Дертке дауа іздесеңіз, «Қара жорға» биін билеңіз
Қадіріне жетіп бағалап, құнттай білсек, ұлттық би өнері де дертке дауа, жанға шипа бола алатын көрінеді. Бұл сөзімізге Қытайдағы қандастарымыз арқылы жаңғырып, атажұртқа жеткен қазақтың дәстүрлі буын биі «Қара жорғаны» емдік-сауықтыру мақсатында қолданып жатқан «Мойылды» шипажайы дәлел.
Қазақстанға алғаш қазақтың ұмытылып кеткен дәстүрлі биі ретінде Арыстан қажы таныстырған буын биі сәл кейінірек Қытайдағы қалың қазақ ортасындағы эстрада өнерпаздарының орындауындағы «Қара жорға» композициясымен елімізге жетіп, ырғақты биімен, әуезді әнімен бірден барша қазақстандықтардың той-думанын жаулап алғаны белгілі. Бұл күнде «Қара жорғаны» білмейтін қазақ жоқ десек, ақиқаттан алшақ кетпеспіз. Өйткені бүгінгі қазақтың «Қара жорға» ойналмайтын тойы кемде-кем. Былтырғы жылы бір күнде, бір мезгілде 13 мыңнан астам адаммен билеген Қытайдағы қандастарымыз Гиннесстің рекордтар кітабына кірген соң, «Қара жорғаның» танымалдығы тіпті арта түскен еді. Сөйткен «Қара жорғаны» Павлодар облысындағы «Мойылды» шипажайы аяқ-қол, буын ауруларын емдеу мақсатында сауықтыру-шынықтыру жаттығуы ретінде де қолдана бастапты. Бізге осы жаңалықты жеткізген, «Мойылды» шипажайына Шығыс Қазақстан облысынан келіп емделуші Райхан Құмарханқызы «Қара жорға» биі денсаулығына жақсы әсер еткенін айтады. «Осы биді билегенде, аяқ-қолдың бүкіл буындары қозғалатынын байқадым. Бұрын елемейді екенбіз, бір сарынды тіршілік қимылында жүргенде, аяқ-қолдың көптеген буындары қозғалысқа түспейді екен. Соның салдарынан буынға сарысу, тұз байланып, ауру жамалатын көрінеді. Шипажайда «Қара жорғаны» билегелі бері бұрын сырқырап жүрген буындардың құрысы жазылып, денем жеңілдегенін байқадым. Жалпы, көңіл күйім де, денсаулығым да жақсарғанын сездім. Енді ауылға барғасын да денсаулық үшін күнде «Қара жорғаны» билеп тұруға бекіндім», – дейді Райхан Құмарханқызы.
Күләш ЖАҚИЯНОВА, «Мойылды» шипажайының жоғары санатты дәрігері:
– Бұрын біз кәрістің «Су-джок» терапиясын қолданып, ине салумен айналысатынбыз. Кейіннен осы өзіміздің буын биі «Қара жорға» бар екенін білген соң, буын ауруларын емдеу ісіне неге соны пайдаланбасқа деген ой келді. Шипажайдың емдеу-сауықтыру бағдарламасына осылай қостық.
Бұл бидің емдеу-сауықтыру тұрғысынан біз үшін қызықты болған себебі – онда қатты қимыл жоқ, қайта баппен, ырғақты баяу қозғалады. Билегенде көбіне мойын омыртқа мен тізе, қол, қысқасы, бүкіл буындар қимылдайды. Ал мойын омыртқа, бел омыртқа буындары қозғалған кезде, қалған мүшелер де бірден оңала бастайды. Сондықтан буын биі қимыл-қозғалысы азайған, соның салдарынан аяқ-қол буындары ауыратын қартаң кісілерге жақсы әсер етеді. Бойдағы қан айналымы жақсарып, құрыс-тырысы жазылады. Емделушілеріміз де мұны бірден байқады. Қызығушылар да көп. Қазір аптасына бес рет түстен кейін осы буын биімен сауықтыру үйірмесін жүргізіп отырмыз. Алдағы уақытта күнде ертеңгілік жаттығу ретінде де қолдану жағын ойластырудамыз.
Серік АХМЕТОВ, шипажайдың емдеу-шынықтыру инструкторы:
– «Қара жорға» секілді буын биі аяқ-қол, буыны ауыратындарға сауықтыру гимнастикасы секілді жақсы әсер етеді. Шалт қимылы жоқ, ырғақты би әсіресе тізені, қолдың білек, шынтақ буындарын, иық пен бұғананы, омыртқа буындарын жақсы қозғалысқа келтіреді. Сондықтан біз шипажайымызда емделушілерге осы буын биін дене шынықтырудың сауықтыру амалы ретінде қолдана бастадық. Бұл ретте әр адамның диагнозын, яғни кімге бел омыртқа, кімге аяқ-қол буындарын көбірек қимылдату керектігін ескеріп, би кезінде әркімге соған сай қимылдарды көбірек істетеміз. Емделушілер де мұны жақсы қабылдап жатыр. Емдеу-сауықтыру бағдарламасы ретінде қосқанымызға бір айдан асты. Соның өзінде көпшілік жұрт жалпы денсаулығында оң өзгерістер болып жатқанын айтып, ризашылықтарын білдіруде.
Айбын Бақытұлы
ҚАРА ЖОРҒА өнер ұжымының директоры ЖАМАЛИ ДИХАНҰЛЫНЫҢ орындауындағы би нұсқасы
Поделиться в соц. сетях
The Дертке дауа іздесеңіз, «Қара жорға» биін билеңіз by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.