Өміріміздің әр сәтінде, Баршамыздың Ойымызға да, Сөзімізге де, Ісімізге де ТӘҢІРІМІЗ разы болсын!
     Бүгін:   жыл
    
  • Азамат пікір-сайыс клубы
  • Бекжан Толыбай
  • Аршат Оразов
  • Өркен Кенжебек
  • Рахат Жақсыбай
  • Ербол Азанбеков
  • Кәмшат Тасболат
  • Ғалия Әженова
  • Жапониядан күнделік
  •  
     

    Ұлттық мүддеге негізделген Көші-Қон Заңы керек!!! (дөңгелек үстелден фото-видео репортаж)

    d184d0bed182d0be-d188d0b0d2a3d18bd180d0b0d29b-008

    Арнайы www.internetTV.kz үшін Болат Нәукенұлы. Қазақ Елі,3 қыркүйек 2010 жыл

    /
    Кеше,2010 жылдың 2 қыркүйек күні, Алматы қаласында «Жасылдар Руханият партиясының» мәжіліс залында «Қазақ көшінің бүгінгі мәселелері және оны шешудің жолдары» атты дөңгелек үстел болып өтті.
    Еліміз егемендік алғалы алыс-жуық шетелдердегі қандастарымыз өзінің тарихи отаны – Қазақстанға орала бастады. Қазірге дейін сырттан келген қандастарымыздың саны бір миллионға жетті. Десе де шетелде әлі де болса бес миллион қазақ отыр. Олай болса олардың бұдан кейінгі отанына оралу мәселесі қалай болады? Орала алмаған қандастарымызға Қазақ мемлекеті қай деңгейде рухани көмек көрсете алады? Отанына оралған қазақтар отанына не берді? Отаны оларға не берді? Көші-қон және шеттегі ағайынмен жұмыс істейтін құзырлы органдардың ісіне көңіл тола ма? Бүгінде қазақ көшінің тоқырай бастағаны туралы ақпарат құралдар жиі дабыл қағуда. Ендеше көшті қайта қозғау үшін саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер және жекелер бұл істі шешудің жолын қалай қарастыру керек? «Жасылдар Руханият партиясы» осы және басқа да күрмеуі күрделі мәселелерді шешу мақсатында алдағы жерде «Нұр Отан» партиясымен бірлікте партия аралық отырыстар ұйымдастырып, көптеген іс-шараларды қолға алуды ойластырып отыр. Осы реткі дөңгелек үстел мәжілісі де сол ізгі ойдың алғашқы бастамаларының бірі. Аталған шараға шетелден көшіп келген Қандастардың өкілдері, көші-қон және алыстағы ағайындар үшін жұмыс істейтін құзыретті органдар, әдебиетшілер мен ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты.
    Ұйымдастырушылар:
    Жасылдар Руханият партиясының Қазақ Диаспорасы комитеті
    «Жас қазақ үні» газеті
    «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі,
    «Отандас-ел» Республикалық қоғамдық бірлестігі.
    «Ұждан» пікір-сайыс клубы.

    Бейнесюжетті көру үшін төмендегі сілтемелерді басыңыз:
    С МАМБЕТАЛИН Оралмандар мәселесін жүйелі шешудің жолын, РУХАНИЯТ партиясы ұсынады
    ЖӘДИ ШӘКЕН Қоғамдық ұйымдардың ықпалымен, Көші Қон заңын дұрыстау керек
    РАХЫМ АЙЫПҰЛЫ Ұлттық мүддеге негізделген, Көші Қон заңы үшін күресейік
    МҰҚАН МАМЫТҚАНҰЛЫ Оралмандар,НАЗАРБАЕВТЫҢ келіңдер дегеніне сеніп,көшіп келген еді
    СЕРІК ҚАПШЫҚБАЕВ Бүгінгі Көші Қон мәселесі,қазақтың ұлттық саясатының өзегі

    КӨРШІ журналы редакторы Көші Қондағы ең күрделі мәселе,қытай қазақтарында
    Көші қон Басқармасының маманы, Оралман жастардың жағдайы жайлы
    Көші қон мәселесі жөнінде ЖАС ҚАЗАҚ газеті редакторы Ө Ақжігіттің нақты ұсынысы
    С МАМБЕТАЛИН Қазақ Елі,ұлттық болмысы бұзылмаған,қытайдағы қазақтарға зәру
    ТОҚТАСЫН ҚЫДЫРМОЛЛА Үкімет,1 млн қазақты көшірген,ҚАЗАҚ КУӘЛІГІН қалпына келтіруі тиіс
    Талапбек Тынысбекұлы Жаңа Заңда студент жастардың жағдайына ерекше мән берілсе
    Еларалық ШАЛҚАР газетінің редакторы Ж ӘПЕТОВА,көші қон Заңын талқылау үстінде

    СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙ Көші қонның әлсіреуіне, рухани азғындаған, Үкімет шенеуніктері кінәлі
    ОРАЗАҚЫН АСҚАР Көші қонға,бүгінгі Қазақстаннан,кешегі Кеңес үкіметінің ықыласы оң болған
    УАҚАП ҚЫДЫРХАНҰЛЫ Бүгінгі көші қон Заңының орындалуының, аты бар да,заты жоқ

    Қазақ ұлтына аса маңызды Көші қон Заңын талқылаудан бейнелі көріністер

    ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕН ФОТОКӨРІНІСТЕР: / / /

    СЛАЙД — ШОУ

    «ҚАЗАҚ КӨШІ және ҚАНДАСТАР» тақырыптағы БАҚ-ғы мақалалар:
    @@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@

    Хасан ОРАЛТАЙ:
    Ойыма ең бірінші елім, жерім оралады. 1945 жылдан бастап өмірім қашумен өтті. Ал 1946 жылы өмірім жақсырақ болды деп айта аламын. Ол уақытта Шығыс Түркістан Республикасы бар еді. Оның жеке туы, ақшасы бар еді. Президенті Әлихан Төре болатын. Сол кезде менің әкем бір ауданның әкімі болды. Бір күні ұйықтап жатсам, бір топ әскер қазақша марш айтып келе жатыр екен. Солардың арасында мен де жүретінмін. Ол кездері ораза ұстап, намаз оқитын едік. Содан 1947 жылы Шығыс Түркістан құлады. Сол себепті біз Совет одағы кезіндегі Қазақстанның дінсіздігін, «Алаш орда» көсемдеріне не істелінгенін білеміз. Орыстың астына түскенше, коммунист емес қытаймен келісуді дұрыс санадық. Бізге қарсы Марков, Лескен, Алинов деген орыстар соғысты.
    Ол бізден ұзақ еді. Біз Алтай бөктерінде болдық. Мен оны кітабымда жаздым. 1947-1948 жылдары Манас өзенінің Шығыс жағына қашып өттік. Шығыстан келе жатқан қытай коммунистері батыстан келе жатқан советтің ықпалын көріп, әкем марқұмдар жылжи-жылжи Шығыс Түркістанның орталығы Үрімжі тауына жақындады. Ол кезде мен он бес жастамын. Содан келесі жылында қытай коммунистері Шығыс Түркістанға басып кірді. Біз Такламакан шөлінен де өттік.
    Олардың бірі де оңай болмады ғой. Такламакан шөлін ойлап көріңіз. Су жоқ, түк жоқ. Мен жылқы айдайтынмын. Жылқылар қарны ашқанда адамның киімін иіскеп, жұлқылап жеуге тырысатын. Содан Гималай тауына да келдік. Ол жерде де қиын болды. Қар, боран, суық. Қайда болса да оңай болмады ғой.
    Алғашында 5-6 мың болып бардық. Солардан Түркияға жеткені 171 адам болды. Гималайда жағдай өте ауыр болды. Күннің суығы соншалықты жылынатын жер де болған жоқ. Содан мен қойдың арасына барып жаттым. Өйткені қақаған суық.
    Кейін мен дүние жүзіндегі бірқатар елдерді араладым. Әлгі бес жұлдызды қонақүй дейді, сондайлардың талайында жатып көрдім. Бірақ
    менің бір көзқарасым бар, ол қазақ қайда жүрсін, қандай жағдайда жүрсін, кім болсын Қазақстанның тәуелсіздігі үшін қызмет етуі керек. Совет одағы тағы бір елу жыл өмір сүрсе, қазақтың жағдайы қандай болар еді? Тәуелсіздікті қорғау керек, бекемдеу керек. Ол немен бекемделінеді? Ол тек ұлттық санамен бекемделінеді. Ал ұлттық сана-сезім ана тілімен келеді. Мысалы, 100 млн. арабтың ішінде 4-5 млн. еврей отыр. Олар қалай жан бағып отыр. Өйткені олардың сана-сезімдері күшті.
    Өкінетін дүниелер бар. Мен елімнен кетпес едім. Түріктердің бір қызық сөзі бар. Ауылынан қырық қадам шыққаннан кейін адам мүсәпір болады, пақыр болады дейді. Менің қазіргі жағдайым да жаман емес. Пенсиям да жаман емес. Далаға шықсам немісті көрем, түрікті көрем. Бірақ маған кеңесетін қазақ керек қой.
    »»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»

    Қалибек Хакім менің әкем екені рас, бірақ ол халықтың батыры
    @@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@
    (Егей теңізінің жағасында Хасан Оралтаймен әңгіме)

    Жаздың жанға жайлы күндерінде сапар сәті түсіп, Түркияның Станбул, Анкара, Измир қалаларында болып қайтқан едім. Осы орайда Измирдің Өздере деген жерінде жаздық демалыста жатқан Хасан Оралтай ағамызға арнайы сәлемдесе бардым. Жергілікті салт бойынша Егей теңізіне шомылуға ұсыныс еткен ағамыз әңгіме дүкенін қыздырып, көп сырларға қандырды. Сондағы әңгімеміздің біреуі биыл 100 жасқа толып отырған Қалибек Хакім жайында болып еді. Енді сол әңгімемен өздеріңізді ортақтастырудың орайы келіп отыр.
    Хасан аға, Қалибек Хакім жайында айтар болсақ, ол сізге әке болғанымен емес, Алаштың ардагері болғанымен танылған тұлға. Ең әуелі Қалибек Хакімнің өмірі жайында қысқаша айтып кетсеңіз екен?
    Қалибек Хакім 1908 жылы қазіргі Қытай мемлекеті құрамындағы Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Әкесінің аты – Райымбек, шешесінің аты – Жаңыл. 1935 жылы Еренқабырға бөктеріндегі Сауан жеріне барып қоныстанған. Қалибек Хакім сол жылдардан кейінгі елінің ұлт азаттығын алу үшін орыс пен қытайға қарсы соғысқан. Такламакан щөлінен өтіп, Гималай тауынан асып, Қытай қарулы күштерімен 7 рет кескілескен соғыс өткізіп, 1951 жылы 26 қыркүйек күні Үндістан шекарасынан өтіп, баспана алған. 1954 жылы 29 шілдеде Үндістаннан Түркияға барып қоныстанған. 1986 жылы 16 қарашада Түркияның Салиқылы қаласында қайтыс болған. Оның 77 жылдық өмір жолы туралы «Елім-айлап өткен өмір» деп аталатын бірінші басылымы 1999 жылы Түркияның Стамбул қаласында, екінші басылымы 2005 жылы Алматыда қазақ тілінде шыққан кітабымда егжей-тегжейлі баяндалған.
    Ұлтшылдың бірі зор ұлтшылдық жағынан үстем ұлттың өзін қорғауынан көрінетіндігін айтқаныңыз есімізде. Бұл жағынан Қалибек Хакімге баласы тұрғысынан емес, қазақ азаматы тұрғысынан қалай қарайсыз?
    – Иә, ұлтшылдықтың баршаға айқын екі түрі бар. Бірі ұлы держауа елдер деп аталатын мемлекеттер ұстанған шоуенистік ұлтшылдық. Екіншісі кіші-гірім мемлекеттердің қорғану ұлтшылдығы. Мәселен, кезіндегі патшалық ақ, кешегі кеңестік ресейдің және бұрынғы гоминдаңдық қытай мен қазіргі коммунистік партия әкімшілігі астындағы қазақ сияқты шағын халықтарға қолданған саясаты шоуенистік ұлтшылдық саясат. Олардың бұрынғы, соңғы, қазіргі басшылары нағыз ұлтшылдар. Сондықтан олар өздерін ұлы орыс халқы, ұлы хан халқы деп дәріптей отырып, әкімшілдік билігі астындағы шағын халықтарды орыстастыру, қытайластыру саясатын өзгертпей жалғастырады. Ал сол елдердің отаршылдық әкімшілігі атындағы қазақтар секілді шағын халықтар, ана тілінен, ұлттық ерекшеліктерімен туған жерінен жұрдай болып түбегейлі түрде ассимиляцияланбау үшін тырысады. Оны әкімшілік етуші жаңағы ұлы держауа мемлекеттер жағының санасыз сойып соғарлары ұнатпайды. Сол үшін кезінде Мәскеулік және Алматылық «Правда» газеттері мен Пекиндік «Рынмын Рыбау» газеттері Қалибек Хакімді ұлтшыл, пантүрікшіл деп шабуылдаған болатын.
    Қалибек Хакім өз ұлтына не істеп берді немесе ұрпаққа қандай ұлағатымен танылды?
    Отаршылдық әкімшілік астында арпалыспен өткен Қалибек Хакім өз ұлты үшін істеуді армандаған істерінің көбін жүзеге асыра алған жоқ. Оның ізіне түскен орыс-қытай әскерлерімен соғыса отырып, бір бөлім елді бастап Манас-Сауаннан шығып, Қаратау-Көклікті басыл, Такламакан шөлінен өтіп, Түркияға барып қоныстанып, жеті рет қажыға баруы шынында оңай кешірме емес. Әсіресе, халықтың түп мүддесіне, ұлтының болашағына көлеңке түсіретін немесе оны құртып жоғалтуға ұрынған зор ұлтшылдыққа, зұлымдыққа қарсы тұра білді. Коммунистік жүйенің тұзақтарын баспай, елінің ертеңіне нұрлы жарық іздеді. Ұлттың ұжданын, елінің намысын жат табанға бастырмау жолында күресті. Оның бәрін қазір бірден айтып беру мүмкін емес. оның кейбір деректері менің «Елім-айлап өткен өмір» атты естелігімде бар.
    Бүгінгі қазақтарға не жетіспейді, біз оның бостығын немен толықтырамыз?
    Аллаға шүкір, бүгінгі қазақтарда кешегімен салыстырғанда бәрі бар. Жетіспей, толықтанбай тұрған, бүгінгі отаршылдық езгі, ауыр зұлымат зомбылық қалыптастырған жасқаншақтық пен ұлттық сана-сезімнің аздығы. Оны толықтауға тырысатын шаралар бар. Оның ең бастысы қазақ жастарының Мағжан Жұмабаев армандаған «Мен жастарға сенемін» дегеніндей жастарды тәрбиелеп жетістіруге мықтап кірісуі дер едім.
    Қалибек Хакім жайында жазылған қандай еңбектер бар?
    Түрлі тілде жазылған бірқатар кітаптар баршылық. (бір бөлімін www. AlibekHakim.com; Kazakhaber.com сайттарынан көруге болады.) Шетел басылымдарын айтпаған күннің өзінде қазақ тілінде шыққан «Қилы заман, қилы күндер» (2000 ж. Алматы), «Алтайдан ауған ел» (2000 ж. Алматы), «Елім-айлап өткен өмір» (2005 ж. Алматы), «Қытайдағы қазақтар», Ж.Сәмитұлы «Сергелдең» (2004 ж.) «Қытайдағы қазақтар» (Ж.Шәкенұлы), «Оспан батыр» (2007 ж.) кітаптарында Қалибек Хакімнің іс-қимылдары немесе өмірдерегі секілді мағлұматтар бар.
    Бұдан сырт Қазақстандық басылымдардан «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан », «Жас қазақ», «Шалқар», «Парасат», «Білім және еңбек» секілді газет-журналдар әр түрлі мақалалар жариялап келеді.
    2008 жылы Қалибек Хакімнің туғанына 100 жыл толыпты. Мерейтойдың аталу шаралы қалай болып жатыр?
    Қалибек Хакімнің менің әкем екені рас, бірақ ол халықтың батыры ғой. Осы тұрғыдан алғанда мен «әкемнің мерейтойын неге атамайсыңдар» деп жүгіріп жүрсем, ол халыққа деген, ел басқаруға араласып жүрген азаматтарға деген сенімнің аздығы болар еді. Десе де, Аллаға шүкір, Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған, Бекболат Тілеухан, Ерден Қажыбек, Талғат Мамашев секілді елдің мұң-зарын жақтап, ұлттық рухты көтеруге ұмтылып жүрген азаматтар бұл мәселені көтеріп жатқанын естіп қуанып жатырмын. Осыған қарағанда «Елім-айлап» өткен Қалибек Хакімнің жоқтаушылары да бар сияқты. Ұлттың ұжданды ұлдары етігімен су емес, қан кешіп елі үшін күрескен ерлерге жоқшы болып, ертеңгі ұрпаққа ұлт рухының асыл қасиеттерін жеткізіп жатса неге қуанбасқа?!
    Осыған қарағанда қазақ елінің қасиетті қара шаңырағында бір үлкен тойдың күтіп тұрғаны жасырын емес.
    Әңгімеңізге рахмет, елі үшін күрескен ерлердің рухы жасай берсін!

    Әңгімелескен: Жәди Шәкенұлы
    »»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»

    ҚАШҚЫН ҚАЗАҚТЫҢ УӘЖІ
    @@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@
    Тойып қашқан жоқ, тоңдырып қашырды

    Шетелдегі қазақтар жайында сөз бола қалса өзін отаншыл, ұлтшыл көрсеткісі келетін кей азаматтарымыз: «Олар отанның басына қиын күн туғанда қашып кеткендер» деп суық бауырлық көрсетеді. Олардың ойынша, шет ел асқан қазақтың «Малды айдап, қашып кеткен» ұлтандысы Қытай мен Моңғолия қазақтары екен. Ендеше сол қашқын қазақтың біреуі менмін.
    Ең бірінші айтарымыз қазіргі Қытай қазақтары мен Моңғол қазақтарының барлығы қашып кеткендер емес. Жоңғарлар жеңілген соң қазақтар 1760-1770 жылдардан бастап Алтай, Тарбағатай, Іле өңірлеріне қоныстана бастаған. Одан ары асқан бір бөлімі бүгінгі Баян-Өлгей, Қобда өңіріне барды. 1830 жылдарға келгенде Қытай қазақтары, 1880 жылдарға келгенде Моңғолия қазақтары негізінен атажұртына орнығып болған.
    Ал өз бауырларын шеттетіп жаулық пиғыл танытқандардың айтып отырғаны 1928-жылы тәркілеуде қашып барғандар. Онда да қашып барғандар тұрманы түгел барғаны жоқ. Қылышынан қан тамған Кеңес қызыл өкіметі байларды тәркіледі дегеннен көрі елдің сорпа бетіне шығарларын мерзімге бөліп қырғындады деген оң. Сол қырғында біреу малынан айырылды, біреуі жағынан айырылды, біреу атасынан айырылды, біреу ботасынан айырылды.
    Қазақтың қаншама боздақтары орыс солдаттары жағынан атып өлтірілді. Қаншасы қолды болып жер аударды. Кеткені келмеді, өшкені жанбады. Міне, осындай жан түршігерлік қырғын мен қудалауды мәймөңкелеген Кеңес қызыл империясы қалған халыққа соның бәрі «Қашып кетті» немесе «Мал айдап кетті» деп кері үгіт жүргізді.
    Қазақтың өз ішінен шолақ белсенділерді тауып, қазақты қазаққа салды. (Мұндай қасірет «Аманай мен Заманай» фильмінде де жақсы көрініс тапқан). Міне, осындай ауыр жағдайда талай адам қашып жан сауғалауға мәжбүр болды. Қашпағаны қырылды. Бір мысал айтсақ, 1931 жылы қазанда Шәкәрім қажыны өз қыстауында атып өлтірді. Баласы Зият , немере інісі Бердеш Әзімбайұлы, Төлеуқазы қатарлылар қашып Қытайға өтті. Олар «Мал айдап» өтпек түгілі жанын әзер алып өтті.
    Шын мәнінде жанын да аман сақтай алмады. Сол Зият Шәкәрімұлын 1938 жылы Қытай жағы қолға алып (әрине, Кеңес Одағының тапсырмасымен) із-түзсіз жоғалтты. Жалғыз Зият қана емес, ілгерінді кейінді Кеңестер Одағына оқ атқан әр пенденің сары ізіне шөп салып, 1938, 1939, 1940 жылдары арт-артынан қолға алды, қырғындады. Бұл үрдіс Моңғол жерінде жалғасын тапты. Ал, одан аман қалғандарын 1928 жылғы Кеңестік тәркілеудің көшірмесін 1958 жылы қайталаған Қытай жағы тағы да тозақтың отына күйдірді.
    Ал, «мал айдап» әкеткен дегенге келсек, 1928 жылы тәркілеуден 5-10 жыл ілгері қамданғандардың бір бөлігі ғана малмен аман өткен. Ал, 1928 жылғы тәргілеу тұсында көбі малын не кеңестік өкіметтің не шекара бұзу барысында солдаттардың қолында қалдырған.
    Бес қаруы сақадай сай, қызыл өрттей жалаңдаған қызыл өкімет «аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» деп, жар салып жүріп қалың малды айдатып қойып қарап отыра ма?! «Малым — жанымның садағасы» деп қара басын аман алып өткеніне тәубе қылған талай қазақ туған жер өскен ортасынан қанды жасын төгіп амалсыз айрылды.

    Қайта сол байлардың көп сандысының жері мен малы Кеңестік өкіметтік қазанында қалды. Қазынадағы бар малды халыққа бермей қолдан жасалған аштыққа байларды кінәлау жетесіне жеткізіп тәрбиелеген коммунистердің мықтылығы ма, әлде өз бауырын құрбандыққа шалуға асыққан ағалардың алапестігі ме, кім білсін!
    Керісінше, Кеңестер дәуірінде Социалистік Қазақстанның мал басының барынша өскені сол байлардан қалған дәулет емес пе еді!?

    Аламын деп келген жоқ, беремін деп келді

    Білім іздеп жаһан кезген әбу-Насыр-әл-Фарабиді, жат елге барып сұлтан болған Бейбарысты, қазақ әдебиеті мен өнеріне бір кісідей үлес қосқан Жүсіпбек Шайқысламұлын, Асет Найманбайұлын «қашқын» деп қалай кінәларсың, олардың қазаққа берген байлығы жаңағы байлардың «қарызынан» әлденеше есе артық емес пе.
    Күні кеше өткен Мұстафа Шоқай, Мұстафа Өзтүрік есімдерін қалай ұмытарсың?! 1956-1962 жылдары Қытайдан көшіп келгендер мен 1991-жылдан бері қарай алыс-жақыннан ата-мекеніне ағылған азаматтардан да біраз есімдерді атайықшы: Халифа Алтай, Жағда Бабалық, Хасен Оралтай, Дәлелхан Жаналтай, Уақап Қыдырхан, Қаржаубай Сартқожа, Қабдеш Жұмаділов, Оразақын Асқар, Жәркен Бөдеш, Марфуға Айтхожина, Нүкеш Бәдіғұл, Кеңесжан Шалқар, Зұфар Сейітжан, Қабидаш Қалиясқар, Оразанбай Егеубай, Тұрсынәлі Ырыскелді, Серік Қапшықбай, Қажытай Ілияс, Несіпбек Айтұлы, Айтан Нүсіпхан, Әлімғазы Дәулетхан, Секен Тұрысбек, Майра Ілияс, Сейітхан Әбілқасым, Зардыхан Қинаят, Жақсылық Сәмит, Зейнолла Сәнік, Жәмлиқа Шал, Аятхан Тұрысбек, Қабыкеш Әбікей, Мұртаза Бұлұтай, Майра Мұхаммед, Шұғыла Сапарғали, Шаба Әденқұл, Құрманбек Әлімғазы, Риза Қайырбай, Тілеубек Қожан, Ермұрат Зейіпхан, Тұрсынхан Закен, Дукен Мәсімхан, Нәбижан Мұхамедхан, Армиябек Сағындық, Уатхан Сәйфіл, Жасан Зекей, Досан Баймолда, Керім Елемес, Дәулетбек Байтұрсын, Алмас Ахметбек, Ғалым Қалибек, Ақеділ Тойшан, Бекқожа Жылқыбек, Қайрат Бодаухан, Есенгүл Кәп, Бақытбек Бәміш, Қайрат Құлмұхамед, Дәулеткерей Кәп, Абай Мауқара, Бекен Қайрат, Дағжан Белдеубай, Бабақұмар Қинаят, Нәпіл Базылхан, Сағынтай Сұңғатай, Бекқожа Жылқыбек, Мұрат Шаймаран, Еркін Ерген, Досымбек Қатыран… санай берсек сан жетпейді.
    Егер осының барлығын «байлардың ұрпағы» деп, «қашқын» деп еттен безді сылығандай алып тастасақ қазақ мәдениетінің қаншама орны бос қалар еді. Демек, жоғарыдағылардан шеттен келген қазақтар нені аламыз деп емес, нені береміз деп жаны мен тәнін, ет жүректен шыққан өнерін қазақ отанына бағыштап жатқанын байқаймыз.
    Ал «қашып кеткендер» деушілердің ойынша болғанда қазақ баяғыда ата-мекенін тастап Сыр бойына ауғанша Жоңғардың қолында қырылып қалса жөн бе еді?!
    Ал қудалауға түсетіндер қай кезде де биліктің көзіне тікендей қадалатын білімділер, оқымыстылар болған. Қазақ қай кездерде де бір атадан қалған жалғыз тұяқтың өзін таса жерде өсіріп кейіннен еліне табыстап отырған. Абылайханның өз басынанда сондай бір оқиғалардың өткенін білеміз. Олай болса, «Сендер қашқанша неге қырылып қалмадыңдар» деу ешқашан ет-жүректі пенденің айтары емес еді.
    Егемен еліміздің іргесі бүтін, керегесі кең болуы үшін әрине, бар қазақ бір қазақтың баласымыз дейтін бауырмалдығымыз болғанда ғана текті ұлт екенімізді танытар едік. Ел ішіне іріткі тастап, алтыбақан алауыздықпен қазақты қазаққа жау көрсетсек нағыз масқара болмаймыз ба?
    Жер бетіндегі өркениетті ұлт ретінде өсіп-өнуіміз үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын кез жеткелі қашан!?. Онсызда бізді жұта салғысы келіп отырған аждаһалар берекесіздігімізді пайдаланып бір-бірден-ақ таусағысы келіп отырған жоқ па?!
    Қазақтар, ойланыңдаршы, айналайын, аға-бауырым! Жер бетінде жетімдік көріп қырық неше елге тентіреп кеткен бауырларымыздың басынан сипап, маңдайынан сүйсек, Алла тағала да бізді дәл солай сүйетіндігінде күмән жоқ, иллаһи, солай болғай!

    Ж.Шәкен
    »»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»’

    Қытайдағы қазақтар: Көшіп келудің машақаты
    @@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@@

    Қытай жағы таратып отырған мәліметтерге сенсек, Қытай жерінде бір миллион бес жүз мыңға тарта қазақ тұрады. Бұл арада Қытайдағы әр жылғы мәліметтерге сүйенсек, 1949 жылы, яғни коммунистік Қытай қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған кезеңде онда 443700 қазақ болған. Бұл сан әр жылы шамамен 20 мыңдық қарқынмен өсіп отырған. 1960 жылға келгенде қазақтардың саны 541600-ге жеткен. Осыдан екі жылдан кейін, атап айтқанда 1962 жылға келгенде қазақтардың саны 487400-ге құлдыраған. Демек, екі жылдық туу санын қосқанда 100 мың адамның кемігені жасырын емес. Бұл 1962-жылғы ұлы көш және көштен кейінгі қолдан жасалған аштықтың салдарынан екені айдан анық. Осыдан кейінгі жылдарғы өсу салыстырмасы кей жылы 20 мың, кей жылы 30 мыңдық қарқынмен артып отырған. Сөйтіп, 1990 жылға келгенде ондағы қазақтардың саны бір миллион екі жүз мыңға жеткен. Бір қызығы, осыдан кейінгі мәліметтер аса айқын емес. Әсіресе, 1995 жылдан 2007 жылға дейінгі мезгілдегі өсу салыстырмасы айқын көрсетілмеген. Бір миллион екі жүз мың халықтың әр жылғы өсу салыстырмасы бойынша қарасақ, 1990 жылдан 2007 жылға дейінгі 17 жылда кемінде 500 мың адам қосылады екен. Сонда Қытайда кем дегенде 1 миллион 700 мың қазақ тұрады деген сөз. Демек, бұл ресми емес деректердегі Қытайда екі миллион қазақ тұрады дегенді теріске шығармайды.

    ҚЫТАЙ ҚАЗАҚСТАРЫНЫҢ САЯСИ-ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ

    Қытай елінің қазақ секілді аз санды ұлттарға ұстанған саясатында автономия түзімі бар. Ол мемлекеттік зандарға да енген. Іле, Алтай, Тарбағатай өңірін құрамына алған Іле қазақ автономиялы облысы атты әкімшілік орган бар. Бұдан басқа Шынжаң жерінде Мори қазақ автономиялы ауданы, Баркөл қазақ автономиялы ауданы, Шынжаңмен көршілес Гансу өлкесі қарамағындағы Ақсай қазақ автономиялы ауданы бар. Шындыққа жүгінер болсақ, автономия саясаты 1954 жылдан бастап атқарылып, 1980 жылдарға дейін бір-шама сақталғанымен қазіргі кезде ауыз жүзінде ғана айтылады. Тіл, жазу, мектеп, университет жағдайында ешқандай автономиялық жоқ. Жергілікті үкімет органдарында қазақтар бірінші бастық түрінде тағайындалғанымен партия басшысы аталатын қызыл мөрдің иесі барлық тізгін-шылбырды өз қолына алған. Мемлекеттік құзырлы органдар түгелдей қытай тілінде құжат жазып, қытай тілінде жиналыс жүргізеді.
    Қытайдағы қазақтардың қоныстанған жерлері — Тәңір тауының (Тянь-Шань) солтүстігіндегі Еренқабырға, Алтай, Тарбағатай таулары, Іле өңірі секілді аса көркем жерлер. Онда Іле, Ертіс өзендері Қанас, Үліңгір, Сайрам көлдері бар. Жалпы Қазақ жері асқар таулармен асау өзендерден құралған көз сүріндіретін көркем аймақ.
    Мейлі Қытай жазбалары, мейлі басқа тарихшылардың жазба деректеріне үңілгенде аталған жерлер ежелден қазақ ұлтын құраған ұлыстардың мекені болған. Біздің заманымыздан бұрынғы І-ІІ-Ш ғасырларда өмір сүрген Сақтар, Үйсіндер, Ғұндар мекендеген осы байтақ далада бір мезет Батыс Түріктер, Түркештер, Қарлұқтар ілгерінді-кейінді хандықтар құрған. Хандықтар құрамындағы Қаңлы, Үйсін, Алан, Дулат, Түркеш, Қарлұқ, Оғыз тайпалары, көне көк түріктерді құраған Найман, Керей, Жалайыр, Қоңырат, Меркіт, Уақ тайпалары қазіргі Моңғолия жерінен Іле, Ертіс өзендері аралығына дейінгі бай даланы мекен еткен. Тек Шыңғыс хан заманына келгенде тозғын күй кешумен бірге бір-тіндеп қазақ ұлтын қалыптастырған.
    Ендеше, Қытай қазақтары қоныстанған жерлер ежелден олардың атамекені, қасиетті күл төгері екені шын. Бүгінгі бәз біреулердің айтқанындай ондағы қазақтар ешқандай «қашып» барғандар емес, зұлмат жылдардың қанды қасіретінен шекара атанған қызыл сызықты олай-бұлай кесіп өтуіне себеп болған замана қылмысының құрбандары.
    Олай болса, бүгінгі күнде ондағы қазақтардың сол сүйікті мекенін тастап, Отанына — қасиетті қазақ шаңырағына көшуіне не себеп болды?
    Ең басты себеп, ұлттық мүдде мен әлгінде айтқан автономия саясаты аяқасты етілді. Дінінен, тілінен айырылудың қатеріне ұшырады. Екінші себеп, жан санының артуымен жердің тарылуы.

    ҚЫТАЙЛАРДЫҢ БАТЫСТЫ ИГЕРУ САЯСАТЫ

    Қытай жеріндегі қазақтар қоныстанған өңірге Қытай ұлтының кіру тарихы онша ұзақ емес. Нақты айтқанда, саяхаттап немесе қонақтап келіп-кетушілерді айтпағанда, ресми қоныстануы 1800 жылдардан бастау алады. 1867 жылы көтерілістен жеңілген Қытай армиясы Тарбағатай, Алтай өңіріне алғаш қадам аттап, бір бөлімі сонда қалған. Оларды қазақтар бастабында «қызыл аяқтар» деп қабылдаса соңынан «құржалықтар» деп еркелетін, өздеріне сіңіріп әкеткен. Ал онан кейін 1930-1940 жылдар ішінде Гоминдаң партиясы аталатын қара қытайлар кірсе, 1949 жылдан бастап қызыл қытайларға есік ашылды. Сөйтіп, ендігі жерде қытай ұлты қазақтар мекендеген өңірлерде олармен қоныстас, көршілес бола бастады.
    Қытайдағы қазақтардың көбі егін салып, мал бағумен айналысады. Ондағы жер саясаты біздікінен жақсы. Анықтап айтқанда, жер иелігі жекенің мүддесіне емес мемлекеттің пайдасына шешілген. Оны жекелерге беру-бермеу мәселесін үкіметтік органдар шешеді. Жерді түбегейлі сатып бермейді, 5-10 жылға кысқа мерзімдік жалға алуға болады. Бұл саясат сырттан ағылып кірген қытайларға (өз сөздерімен айтқанда ішкергі өлкелерден Шынжаңға келген халық жұмыскерлеріне) аса тиімді, ежелден сол жерді пайдаланып келген қазақтарға тиімсіз. Екінің бірінде «Жер мемлекеттікі» деген дөң айбатпен мемлекеттік ұлтқа енші бөлуге жомарттық көрсетуге дайын тұрады.
    Жақын жылдардан бергі қазақтардың жайлаулық жерлерін әртүрлі сылтаулармен тартып алып жатқаны да соның бір дәлелі.
    Бұл арада Қытайдағы жағдай мұншама ауыр болғанда ондағылар неге түп қопарыла көшпейді? — деген сауал тууы да мүмкін.
    Қытай саясаты барынша жіңішке жолмен атқарылады. Ешқашан айғай немесе қатыгез бұйрық түрінде емес, қанжарын балға орағандай жұмсақтық ұстану олардың ата дәстүрі. Сол үшін де олар рухани дүниені, ақпаратты, мәдениет, өнер жағын барынша мықты ұстайды. Біз Қазақстанда отырып қазақшаға жарымай жүргенде ондағы қазақтар екі қазақша теле-арнаны көреді. Қазақ радиосы тәулігіне 18 сағат қазақша сайрайды. Ахмет Байтұрсынұлы жазуы үлгісіндегі төте жазумен шығатын жиырмаға жуық газет-журналы бар. Мемлекет қызметкерлері күніне 8 сағат, аптасына 5 күн жұмыс істейді. Артық істесе үстеме ақы алады. Зейнетке шықса еңбек ақысы толығымен беріледі. Жұмыс орындары үймен қамдауға, несие алуға жәрдемдеседі, азық-түлік, киім-кешек барынша арзан. Осындай тиімділіктері жағынан тұрмыс-тіршілігін ойлағандар жылы орнын суытқысы келмейді. Ал кеткісі келген кедейлердің қолында не төлқұжаты жоқ, не ақшасы жоқ, төлқұжат жасату үшін табанынан таусылып шаршайды, қалтасы қағылып дәрмені құриды.
    Бір ғажабы, барлық шетелде азаматтық куәлікпен қоса шетке шығу төлқұжатын берсе де, Қытайда олай емес. Әсіресе, қазақ сынды аз санды ұлт өкілдеріне келгенде «ананы әкел, мынаны әкел» деген әуресі таусылмайды. Төлқұжат алып туысшылап келу үшін кемінде 2-3 ай уақыт өтеді. Көшіп келуге бірнеше жыл керек.
    Қырық тесіктен өтіп қолына төлқұжат тигеннен кейін виза аламыз деп әлденеше ай сарпалдаңға түседі, кезекке тұрып кенезесі кебеді. Кеденге келгенде кедергісіз өте алмайды. Сөйтіп «арық атқа қамшы ауыр» дегендей керуеннің бұйдасы үзілерге жетеді. Онсызда Қазақстан мен Қытай арасында көші-қон, еңбек шартымен, білім алу жолымен дейтін ешқандай мемлекеттік келісімшарт жоқ.
    Ал, ондағы жағдайы жақсы қытаймен құшақтасып күн көріп отырған қазаққа ақы берсеңіз де келмейді. Баласын қытайша оқытып, қытайша тәрбиелейді. Біздің 70 жыл орысты құдайдай көргеніміздей қытай ұлтын ғана мәдениеттің көкесі санау — ондағы ұрпақ санасына ұялай бастаған ең ауыр індет.

    ҚЫТАЙ МЕН ҚАЗАҚСТАН ҚАРЫМ ҚАТЫНАСЫ

    Бүгінгі күні Қазақ — Қытай мемлекеттерінің аталмыш достығына қарағанда, Қытай жағы Қазақстан мүддесіне жат әрекетке бармайды.
    Қытай мүддесіне жат қылық көрсе оған бірлікте қарсы тұрады. Сол үшін де Қазақстан жағы Қытайдағы Шынжаң өлкесін «Шығыс Түркістан » деп айтуға аузы бармайды. Ол түгілі Қытайдағы ежелгі Қазақ жерін қазақтікі деуге де қорқамыз.
    Ал, қытайлар ше?… Мақұлға жауап жоқ дегенді басты назарында ұстанған олар алдымен тісінің ағын сыйлап жылы сөйлеуге бейім тұрады. Және де жаулыққа асықпайды. «Қырық жылда қайтқан кек — тез қайтқан кек» дегенді сол үшін айтады. Оқулықтарында Зайсан Балқашты өз ішіне алып, Ыстық көлге дейінгі 440 мың шаршы шақырымды «Өзіміздің жер» деп белгілеп, күні бүгінге дейін ұрпағының санасына құюы — соның бір айғағы. Ал біздің саясаткерлер мен дипломаттарымыз: «Қытаймен алты алас бес бересіміз жоқ, екі ел басшысы шекара келісімін жасасқан, ол біздің дос көршіміз» деп өз-өзін жұбатады.

    ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӨШІ — ҚОН САЯСАТЫ

    Қазіргі Қытай, Ресей, Өзбекстан жеріндегі біраз жердің ежелден қазақ жұрты екенін ескерсек олар ешқайда оралып отырған жоқ. Қайта өзінің ата жұртында отырып-ақ қуғын-сүргінге ұшырауда. Туған жер, өскен өлкесін тастап босқындық күй кешуде. Әсіресе, Қытай территориясындағы Іле, Алтай, Тарбағатай өңірі атам заманнан қазақ жері. Тек шекара аталатын қызыл сызықтың арғы-бергі жағын паналатқан зұлмат жылдар оларды тағдырдың тәлкегіне ұшыратып отыр. Өткен күндерге лағнет айтпай-ақ бүгінімізге назар бұрсақ ел тізгінін ұстаған есті азаматтардың өзі: «Оралмандар — кеше отанын сатқан қашқындар, опасыздар» немесе «Құлдыққа үйренген бодандар» — деген бейбастық сөздерге барды. Сөйтіп, тентіреп келген қандастардың хал-күйіне үңілуден көрі олардың тырнақ астынан кір іздейтін үрке қарау сезімі туа бастады.
    1990 жылдардан басталған көш жағдайына келер болсақ, ең алғашқы көшке мұрындық болғандар студент жастар мен зиялы қауым өкілдері болды. Қазақ-қытай байланысының 1989 жылдан басталған оң қадамы екі арадағы тоңды жібітіп, көне сүрлеуді жаңалады. 1991 жылғы тәуелсіздік ондағы қазақтардың арманына қанат бітірді. Сол жылдан бастап әртүрлі себептермен келе бастады. 1993 жылға келгенде Жақсылық Сәмитұлы бастаған бір топ зиялы қауым өкілдерінің келуі ондағы қазактар санасына жаңа жол ашты.
    1991-1992 жылдан басталған көш қазірге дейін жалғасып келе жатыр, десек те соңғы жылдардағы аяқ алысымыздың баяулығы жасырын емес.
    Қазақстан — Қытай екі ел арасында мемлекетаралық ешқандай көші-қон және білім алмасу шартының болмауына байланысты көптеген қиындықтар туып отыр.
    Атап айтқанда, Қытайдан Қазақстанға көшіп келуде Қытай жағының қырық тесіктен өткізетін «қиямет» жағдайын айтпаған күннің өзінде Қазақстан жағының кедергісі де аз емес.
    Оның бастыларына тоқталар болсақ, сыртқы істер, ішкі істер, кеден комитеті және көшіп келу квотасына енгізу жағдайы төңірегінде біраз мәселелердің сақталып отырғанын ашық айтуымыз керек.
    Сыртқы істер министрлігінің құзырына бағынышты болған Қытайдың Бейжің қаласындағы консулдық басқармасының Шынжандағы іс басқару орны — Үрімжідегі бөлімшесінің қазақтардың виза мәселесін күні бүгінге дейінгі түбегейлі шешілуі өкініштің бастауы болый отыр. Бұл мәселе газет, теледидар бетінде біраз әңгімеге мұрындық болып, аяғы «шешілді» деген жеңіл жауаппен тәмамдалған еді. Жақында ғана Қытай жағынан келіп түскен мәліметтерге қарағанда, қандастарымыздың виза мәселесі әлі де «кезек күтуден» құтылмаған түрі бар. Шынжаңның жер-жерінен, алыс аймақта тұратындар бір мың километрден астам жол басып Үрімжіге келіп, тез болғанда екі апта, әйтпесе айлап жатады екен. Бұрын жылдап жүріп виза ашқызғандар қазіргісіне тәубамен қарайтын көрінеді. Ал, қалтасы тоқ пысықайлар немесе үкіметтік орган жағалаған зиялы қауым өкілдері өз жұмыстары тез бітіп жатқандықтан өзгелермен санаса бермейді. Қашанда зардап шегушілер, қара халыктан шығады.
    Екінші кедергі, кеденде кезігеді. Қытай-Қазақстан арасындағы сауда-саттық істерінің дамуына байланысты, кеденшілер көп жағдайда көш қайсы, тауар қайсы — осыны айыра алмай, кінәсіздерді шырылдатып жатады. Бармақ басты, көз қысты, жең ұшынан жалғасқан ұсақ жемқорлық көш үшін емес, саудагерлер үшін жұмыс істейді. Сол себепті де көш көлігінің шекара қамалып қалуы жиі жүз береді екен.
    Мейлі көшіп келуші болсын, мейлі жеке сапармен келушілер болсын тағы бір қиындықты ішкі істер органынан көреді. Тіркеу және виза ашудағы құжат бастылық пен басқа да қиындықтар салдарынан екінің бірінде жолынан қалып жататындар жиі ұшырайды. Көп жағдайда тұрақты тіркеу немесе үй кітабы сұралады. Ел мен жердің жағдайына қанық емес, жаңадан келушілер бірден үй кітабын таппайды. Сөйтіп, жолаушыларымыз ішкі істер басқармасының көші-қон полициясы төңірегінен делдалдар іздеуге мәжбүр. Олардың «сауда» үшін кесімді бағасы бар. Қазақтар зар илеп тентіреп жүргенде доллар санаған қытай және басқа да ұлт өкілдері өз жұмыстарын оп-оңай бітіріп алады.
    Үшінші кедергі, Көші-қон комитеті және оның оралмандарға бөлетін квотасы төңірегінен кезігеді.
    Қытай жағында бір жарым миллион қандастарымыздың отырғаны ешкімге күдіксіз мәселе. Ал осы бір жарым миллион адамға жылына 1065 отбасылық квота ғана беру жүннің арасына тары шашқандай іс. Бұл сан ондағы қандастардың көші-қон мәселесіне ешқандай оң өзгеріс әкеле алмайтыны бәрімізге аян. Осымен бірге 2007 жылдың 29-қыркүйегіндегі Үкіметтің №858 қаулысымен бекітілгең «Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу ережесі» де ондағы қандастардың бүгінгі тағдырына түбірінен үйлеспейді.
    Анығын айтар болсақ, «мамандығы мен біліктілігінің болуы, білім деңгейі және кәмелетке толмаған балаларының саны» деген өлшемдер Қытай қазақтарының мүддесіне қарама-қарсы қойылғандай көрінеді.
    Себебі, Қытай қазақтарындағы зиялы қауым өкілдері негізінен келіп болды деп айтуға болады. Ал келмекші болған ендігі бір бөлім зиялы қауым өкілдері алдыңғылардың ауыр халін көріп тоқырап қалды. Мұнда келген қарттардың зейнетақыға қол жеткізе алмауының өзі талай жанның ертеңгі үмітіне көлеңке түсірді.
    Бұл елге қарағанда Қытай елінің зиялы қауымға жасайтын көмегі әлдеқайда жақсы. Зейнетақысының өзі еңбекақы деңгейін сақтайды. Демек, алдыңғы докторлардың ала дорба көтеріп базарда жүргенін көрген олар ендігі жерде жылы орнын суытқысы келмейді. Келгісі келетіндер қолында көк тиыны жоқтар немесе дипломы жоқ егінші, малшы қауымы. Сонда «ереже» қараша қауым үшін қызмет етпейтін болғаны ма?
    Қытайда төрттен көп балалы болу дегеніңіз жоғалғанына жиырма жылға тартты. Олардың «Жоспарлы туу» саясаты ондайға жол бермейді. 1990 жылдан кейін үйленгендер дерлік 2-3 баламен шектелген. Ендеше «төрт балаға — 5 балл, көп балаға — 10 балл» — деу олар үшін айтылмаған тәрізді.
    Тағы бір айта кетерлік жағдай, мұнда келгеннен кейінгі жергілікті әкімшілік органдардың оралмандарға қаратқан көзқарастары да әртүрлі. Кейбір әкімдер оралмандарға құшағын ашып, оларға жер телімдерін сыйлап шама шарқынша көмегін тигізіп отырса, кейбіреуі жау көргендей үрке қарайды. Айталық, Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Ақсеңгір ауылындағы 200-ге тарта оралман отбасы аудан әкімі мен ауыл әкімінің есігін тоздырып егістік жер ала алмай жүргеніне үш-төрт жылдан асқанын өз көзіммен көрдім.
    Қытайдан келген оралмандардың екеуінің бірінің айтары жер. Мұндағы себептердің бірі, Қытай қыспағында жүріп, жер тапшылығын көруінен десек, екінші себеп жер емшегін еміп, адал жолмен нанын тауып жеудің қамы. Сондыктан да олар ең әуелі үй салатын орын іздейді. Онан соң егістік жер сұрайды. Үшінші, малына жайылымдық қарастырады. Егер Қытай қазақтарына: «Сендерге беретін бір тиын ақшамыз жоқ, үй салатын жер, егістік пен жайылым берейік» десе олар қуана келісер еді. Қуана келіскені былай тұрсын аз жылда-ақ шаруашылығын дөңгелетіп, әлгі жерді гүлдендіріп отырғанын көрер едіңіз. Демек, олардың бойында қытайлардан үйренген еңбекшілдік рухы басым. Әсіресе, жер жағдайында тіптен солай.
    Бұдан туатын ой, біздің бейімделу орталықтарымыз немесе көші-қон басқармаларымен жергілікті әкімдер олардың қажетсінуіне қарай өмір сүру ортасын жасап берсе тіршілігін жандандырудың тізгінін өз қолдарына алар еді. Неміс пен орыстың өз қандастарын жинау тәжірибесі бізге көп нәрсені ұқтырады.
    Олай болса жер бетінде жетімдік көрген бауырларымызды қолтығымызға тартсақ, басынан сипасақ, Алла бізді, қазақ деген қасиетті ұлтты басынан сипап, бағын асырар еді деп ойлай алуымыздың қажеттілігін онан ары сезінеміз. Сезінген сайын әлгіндей кедергілерді жұлып тастағымыз келеді. Ол біріншіден Аллаға, екіншіден құзырлы органдарға тапсыратын ақ жүректің аманаты болмақ!!!

    Жәди Шәкенүлы, жазушы, журналист

    Қоныс, «Түркістан » газетінің қосымшасы, 7.04.2008
    »»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»»

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Buzz
    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в LiveJournal
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники

    Creative Commons License
    The Ұлттық мүддеге негізделген Көші-Қон Заңы керек!!! (дөңгелек үстелден фото-видео репортаж) by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.

    3 Қыркүйек 2010 at 10:48 - Пікір жазу Пікір жазылмаған 5 516 рет қаралған ...