Өміріміздің әр сәтінде, Баршамыздың Ойымызға да, Сөзімізге де, Ісімізге де ТӘҢІРІМІЗ разы болсын!
     Бүгін:   жыл
    
  • Азамат пікір-сайыс клубы
  • Бекжан Толыбай
  • Аршат Оразов
  • Өркен Кенжебек
  • Рахат Жақсыбай
  • Ербол Азанбеков
  • Кәмшат Тасболат
  • Ғалия Әженова
  • Жапониядан күнделік
  •  
     

    Халық мұғалімі РАМАЗАН ЖӘШИҰЛЫ

    /

    Арнайы www.internetTV.kz үшін Болат Нәукенұлы.

    Қазақ Елі, 1 қазан 2012 жыл

    ҰЛЫ ДАЛА ҰСЫНАДЫ

    «Ақ ОТАУ»

    отбасы мәдениеті мектебі жобасы

    «Үлкен ойын»

    компьютерлік интелектілік

    Ел басы Жобасына үн қосқан

    Халық мұғалімі РАМАЗАН ЖӘШИҰЛЫның бағдарламасы

    Ұлы даланың ұлағаты негізіне құралған «Ақ ОТАУ» жобасының «Үлкен ойын» компьютерлік интелектілік бағдарламасын қай бағытта пайдалансаңыз да мінсіз қызмет атқарады:

    «Балабақшаға» салсаңыз, баланы табиғат анасымен етене таныстырып, табыстырып, оны табиғатты жан жүйесімен сүйетін дәрежеде  қалыптастырып, тілін ақындық икемде шығартып, өз жасына сай мол тәжірибе жинаттырып, мектепке толық дайын етеді;

    Мектепке салсаңыз, 6 мен 13 жас арасында өтетін вариативті сабақтар арқылы  оқушының өсу кезеңіне сай қызмет етіп, оны бар ой кеселдерінен /жалқаулық, қызғаныш, ашу т.б./ тазарта отырып, бар табиғи қасиеттерді өнер ретінде /мақтамау, мақтанбау өнері; әділдікті адалдыққа ту ету өнері; біреудің есебінен күн көрмеу өнері т.б./ қалыптастырып, тарихымен рухтандырып, кемеңгерлік нәрімен сусындатып,  он үшінде өз жолын өзі табар тұлға етіп қалыптастырып,  жасампаздық жолына  бастайды;

    Мәдениет мекемелеріне салсаңыз, «Ақ ОТАУ» отбасы мәдениеті мектебі барша жұртшылыққа ұрпақ тәрбиесі баршамыздың ісіміз екенін ұқтырып, «қызға қырық, ұлға отыз үйден тыйым беру» сияқты, басқа да асыл қазыналарымызға өзгерген заман талабына сай қайта оралып, білім тәрбие құралына, ұрпақ тәрбиесі халықтық қозғалысқа айналады

    Елін, жерін сүйетін іскер азамат! Алматы қаласы мен Атырау облысы мектептерінде өмірге келіп, мектеп бағдарламасына енгізілген жоба ұрпақты тамырымен нәрлендіріп, жан дүниесін ар-намыстан өргізіп ер жеткізеді. Әр ауылды ел өміріне өз Толағайлары мен ғұламаларын әкелуіне ұйыстырып қызмет еткізетін жоба елдімекен өміріне өлшеусіз жаңа леп әкеледі. Қазіргідей «менікі-сенікі» деп бөлінбей, «біздің бала» деген ұғымдағы біріккен тәрбие басталады. Ал ұл-қызымыз білім алып, білікті болудың қуанышына кенеліп, қазақ тілінде білім алу ауыл-елдің ортақ қуанышына айналады. Білім тәрбиеге, тәрбие халықтық іске айналады…

    Сөздің заманы өтті. Істің заманы басталды…

    Бүгінгі кешігу — кешігу емес, кері кету…

    Бірінші әрекет  — Жоғарыдағы мәліметті салу

    Екінші әрекет  — Білгісі келгенге  Жеті ерекшелікті беру /эл поштасына/

    Үшінші әрекет  — Менімен байланысқа түсіру

    Ұлы дала ұлағатына құрылған тәрбиелі білім жобасының

    жеті ерекшелігі

    Білім беру тарихына үңілсек, ол әуелі ауызша, есту арқылы берілген, сосын көрнекілік арқылы жетілдірілген, ең соңында оқулық арқылы берілген екен. Жоба авторының пікірінше енді оны әр халық өз менталитетіне қарай бұрып, сан құбылтып беруде. Алайда ұтқанымыз бен қоса ұтылғанымыз да жетерлік екен. Ғалымның пайымынша олардың бастылары: түсіндіру /ұлы дала түсіндіру түсінікті байлайды деп түсіндірмеген/; көру, есту тәрбиесі қағажу көруде /есте сақтаудың орнына кітапқа жүгіну басым/; пән материалы ұлттық құндылықтармен байытылмайды, ендеше ол тәрбие құралына айнала алмайды;  пән материалы ұлттық құндылықтармен байытылмайды, ендеше оның  оқушыны ой алаңына жетелеу күші азаяды немесе жоққа тән болмақ; ұлы дала хакімі айтқан «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау» арқылы толық болу қағидасын ескермеу арқылы жаттанды білімге ойыстап барамыз. Жасанды білім арқылы жасампаз емес, тұтынушы ұрпақ қалыптасады екен. Осы кемшіліктердің  күшін азайтып, оны түпкілікті жою үшін білім беру ұлы дала ұсынғандай жеті қағидатқа құрылуы керек екен. Олар: пән материалы қазақ тілінің жауһарымен беріліп, ұлттық құндылықтармен байытылып, оқушыны ой алаңына жетелеу күшіне ие болуы – білім берудің тәрбие құралына да айналуы болмақ екен. Соңғы тәртеуі:  сабақтың қозғаушы күші оқушы болуы;  пән матриалылының баламалылығы;  ғылымилығы және  табиғи түсінік салуы болмақ екен

    Бес жылдан бері Алматы мен Атырау мектептерінде эксперименттен өтіп, ғылыми орта мен оқу мекемелерінен жоғары бағасын алған жоба биыл Алматы қалалық білім беру жүйесі мамандарының біліктілігін көтеру және қайта даярлау институты ғылыми кеңесінде мақұлданып /бұйрық № 14/2  05. 03. 2012/, Алматы мектептерінде вариативті сабақ ретінде оқытылу көзделуде

    Жоба авторының айтуынша бұл бағадарламаның жеті ерекшелігі бар, оны жете түсініп, оған өзін сендірмейінше діттеген мақсатқа толық жету мүмкін емес. Аппақ матаның кіршең келетіні сияқты, «адалдықты әділдікке ту еткен» жобаның бір ережесін бұзу – ақ матаға жағылған қара дақтай болмақ екен. Тіпті «мұғалімнің байқамай сабақтың бір ережесін өзі бұзуы  ұюға бағытталған сүтті ірітумен бірдей» дейді ғалым.

    Ұлы дала ұлағатына құрылған тәрбиелі білім жобасының жеті ерекшелігі: Оқу еңбегі тәрбиесі. Оқу  материалын меңгеру  әдісі тәрбиесі. Дүниетаным /толық болу/ тәрбиесі. Жамандықтан жирену- тазару /ЖамжиТ/  тәрбиесі. Ой қуалау /алғырлыққа баулыну/ тәрбиесі. Ой түю /табиғатпен үйлесім/ тәрбиесі. Тәртіп тәлімі /ортамен үйлесім/ тәрбиесі.


    Автордың ойынша осы тәрбиелі білім дәрістері 6-13 жас аралығында үзбей жүргізілген жағдайда ұрпақ Ұлы дала хакімі айтқан «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған» толық адам болып жетілмек. Екі дүниені тілмен емес, ақылмен емес, жан дүниесімен түсінген ұрпақ еш уақытта, еш қандай жағдайда да азбайды, тозбайды дейді ғалым. Жеті ерекшеліктің жеке-жеке талдауына көз жіберсек, оның әрбіреуі бір-бір жобалық дүние екен…

    Оқу еңбегі тәрбиесі

    Сабақ ұлы дала ұлағаты тәлімі бойынша топтасып оқуға, түсіндірмеуге, түсінуге жағдай жасалуға негізделген екен. Әр топтың өз басшысы болады. Топтың жұмыс жасау ережесі басқаларға кедергі болып, кесел келтірмеу үйлесімімен қызмет етпек екен. Сондықтан ол төмендегідей шарттарға негізделіпті: Жарты дауыспен сөйлесу әдебі. Қуанышын үнсіз /қимылмен, ыммен/ білдіре білу әдебі. Тәртіп әдебі / мүлтіксіз бағыну, мүлтіксіз орындау /. Байланыс әдебі /белгімен, іспен/. Өз ойын айту әдебі /сөз алу, пікір айту, жеңіле білу/. Қуана білу әдебі /мақтанбау/. Сөз бастау әдебі /меніңше, білуімше, біздің ойымызша/. Осы  жеті бағыт біреудің есебінен күн көруге ұмтылмайтын  «Адалдықты әділдікке ту ету» биігімен жарасым табуы керек екен

    Топ компьютердегі не компьютер мәліметтері бойынша мұғалім берген тапсырманы өздері белгіленген ортақ уақыт мерзімінде аяқтаулары керек. Топ мүшелерінің байланысы мәдениет әдебі ережесі аясында жүзеге асуы тиіс. Оны бұзса, айып ұпайын алады. Сондықтан топтың әр мүшесі әр кезде өзін бақылауда ұстап,  басқара білуге дағдыланады. Үнемі қайталанған бұл әрекеттер түптің-түбінде оған қасиет болып қалыптасары — даусыз ақихат

    Оқу  материалын меңгеру  әдісі тәрбиесі

    Алты  жасар компьютердегі ойынға кіріп, ұшқыш кілем арқылы базарға барса, жеміс-жидектердің сап құрауларын көреді, олардың айтқандарын естиді. Шие дегеннің не екенін білгісі келсе, соны басады. Шие сөйлейді:


    «Шиемін мен, Шиемін, шымқай қызыл. Ұялсаң, сен де боларсың мендей қызыл,» — деп. Берілетін тапсырманың реті: Шие болып, шиені танып, шиені таныстырып сөйлеу. Уақыт реті: әрбіреуіне үш минуттан 9 минут. Көмек уақыты – 3 минут. Шие болып сөйлеу үшін оны жаттауы керек. Бұл  көп қиындық туғызбайды. Адайда, оны танып сөйлеу қиын болған соң, көмекті пайдаланып, мұғалімнен сұрауына болады. Мұғалім көмекті үш бағытта бере алады: тұспалдап, жұмбақтап, жобалап. Айталық, танып сөйлеуді былай тұспалдауы мүмкін. «Ау, сен Маратпысың. Не, танымай қалдың ба? Анау: «Кешіріңіз, апай, танымай қалдым!»-деді, ұялғаннан қып-қызыл болып». Келесі сабақта бұл сұрақ арқылы әңгіме құру, сосын сұрақты алып тастап, әңгіме айту еңбегі болып жалғасады. Сұрақтар: Сен қайда бардың? Онда нені көрдің? Ол саған не деді? Сен нені сұрадың? Ол не деді? Сен не дедің? Ол не деді? Сен не дедің? Ол не деді? Сен не дедің? Экранда көмекке келетін сөздер тұрады: Базарға. Шие. Ұят. Өтірік айту. Тентек болу. Жаман. Рақмет! Бір топ сұрақ арқылы әңгіме құрай алуы мүмкін, келесісі оған қиналуы мүмкін. Екі топ та «қиындыққа жасыма, жеңілдікке тасыма» қағидасына сай марапатталады. Одан кейінгі жұмыс сөздік қормен жұмыс, бекіту жұмысы болып жалғасады. Осы жеті бірлік арқылы меңгеру курсынан бес-алты рет өткен топ, әрі қарай өз ісінің майталманы бола бастайды. Алты жасар бала өз кезегінде өзі құраған сан ондаған әңгіменің иесіне айналады

    Тақырыпты меңгерген топ белгі беріп, уақытынан бұрын орындаса, ұтыс ұпайына  ие болады. Орындаған жұмысы шала болса, ұтыс ұпайынан айрылып, айып ұпайына ие болады. Олардың бұл әрекеті бабалар айтқан  үш өлшеммен айыпталады: «артық қыламын деп, тыртық қылу», «асыққан қалар ұятқа, сарғайған жетер мұратқа», «өзіңде бармен бетке ұрып, артылам деме өзгеден».  Тапсырманы дұрыс орындаса да, ұтыс ұпайына асықпаған топ, «арық сөйлеп, семіз шығу» қағидатымен марапатталады

    Дүниетаным /толық болу/ тәрбиесі

    Математика сабағында амалдарды орындау барысында әр амалға оның өзіндей баға беріледі. Ол ақыл иесінің «әр нәрсені қырыққа бөлуі мен оның әр біріне өзіндей баға беруі» тәлімі негізінде  жүргізіледі. «Көбейту – іскерлік, бөлу — әділеттілік»;  Алу ақылды, «артық байлық көз шығарады»-ны біледі;  Қосу еңбеккер, екіні төрт қылады, төртті сегіз қылады; Көбейту алғыр, қосудың ұзақ сонар еңбегін қас қағымда шешеді /5+5+5+5+5 = 25;  5х5=25/ Немесе «екі сөйлегенің — өлгенің»; «тез ұмытатын – екеу, ұмытпайтын екеу бар»; «екіге таласпа, айтпайтын да екеу бар» дегенлей түсініктерді еңбектену арқылы өздері шешеді де, еңбек қуанышына бөленеді. Тапқандары мен шешкендерін басқа топпен салыстыру арқылы ең дұрысына қол жеткізеді. Өздері озық тұрса, басқа топтың өздеріне қуанғанына көңілдері толса, басқа топ озса, қуана білу арқылы  олардың көңілдерін марқайтады. Бұл әрекет «бір адамның қуанышы – бар адамның қуанышы, адамзаттың қуанышы – әр елдің қуанышы» қағидасы негізінде марапатталады. Бұл — сегіз жасарлардың алар асулары. Абай хакім айтқан «Жеке-жеке біреуі жарытпайды, Жол да жоқ жарыместі жақсы демек» деген ескерпесіне осындай амалдармен жауап беріп, ұрпақтың толып өсіп, толық болуына қызмет етуіміз бәрімізге парыз, олардың алдарында болып қалмас үшін қарыз

    Жамандықтан  жирену — тазару /ЖамжиТ/ тәрбиесі

    «Адам үш күннен кейін тамұққа да үйренеді» деген түсінік бар. Ол тамұққа жақсы болғанынан үйренбейді, оған қарсы күресерлік күші болмаған соң амалсыз көнеді. Жамандық осы қағиданы басшылыққа алып, біздің әрбіреуімізді бір-бірден «жаулап» ала алады. «Ұяда нені көрсең, соны ілесің» болғанымен, оның маңы толған өтірік болса, онымен күресуге шамасы келмесе, өтірік оны «жаулап», «бір рет айтса не болардан» мыңыншы рет айтып жатқанын өзі де аңғармай қалады. Өтірік айтуды білмесе, өтіріктің ортасындағы ақ қарғаға айналады да, бар жолы жабылады дегендей жағдай. Яғни өтірік айту жаман деген түсінік оны одан құтқара алмайды. Адамды ненің жаман екендігі туралы түсінік емес, оны жамандықтан құтқаратын жирене білу тәрбиесі мен осы дәрежеден туындайтын күрес.


    Енді мектеп жағдайына келсек, сан ондаған жамандықтан оған аса қажет қайсын таңдап, содан бастауымыз керек деген сұраққа, ата-баба айтқан үш кежірдің алдыңғысы еріншектік тұрмақ. Себебі бұл — оқу еңбегіне кедергіге айналатын бірінші қауіп. Жирену алты жаста басталып, жеті жаста аяқталуы тиіс. Соның ретіне қысқаша тоқтасақ. «Жаман да жаман, жаман көп, сенің үшін  не жаман?» ойынына кіріп, көмекші сөздер арқылы жалқаулықты анықтайды. «Жаман да жаман, жаман көп, жалқаулық неменеге жаман-ақ? Жаман да жаман, жаман көп, жалқаулық кімге  сын болмақ?     Жаман да жаман, жаман көп,  сын дегенің не болмақ?» дегендей сұрақтарға ақындық икемде жауап табады. Таблодаға қосымша сұрақтар арқылы оны топ болып талқылайды. Өздерінің деңгейінде өздеріне қорғаныс қамалын тұрғызады.  Келесі сабақ барысында сол қорғанысты бұзуға бағытталған әрекетер болады. Сол арқылы қорғаныстың қаншалықты берік екені  анықталады. Екі айдай уақыттан кейін тақырыпқа қайта оралып, жалқаулық пирамидасы тұрғызылады да, оның /жалқаулықтың/ білместікке айналып, соңында надандықтың аулынан бір-ақ шығатын құбылыс екені анықталады. Осы түсініктерін бояудың түсімен анықтау жұмысы жүріп, ненің не екені терең түсінікке жетелейді. Алты жаста негізгі жұмыс осымен аяқталып, келесі сабақтарда оқтын-оқтын жалқаулықтың нәтижесі туралы көріністі түсініктермен кездесу ұйымдастырылады.  Жеті жаста бұл  басқа  деңгейде қайталанып, «Ақылдан асқан байлық жоқ. Надандықтан асқан кедейлік жоқ» деген түйінмен қорытындыланады.  Осындай сабақтар  басқа да табиғи кесапаттардан құтқару болып жалғасын таба береді

    Ой қуалау /алғырлыққа баулыну/ тәрбиесі


    Оқушы «Сулар» тақырыбындағы Жаңбырдың қандай қызмет атқаратын міндетін білгеннен кейін, көмекші сұрақтар мен сөздерді құрау арқылы оның тағы не айтатынын өзбетімен игереді. Тапсырманы орындау барысында алты жасар бала мынандай түсініктерге тап болады: «Еңбеккерді сыйлаймын. Оның жерін себелеп жауып  суарып, кенелтемін  ырысқа». Жаңбыр тағы не дейді деген сұраққа: «Жалқауларды көрсем мен, Нөсер болып  тоғытып, Бұршақ болып бас жарып, көз шығармай тоқтаман!» — дегендей түсінікпен табысады. Осындай жұмыстар арқылы олар табиғаттың адамзатқа еңбегінің қыр-сырын оның  болмысына қарай өзгеріп отыратынын түсініп, дүниетанымын кеңейте түседі, алғырлыққа баулынады, ой қуалай білуге машықтанады. Оқушы өз машинасын құрастырғаннан кейін мынандай түсінікке тап болады. «Бұл машина байлық емес, жай қатынас құралы. Барлық байлық байлық емес, нағыз байлық кітапта». Немесе өзінің жол картасымен жүріп отырып: «Темекі сатып алсам мен, ауру сатып алғаным. Денсаулығымды саудалап, басқа пәле салғаным» дегендей табиғи түсініктермен табысып, ой құшағында жетіле бастайды. Сұрақ болмаса, жауап болмайды. Ал жауап ойға жетелемесе, тың түсініктер ұялатпаса, жауап болып есептелмейді. Оқушының осы еңбектері «Өмір — ағын су, қалғымасаң, қалыспайсың», «Іздеген табады, ұмтылған жетеді, ерінген шаң жұтып қалады», «Жоғары өрле, немесе жолды босат» дегендей қағидаттармен марапатталады және әртүрлі көріністер арқылы оның бәрінің мәні терең ашылады. Айталық қайықпен келе жатып қалғып кетсең, қай жерде не бар екенін білмей қаласың. Өтіп кеткен соң ол жерге қайта орала алмайсың. Сүйтіп, қалғыған кезің — бос өмір болмақ дегендей талдаулар болады және оның бәрін көмекші сөздер мен суреттер арқылы өздері тауып, оқу еңбегі қуанышына бөленеді. Өзгерген заман талабына сай оқушылар бұрынғы «оқу инемен құдық қазғандай» түсінігін, енді «оқу қызық қуалағандай» түсінігімен ауыстырады

    Ой түю /табиғатпен үйлесім/ тәрбиесі

    Тоғыз не он жасар бала атасына: «Ата, адам болғым келеді жетіліп,»-деп тілек айтқанда, атасы: «Заман қалай балам?»-деп, үш рет қайталайды. Бала атасының сұрағына: «Адам қалай деңіз, Қарттар қалай деңіз, Жастар қалай деңііз, ата,»- деп жауап береді. Атасы: «Жауап бердің сұрағыма, ашылады жеті есік. Бар есіктен өту керек, адам болу үшін жетіліп,-дейді де,- Қайсысын таңдайсың, суды ма, алтынды ма?» -деп сұрайды.  Бала ойланбастан суды дейді. Бірінші есікке жақындаса, «Сусыз.. Алтынсыз…» деген сұраққа тап болады. Оны «Сусыз өмір жоқ. Алтынсыз да өмір бар» деп шекенде есік ашылады. Сұрақтар туа береді, бала шеше береді де /Суды қорғайсың, алтыннан қорғанасың. Су жаныңды жадыратады, алтын қаныңды қарайтады/, келесі есікке өте береді. Жеті бірдей сұраққа жеті түрлі жауап беріп, бала діттеген жеріне жетіп, өзінің кім екеніне, қандай кесапаттардың қоршауында тұрғанын көріп, одан құтылудың жолын да табады. Енді пәле-жәле қайдан деп ізденбейді, себебі ол өз бойында тұр. Оны ата-баба «Пәле-жәле қайда деме, ол табан астында» деп түйген. «Жау қайда деме, ол жар артында» деген. Енді бала соларды іздей бастайды. Осылардың бәрінен құтыла білудің де жолын табады. Бабалар деннің сау болып, ауырмаудың жолын да «Адамды қартайтпайды екі жақсы» деп түйгенімен де танысады. Қысқасы, адам болып жетілудің ауылын Қырымнан, Қытайдан іздеудің қажеті шамалы екенін, оның өз топырағымызда сайрап жатқан қазынасымен танысып, табысып, ерте есейіп, марқаяды. Ой түйіп оқу осылай тәжірибе түйіні, ой  түйіні, білік түйіні болып кезектесіп алмасып, жетіле бермек

    Тәртіп тәлімі /ортамен үйлесім/ тәрбиесі


    Топ болып оқу барлық тірі организдер сияқты өз үйлесі мен заңдылықтары арқылы өмір сүреді. Сол үйлесім мен заңдылықтардың біреуі бұзылса, оның әсері бәріне тиеді және ол бар істі жоққа шығаратын күшке дейін көтерілмек. Сол заңдылықтар: Топ ортақ еңбек етеді, ортақ бағаланады. Топ төмен тартқан мүшесін өздері қатарға қосады. Топтың ортақ бағасын көтеруге /сынып жағдайында/ үш мүмкіндігін пайдалану құқығы бар. Топтың бағасы — әр мүшесі бағасының ортақ өлшемі. Топ жұмысының айлық күндік, есебі жүргізіледі. Топтың жылдық бағасы – ай көрсеткішінің ортақ өлшемі. Топтық ерекше жұмыстар бөлек бағаланып, ұстаздың құрметіне ие болады. Осы жеті ереже «Адалдыққа әділдікті ту ету» ұранына бағынады. Топтың бар ісі өтіріктен, қызғаныштан, әлсіздіктен, біреудің есебінен күн көру, басқа да табиғи кесапаттардан ада болуы тиіс. Сынып топтары тоқсан соңында өздерін екі тұрғыда /Білімі мен Тәртібі/ өздері бағалайды. Айталық бірінші топ өздеріне «сегіз» пен «он» бағасын қойса, білік бағасы әр оқушының жеке жауабы арқылы ортақ 9 бағасы  болса, ол топ «арық сөйлеп, семіз шыққан» қағидатымен марапатталып, кері тартқан мүшесін дайындап, қайта сынаққа салуға құқылы. Ал тәртіп бағасы қалған топтардың келісімімен солай қалдырылады не олардың қарсылығы арқылы қайта қаралады. Ал екінші топ өздеріне «он» те «он» бағасын қойса, білік бағасы әр оқушының жеке жауабы арқылы ортақ бағасы 9 болса, ол топ «артық қылам деп тыртық қылу» қағидаты негізінде айып алаңынан бір-ақ шығады. Оларды айып алаңынан шығару басқа топтардың талап тілектері арқылы орындалады. Топтар өз тілектері мен талаптарын айта отырып, оларды айып алаңынан шығаруға дауыс берсе, топ кері тартқан екі мүшесін қайта даярлап, қатарға қосу мүмкіндігіне ие болмақ. Топ осылай адалдық пен әділдікке иек артып алты жас пен он үш арасында тіршілік кешкенде олардың қалай пісіп жетілетінін көз алдымызға елестетіп, қуанудан басқа еш күдік қалмақ емес

    Топтың өз тіршілігі кезегінде мұғалімге де талап қоя алады. Оған көз жіберсек: Бағдарламамен терең танысып, оның ерекшелігін /көру, теру, түю екенін/ түсіну, оны мойындау/түсіндірмейді, түсіне білуге баулиды/. Ұлы даланың «баланы жеңіне қарап өсір» қағидатына сай әрекеттену: естірту/ести білуге баулу/, көрсету/көре білуге баулу/, түсініктен ойға  жетелеу, ойды ойға қуалату, ой түюге баулу. Іскерлікке баулу. Шеберлікке баулу… Ұлы даланың «аяғыңды санап бас» қағидатына сай аса шебер ұйымдастырушы және адал, әділ болуы. Баламен тең дәрежеде сөйлесе білуі, сыйласа білуі; өз кемшілігін мойындай білуі, кешірім сұрай білуі және олардан соны талап ете білуі… Мектеп пен отбасының байланысын ғылыми бағытқа бұру арқылы, ата-ана мәдениетін өркениеттік дәрежеге көтеру…

    Барды бағаламай, бордай тозбауымыз үшін барымызды бағалайық, қайта табысайық. Ғасырлар бойы жан дүниемізде қалаптасқан, код болып жазылған болмысымызды  бәз бірелердің түсінігімен бұзбайық. Тамырынан нәр алмаса, Гималай да сор маңдай екенін түсінейік

    Қашан да ғылым-білім, мәдениет пен соны жаңалықтың  астанасы бола білген Алматы қаласы осы Жобаны өмірге әкеліп, бастама көтермекші екен. Соған  сәттілік тілеп, өзіміз де ұрпақ тәрбиесін ел болып қолға алайық, ағайын!

    Ұрпағының ұлттық болмысын,

    IT технология көмегімен,

    жаңғыртуды көздеген ҚАЗАҚТЫҢ АҚСАҚАЛЫ

    /

    Арнайы www.internetTV.kz үшін Болат Нәукенұлы.

    Қазақ Елі, 24 мамыр 2011 жыл

    1. Ұрпағының ұлттық болмысын, IT технология көмегімен, жаңғыртуды көздеген ҚАЗАҚТЫҢ АҚСАҚАЛЫ (фото-видео репортаж)

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Buzz
    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в LiveJournal
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники
    24 Мамыр 2011 at 14:17 - Пікір жазу Пікір жазылмаған 6 290 рет қаралған ...