Өміріміздің әр сәтінде, Баршамыздың Ойымызға да, Сөзімізге де, Ісімізге де ТӘҢІРІМІЗ разы болсын!
     Бүгін:   жыл
    
  • Азамат пікір-сайыс клубы
  • Бекжан Толыбай
  • Аршат Оразов
  • Өркен Кенжебек
  • Рахат Жақсыбай
  • Ербол Азанбеков
  • Кәмшат Тасболат
  • Ғалия Әженова
  • Жапониядан күнделік
  •  
     

    Қазақстан Республикасы ұлттық саясаты тұжырымдамасының Жобасы жарияланған баспасөз конференциясы (фото-видео репортаж)

    Арнайы www.internetTV.kz үшін Болат Нәукенұлы.
    Қазақ Елі, 27 қаңтар 2010 жыл

    dsc000203

    2010 жылы 19 қаңтар күні Алматы қаласында «Ұлттық баспасөз орталығында», «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық қозғалысының ұйымдастыру кеңесінде қабылданған «Қазақстан Республикасы ұлттық саясаты Тұжырымдамасы» жобасы жарияланып, халықтық талқылауға ұсынылды.

    Бейнесюжеттерді көру үшін төмендегі сілтемелерді басыңыз:


    Мұхтар Шаханов БІЗДІҢ ТҰЖЫРЫМДАМА БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ ҰСЫНЫС ТАЛАП!
    РЫСБЕК СӘРСЕНБАЙ Талапайға түскен Қазахстан иесі жоқ ЕЛ сияқты
    ЕЛ БІРЛІГІ доктринасын Парламентте талқыламай билік қателесті
    Әміржан Қосанов Ұлттық саясат алғаш рет ЕЛ азаматарын біріктірді
    БОРИХАН НҰРМҰХАМЕДОВ Казахстанская нация это искусстенно придуманный термин
    ДОС КӨШІМ Этникалық топтардың өз тілін,мәдениетін дамытуына шек қойылмайды
    ДОС НҰРАХМЕТ Мақсатымыз байырғы ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕ ұлттық мемлекетті нығайту

    Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының тұжырымдамасы

    2015 жылға дейін іске асырылатын міндеттер.

    «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық қозғалысының ұйымдастыру кеңесі 18-қаңтар күні Қазақстан Республикасы ұлттық саясаты тұжырымдамасының Жобасын қабылдады.

    Мазмұны
    I. Негізгі ережелер

    II. Тарихи кезең сабақтары

    ІІІ. Ұлттық саясаттың ұстанымдары

    IV. Ұлттық саясаттың мақсаты мен міндеттері

    V. Ұлттық саясаттың негізгі бағыттары:

    1. Саяси құқықтық салада

    2. Сыртқы саясат саласында

    3. Әлеуметтік-экономикалық салада

    4. Тәрбие, білім беру және ғылым саласында

    5. Ақпараттық салада

    6. Тіл саласында

    7. Дінаралық салада

    VІ. Ұлттық саясатты іске асыру тетіктері

    Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының тұжырымдамасы

    «Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының тұжырымдамасы» (бұдан әрі қарай — Тұжырымдама) — бұл елімізді мекендеген барлық азаматтардың, олардың ұлттық, діни өзгешеліктеріне қарамастан, бірлікте, татулықта өмір сүріп, тәуелсіздікті сақтауға және нығайтуға, қоғамды демократияландыруға, әділеттілікті орнатуға үлес қосуын басты мұрат еткен негізгі құжат. «Қазақстан халқы ассамблеясы» әзірлеген, қоғамның басым бөлігі қабылдамаған «Ел бірлігі» доктринасымен қатар талқылауға ұсынылады.

    Тұжырымдама ұлттық мемлекетті қалыптастыру әрі нығайту, содан соң азаматтық қоғамды құру бағытындағы негізгі ұстанымдар, өзекті мақсаттар мен міндеттердің жиынтығы болып табылады.

    Бұл құжат Қазақстан Республикасының байырғы қазақ жерінде құрылғандығын, мемлекеттің байырғы тұрғындары және республиканың абсолютті басым бөлігін қазақтар құрайтындығын ескеріп, елде өмір сүретін өзге этникалық топтардың мемлекетқұрушы ұлттың төңірегіне топтасуының саяси, мәдени, рухани, экономикалық, т.б. негіздерін анықтауға бағытталған.

    Тұжырымдама Қазақстан Республикасы Конституциясына, Қазақстан Республикасы заңдарына, дүниежүзілік құқық талаптарына негізделіп дайындалды.

    Қазақстанның жаңа геосаяси, геоэкономикалық жағдайда алға ілгерілеуі, жаһандану кезеңінде ұлттық мемлекет ретінде ерекшеліктерін сақтай отырып, төлтумалық болмысын, әлемдік дамуда дара мемлекеттілігін қалыптастыруы, елдегі демократиялық үрдістерді тереңдету бағыттары осы тұжырымдаманы қабылдау қажеттігін күн тәртібіне қойды. Бұл әрі саяси және тарихи қажеттілік.

    Тұжырымдама мемлекеттік бағдарламаларды, заңдық және басқа да нормативтік құқықтық актілерді дайындау үшін негіз болып табылады.

    I. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

    Қазақстан Республикасы қазақ халқының сан ғасырлық мемлекеттiгiнiң бiрден бiр құқықтық-тарихи мұрагерi және саяси-мемлекеттiк құрылымының жалғасы болып табылады.

    Ұлттық, демократиялық, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет орнықтыруды көздеген қазiргi Қазақстан Республикасы — мемлекетқұрушы қазақ ұлтының және әртүрлi тарихи кезеңдерде келiп қоныстанған барша диаспоралар мен этникалық топтардың тату, бейбiт өмiр сүрiп жатқан Отаны.

    Қазақстан Республикасы өзiнiң бастапқы мемлекеттiк атауына — Қазақ Республикасы атауына қайтадан ие болады. Ешбiр негiзсiз, жалтақтықпен өзгертiлген қателiк түзетiледi де, Қазақ Республикасының Конституциясынан бастап, барлық заңдардағы, халықаралық құжаттардағы қазiргi атау бұрынғыша жаңартылады. Қазақ Республикасының азаматы болу — осы елдi мекендеген әрбiр ақниеттi адамның мақтаныш сезiмiн туғызады. Мемлекетiмiздiң төл атауын қалыпқа келтiру — халық талабы.

    Халықаралық тәжірибеде мемлекетқұрушы ұлттың саны жалпы халық санының үштен екi бөлiгiнен асса, ол моноұлтты мемлекет деп қабылданады. Қазақ ұлтының саны осы межеден асты. Демек, Қазақ елi моноұлтты мемлекет деп қабылдануы тиiс.

    ІІ. Тарихи кезең сабақтары

    Қазақ ұлты — кең байтақ Қазақ елiн ғасырлар бойы мекен еткен, оны түрлi тарихи зорлық-зобалаңнан, басқыншылықтар мен шапқыншылықтардан қорғап, аман сақтап қалған мемлекетқұрушы байырғы ұлт. Әр кезеңдегi тарихи оқиғаларға байланысты қазiргi таңда Қазақ елiнде қазақ ұлтымен қатар өзге де этностық топтар мен диаспоралар мекен етедi.

    Үш ғасырға жуық тоқтаусыз жүргiзiлген ұлтсыздандыру саясаты қазақ ұлтының тiлiне, дiнi мен дiлiне, мәдениетi мен салт-дәстүрiне, бiтiм-болмысына қатер төндiрiп, ұлтты тығырыққа тiредi.

    Ресей империясы мен кеңестік кезеңнің ұлттық саясаты халықтар құқығының бұзылуы, тікелей геноцид, экологиялық апаттармен қатар жүргізілді. Билік ұлттық құндылықтарды жоя отырып, қолдан утопиялық Кеңес ұлтын құруға тырысты. «Бейбітшілік» пен «келісім», негізінен, зорлықпен және жасанды идеологиялық қысыммен орнатылды. Осының негізінде ұлттық проблемалар шиеленісе түсіп, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне алып келді. Айналып келгенде Кеңес Одағының құрдымға кетуі — дәл осы ұлттық мәселелердің түбегейлі шешілмеуінің нәтижесі болды.

    Тәуелсіздіктен кейін мемлекет пен саяси институттардың қызметі өзгеріске түсіп, экономикалық реформалар жүргізілгенмен этносаралық қатынастардың дамуы бұрынғы күйінде қала берді. Өкінішке орай, Егемендік Декларациясы мен Тәуелсіздік туралы заңның Ұлттық мемлекет құру туралы талаптары толық деңгейде жүзеге асырылған жоқ. Отарлық саясаттың зардаптарын жоюға бағытталған кешенді бағдарлама қабылданбады. Әлемдік үрдіске сай, отарсыздану саясаты жүргізілуі тиіс еді. Экономикалық даму мен халықтың әл-ауқатының өсуі ғасырлар бойы жинақталған өзекті мәселелерді өзінен өзі шешеді деген ұғымның қате екендігін әлем елдерінің де, Қазақстанның да тәжірибесі анық дәлелдеп отыр.

    Ұлттық саясат әлі де этносаралық қарым-қатынастардың кеңестік стереотиптерінен арыла алмай келеді. Қазақстанда ашық қақтығыстардың жоқтығы қоғамда шешуін таппаған өткір қайшылықтардың бар екендігін жоққа шығара алмайды.

    Қазақстанда кеңестік заманда 70 жыл бойы, тәуелсіздік алғаннан кейін 20 жылға жуық мерзім ішінде орыс тілі іс жүзіндегі мемлекеттік тіл рөлін атқарып келеді. 1989 жылы қабылданған «Тілдер туралы» заң қазақ тілінің мүшкіл күйін жақсарта алмады.

    Билік қоғамдағы этносаралық саясатпен тек Қазақстан халық ассамблеясы ғана айналысуы керек деген ұғымды қалыптастыруға тырысып келеді. Бұл түсінік мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың осы мәселедегі жауапкершілігін төмендетеді. Ұлттық проблемаларды шешудің дұрыс жолы бұл мәселелерді мүлде көтермеу деген ойлар да бой көрсетеді. Ұлт мәселелерін алға қою ұлттық өзімшілдік деп те бағалануда. Ал проблемалардың шешілмей жинақтала беруі болашақта қайшылықтар мен тартыстар тудырып, ұлттық мемлекетіміз бен тұтастығымызға қауіп-қатер төндіреді.

    Жоғары билiк тарапынан ұсынылған «еуразиялық идея» мен «қазақстандық ұлт» саясаты — қазақ ұлты мен елдегі барлық этникалық топтардың келешегi, елдiң тағдыры үшiн аса қауiптi бастама. «Қазақстанда 140-тан астам ұлт пен ұлыстың өкiлi тұрады» деген жалған қағидаға сүйену де — түбегейлі қателiк. Қазақ елiнде бiр ғана ұлт, яғни мемлекетқұрушы қазақ ұлты және басқа да этностық топтар тiршiлiк етедi дегендi ашық айтатын мезгiл жеттi. Билiктiң бастамасымен құрылып, ресми БАҚ-та кеңiнен жарнамаланған, бірақ ұлттық мемлекет мүддесіне сәйкес келмейтін Қазақстан халқы ассамблеясы этносаралық келiсiмдi қалыптастыруға, ұлттық проблемаларды реттеуге қауқарсыз екенiн уақыттың өзi дәлелдедi. Қазақстанда қазақ халқының барлық ұлттық құндылықтарына басымдық берілуі және жеделдете шешілуі тиіс. Мұндай саралап жіктеу түрлі этникалық топтарға жататын адамдарды алалау, олардың жеке азаматтық құқығын шектеу емес, бұл — әлемдік ұстаным.

    IIІ. ҰЛТТЫҚ САЯСАТТЫҢ ҰСТАНЫМДАРЫ

    Ұлттық саясаттың басты ұстанымы — ұлттық құндылықтар негiзiнде Қазақ елiнiң экономикалық, саяси, рухани тәуелсiздiгiн, ел қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге және жердiң бiртұтастығын мәңгi сақтауға, жер мен жер қойнауы байлығын (Ұлттық байлығын) тек халық игiлiгiне жұмсап, жұртының әлеуметтiк жағдайын үнемi жақсартып отыруға мемлекеттi мiндеттеу. Әркiмнiң азаматтық құқығының мүлтiксiз сақталуын қамтамасыз етпейiнше, заң алдындағы бәрiне бiрдей жауаптылық болмайынша ел ішінде дұрыс түсiнiстiк болмайды.

    Қазақстан Республикасы жалпыға бірдей ортақ территория, бір ғана азаматтық, жалпыға бірдей жоғары билік, жалпыға бірдей құқық жүйесі мен жалпыға бірдей бір ғана мемлекеттік тіл негізінде дамитын болады.

    Қазақ халқы қашанда қазақ жерінде өмір сүріп жатқан орыс, украин, өзбек, қырғыз, түрікмен, неміс, әзірбайжан, ұйғыр, татар, тәжік, қарақалпақ, шешен және басқа да этностық топтардың тіліне, дініне, мәдениеті мен әдет-ғұрыптарына құрметпен және төзімділікпен қараған. Бүгінгі күні де өз елінде басым көпшілікке айналған қазақ ұлты елдегі этносаралық және дінаралық бірлікті сақтауды өзінің басты міндеті санайды. Мемлекет пен оның негізі болып табылатын қазақ ұлты барлық азаматтардың конституциялық құқықтары мен еркіндіктерінің қамтамасыз етілуінің кепілі болып табылады. Қазақ жерінде тұрып жатқан этностық топтар мемлекеттің және біртұтас азаматтық қауымдастықтың бөлігі болып табылады.

    Мемлекеттік тілді білу — әрбір азаматтың міндеті. Мемлекеттің басты міндеті азаматтарға мемлекеттік тілдің маңызын жан-жақты түсіндіре отырып, оның қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылуына қажеттілік тудыру.

    Осы ұстанымдарды іске асыру мақсатында алдағы жылдары мемлекет:

    ұлттық саясатты құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және білім беру, т.б. бағдарламаларымен тығыз байланыста кешенді түрде жүзеге асыруды;

    нәсіліне, этникалық тобына, тіліне, діни сеніміне, сондай-ақ әлеуметтік топтар мен қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына қарамастан адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының теңдігін қамтамасыз етуді;

    ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге, біртұтас мемлекет пен қоғамды жікке бөлуге, этносаралық және діни алауыздықты, өшпенділік пен араздықты өршітуге бағытталған әрекеттерге қатаң тыйым салып, тосқауыл қоюды;

    мемлекет пен қоғамның ақпараттық тәуелсіздігіне қол жеткізуді, еліміздің өзіндік ақпараттық-мәдени кеңістігін құруды, өзге елдердің еліміздегі қоғамдық пікірді қалыптастыруына жол бермеуді;

    еліміздің басқа да түрік мемлекеттерімен бірдей болашақта латын әліпбиіне көшу тұрғысындағы қоғамдық талқыларды жүргізіп, осыған қажетті дайындықтарды жасауды;

    этностық немесе діни ерекшеліктерге негізделген саяси партиялардың ел тұтастығына қарсы жұмыс жасап, осы мақсатта шетелден қаржыланатын қоғамдық және діни ұйымдардың жұмысына заң арқылы тыйым салуды;

    Қазақстан халқы ассамблеясына берiлген қажетсiз әрi заңсыз өкiлеттiктердi шектеу және оның жұмысының жалпыға бiрдей конституциялық ережелерге сай болуын қамтамасыз ететiн тиiстi құжаттарды қабылдауды;

    Қазақстан Республикасы шет мемлекеттерде тұратын қазақ диаспорасының құқықтары мен мүдделерін қорғау, қазақ тілін, мәдениетін, ұлттық дәстүрлерін сақтау мен дамытудағы істеріне қолдау көрсетуді қолға алады.

    IV. ҰЛТТЫҚ САЯСАТТЫҢ МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

    Қазақстан Республикасының ұлттық саясатының басты мақсаты — байырғы қазақ жерінде құрылған ұлттық мемлекетті сақтау және нығайту.

    Осы мақсатта: барша азаматтарды қазақ ұлтының маңына топтастыру, тәуелсіздігіміз бен егемендігіміздің баянды болуын қамтамасыз ету;

    қазақ ұлтының тарихи жадын, тілін, ділін сақтау мен жан-жақты дамыту, оның жаһандану заманындағы өзіндік ұлттық-мәдени ерекшелігін қалыптастыру және әлемге паш ету;

    елімізде тұрып жатқан барлық этностық топтардың өз тілі мен мәдениетінің дамуына шек қоймай, олардың барлығының ортақ Отаны — Қазақстан Республикасына адал қызмет етіп, оған деген сенімін арттыру қажет.

    Бұл үшін мемлекет пен қоғам өздерінің ерік-жігерін төмендегі негізгі міндеттерді атқару үшін жұмылдыруы керек:

    Қазақстан Республикасы қоғамының негізгі ұлттық құндылықтарын қалыптастыру және дамыту;

    қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тіл деңгейіне жеткізіп, оны барша Қазақстан азаматтарын біріктіретін факторға айналдыру;

    этносаралық және дінаралық саладағы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара тиімді және пәрменді қарым-қатынастарын қамтамасыз ететін жүйені қалыптастыру.

    V. ҰЛТТЫҚ САЯСАТТЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

    1. Саяси-құқықтық салада:

    Қазақстан Республикасы ұлттық, дербес, құқықтық мемлекет құруды мақсат еткен ел ретінде саяси және құқықтық салаларда өзінің ұлттық саясатының мынадай негізгі бағыттарын жүзеге асырады:

    еліміздің барлық азаматтары мойындаған, негізінде өздерінің ортақ қазақ мемлекеттігіне қатыстылығын терең сезінетін ұлттық құндылықтар жүйесін қалыптастыру;

    ел азаматтарының тарихи жадын және ұлттық, мемлекетшілдік санасын қалыптастыру үшін «тарихи ақтаңдақтарға», әсіресе Ресей отарлауы, 1920-1940 жылдардағы ашаршылық, 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргіндер мен Қазақстанға басқа ұлт өкілдерін зорлап депортациялау, ұлт-азаттық қозғалыстар мен ұйымдарға және 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне саяси және заңдық баға беру, ортақ тарихпен тәрбиелеу мақсатында арнайы мемлекеттік мұражайлар мен ескерткіштер ашу;

    Қазақстанда ұлттық құндылықтарды қалыптастыру, отаршылдық зардаптарынан, рухани бодандықтан арылу жұмыстарын пәрменділікпен жүргізу;

    мемлекетіміздің негізін қалаған, ұлтымыздың тәуелсіздігі үшін аянбай күрескен тарихи тұлғалардың аттарын мәңгілік қалдыру бағытында ұлттық және аймақтық бағдарламалар қабылдау, саяси-идеологиялық мақсатпен орнатылған, қазақ тарихына қатысы жоқ ескерткіштер мен атауларды өзгерту;

    мемлекеттің тұрақтылығы мен ұлт бірлігін қамтамасыз ету үшін сыбайлас жемқорлықтың салдарымен емес, себептерімен бүкілхалықтық күрес жүргізу;

    елiмiздегi сот және құқыққорғау жүйелерiн реформалау, оларды мемлекет басшысына тәуелдiлiктен құтқару, шынайы дербестiгiн орнықтыру;

    елдегі этносаралық қатынастарды реттейтін заңнамаларды осы тұжырымдамаға сәйкестендіру;

    елді мекендер мен жердің тарихи атауларын қайтару жұмысының тиянақты жүргізілуі үшін ономастика салаларында кешенді республикалық және аймақтық бағдарламалар қабылдау, оны мемлекеттің ұлттық мүддесі тұрғысынан республикалық деңгейде шешу;

    қоғамдағы демократиялық институттарды дамыту, оның ішінде саяси партиялардың рөлін арттыру, оларды этносаралық және дінаралық мәселелерді шешуге қатыстыру, этностық топтардың өкілдерімен тығыз жұмыс жасау.

    2. Сыртқы саясат саласында:

    Қазақстан Республикасының бұл саладағы басты міндеті — оның тәуелсіздігі мен егемендігін, қауіпсіздігі мен жерінің біртұтастығын нығайту.

    Сыртқы саясат бойынша аймақтық әскери одақтарға, басқадай топтық ұйымдарға кіру мәселесін тек барша халықтың ұйғарымымен жүзеге асыру көзделеді.

    Халықаралық интеграция саясаты еліміздің тәуелсіздігіне еш нұқсан келтірмейтіндей ұтымдылықпен жүргізілуі тиіс. Осы кезге дейін жасалған мемлекетаралық келісім-шарттар ұлттық мүдде тұрғысынан қайта қаралуы қажет.

    Осы Тұжырымдамада көрсетілген мәселелерді негізге ала отырып ұлттық қауіпсіздік, сыртқы саясат, қорғаныс, ақпараттық қауіпсіздік доктриналары қайта қаралып, оларға қажетті толықтырулар енгізілуі керек.

    Алдағы жылдары Қазақстан Республикасы сыртқы саясат саласында төмендегі басымдықтарды:

    АҚШ, Қытай, Ресей, Франция, Ұлыбритания сияқты ядролық державалармен еліміздің егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ететін, кепілдік беретін арнайы екіжақты келісім-шарттар жасауға ұмтылу;

    Қазақстан Республикасында шетелдік әскери полигондардың орналасуына заң жүзінде тыйым салу;

    Екі мемлекет арасындағы келісім-шарт мерзімі біткенде Ресейдің әскери базаларын шығару және олардың жұмысының нәтижесінен туындаған экологиялық, басқа зардаптарды өндіру мәселесін қою;

    Орталық Азия, түрік және мұсылман мемлекеттерімен саяси-экономикалық, мәдени, экологиялық жақындасу, одақтасу саясатын белсенді жүргізу;

    Еуроодақ институттарымен жақындасу саясатын үдету, «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын қайта қарап, толықтыра түсу;

    Қазақстан Республикасы азаматтығын берген кезде үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін, білімін, жасын, кәсібилігін, қаржылық мүмкіндіктерін, туыстық қарым-қатынастардың бар-жоқтығын негізге алу;

    шетелде тұрып жатқан қандастарымызды Отанына қайтару саясатын белсенді түрде жүргізіп, еліне қайтып жатқан қазақтарға тез арада жеңілдетілген азаматтық беру мен қоныстануын толық қанағаттандырарлықтай көмек көрсету;

    қазақ диаспорасы тұрып жатқан мемлекеттермен тиімді қарым-қатынастар орнатып, қандастарымызға құқықтық, қаржылық, ақпараттық, мәдени көмек көрсету мәселесін мемлекетаралық деңгейде көтеріп, белсенді түрде іске асыру қажет.

    3. Экономикалық және әлеуметтік салада:

    Қазақстан экономикасының дамуы өз тәуелсіздігін сақтап, ұлттық жаңғырудың (модернизацияның) кепілі ретінде барша халықтың әлеуметтік жағдайының деңгейін жақсарту мен рухани өсуіне толық мүмкіндік жасап, жер мен жер қойнауының байлығын халқының мүддесін қорғайтын деңгейде пайдаланып, шет елдік инвесторлар мен трансұлттық корпорациялардың экспансиясына жол бермеу керек.

    Бұл мақсатта:

    ұлттың негізгі байлығы жер мен жер қойнауының қазынасы халықтың ортақ байлығы екенін бекітіп, мемлекет тек оны пайдалануды реттеп отыруға құқылы болуын жүзеге асыру;

    экономиканың стратегиялық даму салаларын қатаң мемлекеттік бақылауда ұстау;

    индустриялық даму бағыты жер қойнауының қазынасы мен табиғи басқа байлықтар ресурсын шикізат күйінде шетке шығаруды неғұрлым тежеп, отандық ғылым мен жаңа технологияны пайдаланып, ішкі және сыртқы сұранысқа сай сапасы жоғары, халықаралық деңгейдегі өндірістік өнім шығаруды жолға қою;

    орта және шағын кәсіпті дамытуда, экономикалық тиімді, өнімдерінің өз құнын төмендетіп, сапасын көтеретін жаңа технологияны жедел өзгертуге бейімделген өнеркәсіп орындарын көптеп ашуға мемлекеттік қолдау жасау;

    Қазақстан Республикасының көші-қон туралы заңнамасын одан әрі жетілдіру, шетелдік жұмысшыларды шақырудың ұлттық мүддеге қайшы келмеуін және еліміздегі жұмыссыздықтың көбеюіне әсер етпеуін қамтамасыз ету;

    ішкі көші-қонның мәселелеріне арналған арнайы заң қабылдау және ішкі көші-қон толқынын реттеу мақсатында ауылдық жерлердің экономикалық, әлеуметтік мәселелерін шешу;

    шетелдік инвесторлармен кезінде жасалған келісім-шарттардың құпия мазмұнын жариялау жөнінде келіссөздер жүргізу. Болашақта үкімет пен шетелдік компаниялар арасында жасалатын кез-келген келісім-шарттарды міндетті түрде жария түрде жасау;

    Қазақстанға келген шетелдік инвесторлар өздерінің шикізат саласындағы жобаларын жүзеге асыру үшін міндетті түрде жергілікті мемлекеттік не болмаса жекеменшік компаниялармен бірлескен кәсіпорын ашуы керек. Бұндай кәсіпорындардағы қазақстандық компаниялардың үлесі 51 пайыздан кем болмауын қамтамасыз ету;

    экономикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздікті сақтау үшін отандық салалар мен кәсіпорындардың шетелдік компаниялар сатып алатын барлық меншіктік үлес мөлшерінің ең жоғарғы деңгейі 49 пайыздан аспайтындай, ал әрбір шет елдік компанияның меншігіне бір өндіріс орнының 15 пайыздан артық үлес сатып алуына шек қоюды іске асыруы;

    қазақ жерінде жұмыс жасап жатқан шетелдік компанияларды қазақстандық жұмысшылардың құқын сақтап, негізінен отандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға міндеттейтін заңдар қабылдануы;

    елдегі ұлттық компаниялардың негізгі акцияларын Қазақстан азаматтарының, бірінші кезекте ауыл тұрғындарының иеленуін қамтамасыз ету, сол арқылы оларды кәсіпкерлікке тарту;

    ауылдың экономикасы мен әлеуметтік жағдайының деңгейін қала тұрғындары деңгейіне жеткізуге бағытталған, ұлттық менталитетке байланыстырылған, ұлттық-аграрлық даму бағдарламасын дайындау;

    «Жер Кодексін», «Жер қойнауы туралы» заңды қайта қарау, жерді сату мен жер қойнауының байлығын пайдалану туралы заңнамаларды ұлтық даму тұжырымдамасының бағытына сәйкестендіру;

    елiмiздiң ауыл шаруашылығына арналған жерлерiн шетел мемлекеттерiне жалға беруге немесе бiрлескен кәсіпорын құрып пайдалануына жол бермеу, шетел азаматтарына, азаматтығы жоқ адамдарға жерді жалға беруге тиым салу;

    жоғары білімді инженерлер мен менеджерлерді, кәсіби жұмысшыларды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жүйесін құру арқылы Қазақстанда жұмыс істеп жүрген шетелдік мамандарды ұлттық мамандармен ауыстыру;

    ауылдың экономикалық, әлеуметтік, мәдени өркендеуіне жұмыс істейтін, инфрақұрылымды дамытатын, ұлттық менталитетке негізделген дәстүрлі экономиканы дамытатын аймақтық бағдарламаларды дайындау, оларды қомақты және мақсатты қаржыландыру;

    елімізде орын алып жатқан урбанизациялық процестерге мемлекеттік қолдау көрсету, қалаға келіп жатқан азаматтарды қоныстандыру және әлеуметтендіру үшін арнайы мемлекеттік бағдарламаны қабылдау;

    қазба байлықтарды, мұнай мен газды шетелге сатуды қатаң бақылауға алу арқылы ел қазынасын молайту, одан түскен табыспен жастардың тегін білім алуын, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешу;

    халықтың әл-ауқаты мен өсімін тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатындағы (зейнеткерлерге, студенттерге, көп балалы аналарға берілетін көмек, дүниеге келген әрбір балаға берілетін жәрдем ақы және т.б.) әлеуметтік қолдаудың деңгейін көтеру;

    баспанасынан айрылған, банктерге қарызға батқан үлескерлер мен борышкерлердің мәселесін шешуге бағытталған мемлекеттік іс-шараларды дереу қолға алу;

    сыбайластықпен, заңсыз жекешелендірумен талан-таражға түскен ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлерді халыққа қайтару;

    Қазақстан жерінің жартысынан көбі өмір сүруге қолайсыз шөл және шөлейт жерлер екенін ескеріп, онда тұрып жатқан тұрғындарды қалаларға немесе шұрайлы жерлерге көшіру бағдарламаларын жасау керек.

    4. Тәрбие, білім беру және ғылым саласында:

    Қазақстан Республикасының бұл саладағы басты міндеті — оның тәуелсіздігі мен егемендігін, саяси және экономикалық дамуының тірегі болатын, ұлттық құндылықтар мен ұлттық мұраттарды бойына сіңірген патриоттық рухтағы білімді жаңа ұрпақ тәрбиелеу, ғылымды жан-жақты дамыту.

    Ол үшін:

    ұлттық тарихты, зердені, рух пен мәдениетті терең насихаттайтын әр деңгейдегі, сан алуан технологиядағы жаңа буын оқулықтарын дайындау;

    жоғары оқу орындарында оқытылатын гуманитарлық және техникалық мамандықтарға арналған мемлекеттік тілдегі оқу құралдары мен оқулықтардың сапасын арттыру;

    арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы жасөспірімдер үшін қазақ және басқа тілдерде ұлттық ауыз әдебиетінің үздік үлгілерін, бай эпикалық мұрасын кеңінен насихаттайтын кітаптар, мультфильмдер, дискілер шығару;

    90-жылдардағы жабайы жекешелендіру кезінде жабылып қалған балабақшалар мен мәдени ошақтары желісін қайтарту және демографиялық үдерістерге сай қайта жаңғырту;

    білім беру жүйесі жас азаматтардың қазақ тарихы мен мәдениетіне, мемлекеттік тіліне деген құрметін арттыруға, Қазақстан Республикасына, оның мемлекеттік рәміздеріне, құндылықтарына деген сүйіспеншілік сезімдер мен отансүйгіштік қасиеттерді өсіруге бағыттау;

    балабақшадан жоғары оқу орнына дейінгі мемлекеттік тілді үйретудің үздіксіз жүйелері мен бағдарламаларын дайындап, оларды батыл түрде енгізу;

    балабақшаларда, мектептерде және жоғары оқу орындарында тарихты бұрмалау, жеке басқа табыну, елдiң дамуын бiржақты дәрiптеу сияқты ұрпақ тәрбиесiнiң негiздемелерiне қайшы, бiлiм стандартына сай емес «Өзін-өзі тану» сияқты жастарды рухани аздыруға алып келетін пәндердi оқытуға тыйым салу;

    мемлекеттік балабақшалардағы тәрбие жұмыстарын мемлекеттік тілде жүргізу;

    барлық мектептер мен ЖОО-дарында қазақ әдебиеті, тарихы және тілі оқытылуы тиіс. «Орыс әдебиеті» пәнінің орнына «Әлем әдебиеті» пәнін енгізу керек.

    5. Ақпараттық салада:

    Ақпараттық салада ұлттық саясат төмендегі басымдықтарды іске асыруға негізделуі тиіс:

    2010 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Қазақстан» телеарнасы негізінде жүз пайыз мемлекеттік тілде хабар тарататын қоғамдық арна жасау және тәулік бойы мемлекеттік тілде хабар тарататын жаңа теле-радиоарналарын ашу;

    «Бұқаралық ақпарат құралдары», туралы заңды қайта қарау, «Мемлекеттік тіл туралы» заңдар мен нормативтік құқықтық құжаттар қабылдау арқылы телеарналардың мемлекеттік тілдегі хабарларды тарату үлесін жүйелі түрде арттыру;

    еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, басқа елдердің қоғамдық пікірді қалыптастырудағы мүмкіндіктерін шектеу, ұлттық зердеміз бен менталитетімізге жат құндылықтардың насихатын азайту мақсатында шетел телеарналарына қатысты заңдық шектеу саясатын жүргізу;

    2011 жылдан бастап Қазақстандағы кинопрокаттың мемлекеттік тілде жүргізілуін қамтамасыз ету. Қажет болған жағдайда фильмдерді басқа тілдегі субтитрлермен беруді ұйымдастыру;

    қазақтілді интернеттің дамуына мемлекеттік көмек көрсету, жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін ұлттық тарих пен мәдениетті дамыту үшін кеңінен қолдану;

    «Электронды үкімет» жүйесінің түпнұсқасы ең алдымен қазақ тілінде жасалып, қажет болған жағдайда басқа тілдерге аударылуы керек, халық арасында интернет-қызметтерді дұрыс пайдалануды кеңінен насихаттау және қоғамның бар саласына енгізу;

    өзге тілдерде шығатын БАҚтарға қазақ тарихы мен мәдениеті, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлер туралы ақпараттарды ұлттық сәйкестілікті, этносаралық және дінаралық келісім және саяси тұтастықты насихаттауды іске асыру;

    «АИФ-Казахстан», «Комсомольская правда-Казахстан», т.б. сияқты Ресей мемлекетінің идеологиясы мен ақпаратын тарататын БАҚ-тарды мемлекет тарапынан қаржыландыруды толық тоқтату;

    мемлекеттік және жекеменшік компанияларға ұлттық мұраттар мен рухани құндылықтарды қоғамдық санада бекітетін, ұлттық тарих пен мәдениетті насихаттайтын өнімдерді (теле және радиобағдарламалар, кинофильмдер, құжатты фильмдер, роликтер т.с.с) шығаруға мемлекеттік тапсырыс беру;

    этносаралық және дінаралық тақырыптарға қатысты журналистер арасында этикалық қағидалар мен кәсіби кодекстердің қабылдануын, олардың іске асуына ықпал ету;

    мемлекеттік тілдегі мерзімдік басылымдардың бәсекелестік қабілетін қалыптастыру үшін олардың кейбіреулеріне оқырмандарды күштеп жаздыру тәжірибесін тоқтату керек.

    6. Тіл саласында:

    Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты төмендегі басымдықтарды іске асыруға негізделеді:

    мемлекеттік тілді меңгеру еліміздің әрбір азаматының міндеті болып табылады;

    мемлекеттік тілді үштің бірі етіп әлсіретуге бағытталған «үш тұғырлы тіл» саясатына жол берілмейді. Әркімнің өз қалауы бойынша басқа тілдерді меңгеруіне ешқандай шек қойылмайды;

    қазақ елінің азаматтығын алуда сол адамның мемлекеттік тілді меңгеруі басты талап болып саналады;

    қазақ жерінде жұмыс істеп жатқан, шетелдік компаниялардан өз аудармашыларының мемлекеттік тілді меңгеріп, үкіметтік органдарымен, жергілікті кәсіпорындармен және басқа да ұйымдармен мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасауы талап етіледі.

    2010 жыл ішінде «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң қабылдануы керек. Заңда қазақ тілінің мемлекеттік органдардың іс-қағаздарын жүргізу тіліне айналуы, оның сот, бизнес, банк, білім беру, ғылым, мәдениет т.б. салаларында да мемлекеттік тіл дәрежесіне жетуінің механизмдері мен талаптары белгіленеді.

    «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылданғаннан кейін Үкімет деңгейінде төмендегідей шешімдер жүзеге асырылуы тиіс:

    әр мамандық иелеріне мемлекеттік тілді білу деңгейлерін анықтайтын «Қазтест» бағдарламасын қолдану ережелерін бекіту;

    мемлекеттік қызметкерлердің барлығы мемлекеттік тілді белгіленген дәрежеде білетін болуы шарт;

    жергілікті мемлекеттік басқару органдарының мемлекеттік тілге толық көшу кестесі белгіленуі керек;

    республикада мемлекеттік тілді үйретудің бірізді-сатылы бағдарламасын балабақша-мектеп-орта арнаулы оқу орны-жоғары оқу орны-мемлекеттік қызмет жүйесі бойынша дайындап, міндетті мемлекеттік бағдарлама ретінде бекіту.

    барлық мемлекеттік шаралар мен шетелдік келіссөздер мемлекеттік тілде жүргізіледі.

    Республика деңгейінде Мемлекеттік тілді дамыту институты құрылуы керек. Оның басты мақсаты болып қазақ тілінің модернизациясына қатысты ұсыныстар дайындап, болашақтағы латын әліпбиіне көшуге қатысты дайындықтарды жүргізу болып белгіленуі керек.

    Республика деңгейінде аударма орталығы құрылып, оның міндетіне әлем әдебиеті мен ғылымның озық үлгілерін қазақ тіліне аудару және қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін әлем тілдеріне аудару жатқызылуы тиіс.

    2011 жылы мемлекеттік «Қазақфильм» компаниясының ішінен ұлттық дубляж орталығы қайта қалпына келтіріліп, оған әлемдік деңгейдегі рухани, ғылыми, мәдени маңызы бар кинофильмдер мен деректі фильмдерді, балалар мен жасөспірімдерге арналған мультфильмдерді қазақ тіліне жоғары сапамен аудару міндеті жүктелуі керек.

    7. Дінаралық салада:

    Бұл саладағы басты басымдықтар мынадай:

    қазақ жеріндегі барлық діни ағымдардың іс-әрекеттерінде этносаралық қатынастарға нұқсан келтіретін, жергілікті халықтың әдет ғұрыптарына қайшы келетін жұмыстарына заң арқылы тиым салынады;

    мемлекет, азаматтық қоғам мен дәстүрлі діни ұйымдар баршаға ортақ адамгершілік ізгілікті насихаттау, қоғамның рухани денсаулығын қамтамасыз ету, отбасының рөлін күшейту, қылмыскерлік, алкоголизм мен нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу бағытында бірігіп қоян-қолтық жұмыс атқаруы керек;

    мемлекет, азаматтық қоғам мен діни ұйымдар азаматтардың, әсіресе жастардың арасында діни экстремизм мен радикализмге тосқауыл қою, дінді азаматтардың денсаулығы мен рухани болмысына қарсы пайдалануға, дінді қаржылық пайда көзіне айналдыруға жол бермеу тұрғысында келісілген іс-шараларды бақылауда ұстайды;

    көшелерде, қоғамдық жерлерде және мекемелер мен үй-үйлерді аралап бөгде діни насихаттар жүргізіп, діни әдебиеттер таратуға қатаң тыйым салынады;

    балабақшалар мен мектеп жасындағы балалар арасында діни миссионерлік жұмыстар жүргізуге тыйым салынады;

    мемлекет, шет елден қаржыландыратын діни және үкіметтік емес ұйымдардың, еліміздің болмысына, ұлттық қауіпсіздігімізге қайшы келетін және ұлттық менталитетімізге жат насихаттар мен діни ағымдарды таратуына, ұлттық құндылықтар мен отбасының бірлігіне зиян әкелетін әрекеттеріне жол бермейтін арнайы заң қабылданады және оның орындалуы қатаң бақылауға алынады.

    Әлемдік діндерге кірмейтін діни ағымдық ұйымдардың Қазақстанда тіркелуіне, әрекет етуіне заң арқылы жол берілмейді.

    VІ. Ұлттық саясатты іске асыру ТЕТІКТЕРІ

    Мемлекеттің ұлттық саясаты Тұжырымдамада белгіленген мақсаттар мен міндетерді орындауға арналған нақты шешімдерді қабылдап, тиісті іс-шараларды жасау арқылы жүзеге асырылады.

    Тұжырымдамада айқындалған басымдықтарды іске асыру үшін мемлекеттік билік органдары азаматтық қоғаммен, оның ішінде саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарымен, басқа да институттармен тығыз қарым-қатынас орнатып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек.

    Осы Тұжырымдаманың орындалуын Қазақстан Республикасы Үкіметі үйлестіреді.

    Тұжырымдаманың орындалуы үш кезеңнен тұрады.

    Бірінші кезеңінде Қазақстан Республикасы Үкіметі арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдайды. Оған қосымша жоспарда нақты іс-шаралардың, қабылдануға қажетті заң жобаларының тізімі, жауапты орындаушылар мен орындау мерзімдері көрсетіледі.

    Екінші кезеңде қажетті заң жобалары Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына жіберіліп, олардың қабылдануы қамтамасыз етіледі.

    Үшінші кезеңде Қазақстан Республикасы Үкіметі Тұжырымдаманы орындауға бағытталған нормативтік құқықтық құжаттардың кешенін бекітіп, оларды атқара бастайды.

    Қазақстан Республикасы Үкіметі жылына бір рет осы Тұжырымдаманың орындалуы туралы Ұлттық есепті дайындап, жариялап отырады.

    Тұжырымдама жобасы «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық қозғалысының ұйымдастыру кеңесінде қабылданып, баспасөзде жариялауға, халықтық талқылауға ұсынылды.

    Алматы қаласы, 18 қаңтар, 2010 ж.

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Buzz
    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в LiveJournal
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники

    Creative Commons License
    The Қазақстан Республикасы ұлттық саясаты тұжырымдамасының Жобасы жарияланған баспасөз конференциясы (фото-видео репортаж) by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.

    27 Қаңтар 2010 at 11:15 - Пікір жазу Пікір жазылмаған 5 286 рет қаралған ...