Әділеттің ақ туын ұстаған – зиялы
Әбдірашит Бәкірұлы
публицист, философ
Зиялы кауым туралы…
Әділеттің ақ туын ұстаған – зиялы
Автордан: Бұл мақала осыдан бірер жыл бұрын жазылған еді. Дегенмен, уақыт өткен сайын мұндағы көтерілген мәселелер шешімін таппақ түгілі, ширыға түсті. Әлем аса ірі «тектоникалық» өзгерістерге ұшырауда. Көптеген адамдарға әлемдегі болып жатқан осы оқиғаларды ғана емес, өз еліміздегі жағдайды да түсіну қиынға айналып барады. Осындай кездерде қоғамға «ақты ақ, қараны қара» деп айта алатын тұлғалар қажет. Жұрт ондай тұлғаларын іздей бастады. Бұл – елдің ояна бастауының, елдік санасының өсе бастағанының белгісі. «Біз қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз, болашағымыз қайда барады?» деген сұрақ әркімді мазалай бастағанын күнделікті байқаудамыз. Сол себепті осы мақаланы қоғамымыздың бейнелі жылнамасы, яки «Қазақ Елі» халықтық бейнелі энциклопедиясы сайтының оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.
Қазіргі қоғамда «зиялы қауымды» шығармашылық инттеллегенцияның балама атауы ретiнде қабылдау қалыптасқан. Бұл – кеңестік кезден қалған дәстүрлі көзқарас. Себебі, ол кезде жоғарғы оқу орнын бiтiрген дипломды мамандардың бәрі дерлік «зиялылар» санатына енді: идеологиялық стандартқа сай біркелкі идеологиялық ұстаныммен жоғары білім алғандардың барлығы, әртүрлі мамандық иелері болғанына қарамастан «интеллегенция өкілдеріне» (слой интеллегенций) жатқызылыпр, олар қоғамның зиялы қауымын құрды. Әрине, уақыт өте олардың арасынан қоғамға танымал «жүзден бiр жүйрiк», қазiрше айтқанда – элиталар iрiктелiп шығатын. Әсіресе, ойын жетер жерiне жеткiзе айтатын сөзi өткiр ақын-жазушылар мен өнер адамдарының беделі ерекше болды. Айтары жоқ, тура сол заман талабы тұрғысынан қазақтың ол ұлттық «элитасы» өз міндетін адал атқарды – ұлтының нағыз жаршыры, зиялысы бола білді. Зиялылықты қазақтар қалың ұйысқан жерлерде әлеуметтік институт деңгейіне көтерді. Халықта зиялы адамдарға деген зор құрмет орнықты. Өмірде басты құндылық ретіндегі «коммунизмнің моральдік кодексі» зиялы қауымның тікелей атсалысуымен жүзеге асырылды – миллиондаған тиражбен кітаптар шықты, кинолар түсірілді. Зиялылар халықпен жүйелі түрде тілдесті. Қоғамда зиялыға деген сұраныс керемет өсті, олардың сөзіне құлақ асатын, өмірін үлгі тұтатын орта қалыптасты.
Бүгiн тәуелсiздiкке қол жеткiзген уақытта сол кеңестiк заман қалыптастырған қоғамның зиялы қауымға қатысты стандартты көзқарастың быт-шыты шықты. Бұл ешқандай қалыпқа симайды. Себебі, арман болған тәуелсіздікке қол жеткізген соң «тәуелсіздік» идеясын халық санасында анықтаушы да, тәуелсіздіктің рухани тұғырын нығайтушы да зиялы қауым болуы тиіс еді. Бiрақ бастапқыда процесс осы бағытта жүргендей болғанымен, уақыт өте келе қазақ зиялылығы тоқырауға ұшырай бастағаны белгі берді. Не себептен? Осыған жауап іздеп көрелік.
Бұл сұрақтың төркіні «мемлекеттік идеология» мәселесімен тығыз байланысты. Бүгінде мемлекеттiң қалыптасқан идеологиясы болмауы — «зиялы қауым тоқырау үстінде», немесе, «зиялы қауымның тоқырауына байланысты елімізде мемлекеттік (ұлттық) идеология қалыптаспай отыр» дегендей пiкiрлерді орнықтыра бастады. Онда: «Елiмiздiң шығармашылық элитасы, яғни, зиялы қауымы ұлттық идеологияның қалыптасуын интеллектуалдық тұрғыдан қамтамасыз ете алмады, әлі де қамтамасыз ете алмауда» делінеді. Біздіңше мұндай пiкiр шындыққа толық сәйкес келмейді. Себебi, мемлекет идеологиясын қалыптастыруға барынша атсалысушы «зиялы қауым» болғанымен де, оның жасалу тетiгi – билiк пен мемлекеттiң жүргiзiп отырған саясатына тікелей байланысты.
Егер билiк жүргiзiп отырған саясат ұлттың (мемлекеттiң) ұлы мұратын мақсат етпесе, бүгiн өзекті (актуалды) болып тұрғанымен, ертең мәнiн жоятын өткiншi (эпизодтық) жалған құндылықтардан тұрса, онда, бұл елде ұзақ мерзiмге бағытталған, халықты жұдырықтай жұмылдыруға қабiлеттi идеология өмiрге келедi деп үміттену бос қиял болып қала береді.
Кез келген мемлекеттік идеология билік жүйесі «ұлттық арманға» (национальная идея), ұлттың түпкiлiктi мақсатына арқа сүйегенде ғана түзiле алатындығын, немесе, түзiлуi мүмкiн екендiгiн ескерсек − жоғарыда айтылған ойдың дұрыс екендігіне көз жеткiземiз. Ендеше, қазiр қазақтың жұртқа танымал, сыйлы-қадірлі тұлғаларын, яғни, ұлт зиялылырын «үндерi бәсең, екiжүздi, билiкке сатылып кеткен» деп кiнәлай салу, шындығында, олардың мүмкіншілігін шамадан тыс дәріптеп жібергендік деп білген дұрыс.
Ойымызды нақтылау үшін, алдымен, бүгінгі «зиялы қауымға» кімдерді жатқызу қажеттігін анықтап алған жөн: Зиялы қауым − тарихи процесс барысында өмірде орнығатын жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты елеп-екшеуден өткізіп отыратын қоғамдық сүзгі, халық даналығы мен дәстүр-салтын ұрпақтан ұрпаққа жалғастырушы.
Зиялылар қоғамға қашан да керек, оларсыз қоғамның өмірі сұр. Қазақ халқы алдымен осы талапты орындауға қарымы бар тұлғаларын ғана зиялы қауым қатарына қосқан. Яғни, қазақ танымындағы «зиялы» ұғымы қашанда ел мен жер, ұлт, мемлекет, отбасы, ұрпақ ұғымдарымен ұштасқанда ғана – өзінің төл мағынасына ие бола алады. Халықты ақыл–ойымен, дауалы сөзімен аузына қарата алатын адам – ұлттың бар асыл қасиетін бойына жинақтаған, оның мұңын мұңдай, жоғын жоқтай білетін адам деп түсініледі.
Елімізге нарықтық қатынастар еніп, мемлекет пен қоғам, қоғам мен индивид арасында нарықтық экономикалық қатынастар (капитал қатынасы) үстем бола бастағанына қарамастан, қазіргі қазақ қауымы үшін «зиялылықтың» бұл ұғымы әлі де мағынасын жойған жоқ. Өйткені, дәстүрлі этнотәрбие тұрғанда (Құдайым одан ажыраудан сақтасын!) ол жойылмайды да. Қазір де зиялы дегенді «шығармашылық қабілетті, өмірлік тәжірибесі мол, көргені көп, дүйім жұртты соңынан ілестіре алатын, ұлт пен қоғам алдындағы жауапкершілігін айрықша сезінетін, өздері де өмірлік мақсаттары ұлтымен тығыз байланыста екенін айқын ұққан жандар» деп түсіну сақталып отыр. Егер зиялы ұғымын осы мағынада алар болсақ, онда «зиялы қауым тоқырауда» деп айтуға негіз жоқ. Себебі, қазіргі жағдайда да көптеген азаматтар қазақ ұлтының жағдайы мен мемлекеттілігін нығайту үшін аянбай күреуде.
Өкінішке орай, ол міндетті жекелеген тұлғалар ғана мойнына алып отыр. Ал мемлекет тарапынан осы мазмұндағы «зиялылық қозғалысын» әлеуметтік институт ретінде тану, оны қолдан келгенше дамыту жүзеге аспауда. Сол себепті де бүгінгі зиялылық қозғалысы ұрпақтың отаншыл сезімін оятушы негізгі міндетінен біршама алшақ тұр. Билік басына небір «теорияларды» меңгерген, сауатты, бірақ қазақы ділден әлдеқайда шеттеп кеткен ұрпақтың келуі – тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін құрушы қазақ ұлты өзге мәдени-руханяттық және тілдік экспансияға ұшырауына айқара жол ашты. Мемлекет экономикасы мен халықтың тұрмыс жағдайы біршама көтеріліп келе жатқанына қарамастан, қоғамда бұл мәселелер төңірегінде рухани шиеліністің сақталып отыруы осыны айғақтайды.
Онымен қоса «зиялы қауым» туралы ұлттық ұғымның өзі де өзгерістерге ұшырауда. Бүгінде олардың қатарын бұрынғыдай ақын-жазушылар мен өнер адамдары емес, саяси жағдайларға байланысты көптің ішінен іріктеліп шыққан ұлтшыл сезімі өткір риторлар, ораторлар, трибундар легі толықтыруда. Олар қоғамдағы түйінді мәселелердің мазмұнын өзгелерге қарағанда тереңірек ұғуға ұмтылатындықтан, не көпшіліктің көкейіндегі мұң-мұқтажын дөп баса білгендіктен – қоғам оларды «нағыз зиялылы» адамдар ретінде қабылдай бастады. Сондықтан бүгінде зиялылар қатарынан көріну үшін жоғарғы білімді, немесе, ақын-жазушы, не өнер адамы болу міндетті болмай қалды. Ендеше, мұндай жағдайда «зиялылардың тоқырауы» туралы емес, зиялылықтың әлеуметтік институт ретіндегі дағдарысы (қоғам дағдарысы) турасында мәселе көтерген дұрыс деп санаймыз.
Қазір қазақ ұғымында қалыптасқан осы қалыптағы зиялылық институтын нарық пен экономиканы шамадан тыс дәріптеумен алмастыру жалғасуда. Бұл және, сонымен бірге, ұлтаралық қатынасты әсірелеу «идеологиясы» зиялылық институтын одан әрі қиратуда. Нәтижесінде: бұрыннан зиялы санатында саналатын, әлеуметке сөзі өтерлік көптеген тұлғалар ұлт мүддесінен алшақтап, биліктің сойылын соғу, немесе, билік саясатындағы кеткен қателіктерді ақтау, оны ғылыми тұрғыда негіздеу қызметін өз мойындарына жүктеуді мойнына алды. Сөйтіп, кезінде өмір ағысымен зиялы атағына қол жеткізген, ал уақыт көрсеткендей, шын мәнісінде ішкі жан дүниесімен оған жете алмаған көптеген тұлғалар коррупцияланған билікпен бірігіп, жеке бастың күйін күйттеп кетті. Олар туралы «ұлтының сындарлы кезеңінде басқа түскен сынды көтере алмады» дей салған дұрыс болар еді. Сонда, біз, олардың «зиялылықтың ескі үлгісінде» қалғанын, жаңа заман талабымен шыңдалған зиялылыққа қатысы «жиендік» деңгейде екенін анықтап − мәселенің басын ашып алар едік. Сонда ғана, қазіргідей «қазақ зиялылары тоқырауда» деп жалпылық мағынадағы қорытынды жасаудың ұшқары екендігін, мәселе тіпті де зиялылықта емес, мәселе әлі де зиялы атын ұстап отырған, өздері заман талап еткен зиялылықтан аулақ қалған тұлғалардың трагедиясында екенін ұғар едік. Әділетсіз биліктің сойылын соғушылардың рухани дағдарысы – жеке бастың, жеке адамның дағдарысы, оның жеке трагедиясы. Қазіргі жағдайда оларды өз заманымен бірге шыңдалып шыққан өзге тұлғалар алмастыруда. Өз заманының зиялылығына бет бұрған олар енді бай-кедей, оқыған-оқымаған, жас-кәрі деп, немесе, ұлтына қарап бөлінбейді. Ендігі жерде олар өзімізге үйреншікті «интеллегенцияға» да жатпайды. Бүгінгі зиялылар − белгілі бір идеологиялық құрсаудың ішінде отырып, соның талаптарына қызмет етушілер емес, олар − тәуекелге белін байлаған күрескерлер, қазақтың тәуелсіздік алғаннан кейін «ұлттық мүдде» деп анық шыққан үні, әділеттің ақ туын ұстаған ұлтшылданған зиялы қауым. Біз осы жаңа «зиялы толқынның» қоғамды қандай зиялылы жолға жетелеуге тырысатынын күнделікті бақылап отырмыз. Ол қандай жол? Бұл − қазақ мүддесін алға шығара отырып, татулығы мен бірлігі жарасқан, сауатты әрі білімді, әділетті қоғамды және оның күшті мемлекетін құру жолы.
Мысалы, осы алаңда жүріп жатқан күрестің бірі − тіл мәселесі. Бiрiншiден, тiл мәселесiн қазақтың нағыз зиялы қауымы (ұлттың стратегиялық болашағын өз тағдырынан ажыратпайтын азаматтар) он жетi жыл бойына көтерумен келедi. Себебі, ұлт болашағы тiлмен тығыз байланысты болғандықтан, оны (тiлдi) тез арада дамыту, қолданыс аясын кеңейту – ұлтық даму стратегиясының ең маңызды бөлiгiн құрауы тиiс едi. Бiрақ билiк тарапынан жасалған шаралар, оның (билiктiң) бұл мәселеге стратегиялық тұрғыдан қарамайтынын аңғартты. Билік оны «қазақ қазақпен қазақша сөйлессiн» деген қарабайыр тезис деңгейіне дейін түсіріп жіберді (қазақ қазақпен қай тілде сөйлесуі керек?). Мұнда тiлдiң дамымай отыруының басты себебiн тiл субъектiсiнiң (қазақтың) мойнына жүктей салу әрекетi байқалады. (Бұл жерде мынадай бір ескерту айтпасақ болмайды: Қоғамдық санада, кейде, «шет тілдерін еркін меңгеру өмірде табысқа жетудің кепілі» деген пікірлер жиі кездеседі. Әрине, жеке адам үшін бұл маңызды екені рас. Бірақ оны Ұлттық мәселеден жоғары қоюға болмайды! Ал қоғамдық қатынас жүйесінде басымдыққа ие болып келе жатқан ана тілді шектеу, оған мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетпеу, саяси тұғырын бекітпеу – болашақта қоғам дамуын шектейтін басты фактордың біріне айналып кетеді) Солай дей отырып, билiк қазақ тiлiн қоғам дамуының қатаң бәсекесiне тастады. Бұл – онсыз да кеңес заманынан «әлсіреп» шыққан тiлдi алқымнан алды. Әрине, бұл жерде билiктiң өзінің тiлi – орыс тiлi екенін ескере келе, билiктің тiлді тек «қатынас құралы» ретiнде қабылдайтынын аңғарамыз. Егер тілімізге осылай қарасақ, онда қазіргі жағдайда дамыған тiлдер (ағылшын, орыс) қоғамдық қатынастар жүйесiнде әлдеқайда тиiмдi құралға айналып, қазақ тілін бәсекелесу аймағынан ығыстырып шығаруға ұмтылатыны түсiнiктi. Ал қазiргі, өзiмiз өмір сүріп отырған «идеологиясыз» қоғамда әлеуметтiк құндылық ретiнде «қалай да байлыққа кенелу» принципi алда тұрғаны белгілі. Ендеше кенжелеп тұрған қазақ тiлi байлыққа кенелуге өзге тiлдердей тиiмдi қызмет ете алмасы анық. Сөйтiп, бәсекелестiкке төзе алмаған тiл орта жолда қала береді.
Осы және басқа саяси себептерге байланысты қазақ тiлi мемлекеттiк идеологияның қомақты тармағына айнала алмай келеді. Қазiр, тiлдiң ақсап тұрған кезiнде, көптеген зиялы тұлғаларымыз, ұлт тiлiнің мемлекеттік идеологияға айналуы былай тұрсын, оны ең болмағанда, өзге тiлдермен терезесi тең қатынас құралы деңгеіне жеткізу үшiн және оның қолдану аясын кеңейту үшiн күресуде. Әрине, бұл – қазiргi билiктiң тiлге салғырт қарап отырған кезінде тактикалық дұрыс қадам. Бiрақ тактикалық қадам ешқашан түпкiлiктi мақсатқа айналмайды (олай болуы мүмкiн емес). Түпкiлiктi мақсат, өзгеше айтсақ, «ұлттық арманның» мазмұны: тiлді ұлттың дiлін қалыптастырудың өзегіне, ал ұлттық ділді әлемдік қауымдастықта қазақтың өзiн-өзi идентификациялауының бiрден-бiр тетігіне айналуын қамтамасыз етуде жатыр. Тәуелсiздiк алғаннан берi билiк тiл функциясын осы – «ұлттық арман» мағынасында ұғып, оны елiмiздегi барлық ұлттар мен ұлыстарға ортақ мемлекеттiк идеология ретiнде ұсынғанда – бүгiндерi ол жемiсiн берер едi. Осы уақытқа дейiн қазақ тiлi мемлекеттiк идеологияның ең маңызды құрамдас бөлiгiне айналып, тіл дамуының іргетасы қаланар еді. Бiрақ біз олай жасамадық. Сондықтан қазақ тiлi баға жетпес рухани байлық ретiнде идеология өзегіне айнала алмауда. Яғни, қазiр тек тiлдiң өмiр сүруi-сүрмеуi аясында ғана күрес жүрiп жатыр. Сөйтіп, бұл мәселеде бiз алғашқы сатыдан аса алмаудамыз. Оған қазақ ұлты мен оның зиялы қауымының еш кiнәсі жоқ. Ал билiктiң «үш тiлдiң бiрлiгi» (тұғыры демей-ақ қоялық) мәселесiн жалаулатып жүруiнiң өзi – оның осы мәселенің түпкiлiктi мағынасын ұғуға тырыспай отырғанының белгiсi. (Әрине, үш тілу білу маңызды. Бірақ оны идеологияға айналдырудың қажеті қанша?).
Екiншi мәселе: ұлттың – ұлтына, азаматтардың – мемлекетiне қатысты патриоттық сезiмiнiң қалыптасуы мәселесi. Шығыстың бiр мақалы бар – «халуа, халуа деп қанша қайталасаң да, оның дәмi аузыңа келмес» деген. Сол айтқандай, патриотизм туралы күнiне мың рет қайталағаннан, егер оның нақты өмiрде нақты тиянағы болмаса, ондай сезiм қалыптаспайды. Оны сөзi өтерлiк зиялының аузына олай да сал, былай да сал – нәтижесi нөл болады. Мысалы, қазiр ақсақалдарымыз «Отан үшiн аянбай еңбек етіңдер» дейдi. Дұрыс, жастардың да аянғысы келiп тұрған жоқ. Бiрақ қайда сол «еңбек»? Базардағы тәшке сүйреу ме, әлде, аяусыз қанайтын жалдамалы жұмыс па? Қазiр кез келген жұмыскер Отан мүддесi үшiн еңбек етiп жатырмын деп ойламайды - бiр олигархтың байлығын еселеу үшiн жұмыс iстеудемiн деп ойлайды. Сондықтан жұмысты «елiм үшiн» деп үлкен партиоттық сезiммен рахаттанып iстемейдi, кiжiнiп iстейдi. Анау Атыраудағы мұнайшылар да, Қарағанды-Темiртаудағы шахтерлер де, Жезқазғандағы мыс өндiрушiлер де, жалдамалылар мен латифундистердiң «жалшылары» да… Ал жұмыс беруші сол алпауыттардың өздерiнде отаншылдық сезiм бар ма? Бар болса, неге жұмысшылардың әлеуметтiк жағдайын, олардың мәртебесiне сай жалақысын, өмiрiнiң қауiпсiздiгiн өз еркiмен, қалауымен қамтамасыз етпейдi. Неге қарапайым еңбек адамы лайықты өмiр сүруге құқы бола отырып, аштық жариялауға, өмiрiн қиюға, төбелесiп-соттасуға т.с.с. баруы тиiс?.. Ал еңсесi түсiп езiлiп жатқан ауылға «отаншыл бол» деудің өзі ұяттау. Өйткені, олардың «отаншылдығы» декорация емес, жүрегінің түпкірінде жатыр. Бұл жүректің қылын шертерлік жағдайды әлі көріп отырғамыз жоқ…
Осының бәрiн саралай отырып – отаншылдық сезiм (патриотизм) онсыз да үнi шықпай (немесе, шығартпай) жатқан нағыз зиялы қауымның бiр-екi ауыз сөзiне қарап қалмағанын көреміз. Мысалы, бүгiнде «бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi» туралы айтыла бастады (бiрақ оған құлақ асып жатқан ірі бизнес өкілдерін көрмедік). Билiк осы мәселені мемлекеттiк идеология ретiнде көтерiп, оны (әлеуметтік жауапкершілікті) бизнестi жүргiзудiң жалғыз әрi ең басты шарты ретiнде неге талап қоймайды? Оған мемлекеттің толық мүмкіншілігі қашанда болған, әлі де бар. Мұндай шара жұмыс берушi (шет елдiк, болмаса, өзiмiздiң алпауыт) мен жұмыскердiң өзара жауапкершiлiгiн арттырар еді. Олардың мақсатын бiр арнаға, яғни, қазақстандықтардың мәртебелi өмiр сүруiне, бiлiм алуына, денсаулығына және т.с.с. бұрып, ерен байлықтың егесі саналатын елдiң еңсесiн көтерер едi, мемлекеттігімізді нығайтар еді. Көршi Ресей жетi-сегiз жылдың көлемiнде өз елiндегі iрiлi-уақты бизнес құрылымдарының «әлеуметтік жауапкершілігін» қалпына келтiруге бет алды. Ол – билiктiң меншiк иелерiн «отаншыл» болуға мәжбүрлей алғандығының арқасында екендiгі бүкiл әлемге мәлім. Орыс билiгi халықтың түпкiлiктi мақсатына, ұлттық арманына бет бұрғанын байқаған соң, «демократ» капиталистердің ауызына да құм құйылып қалды (орыстың табиғи байлығына тәуелдi болғаннан емес деп ойлаймыз). Демократия − халық мақсаты мен мұратын алға шығару болса, Ресейге кiм қарсы бола алады, АҚШ па?..
Қазақстан халқы «байлар мен кедейлер», «әртiлдiлер», «әртүрлі мәдениет ықпалына және дінге енгендер» болып үздiксiз бөлiну үстiнде. Әсiресе, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық ұлғаюда. Осындай жағдайда елiмiздiң шiрiген байларының шет елдерден миллиондаған доллар тұратын зәулiм сарайлар сатып алып жатуы – олардың бойында ешқандай да патриоттық сезiмнiң жоқтығын, саналарын табан астында қол жеткiзген байлығы құрсаулап тастағанын аңдатады (адамды кедейлiк қана емес, сонымен бiрге ғайыптан пайда болған орасан байлық та естен тандыратыны рас екенін осыдан-ақ байқауға болады). Оның зияны капиталдың «шетке қашып» жатуында емес, одан тереңде: байлардың бұл «қылығы» бүкiл қазақстандықтардың отансүйгiштiк сана-сезіміне нұсқан келтiруде. Естеріңізде болса, орыста «временщик» деген ұғым бар – бiздiң байлардың әрекетi осыған сай. Бүгінде «менен кейiн күл болмаса бүл болсын» дейтін бұл үрдіс жаппай өрiс алып бара жатқаны алаңдатады. «Болашақ» бағдарламасымен шет елдерге кеткен ұл-қыздардың сол жақта қалып қоюға ұмтылысы да – осының үлгісі. Бұлай жалғаса берсе, осынау орасан зор байлықтың мұрагері саналатын қазақ елі байлығын күйеу балаларына таратып теріп, өзі тыржалаңаш қалған король Лирдiң күйiне түспесеіне еш кепілдік жоқ… Неге біздің қазақ олигархтары сол қаржыға отандастарына кәсiпорын ашып беруге, тауар өндiруге, оқытуға және т.с.с. ізгі істерге жұмсауға бармайды? Бұл мәселені арнайы зерттеу керек…
Ал бабалар «көгерсең ел-жұртыңмен бiрге көгер» деген. Қазаққа Лондонда, Нью-Йоркте көгерiп-көктеу жоқ, есесіне жем болу бар. Яғни, елі мен жерін байлыққа айырбастап, оны талақ етіп тастап кеткен қазақ үшін «сайқымазақ» өмір, шын мәнісінде, сонда. Осы қарапайым даналықты билiк пен байлықтың танымал өкілдерінің бірқатарының ұға алмауы өкінішті-ақ. Олай болса, өз елі мен жерінің бақытын әлемдегі бар байлыққа айырбастамайтын, сол жолда басын неге де болса тігетін, елеусіз ғана арамызда жүрген мыңдаған азаматтарымызды «зиялы емессің» деп қалай жазғыра аламыз?..
Үшiншi мәселе – қазақ дiлi туралы. Бұл өзi айтуға жеңiл, түсiнуге ауыр мәселе. Қазақы дiл туралы айтқанда, әрине, алдымен тiл мәселесi тұрады. Бiрақ ол туралы жоғарыда айтып өткендiктен, оның басқа қырына тоқталуды жөн көрдiк. Дiл − ұрпақтар арасындағы туындайтын қайшылыққа тiкелей себепкер. Ұрпақтар арасындағы түсінбеушілік сонау тас дәуiрiнен белгiлi. Сол кезде де, бiздiң жартылай «жабайы» ата тектерiмiз «қазiргi жастар бұзылып бара жатыр» деген мағынада тасқа белгi салып кетсе керек. Бұл мәселе әлi де сол күйiнде. Елiмiз урбанизация процесiне дендеген сайын, қазақы дiл де өзгере бастады. Бұл процесс қашаннан «дiлдiң барометрi» саналатын зиялы қауымның санасында күрделi күйзелiс туғызды. Бұның себебi «iске жарамсыз» тiлде ғана емес, сонымен қатар көптеген рухани құндылықтардың қазіргі заман талабынан көріне алмағандығында жатыр десе болады. Оған бiреулер батысты кінәласа, бiреулер оны күнкөрiстiң қиындап кеткенiнен, бiлiм мен тәрбиенiң жөнсiздiкке түскенiнен көредi. Ал ерекше бір топ мұны дiннiң әлсiреп кеткенінен деп түсінеді. Қалай айтқанымен, бұл жағдай көбіміз үшін «теңiзге батып бара жатқандай» әсер қалдырады. Әрине, ондайда кім де болса, қолға түсер «шыбығын» iздейді. Бiрақ көтерiлiп отырған мәселенің мәні жеке себептердің емес, көптеген себептердің қоғамға тұтас, бiр мезгiлде әсер етуінен болып отырғандықтан — соның қайсысы басым екендігін дөп басып айта алмай отырмыз.
Болашақта жаңа мәдениеттiң қабырғасы қаланатыны заңды. Өзіміз бастан кешіріп жатқан жаңарулар мен өзгерулер − сол мәдениеттің іргетасы. Бұл − болмай қоймайтын объективтi даму жолы, ұлттың болашағы. Біз соған дайынбыз ба? Жоқ. Себебі, «кез келген жаңару ұлтық ділден өсіп-өніп шығуы тиіс» деген идеологиялық принцип өмiрге келе алмай жатыр. Осылай дегенде қазақ мәдениетiнiң, қазақы дiлдiң үстем (алғашқы, бастапқы) екендiгiн ашық мойындау қажет болар едi. Бiрақ ондай келiсім қадамына баруға мыңдаған қазақтар емес, билік элитасы жүрексiнетін сияқты. Нәтижесiнде қоғамдық (ұлттық) санада «күйзелген қазақ мәдениетi», «күйреп жатқан дiлі», «шашыраңқы діні» дегендей зар-заман гөй-гөйлер одан әрмен күшейе түсуде. Бұлай болғаны кiмге қажет, кімге пайдалы екенiн қарапайым қазақ түсіне алмай әлек.
Бiз дiлiмiздi жақын көршiлер сияқты қорғай алмай отырмыз. Ділден ажырауға қарсы тұрарлық мемлекеттiк шара байқалмаған соң, адамдар «құтқарушы шыбықты» дiннен iздей бастады. Қаптап кеткен секталарға, кришнаға кiрдi. Біреулері арамызға шұғыл түрде енген ислам фундаменталистерiнiң ықпалына жығылды. Бiрақ, шынауайтына келгенде, олардың бiрi де қазақы дiлдi қалпында ұстап тұруға ықылассыз. Себебi, қазақы дiл қашанда таза дiнге сүйенген емес. Дін – ділдің қалыптасуына қосалқы фактор ретінде ғана ықпал етуші. Сондықтан қазақтар осы уақытқа дейін ислам мен бұрынғы тәңiршiл салттарын араластырып жүре берген, әлі де солай. Ал қазақ ділін қалыптастыруда негізінен ұлттық дәстүр мен салттар, әдет-ғұрыптар, мақал-мәтелдер, фольклор шешуші роль атқарған. Діл – осы негіздерге сүйенген ұлттық тәрбиеден, ғасырлар барысында өзiндiк көшпелi өмiр салтынан туындайтын тиымдар мен адамгершiлiк нормалардан тұратын. Осылардың бәрінің жиынтығы қайталанбас ұлттық тәрбие жүйесiн құраған. Ал бұл жүйенi не дiни, не басқа да жеке қағидаларға әкеп тіреп, онымен шектеп қою мүмкін емес. Ондай жол қазақы дiлдi қалпына келтiрмейді де, дамытпайды да. Өйткені бұл жол − қазақ дәстүрiн жаңаға бейімдеудің, ұлттық дамуды жаңа сатыға көтерудің жолы емес. Сондықтан бізге ұлттық келбетімізді айшықтауды жүзеге асыру үшін ұлттық тәрбиені (этнопедагогиканы) заман көшiне ілестіріп, оны ұлттық идеология деңгейiне көтеруіміз қажет. Өткен жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасының жұмысын қорытындылау және дамыту туралы отырыста «Қазақ халқының тарихын сонау көне дәуiрдерден бастап, ондағы ұлы тұлғаларымыздың атағын ұрпақ санасына сiңдiру қажеттiгi» туралы мәселе көтерілді. Бұл дегенiмiз − дамыған мемлекет болуға ұмтылушы ел соған сай iрi мемлекеттiк (державалық) тарихын қалыптастыруы қажет дегенді бiлдiредi. Бұл тарихтың мақсаты − қазақ ұлтын сонау тұңғиық тереңінен, жан-жақты қырынан көрсету, оны асқақтату. Ал бүгінгі діндердің ешқайсысы да қазақтың төл тарихын толық қамтымайды: секталардың қазақ тарихына тіпті де қатысы жоқ болса, ұлт діні саналатын ислам дінінің өзі мың жылдан әріге бармайды. Сондықтан қазіргі мойындалған дінді де ұлттық идеологияның құрамдас бөлігі ретінде қарай алмаймыз. Сол себепті де ислам дінінің (ол өзінің ұлтты ұйыстырушы ізгілікті міндетін атқарып жатқанымен) тарихымыздағы өзіндік орнын көрсете отырып, қазақ ұлтына қатысты діни тарихты қайта жазып шығу қажет болар, бәлкім. Сонда, кейбір сырттан келген дінтанушыларға «қазақ халқы исламға дейін жартылай жабайы болған» деп қорлауға жол жабылады. Біздің терең, кең мағынадағы тарихымыз болғанда ғана – қазір бізге «пір» болып тұрған арабтар мен қытайлар, орыстар, еврейлер, үндістер және т.б. бізге үлкен құрметпен қарайтын болады.
Біздегі әртүрлі діни уағыздардың барлығы да «өзімшіл». Діни сауаттылықта бір жүйе болмаған елде, неше түрлі ағымдар бой көрсетуде. Олардың барлығы да «менікі дұрыс» деп сөйлейді. Мұндай өзімшілдік діни төзімсіздікке жетелеуде. Олардың уағызына елтіген көп жастар бойында тасыған күш-қуатын елі мен өзінің болашағы үшін жұмсаудың орнына, мезгілі келмей өмірден бәз кешуге бейім болып, бойларына қазаққа жаттау, түсініксіздеу агрессивті бір менталитетті жұқтыруда. Ондай менталитет бойға бір сіңіп алған соң, төл тәрбиеміз бен дүниетанымымызды өзімізге жат етіп, көптеген қандастарымыздың бойында өз ұлтына деген шовинистік көзқарастың пайда болуына алып келуде. Бүгінде жұрттың аузындағы «хиджап мәселесі» осының сарыны. Сондықтан қазақы ділді ұғуда тек бiржақты, дiн төңірегінде шиырлап, одан аса алмай жүру − ұлт болашағы үшін аса пайдалы емес. Жоғарыда келтірілген факторлардың және осының әсерінен қазақ ұлтшылдары ұлттық діл мәселесін кең ауқымда (форматта) қоюға қол жеткізе алмай келеді.
Сөз соңында, аңсатып жеткен тәуелсіздікке дейін осыншалық құрметке ие болған «зиялы қауымның» бүгінгі билікке сөзі өтімсіз болып қалуының себебі неде? деп сұрауға мәжбүрміз. Тарих заңы бойынша, қазақ зиялысының жарқырап көрінер уақыты осы кез болуы тиіс еді, өкінішке орай, олай болмады:
Біріншіден, беймәлім жағдайда жаңаша көзқарасы, өзіндік ұстанымы болмай, күні кеше өздері дәріптеген державаны сынаудан әріге бара алмадық. Елдегі экономикалық, әлеуметтік және басқа жобаларға қатысудан бойды аулақ салдық. Сөйтіп, зиялы қауымның «үнсіз рұқсатын» алған билік – өз білгенін жасады.
Екіншіден, биліктің қате қадамдарына қарсыласудың орнына, биліктің сойылын соғуға көштік. Танымал адамдардың өмірі халықтың назарында болатындықтан, реформалар кезінде олардың бейтарап қалуы ұлттық мүдденің қорғансыз етті. Тұғырын нығайтып алған билік танымал тұлғаларды қызметпен, лауазым-атақпен қызықтыру арқылы қатарына тарта отырып, «қалталы парламент», «космополит» «шала» «нигигилист» және т.с..с. құбылыстарды тудырды. Қазір «зиялылар бар ма?» деген сұрақтың пайда болуы да осындай шындықтан туындаған.
Үшіншіден, ең бастысы, зиялыларын тұлға тұтатын, олармен терезесі тең диалог құруға ұмтылатын ортадан ажырап қалдық. Тәуелсіздік кезінде жетілген буын (жас мөлшері 33-34те) «жабайы капитализм» әкелген құндылықтарға мойынсұнып, «дүние-байлық» ұстанымымен өмір сүруді қалыпқа айналдыру үрдісі өтіп жатыр. Қазір қоғамның ақыл-ойының айнасы «капитал әлеміне табынушылар» болып тұр. Бұл − ұлт пен оның зиялы қауымының қуаты мен қорғаныс иммунитеті өте әлсіреп кеткендігінің бірден-бір белгісі. Металургия саласында «усталость металла» деген ұғым бар, тура сол сияқты… Зиялы қауым туралы айта келе, соңынан осындай қорытындыға келгеніміз өкінішті-ақ, әрине…
Поделиться в соц. сетях
The Әділеттің ақ туын ұстаған – зиялы by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.