Өміріміздің әр сәтінде, Баршамыздың Ойымызға да, Сөзімізге де, Ісімізге де ТӘҢІРІМІЗ разы болсын!
     Бүгін:   жыл
    
  • Азамат пікір-сайыс клубы
  • Бекжан Толыбай
  • Аршат Оразов
  • Өркен Кенжебек
  • Рахат Жақсыбай
  • Ербол Азанбеков
  • Кәмшат Тасболат
  • Ғалия Әженова
  • Жапониядан күнделік
  •  
     

    Жаңа айдар: «ЗАМАНДАСТАР ТУЫНДЫЛАРЫ». Публицист, философ Әбдірашит Бәкірұлы.

    /


    Әбдірашит Бәкірұлы
    публицист, философ

    Қазақ «құлдық санадағы» халық па?

    Әркім-ақ: «Мен өз білгеніммен ойлаймын, маған өзге біреудің айтқанының әсері шамалы», – деуге бейім. Бұлай деп айтқаны – адамның өз ерекшелігін сезінгені. Және де, ол өзін солай сезінгеннен алабөтен рахат күйге бөленеді… Адам баласының бұл «астамшылдығын» мойындамаудың өзі әбестік. Себебі, әркімнің өзі өмір сүріп отырған орта шындығын тануға өз бетімен ұмтылысы айып па екен? Бұдан өзгеше бір ілік іздеудің қажеті де жоқ сияқты..

    Дегенмен, бұл – дәл осылай тұжырымдап қоя салатындай тым қарапайым мәселе емес. Оны кеңінен ұғу үшін, әркімге, алдымен, өзінің қандай қоғамда өмір сүріп отырғандығын анықтап алуы қажет. Қазіргі сарапшылар «қазақстандық авторитаризм» туралы көп жаза бастады. «Авторитаризм (латынша auctoritas – билік, ықпал ету дегенді білдіреді) – антидемократиялық және заңсыз билік етудің түрі. Оған азиялық деспотизмді, тиранияны, әскери-полициялық және фашистік режимдер мен казармалық коммунизм түрлерін жатқызуға болады. А. жағдайында бір адамның немесе кланның заңсыз билігіне шек қойылмайды және ол халықтың бақылауынан тысқары, азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың құқы мен еркі шектеулі. Мұндай қоғамда демократиялық шешімдер болмайды, немесе, халыққа оның алдамшы түрі ұсынылады. Халық саяси манупуляциялардың объектісіне айналады» – деген анықтаманы энциклопедиядан таптық. (Философиялық энциклопедиялық сөздік. М.: 1989)
    Авторитарлық қоғамның мұндай сипаттамасын энциклопедия беріп отыр.

    Өзімізге келсек – онда айтылған анықтамалардың біразы біздің қоғамға тән екенін байқаймыз. Ол белгілер біздің қоғамдық қатынастар жүйесінде толығымен орын алған. Яғни, түйіндей келе: «біз демократиясы шектеулі авторитарлық қоғамда өмір сүрудеміз» деп мойындауымызға әбден болады екен.

    Өйткені, біздің қоғамда да а) билік қоғам өмірін толық бақылап отыр, б) демократиялық үрдістерді түрлі жолдармен шектеуге ұмтылысын ашық жүргізіп отыр. Мысалы, билік партиясы «Нұр Отанның» төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары өз сұхбатында: «Біз биліктеміз, сол себепті де біздің қалауымыз қашанда орындалатын болады» – деп ағынан жарылады. Солай дей отырып, ол: «біз өз шешімдеріміздің мемлекет пен оны құраушы халықтың мүддесіне толық сәйкес екендігін дәлелдеуге әзірміз» деген сөзді қалай да айтпайды. Неге десеңіз, авторитарлы билік ондайға үйренбеген, әрі оны қажет етпейді. Олар үшін бір ғана шындық – «өз қалауы» ғана бар, одан өзге шындықтың болуы тиісті емес. (Кейде ойлаймын: «Осы уақытқа дейін билік жоспарлаған реформалардың көбі дерлік аяқсыз қалуы, мүмкін, содан – биліктің халықпен ақылдаспай шешім қабылдауынан болар» деп… Сондықтан да «Ол жобаларға халықтың қанша қаржысы шығындалды?», «Ол үшін кім жауапты?», «Аяқсыз қалуының себебі неде?», «Жобалар әуел бастан қате болды ма, болмаса, оның іске аспауына төтенше бір жағдайлар әсет етті ме?» деген сұрақтар қоғамда қордаланған үстіне қордалана түсуде. Ешқайсысына жауап берілмеуде).


    Алайда, «шындығы шындық болмай шыққан» билік өз қателігін мойындаудан әркез басын алып қашуға тырысады. Мұндай «босаңдық» билік түгілі жеке адамдарға да тән құбылыс емес пе?! Содан болар, билік те «бізде бәрі жақсы», «жоспар бойынша дамуды қамтамасыз етудеміз» және т.с.с. уәделерді үйіп-төгуден айныған емес. Уәделер орындалмай, қалың елдің тұрмыс жағдайы оңала алмай шаршаған халықтың билікке деген сенімі «қарқынды» жоғалып жатса да – нарцицизммен шалыққан билік оны көргісі келмейді. Әлде, ол (билік) «өз ойыммен жүремін» дегенге қатты сеніп кеткені соншалық – сенімнің сарқылып бара жатқанын көре алмайтын қалге түскен бе?..


    Дегенмен де, сөйткен билік арасынан анда-санда біреулері шығып «қазақ құлдық санадан арылмаған халық» деп қоярын қайтерсің! (Мысалы, бұл сөз – Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның «сүйікті» сөзі). Ондағылар, сірә, «құлдық санадан» арылмаған халық өз шындығын іздемейді, жоғын жоқтамайды, бәрін де ұмытып кетеді деп санайтын болса керек. Немесе, қоғамның тұралап тұруы соның ғана әсерінен деп ойлай ма екен? Ал, енді, әділ сайлаулар өткізіп халықтың таңдауын байқап, әуел бастан билік жүйесінде жайлаған коррупцияны жойып – халықтың жасампаздық қабілетін сынап көрген кім бар екен? Оның орнына: «е-е, бұлар құлдық санадағылар ғой, қолынан не келеді» дей салу – халықтан оқшауланып кеткен биліктің өз қателігі мен қоғам мүддесіне кереғар болмысын ақтап алудың ең оңай, ең төте жолы.


    Бізде қазір әркімге бірдей міндетті заңды да бұрмалау жиі көрініс беретін болды. Егер бұл үрдіс одан әрмен ұлғая берсе, онда қоғам толыққанды тотолитарлық қоғамға айналары күмәнсіз. Әзірге авторитарлы қоғамның ушыққан түріне жататын тотолитарлық қоғамның сипаттары пайда болуда. Осыны ескере отырып, әрі, ойымызды әрмен қарай өрбіту үшін, біз «тотолитаризм элементтері араласқан авторитарлық қоғамда өмір сүріп жатырмыз» деген тұжырымға тоқталайық. Ол бізге осында сөз болып отырған «құлдық сана» феноменін зерделеу үшін қажет.
    Өткен жылы 60 жасқа қараған шағында оқыс өмірден өткен аяулы досымыз, философ Н.Сейтахметов «тоталитарлық қоғамда қоғамдық сана әрқашан фрагментарлық (шашыраңқы деген мағынада) тұрғыда көрініс табады» – деуші еді. (Н.Сейтахметов. Нравственный принцип германского идеализма. Алматы, 2007 36-б.).

    Себебі, тоталитарлық билік тек қана өз мақсатына сай келетін ой-пікірді алға шығарып, өзіне «зиянды» деп санайтын ойды тұншықтырумен болады. Ондайда биліктің әрекеті бүкіл қоғам ойының тұтас палитрасын қамтымауы себепті – қолға алынған мемлекеттік шаралар да жеке мақсаттарды қамтамасыз етумен ұштасып жатады. Ең өкініштісі – мұндай жағдайда қоғамдағы азаматтардың көбі осы тоталитарлық билікке тән фрагментарлық сананы шындықтың шыңы деп қабылдай бастайды. Ал, шын мәнісінде, биліктің көзқарасы қоғамның шынайы болмысынан алшақ болуы себепті, қоғам да өз потенциалды мүмкіндігіне сай дамуын қамтамасыз ете алмайды. Билік үнемі де «барлығы де ел-жұрттың мүддесі үшін» деп айтып жатса да, шындықтың түбі билікпен астарласқан элитарлы топтың, яғни, тоталитарлық биліктің мүддесі төңірегінде болады. Ал осылай болып отырғаны себепті, әрі, осыған байланысты – қоғамға ұсынылатын «шындық» жасанды болып шығады. Мұнда қоғамның шынайы келбетін бейнелейтін объективті шындық пен авторитарлы билік ұсынған, дұрыстығына шек келтіруге тиым салынған субъективті шындықтың арасы жер мен көктей болып, қайшылық арта түседі. Егер қоғамның өзінің шынайы болмысына сай өмірге қолы жетпесе, онда ондағы басыбайлы ақпарат көздері арқылы қоғам санасына сіңдірілетін «шындық» дейтін шындық – шындық емес, түпкілікті мақсатында жалған болады.


    Қоғам туралы небір ғылыми теориялар бар. Әдетте көпшілік «арнайы біліміміз жоқ, оны түсінбейміз» деп, ол туралы ойдан қашқақтап, өз бетімен жүргенді құп көреді. Солайы солай-ау, арнайы білім болғанға не жетсін! Онда қоғам секілді күрделі организмді ұғу да жеңіл болар еді. Бірақ бүкіл халықты осы бағытта жаппай сауаттандыру мүмкін емес, әрі ол қажет пе? Оның үстіне, қазіргі жағдайымызда тым сауатты әрі белсенді қоғам авторитарлы биліктің мүддесіне еш сәйкес келмейтіндіктен – ондай идеяның жүзеге асуы да екіталай. Дегенмен, қоғам өмірін ұғудың ең қарапайым әдістері бар. Егер әркім де қоғамды жеке адам тағдырымен ұштастыра қарауға үйренсе, қоғам өмірін жеке адам өмірімен салыстыра қарауға үйренсе – көп нәрсенің жұмбағы оңай ашылады. Ол үшін адамға шым-шытырық теориялардың да қажеті жоқ – адамның өмірлік тәжірибесінің өзі жеткілікті. Мәселен кез келген адам табиғатынан берілген болмысына сай өмір сүре ала ма? Жоқ. Егер ондай заман туса жер бетінде әлдеқашан ұжмақ орнауы тиіс болатұғын. Адамдардың көпшілігі өздеріне мүмкіндік ретінде берілген «жұлдызды ғұмырын» өз бастарынан өткермей-ақ өмірін сарқып алады. (Дегенмен, қалай болғанда да, адамның өмірі бос өтті деуге сірә да болмас. Ол, бәрібір, өзіне табиғат жүктеген ұрпақ жалғастыру, алдыңғы ұрпақтан өз бойына сіңірген тәжірибені (тіл, мәдениет, салт-дәстүр) келер ұрпақтың бойына егу сияқты негізгі адами міндеттерін жүзеге асырады.

    …Иә, біреулер бұл миссияны орындау жолында керемет етікші болып алды. Бірақ ол қабілетіне сай композитор болғанда – қоғамға әлдеқайда мол пайда әкелер ме еді?..Бірақ ол басқа әңгіме).
    Яғни, адам санасы (қоғамдық сана) көбіне-көп адамның (қоғамның) шынайы болмысын бейнелей алмайды. Ондай кездерде біз жеке адамға қатысты «қолының қысқалығынан ерік-жігерін толық іске асыра алмады» – деп, өзгені де, өзімізді де жұбатамыз. Әрине, соншалықты қайғыратындай бұл трагедия емес, бұл – тағдыр. Жеке адамның тағдыры болғандықтан біз оған жанашырлықпен қарай аламыз.


    Ал өз потенциалын іске асыра алмай жатқан қоғам туралы не айтуға болады? Оған қатысты жанашырлық таныта аламыз ба? «Иә» десек қателесер едік. Өйткені, біз жеке адамға қатысты алғанда оқиғадан тысқары тұрамыз. Бөлек жаратылысқа сай оның тәні мен жан азабын өзіміздікі сияқты қабылдай алмағандықтан – жанашыр ғанамыз. Ал қоғам өмірінде біз оқиғаның ішінде тұрамыз. Сол себепті де қоғамның зары мен мұңы, қиналысы, мешеулігі, немесе, қатыгездігі және т.с.с. құбылыстар – сол қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір адамды жан азабына ұшырата алатын құрсаулаған сыртқы күштер ретінде көрініс табады. Қоғам қолының қысқалығынан емес, өзінің өмірін дұрыс ұйымдастыра алмауының арқасында өзінің толық потенциалды мүмкіндіктерін ашпайды. Соның арқасында қоғамның әрбір мүшесі қиналыс пен күйзеліс жағдайына түседі. Мұндайда бөтен біреуге емес, өзіңе өзің «жанашыр» болу (күресу) қажеттігі пайда болады. Соның өзінде, ондай жоғарғы «қасиет» кім көрінгенге емес, мешеу қоғамның қасіретін «өз қасіреті» деп ұғатын, қоғам болмысын фрагментті тұрғыдан емес, оны және тарих логикасын біршама тұтас қамтуға қабілетті адамдарға ғана тән болады.

    Осындай астарлы ақиқатты ұға қоймаған біздің кейбір лауазымды тұлғаларымыз «қазақ әлі де құлдық санадан құтыла алмай жатыр» деп қайталағанды тәуір көреді. Атүсті құлақ салған адамға бәрі де солай сияқты: құлдық санамен жүрген сорлы қазақ өз тіліне мұрнын шүйіріп қарайды, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін ұмытуда және т.б. дегендей. Егер басқаша түйіндер болсақ, онда, бұны – осы тарихи кезеңге жетіп, біздің санамызда қалыптасқан қазақ болмысының біртіндеп жоғалып бара жатқанына наразылық ретінде айтылған жан айқай десе де болар еді… Дегенмен, осы «құлдық санадан құтыла алмаған қазақ» деген сөздің төңірегінде де біраз ойланып көрген артық емес.


    Құлдық сананың қазаққа ең түсінікті бастапқы белгісі – «ләпбай». Шыңғыс Айтматовтың атышулы романындағы мәңгүрт тек бір ғана «ләпбаймен» тіршілік ететін («өмір сүретін» деуге қимай тұрмын), қожайыны айтса болды туған анасын да өлтіруге даяр еді. Мәңгүрттің «құлдық санасында» ешуақытта да ел мен жұрт, Отан деген ұғымдар болмайды. Бұл ұғымдар, сонымен бірге, жанашырлық, аяушылық, күйзелу мен тебірену деген сезімдер оның бойынан мүлдем жоғалған. Мінеки, нағыз құлдық сана деп осыны айтар едік. Ал енді, қазақ радиосына берген сұқбатында лауазымды тұлға дәл осындай сананың түрін бүтін өз халқына нендей себеппен теліп отыр екен? Оған бұл не үшін қажет? Ең оңайы «ел-жұртқа танымал азамат болғандықтан өзінің қандай патриот екенін көрсету үшін қажет» дей салса болар еді. Бірақ олай дей алмаймыз, себебі, оның аузындағы «қазағымы» оның шын ниетінен шығып отырғанын сезбеу мүмкін емес. Сонда қалай болғаны, мәселе қалай қарай бұрылып бара жатыр?..


    Бұл сұрақтың жауабын алыстан іздеп қажеті жоқ сияқты. Жоғарыда авторитарлық қоғамда қоғамдық сана фрагментарлы күйде болатынына біршама тоқталып өттік. Мінеки, соның көрінісі «қазақтың құлдық санасы» туралы айтушы осы кейіпкеріміздің ойлау тәсілінен табылып отыр. Ол «қазақ құлдық санадан арылған жоқ» дей отырып, өзі сіңісіп кеткен жүйе қалыбында, яғни, фрагментарлы түрде ойлайтынын паш еткенін байқамайды. Әрине, жеке пікір ретінде, оның айтқан ойы өткір – әркімнің де намысын қытықтайды. Ал егер «зерттеу обьектісі» (қазақ халқы) тұрғысынан алсақ – тура демагогияның өзі болып шығады.

    Енді осыны таратып айтып көрейік:
    Авторитарлы билік үшін халықтың бұйығы болғаны – ең маңызды шарт. Ол үшін қолдан келгеннің бәрі жасалынады, себебі, сонда ғана билік халықтан біршама тәуелсіз болуға қол жеткізеді. Өз мақсатына алаңсыз қол жеткізген билік қана, немесе, сол биліктің «отымен кіріп, күлімен шығатын» тұлға ғана өз халқына қарата оның бұйығылығын «құлдық санадан арыла алмай отырған халық» деп бағалауға, халыққа осындай «үкім» шығаруға қабілетті. (Билікті – субъект, халық – тек басқару объекті деп қарайтын жағдайда ғана осындай тұжырымды айтуға мүмкіндік туады. Ал халықты қоғамның басты субъектісі деп санаған мемлекетте – жағдай тіптен өзгеше). Сонда дейміз – егер: біздің елде барлық шешімдер халықпенен ақылдасып қабылданып жатса; қазба байлықтары шетелдіктерге халықтың рұхсатымен су тегінге сатылып жатса; халық жерден өз еркімен бас тартып, оны биліктен байлық жасап отырғандарға өткізіп беріп жатса; халық тілі мен ділінен жеріп, одан тезірек құтылуға асығып жатса; ұлдарын казиноға, қыздарын «жезиноға» жетектеп апарып жатса – сонда ғана оны «құлдық санадан арылмаған» деп кінәлауға болар еді. Және де «ондай халықтың болашағы жоқ» десек артық айтпаған болар едік! Жойылып кетсе, болашақ тарихшылар «өз обалы өзінен болды» деп шешер еді…

    Бірақ олай болып жатқан жоқ қой! «Құлдық сана» демей-ақ қояйық, тарихта әбден тепкі көріп, санасы сансырап бұйығы күйге түскен халықты оның билігі «еңсесін көтеремін!», «ездік санадан құтқарамын!» деп шын ниетімен бел шешіп кіріссе – кәнеки! Оның орнына өз халқының бұйығылығы мен төзімділігін пайдаланған көп шенеуніктер «өз қалауымен» басқару жүйесін орнатып, байып қалуға жанталасуда. Бұл әрекет олардың тұмшаланған тіршілігінің ортасында қалыптағы жағдайға айналып барады. Ал ол жүйеге «жағдайды» сақтау үшін жуас халықты одан әрмен езе түсуден басқа амал жоқ.


    Сонда – «құлдық сана» кімде: қарсыласуға дәрменсіз халықта ма? (Ескерту: халықтың еңсесін басушы «ездік сананы» «құлдық санамен» ешқашан шатастыруға болмайды. Шындығында «ездік сананың» емі бар болса, «құлдық сананың» емі жоқ! Еңсе көтерілсе – ездік сана біртіндеп Ғарифолла Есім айтып жүрген «елдік санаға» шырқап көтеріле алады. Бірақ ол кісі «елдік сананы» «жүзеге асқан арман» десе, біз оны «жүзеге асуы тиіс арман» дейміз)


    «Құлдық сана», әлде, байлық пен билікке көздері тұманданып, бүкіл болмысымен соның құлына (қазақ оны «құлқынның құлы» деп дәл мағынасын беріп қойған) айналғандарда ма? Сөз басында айтылған «ләпбай» кімнің аузында қазір?
    …Міне, осы бір қарапайым ақиқатты ұққаның өзінде – кез келген адам қоғам туралы түсінігінде талай жерге барып қалар еді…


    Мақаланы жазу кезінде «құлдық сананың өкілі» Төлеген деген жігіт келе қалды. Әркімнің қытығына тиетін тақырып болған соң, оған жата жабысып, пікірін білуге асықтық. Ол былай деді: – «Билікте жүргендер өздерін мұнарланған шыңға шығып алғандай сезінеді, халықтың алдында өздерін астам ұстауға тырысады. Кешегі көше сыпырушыны билікке қосып жіберсең, ертесіне ол әлгіндей болып шыға келеді. Оның түсінігінде билік бір бөлек те, халық аморфты тұлға ретінде – екінші бөлек. Олар осы халық болмағанда оған ешқандай лауазым атаулы бұйырмаған боларын ұқпайды. Ұққысы келсе де ұқпайды, себебі, ол жақтағы қойылатын талап солай.

    Ал енді осылардың қайсысы «құлдық санамен» ауырады – халық па, әлде, халықты жолға салушы «элита» ма? Меніңше, биліктегілер қожайынының айтқанымен жүріп-тұруға үйренген. Өйткені оларды халық емес, қожайын тағайындаған. Оның үстіне, билікке келгендерді бір мақсат – билік арқылы байып қалу әрекеті біріктіреді.

    Құлдық сана дегенді өз сөзіммен түсіндіріп көрейін: – Ең жоғарғы билеуші бүкіл халыққа «Жатыңдар!» деп бұйрық етіпті делік. Халық жата кетті. Ал билеуші бір жұмыстарымен алаңдап, бұйрығын кері қайыруды ұмытып кетсе керек. Бір уақыттан кейін жата-жата жалыққан халықтың арасынан біреу шығып: «Ау халайық, өстіп жата береміз бе? Билеушіміз бірдемеге ұшырап қалмаса «тұрыңдар!» деп айтар кезі болды ғой» – дейді. Сол сөзден кейін әр жерден біреулер: «Қой, ең болмағанда тұрып темекімізді тартып алайық» – деп көтеріле бастайды. Аз уақыттан кейін халық түгелімен тұрып алады. Қараса біреулер әлі жатыр дейді. Сөйтсе, олар «жоғарыдан тұр деген сөз болған жоқ» деп жатқан бастықтар мен бастықсымақтар екен…

    Олай болса «құлдық сана» кімде болғаны? Халықта ма, әлде, өздері басымен байланған биліктің сойылын соғып жүргендердің өздерінде ме? Міне, қызық сұрақ осы! Сондықтан жоғары трибунадан «құлдық санадағы халық едік» деп сарнағандарды демагогтар демегенде кім дерсің?!»
    …Бұдан көретіндеріңіз – ешқандай теорияны меңгермеген қарапайым халықтың даналығы осы екендігі. Одан «құлдық сананың» иісі де сезілмейді…


    Реті келіп отырғанда ел арасында айтылып жүрген тағы да бір мынадай қаңқу әңгіме еске түсті: – Бірде дін жолына қатты түскен, «болдым-толдым» деген жігіт еліне барған екен. Барса елдегі ақсақалдар әруақтарына құран бағыштап дегендей.., әйтеуір өз білгендерімен дінін ұстап жүрсе керек. Содан жігітіміз «адасып жүрген» Құдайдың құлдарын тәрбиелемекке Һәм өзі «ең дұрыс» дейтін дінге салып жібермекке ниет етіп, жұртты құдайы тамаққа шақырады. Тамақ желініп жұрт сыртқа шыққанда – бұл өз уағызын бастап кеп береді. Қыза келе: «мұсылман дінінде суретке табыну – Аллаға серік қосу», – дейді екпіндеп. Жүгіріп барып үйдің төрінде ілулі тұрған әкесінің суретін алып шығады да: «Дінге бұрылсақ осылай болайық, ағайын! Жаратушымыз Аллаға серік қосуды доғарайық, ағайын!» деп суретті жерге бір-ақ ұрады. Әйнегі быт-шыт болған әке суреті желмен домалапты… Мұны үнсіз бақылап тұрған бір ауыл ақсақалы шыдамы таусылып: «Әй, найсап! Ата-баба аруағын қорла деген қай дінде бар еді!» – деп ашуға булығып ақырып жіберіп, бұрылып кете барыпты…

    Мінеки, тіптен қасиетті дін «Адам – Алланың құлы» дегенімен – жалпы діндар қауымның өзі мынадай «құлдықты» қаламайтын болып шықты…


    Жалпы, бұл және осы мағыналас сұрақтар адамзат үшін мәңгілік сұрақ болып келеді. Біздің ұлы бабамыз әл-Фараби де кезінде, мың жылдан аса уақыт бұрын, бұл мәселе туралы терең толғанысқа барған екен.

    Ол: «Діннің арқасында (бұл жерде дінді білім мен пиғыл мағынасында алу керек – Ә.Б.) көкірегі ояу адамдардың баршасы да көздеген мақсаттарына жетуге мүмкіндік алады» – дей отырып, ел билеудің қаншалықты жауапкершілікті іс екенін талдап береді. Біз Ұлы бабаның ойларын назардан тыс қалдыруды жөн көрмедік.

    Себебі, халықты ұлықтайтын, оның еңсесін көтеріп ел етуші бірден-бір күш осы – ел басқару болып табылады:
    – «Егер ел билеуші шынайы қайырымдылықтың жаршысы бола білсе, онда оның халықты басқарудағы басшылық қызметі де сан-алуан жақсылық істерге толы болады. Дәл осындай игілікті мақсатты ойдағыдай жүзеге асыра білгенде ғана елбасының өзі де, оның қол астындағы әрбір адам да шексіз бақытқа кенеледі. Мұндай жағдай нағыз бақыттың өзі…


    – Ал ел билеуші надандықтың жолына түссе болғаны, ол міндетті түрде өзінің ойындағы арам пиғылдарын жүзеге асырудың жолдарын қарастыра бастайды. Сөйтіп, оның қызметінде билік пен мансап, тәкаппарлық пен намысқойлық, байлық пен масайраушылық басты орынға шығады. Дәл осындай жолға түскен ел билеуші шын мәнісінде бақытты болмаса да, өзін тым бақытты сезінеді. Мұндай ел билеуші тікелей өзіне бағынышты адамдардың көмегі арқасында өз үстемдігін баянды етіп қана қоймай, оны одан әрі нығайта түсуге жанталасады. Алайда ел билеуші халқының қолын берекеге жеткіздім деп есептегенімен де, шын мәнісінде бұл игі мақсат жүзеге аспаған күйінде қалып қояды. Мұндай пиғылдағы ел билеушілер, әдетте, басқалармен салыстырғанда. өздерін ерекшеміз деп санайды.

    – Жаңылыстар мен қателіктерге ұшыраған ел билеуші өзінің халықты басқарудағы қабілеттері мен даналық қасиеттерінің жоғары екендігіне шек те келтірмейді. Дәл осылай болмаса да, оның өзі де, одан қалды оның қол астындағылар да дәл осылай ойлауға мәжбүр болады. Мұндай жағдайда ел билеушінің өзі де, оның елі де шынайы бақытқа қолдарын жеткізбесе де, оны сезінгендей күй кешеді. Халықты басқарудың дәл осы сипаттағы жолдарының жалғандыққа негізделгеніне қарамастан, бағынышты халық оны көп жағдайларда сезінбей де қалады. Сондықтан да болар, олар ел билеушінің бойында рақымшылық пен даналық мол екендігіне кәміл сенеді. Мұндай көзбояушылықты билеуші де, оның қарамағындағылар да жан дүниесімен нағыз бақытқа санайды. Сөйтіп, олар ел билеушіні қолдау арқылы оның көкейіндегі надандық пен білімсіздіктен туындаған мақсаттарының кейбіреулерінің орындалуына жағдай да туғызады». (Әлемдік философиялық мұра. Әл-Фараби мен Ибн Сина философиясы. Алматы, «Жазушы» баспасы, 2005. 47–48 бб.).



    Өкінішке орай, Әбунасыр әл-Фараби бабамыздың айтқан ескертулерін оның бүгінгі ұрпақтары ескермей, ол көрсеткен қателіктерді айна-қатесіз қайталап отырғанына таң қаласың! Әрине, Ұлы Бабаға емес, бүгінгі ұрпақтарына! (Ал ұлы адамдардың ойы да ұлы, мәңгілік ақиқаттар ғой). Бүгінгі ел басқару ісіне араласқан қандастарымыздың көбі өз қолдарына өзгеден емес, өз бабасынан мұра болып қалған ұлы ойды, хрестоматиялық ақиқатты ұстай отырып – бар тіршілігін оған қарама-қайшы құрып жатқанына қалайша өкінбессің! Сірә, бұл жерде мәселе ол кісі айтқан биліктің біліктілігі мен пиғылына келіп тіреліп жатса керек…

    Дегенмен, пиғылы бөтен дейін десек – билікте жүргендердің бәрі дерлік Әл-Фараби бабаның тікелей ұрпақтары екенін қайда, қалай жасырамыз…

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Buzz
    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в LiveJournal
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники

    Creative Commons License
    The Жаңа айдар: «ЗАМАНДАСТАР ТУЫНДЫЛАРЫ». Публицист, философ Әбдірашит Бәкірұлы. by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.

    27 Мамыр 2011 at 16:59 - Пікір жазу Пікір жазылмаған 3 101 рет қаралған ...