«Жас-Ай» Шығыс-тибет медицинасы орталығы жетекшісі Жасан Зекейұлы, жүрек қалауымен «НұрОТАН» ХДП мүше болды(фото-видео репортаж)
Арнайы www.internetTV.kz үшін Болат Нәукенұлы. Қазақ Елі,16 қыркүйек 2010 жыл
Кеше, 2010 жыл 15 қыркүйек күні, «Жас-Ай» Шығыс-тибет медицинасы орталығында, «НҰРОТАН» ХДП Алматы қаласы, Әуезов аудандық филиалының өкілдері Әуесбаева Мақпал Серікқызы және Беріков Қуаныш Қанатбайұлы, аталмыш медицина орталығының жетекшісі Жасан Зекейұлына партия билетін табыс етті.
Жасан Зекейұлы.
Бұл есім ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына «даңқты дәрігер, білікті ғалым» деген атпен танымал десек артық айтқандық болмас. Өйткені «Қазақ еліне Шығыс-тибет медицинасын әкеліпті», «Алматыда инемен емдеу орталығын ашыпты», «Қытайдан алтын қолды дәрігер келіпті», «Біреуге өмір сыйлапты» дейтін аңыз дерлік әңгімелер осы Жасан Зекейұлының шынайы шипагерлігінен туған. Ол – бірегей мамандардың басын бір орталыққа қосқан білікті басшы ғана емес, қолындағысын қорғансыз жұртынан аямайтын жомарт жан. Елін сүйген, елі сүйген азамат.
«Жас-Ай» Шығыс-тибеттік медициналық орталығын ашқан бес жылдың ішінде қырық мыңнан астам науқасқа денсаулық сыйлап, бес мыңға жуық әлеуметтік жағдайы төмен жандарға тегін ем көрсеткен Жасан Зекейұлы барлық биіктерге тек емшілік дейтін ерекше қасиетімен жетті. Бұл күнде ол – медицина ғылымдарының докторы, Халықаралық инемен емдеу академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Вена халықаралық университетінің Құрметті профессоры, Халықаралық ғылым академиясы, Халықаралық Ресей шығармашылық академиясының академигі, «Өмірді қорғау» қайырымдылық қорының құрылтайшысы, «Жас-Ай» журналының бас редакторы. Ал түрлі қоғамдық ұйымдар мен «Халық емшілері қауымдастығы» тарапынан Жәкеңе берілген атақ-марапаттардың өзі бір төбе.
Жалпы, барлық жақсы атақ бір басынан табылатын Жасан Зекейұлы – медицина ғылымынан екі патенттің иегері, 50-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Елге оралған соң халыққа салауатты өмір салтын насихаттап, Шығыс-тибет медицинасы жөнінде, Қытайдың байырғы емшілігі жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарына 200 реттен астам сүбелі сұхбаттар берді. Қалың қауымның қажетін ескеріп, 2009 жылдан бері қарай өз қаражатымен «Жас-Ай» медициналық журналын шығарып келеді. Мұнан сырт мемлекеттік «Нұрлы көш» бағдарламасына үн қосып, атажұртқа оралған қандастарымыздың үздік шығармаларына қаржылай қолдау көрсетті.
Бейнесюжетті көру үшін төменгі сілтемені басыңыз:
ЖАС АЙ медицина орталығының жетекшісі Жасан Зекейұлына Нұротан ХДП билеті тапсырылды
Партия билетін тапсыру рәсімі, ұлттық дәстүр бойынша, Ел ағасының батасымен аяқталды.
Поделиться в соц. сетях
The «Жас-Ай» Шығыс-тибет медицинасы орталығы жетекшісі Жасан Зекейұлы, жүрек қалауымен «НұрОТАН» ХДП мүше болды(фото-видео репортаж) by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.