Өміріміздің әр сәтінде, Баршамыздың Ойымызға да, Сөзімізге де, Ісімізге де ТӘҢІРІМІЗ разы болсын!
     Бүгін:   жыл
    
  • Азамат пікір-сайыс клубы
  • Бекжан Толыбай
  • Аршат Оразов
  • Өркен Кенжебек
  • Рахат Жақсыбай
  • Ербол Азанбеков
  • Кәмшат Тасболат
  • Ғалия Әженова
  • Жапониядан күнделік
  •  
     

    «ҚАЗАҚ» газетінің бас редакторы Қоғабай Сәрсекеев:«Ел атауын Қазақстан емес «Қазақия» деп өзгерткен жөн»

    Тағы да ел атауы хақында

    Когабай Сарсекеев, жазушы. 02.12.2009 жыл.

    Когабай Сарсекеев, жазушы. 02.12.2009 жыл.

    Газетіміздің өткен сандарының бірінде (№42) «Ел атауын Қазақстан емес «Қазақия» деп өзгерткен жөн» деп жазған едік. Осыған орай жұртшылық үн қосып жатыр. Негізінен қолдайды, Мемлекет атауын «Қазақия» деп атағанды жөн көреді.

    Енді және бір фактіні тіркейік. Атам қазақ көне дәуірден ел атауын «Қазақстан» емес «Қазақия» деп келген. Мұны көптеген ескі тарих беттеріндегі деректер растайды. Мысалға ғалым Л.Н.Гумилев («Древние тюрки»), академик Маррдың, өзіміздің Шоқан Уәлиханның еңбектерінде, Фирдоусидің «Шахнамасында», Орхон жазуларында «Қазақия» сөзі жиі ұшырасады. Ал бұдан әрірек жылжысақ алғашқы және кейінгі «Түркі қағанаты» замандары мен ғұн (түріктер) мемлекеттерінің шежіресінде «Қазақия» атауы аталатыны тарихтан және аян. Айта кетейік, сол тұста көптеген қазіргі түркі тілдес елдердің негізі қаланған ғой. Мәселен, Апшерон жартылай түбегінде бүгінгі Әзірбайжан мемлекеті сап түзепті. Ғалымдар осы Әзірбайжанның алғашқы аты «Әзірбайчан» дейді. Осындағы «Әзірбай» (кісінің аты болуы керек – Қ.С) сөзіне қосылған «чан» мен біз айтып жүрген «стан» сөздерінің тегі парсы тілінен ауысқан жалғаулық. Кейін орыстар «чан» сөзін бұрмалай «жан» деп жазып кеткен. Содан да «Әзірбайчан» «Азербайжан» болып өзгергенін тарихшылар астын сызып жазып жүр. Ал «чан-стан» сөздері парсышадан аударғанда «лагерь» деген сөз екені ертеден-ақ белгілі. Ожегов сөздігінде де осындай мағына беретінін біз өткен мақалымызда толықтай келтіргенбіз. Тіптен сорақысы, «станның» астарында «воюющая, борюшаяся сторона, общественно-политическая группировка, в царской России: административно-полицейское подразделение уезда» дейтіндей мән бар.

    Енді және көтеріліп отырған тақырыппен тамырлас кей ел аттарына тоқталсақ, қазақпен қаны бір түрік жұрты өздерін әуелден «Түрк(ие)» (Турция) деп жазған. Мұндағы түрік – ұлт, халық; ие – еге (хозяин) деген түсінікті береді. Демек, түріктер өзіне ие ұлт – ерікті ел екенін сонау ықылым заманнан ашық айтып, соңына бөтен жұрнақ-жалғау жалғамай-ақ мемлекет атауын атап келген. Көршілес Монғолия (Мыңқол) жұрты да осы принципті ұстанғандай. Мысыр (Египет), Иран, Ирак сияқты елдер болса, бұлар да «чан», «станды» қабылдамаған. Яғни мемлекет атауын ұлт, ұлыс атауында сақтаған. Ал Англия, Франция, Италия, Испания, Дания, Германия, Чехия,.. т.т. батыстағы елдер мемлекет атауының соңына «ия», яғни «ие» форматын жалғаған.

    Осыдан шығатын қорытынды: Біздегі қазіргі Қазақ мемлекеті атауын «Қазақстан» емес «Қазақия» деп атаудың еш әбестігі жоқ. «Қазақия(ие)» – қазақ елінің тарихи көне аты. Сан ғасырлар бойы толайым дәуірлік өмір өткелдерінен өткен, неше мәрте қоғамдық өзгерістерге ұшыраған, небір заманауи уақыт формацияларын басынан кешірген Алаш жұрты бүгін өз Тәуелсіздігіне қол жеткізді. Қазақ – өткенінде алғашқы дәуірді былай қойғанда, хандық, феодалдық, социалистік, қазір капиталистік деп аталатын қоғамдық дәуірлерді көрді. Тіпті ұлт, ел атауынан адасып қалған тұстарда да бар. Қанша уақыт «қазақ» емес «киргиз-қайсақ» боп аталды, жазылып келді. Шүкір, кешегі Алаш Арыстарының Ұлы Держава – орыс империясымен алысып жүріп, өз атауымызға қол жеткізгенін тағы ұмытуға болмайды.

    Қайсарлық деп арыстарымыздың осындай ұлттық мінезін айтсақ болады. Біздегі әлгі «қазақ мың өліп, мың тірілген» деген сөз осындайдан қалған. Енді өткенге салауат, қалғанға береке дейтіндей заман келді. Ағылшын тарихшысы А.Дж.Тойнби сөзімен түйіндегенде «В гибели империи или ее развале виновны их правители» деп бұрынғыны қазудың қажеті аз. Тарихқа адалдық керек. Әр адам өз қоғамының перзенті ретінде өз ғасырының жоқшысы бола алса мұратты. Кеше (1991 ж.) еркіндіктің күні туғанда бұл жай неге қарастырылмады, қайтып әу бастан Ата Заңға «Қазақстан Республикасының» орнына «Қазақия» деп жазбадық деу бүгін кеш. Кінәласудан ештеңе өнбейді. Рас, әділіне көшкенге қазіргі қолданыстағы «Қазақстан» атауында да еш сөкеттік жоқ. Гәп басқада. Бар ерсілік «Қазақ» сөзіне жалғанған «стан» жұрнағында болып тұр. «Стан» кешегі құлдық, бодандық, жіктелу, бөліну жағымызды еске түсіре береді, сондықтан келешекті болжағанда сөздің «лагерлік» тегі елді штат-штатқа бөлуге оңай – қолжаулық қаупі көкейде тұрады. Күл астында қаламта бар. Ірге қымталмаса саңылау көп. Ендеше, бүгінгі қазақ жұртына өз мемлекетінің байырғы аты «Қазақиясын» қайтару – игілікті іс, ұрпақ алдындағы парыз. Біздің бұл елшілдік ұсынысымызды ел зиялылары, Сенат және Мәжіліс депутаттары, халық болып қолдаса кәне!

    Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ,
    жазушы.

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Buzz
    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в LiveJournal
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники

    Creative Commons License
    The «ҚАЗАҚ» газетінің бас редакторы Қоғабай Сәрсекеев:«Ел атауын Қазақстан емес «Қазақия» деп өзгерткен жөн» by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.

    23 Желтоқсан 2009 at 12:38 - Пікір жазу Пікір жазылмаған 4 094 рет қаралған ...