметке бағынышты индустриалды кіші-қалаларға айналдыруға бағыттайтын Заңдар қабылдау керек;

    екінші кезекте, тұрғындар саны 5 мыңнан асатын елді-мекендерге қала статусын, тұрғындар саны 1 мыңнан асатын елді-мекендерге қала типті ауыл статусын беруді және оларда осы заманға сай инфраструктуралар мен ұқсатушы кәсіпорындар салуды көздеген бас жоспарлары бекітілген, ғылыми негізі бар нағыз урбанизациялық жобаларды орындау үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы тиіс.

    – 17 жыл егемендіктің арқасында жаңғыра бастаған ұлттық сана талабы қандай болмақ?

    - Ең алдымен Ел қамын ойлайтын азаматтарды іріктейтін жүйе керек. Ол үшін біртұтас Қазақстан халқының мемлекеттік тілді меңгерген кез-келген өкілі, бүгінгі күні, өзі сияқты 13-тен аса жанға беделді болып, топтастырып, сөзін өткізе алатын тәрбиелі-білімді азамат болса – ЖІГІТ АҒАСЫ атағына ие, өзінікі сияқты 13-тен аса отбасына беделді болып, ұйыстырып, ақылын айтып, тұрмыстық мәселелерді шешуде көмек бере алатын өмірлік тәжірибесі бар отағасы болса – АУЫЛ АҒАСЫ атағына ие, 13-тен аса АУЫЛ АҒАСЫНА беделді болып, оларды өнегелі іске жұмылдырып, ұлағатты сөз айта алатын парасат иесі болса – АУЫЛ АҚСАҚАЛЫ атағына ие, 13-тен аса АУЫЛ АҚСАҚАЛЫНА беделді болып, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешіп, елді ұйытқан тұлғалы азамат болса – ЕЛ АҒАСЫ атағына ие, 13-тен аса ЕЛ АҒАСЫНА беделді болып, топтастырып, бір ауыз сөзімен дауды шешетін кемеңгер тұлға болса – БИ атағына ие болатын өмірлік ортаны құра алсақ, сонда бұл орта жергілікті өзін-өзі басқарудың, табиғи сұрыптауға негізделген, Жүйесін қалыптастыратын еді.

    Сонда ғана Қазақ Елі қайта жаңғырады, сонда ғана қазақ халқы ЖЕРІНЕ ИЕ болады, сонда ғана қазақ халқы ТІЛІНЕ ИЕ болады, сонда ғана қазақ халқы ӘДЕТ-ҒҰРПЫНА, ДІНІНЕ ИЕ болады, сонда ғана қазақ халқына басқа діни ағымдар, тіпті ЖАХАНДАНУда қорқынышты емес.

    Мен – қоғамымыздың кез-келген саласындағы ғылыми-техникалық прогресске қарсы емеспін, бірақ – ұлттық экономикамыздың негізі, алтын қазығы – ата кәсібіміз – мал шаруашылығы мен егіншілік екенін мойындап, ауыл шаруашылығының осы салаларында, ата-бабаларымыздың ғасырлар сынағынан өткен технологияларын қолданып, экологиялық таза, әрі жоғары сапалы өнім өндіруде әлемдік ең соны техника – жабдықтарын пайдаланып, дүниежүзілік бәсекелестікке төтеп беретін ұлттық өнімдерді жаңғыртып, экспортқа шығару арқылы Елімізді көркейтіп, халқымызды өсіретін нақты урбанизация жолдарын ұсынамын:

    - Қазақ Елінің кез келген азаматы өз аталарының туған жерін-Ауылын мәңгілік отаным деп тануы үшін, ұрпағының ертеңгі күніне сенімді болуы үшін, қай уақытта болмасын өз ауылының экономикасына үлес қосуға мүмкіндігі болуы үшін, Жерге тек қана мемлекеттік меншік орнату арқылы әр бір елді-мекен төңірегіндегі ЖЕР және СУ ресурстары осы Ауылдың қазіргі және болашақ тұрғындарының ортақ байлығы саналып, оларды пайдалану тек қана ұзақ мерізімді жалға беру арқылы жүргізілуі тиіс;

    - Еліміздегі 200 аса аудан орталықтарын, сол төңіректегі елді-мекен тұрғындарының мәдени-рухани-ғылыми-технократтық мұқтаждықтарын өтейтін және олардың өндірген ауыл шаруашылық өнімдерін кешенді түрде ұқсатып, бірден экспортқа шығара алатын кіші қалаларға айналдыру үшін, ҮКІМЕТ әр ауданның қоғамдық ДАМУ ҚОРЫ-ның құрылуына ықпал етіп, оған тәжірибелі-білімді Ел ағалары жетекшілік жасап, Қорға жыл сайын ең болмаса 1(бір) млн.евро бөліп тұрса, бірер жылдан соң аудандық ДАМУ ҚОРЫ-ның бақылауымен жұмсалған қаржы бірнеше есе болып қайтып, Халықты жұмыспен қамтамасыз ету, иммиграция, демография т.б. мәселелер кешенді түрде шешілер еді;

    Өзін-өзі ақтайтын мегаполистерді дамыту міндетін, Еліміздің табиғи даму ресурстарын толық игеріп байыған, соның арқасында өсіп-өніп, оқып-тоқыған, Еліміздің түпкір-түпкірінде пайда болатын 200 аса халықтың өмір сүруіне ыңғайлы кіші-қалаларда одан әрі өз ақыл-ойын-қайратын қолдануға мүмкіндік таппай, қолы босайтын болашақ ұрпақ – сол кезде ғана үлкен қалаларға барып, бәсекеге қабілетті зерделік және өндірістік өнім шығарып – өз еншісіне алады.

    - Әңгімеңізге рахмет!

    Әңгімелескен Рахметәлі Асылбек.

     

    БОЛАТ НӘУКЕНҰЛЫ БӨТЕЕВ.

    (өмірдерек)

    1953 жылы 2 маусымда Талдықорған облысы, Панфилов ауданы, Пенжім ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1975 жылы Петропавл қаласындағы «Союзцелинвод» трестінде инженерлік қызметтен бастап, 1976-1980 және 1984-1994 жылдары Кеңестер Одағындағы ең ірі ауылшаруашылық өндіріс мекемесі «Октябрдің 40 жылдығы» агрофирмасында әр түрлі инженерлік және еңбекті ғылыми негізде ұйымдастыру бағытында басшылық қызмет атқарған. 1981-1983 жылдары әскери мамандығы бойынша, Байқоңыр ғарыш айлағында, «Боран» жобасы аясында УИР (управление инженерных работ) қызметкері болды. 1983 жылы «Байқоңырды салушы» («Строитель Байконура») белгісімен марапатталған.1995 жылдан 2011 жылға дейін жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. 2011 жылдан бастап ҚР БҒМ  Ғылым Комитетінің «Экономика» институтында бағдарламашы болып қызмет атқарады. 2006-2009 жылдыр аралығында «Аллажар-қолдау» қоғамдық қорының директоры, 2009 жылдан бүгінге дейін «Алаш үні» қоғамдық бірлестіктер Одағының үйлестірушісі болып қоғамдық жұмыстар атқаруда.

    ҚАРА ӨЛЕҢДЕР:

    Жалпы Ұлттық Мәдени Ағарту Қозғалысындағы ұстазым

    «Алаш үні» қоғамдық бірлестіктер Одағының төрағасы

    Совет-Хан Ғаббасовтың «Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі» атты

    кітабының баспадан шығу қуанышына  арналады

    Адам тәрбиесінің жаңа ілімі

    Ұрпағым тәрбиелі, дені сау, алғыр болсын десеңіз,

    Ілімді, ұлттық тәрбие негізіне сүйенген, санаңызға іліңіз

    Бірінің міндетін біріне, жүктеуге әсте болмайтын,

    Совет-Хан Ғаббасов зерттеген, жеті кезең тізбегінен өтіңіз

    Текті құда тапқанға, разы болып ата-анаңыз,

    Ұлт дәстүрін ұстанып, отбасын құрған болсаңыз

    Зерделеп ілімді жұбыңызбен,  нәтижесін армандап

    Талаптарын  орындауды мұқият, мойныңызға алыңыз

    Жібімеген тоң жерге, әлсіз-ауыру дән ексек,

    Ешқашан бітік шықпас мол өнім, кесек-кесек

    Ертерек ойлайық, сондықтан, тазалығын ұрықтың,

    Ұрпағымыз уланбай, мыйы толық болсын десек

    Сіз, ол үшін, салауатты өмір салтын сүйіңіз,

    Шаттық пен жақсылыққа толып, көңіл-күйіңіз

    Өзгерісті бастаңыз, сәби сүю ойыңыздан көп бұрын,

    Ішімдікті тыйып мүлде, тек табиғи таза ас-су ішіңіз

    Ана құрсағындағы тоғыз ай, тәрбиенің екінші кезеңі,

    Қайталап бар тіршілік ғұмырын, қаланар білім негізі

    Ой толғап сыбыс пен дыбысқа, үн жинаған тынысқа,

    Нәресте келер өмірге, толысқан түйсік-сезімі

    Айқаймен бастайды үшінші кезеңді, бар адамзат баласы,

    Жүрек тербер үнімен анасының, оянып оның санасы

    Қауызына тарының, сыйдырған он сегіз мың ғаламды,

    Құдіретімен Алланың, адамның ғана, бұған келген шамасы

    Тәрбиенің мұнан соң, келер балбөбек атты кезеңі,

    Бесік жыры кіріп құлақтан, толығар сана-сезімі

    Уызында қанып ана сүтіне, ұлттық рух қонар бойына,

    Мейірімімен ата-ананың қалыптасар оның мінезі

    Өмірдің ең тәтті кезі, сірә, сәбилік кезең болар,

    Сағынышпен жырлап өткен, талай сазгер-ақындар

    Тәрбие-білімді ойнап жүріп сімірген, қызықты шақ,

    Әсерінен ана тілінің, негізі ақыл тәрбиесінің  қаланар

    Балиғат кезеңінде, махаббат сезімі бүршік атар,

    Бір арнада, тербетіп екі жасты, жүрек қағар

    Сездіріп келгенін, балалықпен қоштасар шақ,

    Әбден қайнап, ұлттық тәрбие көрігінде, адам болар

    Ұрпағына әу-бастан, он үшінде отау иесі,

    Деп айтатын әрдайым, бабалардың жұғып киесі

    Жастықтың оты жалындап, жас жүректе жанған шақ,

    Басталады өмірдің, кәмелеттік кезең атты белесі

    Ілімді меңгерсеңіз, ыждахатпен, бір күн тынбай,

    Ретімен орындалса, жеті кезең талаптары ойдағыдай

    Жанының он екі арнасы ашық азаматпен, ұлт толығар,

    Ойы мен оның әр ісіне, разы болар ылғи  құдай

     

    Алматы облысы, Қырғауылды ауылы.

    25 желтоқсан 2012 жыл

    Болат Нәукенұлы Бөтеев.

     

    Бүгінгі ауыл өмірі

    Бүгінгі ауыл адамы не қылса да, ісі бір өнбейді,
    Әйтсе де, бұл заманда кедейліктен кісі өлмейді.
    Жеріміздің асты-үсті толы байлық болса дағы,
    Қазақтың аяқ-қолын, жоқшылық неге кісендейді?
    Баға алмайды бүгін, қорадағы бес-алты қой, сыйырын
    Тұрғынның көпшілігін құрайтын, кембағалы ауылдың
    Тарылтып, аз малын жаяу баққан, бейшараның тынысын
    Кей әкімдер сатуда, әр ауылдың онсыз да аз, мал өрісін
    Жыл бойғы табысы отын-су, тамағынан артылмайды,
    Шал-кемпір кеткеннен соң, Ауылдың күні не болады.
    Ауылға, көмек боп тұр бодандық еңбектің нәпақасы,
    Тәуелсіз еңбектің пенсиясы, бұйырмайды-ау шамасы.
    Түсіп ап, қыр соңынан көп қазақтың, қу кедейлік,
    Тізерлеткен сорлыны, найзасын үшкір ылғи таяп
    Қалмаса да еңбектен, өзгелер төзбейтін, жанын аяп,
    Сонда да бұйырады ең төменгі ақшасы зейнеткерлік
    Күйзелту, тиімді өндірісін ауылдың, қате болды әу бастан
    Азық-түлік өніміне, Әлемде, сұраныс тоқтамаған ешқашан
    Бәленің бәрін бастаған, билікті жайлаған рухани дағдарыс
    Қазақ Елі шегінде жер болмайтын, өнім бермей бос жатқан
    Сату, азғындардың түпкі ойы, қазақтың Жері мен байлығын
    Тоқшылықта ұжымдасқан халықтың, сезіп ерік бермесін
    Жарлықпен таратқызған, үйлесімді ұжымшар-кеңшар жүйесін,
    Көпшілігі қазақтың, отбасын бағып, тұрақты терген ырысын
    Өзі білмей, тілін алмай білген ғалым, жақын — туыстың,
    Жібімеген тоң жерге, ақылсыз әумесердей, дән еккен
    Өзге тілді, өзге ойлы азғындардың сөзіне ерген Үкімет,
    Жерін сатып, ұлт басына мәңгі, салып қойды тауқымет
    Тәуелсіздік алған, шатаспасам, қазақ ұлты емес пе?
    Жоқ, әлде еркіндік алған халықтан, шенеунік-билік пе?
    Ойлаймын әр кез, сыбайлас жемқорлық жайлаған елімді,
    Ұлтқа жайлы басқару жүйесі, орнар екен қашан тиімді!
    Болат Нәукенұлы Бөтеев.
    Алматы облысы, Қырғауылды ауылы.
    26 желтоқсан 2012 жыл
    ҰЛТ МҰҢЫ
     

    Мақал-мәтел, нақыл сөз, қалдырған  рухани мәлімет
    Бабаларда, болған қандай биік ұлттық ойлау қабілет
    Арқасында ерекше, Тәңір берген Ана тілге құдірет
    Білмейді оны бүгінгі,  билік толы екі жүзді қарабет
    Бүгінгі біздің Ел, құдды бір дәліз ашық қалған есігі
    Жоғалған соң мүлде, ұлттың өзін-өзі сақтау тетігі
    Ана тіл, салт-дәстүрін сыйламайтын, не  білмейтін
    Билікте қаптаған соң пенделер миының бар кетігі
    Жетектеп жүріп немереге егетін, ұлттық ойлау қасиет
    Тәңірге ылғи сыйынып, дейтін ұрпағымды адам ет
    Әжелерді іске жегіп өлгенше, қолпаштайды көп тілді
    Ұлтсыздыққа ұрынған, өзі сақау, екі жүзді Үкімет
    Ел-жұрттан ұят деп, өскен кеше Алаш баласы
    Болған соң, Ауыл оның, жауапкершілік ортасы
    Сақтаған ол, ұрпақ үшін, салт-дәстүрін ұлтының
    Шығарған ол, талай батыр,  Ел ағасы, Билерін
    Қазақи әдет-ғұрып, салт-дәстүр, жазылмаған Ата заң
    Түйсіктік деңгейде орындаған, әр қазақтың баласы
    Азаматтық қоғамның арқа сүйер, негізгі ол құралы
    Елге жайлы-тиімді деп тапқан, ұлтымыздың санасы
    Қазағым, білім үшін, өзге тілдің мейлі бәрін біл
    Бірақ та, Өз Еліңде тек қана, Ұлт тілімен өмір сүр
    Сыйлайтын Ата жолын, Адам болсаң егер де
    Шындық ізде, ұлт тарихы қойнауынан, тереңде
    Түсінген мәнін тіршілік, бабалар ұстанымы өмірлік
    Бірінші байлық-денсаулық, екінші байлық-ақ жаулық
    Баулымай еңбекке ұрпақты, баянсыз болар бұл тірлік
    Бабалар баққан сондықтан, үшінші байлық-он саулық
    Тайсалмай жаудан бабалар, Руымен бірге у ішкен
    Ұйысып Ауылға, бірігіп Руға, басын қосқан Алаштың
    Төрт түлікті мал күткен, қажырлы еңбек арқасы
    Бала санын шектемей, бағуға жеткен шамасы
    Сансыз малы сыймаған кешегі, қазақтың Ұлы Даласы
    Қаңырап бүгін бос қалған, бауырым соны ойлашы
    Неге, Тәуелсіз Қазақ Елінде, табиғи таза ас тапшы?
    Баға алмай бүгін отбасын, қаңғырған қазақ баласы?
    Бәріне кінәлі меніңше, өзгерген ұлттық ойлау қабілет
    Түсінбейтін ұлт мұңын, өзге ойлы - өзгетілді  Үкімет
    Көрмей ұлттық тәрбие, билікке жеткен пенделер
    Ал түзеуге бұл жағдайды, көпшілікке қашан ой келер!?
    Қарсы қойып, өз бауырын өзіне, мақсатына жеткендей
    Қазақтың жауы қазақ деп, мәз болады азғындар
    Қарап тұрсам түріне, ол да қазақ, мен де қазақ
    Ұға алмай өзімізді, боламыз өзге жұртқа ылғи мазақ…
    Үйретіп сәбиіне өзге тіл, еткен ұлтсыз мүгедек
    Ата — ананы көргенде, қан жылайды жан-жүрек
    Жолын тауып қалайда, жүйелі іс-әрекет етпесек
    Қазақты, қалыс қалған бұл істен, аямайды келешек
    Кетерміз бұл жалғаннан, әйтеуір бір күн бәріміз
    Естелік болып, артта қалар, тек сөзіміз бен ісіміз
    Ұстатсақ ұрпақтың қолына, аялап ұлттық болмысты
    Көмескі тартпас ешқашан, қалдырған біздің ізіміз…
    Болат Нәукенұлы Бөтеев.
    Алматы облысы, Қырғауылды ауылы.
    17 қырқүйек 2012 жыл

    ҚАЗАҚ,

    бай-қуатты болуы үшін,

    НЕ ІСТЕУІ КЕРЕК ?

    Әлемдік басым күштер, орнатып кең өрмек-жүйесін

    Бұрысын терген әр ұлттың, саясатпен зымиян

    Басында қолдап жымысқы, соңынан тескен танауын

    Бұйдалы пенде, сорлатып ұлтын, аяусыз Елін тонатқан

    «»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»

    Бүгінде, ақшалы азғындардың дәурені жүрген заман

    Партиялар мен БАҚ-тардың да көбін, солар құрған

    Тілінен, дінінен безгендер ғана тауып қолдауын

    Ұлтын сүйген жарандар, шеттеліп жаппай қуылған

    «»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»

    Сөндіру үшін, қазақтың бойындағы азаматтық сезімін

    Жасалған, құйтырқы Заңы мен Ережесі сайлаудың

    Толтырып жампоз, жалтақтардың партиялық тізімін

    Әккілерді парламентке кіргізер, боз кілемнің үстімен

    «»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"

    Ұятты аз ол жерде, ұятсыздар өзге тілді қаптаған

    Қазақтар көп, қағынан жерініп, ана тілін таптаған

    Санасыз мәңгүрттердің көйлегі көк, қарны тоқ

    Алаш жұрты шарасыз, шығуға қарсы әлі жоқ

    «»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"

    Әр сайлауда, не істерін білмей қазақ, қатты басы

    Бір Аллаға сыйынып баршамыз, ниет етсек ұдайы

    Жіберсе егер Жаратқан, ұлтты ұйытар әз жанды

    Шығар еді-ау бір жағадан, бар қазақтың сорлы басы

    «»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»

    Жұмаққа дәл бүгін, жете қоймас біздің жұрт

    Жойылмай, құлдық сана атты, қара құрт

    Бірігіп бас қоссақ, үйіріп дертке, қара бұлт

    Кеселінен айығып, ұлт басына қонар құт

    «»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»"»

    Отарсыздану саясатын жүргізетін тезірек

    Бар қазаққа ортақ, қозғалыс керек елгезек

    Иманды Алаш жұртын топтастырып көбірек

    Бұйдалы серкелерге, келтірер нағыз кебенек

    Болат Нәукенұлы Бөтеев

    5 желтоқсан 2011 жыл

     

    Қазақ болғанымызға сүйінеміз бе, әлде күйінеміз бе?

    Миллиардтан аса қытай, миллиондаған орыс, мыңдаған мұңғыл сияқты басқа халықтардың ішінде жүріп, тағдырдың тәлкегіне төзген, ата-АУЫЛ-руға топтасудың арқасында ғана ТІЛІН, ӘДЕТ-ҒҰРПЫН, САЛТ-ДӘСТҮРІН, ДІНІН сақтап, Ата жұртқа көшіп келген қандастарымызды көргенде, мен ҚАЗАҚ болғаныма мақтанып, сүйінемін.

    Бірақ, өз елінде , қалың қазақтың ішінде, қазақ тілін біле тұра өзара өзге тілде сөйлесіп, ұлттық ойлау қабілетінен айырылған қазақтарды көргенде, мен қазақ болғаныма ұялып, күйінемін. 16 миллион біртұтас халықтың ішінен мемлекеттік тілді білетін, ұлттық ойлау қабілеті жоғары, Еліміздің тарихын, салт-дәстүрін,әдет-ғұрпын, мәдениетін жақсы білетін тәрбиелі-білімді мың азаматты, Парламент пен Үкіметте жұмыс істеуге, іріктеп ала алмайтын азаматтық қоғамымыздың 65 пайызы қазақтар екенін ойлағанда, мен қазақ болғаныма ұялып, күйінемін.

    Санасы уланған кейбір мемлекеттік шенеуніктер ұлттық өнерге, ұлттық спортқа, жалпы ұлттық мәдениетке жеткілікті көңіл бөлмей, қалың қазақ айналыспайтын спорт пен өнер түрлеріне қыруар қаражат шашып жатқанда, Ел ішінде ұлттық құндылықтарды насихаттап, таратып жүрген БАУЫРЛАРЫН қолдап, оларға қол ұшын созған ұлтшыл, қатардағы кәсіпкер – АЗАМАТ қандастарымызды көргенде, мен ҚАЗАҚ болғаныма мақтанып, сүйінемін. Бірақ, қазақ ұлтына, өнері мен мәдениетіне қосқан үлесі бар, еңбектерін Елі таныған Тұлғалардың, талантты жас журналистер мен өнер адамдарының, мемлекеттен қолдау көрмей, үйсіз-күйсіз жүргенін көргенде, мен қазақ болғаныма ұялып, күйінемін. Қазақ Еліндегі 10 млн. қазақтың есебінен биліктегі қызметтеріне ілігіп, өз қара бастарының қамын ғана күйттеген, қалың қара қазақтың мүддесін ұмытқан, қазақи ұлттық құндылықтарға мән бермей, дүниежүзілік басым күштердің құрығына түскен, уақытша мәнсап-байлыққа мәз болып, өздерінің ұлт жадының «қара тізіміне» ілініп жатқанын сезбейтін кейбір шенеунік – депутат қазақтарды көргенде, мен қазақ болғаныма ұялып, күйінемін.

    Тәуелсіздіктің мүмкіндіктерін толық пайдаланып, тың деректерден қазақтың шынайы тарихын оқып-біліп санасын тазартып, білгендерін өздері өмір сүрген ортасына насихаттап, таратып жүрген, қатары күн сайын арта түскен аға буын, орта буын, жас буын қазақтарды көргенде, мен ҚАЗАҚ болғаныма мақтанып, сүйінемін. Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заңның «Қазақстан Республикасында басқа мемлекеттер өкілдерімен өткізілетін ресми қабылдаулар мен өзге де шаралар басқа тілдерге аударылып, мемлекеттік тілде жүргізіледі» деген 27-бабының орындалуын Құдайдың құтты күні, секунд сайын өрескел бұзып жүрген шенеуніктерге Қазақ Елінде «әй дейтін Әже, қой дейтін Қожа» шықпағанын көргенде, мен қазақ болғаныма ұялып, күйінемін.

    Ата-бабаларымыздың ұлттық ойлау қабілеті мен рухы қонған ауылдағы қалың ҚАЗАҚ – барлық «приватизация», «оптимизация», «легализация» сияқты келеңсіздіктерге төтеп беріп, таза АУЫЗ СУСЫЗ , ЖОЛЫ нашар, байланысы нашар, ГАЗЫ жоқ және ОТЫН-СУЫ тапшы елді-мекендерде, көптеген қиындықтарға төзіп, ата қоныстарын жоғалтпай, Қазақ ЖЕРІНІҢ иесі әлі бар екенін әлемге танытып жүргенін көргенде, мен ҚАЗАҚ болғаныма мақтанып, сүйінемін.

    Бірақ, қазақтың жері мен байлығына қызыққан әлемдік басым күштердің «тәрбиесі мен ақылының» нәтижесінде ұлттық-ойлау қабілетінен айырылған, білімді әрі пысық кейбір экономист-саясаткерлердің бүкіл қазақты бес-алты қалаға жиып алып, олардың екі-үш ұрпақ болып өмір бойы тапқан – таянғанын байырғы қала тұрғындарының қолына ұстатқызып, өздерін үйсіз-күйсіз тентіретіп, елдегі экономикалық және әлеуметтік келеңсіздіктерге жол берген надандығын көргенде мен қазақ болғаныма ұялып, күйінемін.

    Қазақ Еліндегі болып жатқан келеңсіздіктерді тоқтатуға бүгін күш салмаса, алдағы уақытта оның ұлтымызға апат әкелетінін Билікке ашық айтып, бұл келеңсіздіктерді жоюдың жолын зерделеп, халыққа жеткізген Мұхтар Шаханов, Совет-Хан Ғаббасов, Ғазиз Алдамжаров, Ғаббас Қабышұлы, Оразалы Сәбден, Хайрулла Ғабжалилов сынды Ел ағаларымен қатар Айдос Сарым, Дос Көшім, Марат Бөтеев, Дәурен Бабамұратов сынды т.б. көптеген азаматтардың ұлттық ұстанымдарының беріктігін көріп, мен ҚАЗАҚ болғаныма мақтанып, сүйінемін.

    Бірақ, Әлемдік Басым Күштердің мүдделерін дәл орындайтын «кеңсеге» айналып бара жатқан біздің Үкімет пен Парламенттегі өзге тілде оқып-өніп, шетелдіктерше «ойлайтын» кейбір бауырларымызды көргенде, мен қазақ болғаныма ұялып, күйінемін.

    Болат Нәукенұлы Бөтеев

    15 тамыз 2007 жыл

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Buzz
    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в LiveJournal
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники
    9 Маусым 2012 at 13:32 - Пікір жазу Пікір жазылмаған 2 818 рет қаралған ...