Өміріміздің әр сәтінде, Баршамыздың Ойымызға да, Сөзімізге де, Ісімізге де ТӘҢІРІМІЗ разы болсын!
     Бүгін:   жыл
    
  • Азамат пікір-сайыс клубы
  • Бекжан Толыбай
  • Аршат Оразов
  • Өркен Кенжебек
  • Рахат Жақсыбай
  • Ербол Азанбеков
  • Кәмшат Тасболат
  • Ғалия Әженова
  • Жапониядан күнделік
  •  
     

    ҚР ҰИА академигі, ҚРМемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР БҒМ ҒК «Экономика» институтының директоры Оразалы Сәбден: «АУЫЛДЫ БҮГІН КӨТЕРМЕСЕК, ЕРТЕҢ КЕШ БОЛАДЫ»

    /
    Арнайы www.internettv.kz үшін Болат Нәукенұлы.
    Қазақ Елі, 24 маусым 2011 жыл.

    …әлімсақтан қазақ санасында, АУЫЛ деген ұғым өте киелі. Ел-жұрт топтасып қоныстанған елді мекен, үлкен-кішілігіне қарамай, АУЫЛ деп аталып, ол жерде ұлттық ТӘРБИЕЛІК және ЖАУАПКЕРШІЛІК ОРТА қалыптасып, ұрпақ тәрбиесі дұрыс жүйелі жолға қойылған еді. Бұл ортадан тәрбиелі, қарапайым еңбекқор қазақтармен қатар ұлтының мақтанышы болған, АУЫЛДАСТАРЫНЫҢ алдындағы жауапкершілікті жан-тәнімен сезінген, жігіт ағалары, ауыл ағалары, ауыл ақсақалдары, Ел ағалары, ақын-жыраулар, батырлар, әмбебаб-ұсталар, ғұлама билер үздіксіз шығып отырған…

    Біздің ата-бабаларымыз орыс-совет империясы орнағанға дейін өз ақыл-ойымен, ұлан-байтақ қазақ жерінде әрбір қазақ отбасын дербес, тұрақты өндіруші күш ретінде қалыптастырып, табиғатпен үйлесімді өмір сүріп, шаруашылықты жерге орналастыру мен ұжымдық еңбекті ұйымдастырудың ең тиімді – рулық (фирмалық) жүйесін қолданудың арқасында экономикалық тұрақтылыққа жетіп, ертеңгі күніне сенімді болған соң, азаматтық қоғамы мен мәдениетін дамытқан. Халқымыз осының бәріне – ЖЕР мен СУ ресурстары әр АУЫЛ, рудың ортақ байлығы болғандықтан, оны бүкіл АУЫЛ, ру болып бірігіп көздің қарашығындай қорғап, дұрыс, тиімді пайдалану арқасында ғана – қол жеткізген.

    Ұлттық ойлау қабілетінен айырылған өзге тілді шенеуніктердің, қазақ ғалымдарының айтқанына құлақ аспайтынына өкіне отырып, баршамыз АЛЛАДАН, халқымыздың ұлттық болмысын тезірек жаңғыртып , есін жиғызып қазақтың алтын бесігі АУЫЛДЫ сақтап қалуға жұмылдыруын тілейік және осы ізгі ниетті орындау жолында әр-бір қазақтың Ойына да, Сөзіне де, Ісіне де АЛЛА разы болғай.

    Осы орайда,  қазақтың өткен және бүгінгі бетке ұстар тұлғалы азаматтарының дерлігі ауылдан шыққандығының және олардың   ұлт болашағын үнемі естен шығармайтындығының  дәлелі ретінде, Оразалы Сәбденнің 1991 жылғы «АТАМЕКЕН АЖАРЫ. Оған үлес қосу — азаматтық борыш» атты мақаласын («Халық кеңесі» газетінде) және 2011 жылғы «АУЫЛДЫ БҮГІН КӨТЕРМЕСЕК ЕРТЕҢ КЕШ БОЛАДЫ» атты сұхбатын («Алтын орда» газетінде жарияланған) назарларыңызға ұсынып отырмыз.

    Әлем өзгергенмен қоғам өз тіршілігін кешуде. Сол сияқты елбасын сайлауда да өз таңдауымызды жасадық. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген, өз басын бәйгеге салса да, елі мен жерінің бүтіндігін сақтауда бар жігерін, ерік-күшін аямаған тұлғамыздың тұғырының берік болуын халық боп қолдадық. Ендеше, сол тұғырымыздың іргесінің мықтап қалана түсуіне экономикамыздың ықпалы қаншалықты екендігін саралап көрелікші. Экономка саласының білгірі Оразәлі Сәбден мырзамен осы тақырыпта пікір алмасқан едік.

    Академик, экономист Оразалы Сабден ҚР ҰИА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Ғалымдар одағының президенті, Экономика институтының директоры Оразәлі СӘБДЕН:

    «АУЫЛДЫ БҮГІН КӨТЕРМЕСЕК, ЕРТЕҢ КЕШ БОЛАДЫ»

    Алдағы 10 жыл оңай  болмайды

    — Оразәлі аға, күні кеше ғана Президентімізді сайладық. Халық өз таңдауын жасады. Және биыл тәуелсіздігімізге 20 жыл. 20 жылда қыруар жетістіктерге жеттік. Әсіресе экономиканы меңгердік. Ал өзіңіз экономиканың мықты білгірісіз. Экономика да, табиғат та обьективті. Егер табиғаттың сырын жіті түсінбесек, табиғат байлығын иегере алмаймыз. Экономика да солай сияқты. Қарапайым түрде айтсақ, экономика өзіміздің тұрмысымыз екен. Ал маман ретінде бүгінгі қоғамдағы, жаңа Президенттік сайлаудан кейінгі экономикамызға маман ретінде болжам жасап көріңізші…

    Рас, Президентімізді сайладық. 95 пайыз дауыс жинап Нұрсұлтан Назарбаев қайта сайланды. Бұл үлкен жетістік, үлкен сенім. Тәуелсіздігіміздің 20 жылында айтулы да атаулы, қадаулы да қадап айтарлық, мақтан етерлік, мақтана аларлық ғажайып жетістіктерге жеттік. Бір ауыз сөзбен айтқанда, қазақ деген ұлттың, қазақ деген мемлекеттің барын әлем білді, әлем таныды. Мұндай асуды алуда Президенттің салмағы ауыр болғандығын баса айтқанымыз жөн. Мұны өткен жылғы Астанада Тәуелсіздік сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, 56 елді бір пәтуаға келтіріп, жоғары деңгейде өткізілген жетінші Саммиттен-ақ көзімізді жеткізуімізге әбден болады. Шанхай ынтымақтастық ұйымына да Қазақстан белдісі болып отыр. Президенттің идеясымен Еуразия одағы құрылды. Кеден одағы да үш мемлекетпен байланысып, тірлік дөңгеленуде. Және Ислам ұйымдарының 56 мемлекеттің арасында өтетін конференциясын биыл Қазақстан басқармақ. Міне, ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар мен жетістіктер жетерлік. Бірақ, әңгіме басқада…

    — Ол қандай әңгіме?..

    — Әңгіме сол, өзге елдер секілді біздің мемлекет де жаһандану процесінде. Сол себептен де өткен жылдары болған дағдарыстың салдары бәрімізге тиді. Саммитке жиналған мемлекеттер де осы жаһандық мәселелерді талқылауға жиналды емес пе. Ендеше, әңгімені содан бастайық. Алдағы 10 жылда елімізде мынадай құбылыстар орын алмақ. Бұл 10 жыл тек еліміз үшін емес, бүкіл әлем үшін қиын жылдар болмақ. Осынау құбылыстарға қандай факторлар әсер ететінін талдап-саралап айтып көрелік, әрине экономист ретінде. Болмаса шикізатты экономикалы ел болып қаламыз. Айталық, бәсекелестік мәселесі. Сосын дүниежүзілік сауда-саттықта, капиталдың жүрісінде үлкен диспропорция пайда болды.

    Бұрын екі жүйе болатын. Бірі — Советтер одағы, екіншісі — Америка бастаған капиталистер. Бұл екеуі бір-біріне үзеңгінің екі жағы сияқты баланс болып тұратын. Күш жағынан да, қару-жарақ жағынан да, басқа салалардан да мықты болған. Ал кеңестік одақ құлап, ыдырағаннан кейін, бәріміз (республикалық мемлекеттер) тым-тырақай болып, жан-жаққа кеткен уақытта, Америка алға, әлдеқайда шығып кетті. Осы негізде олар ақшаны айналымға көбірек жіберді. Олар тіпті Азия, Африка сияқты кейбір елдерге керек болса мол қаражат ұсынып, инвестиция жасады. Былайша айтқанда, экономикалық тұрғыдан басып алды. Сөйтіп, көптеген мемлекеттерді экономикиалық тәуелділікке ұшыратты.

    80-шы жылдардың аяғында дүниежүзінде ақшаның құны мен шыққан тауардың құны тепе-тең немесе аздаған айырмашылықтары болатын. Ал бүгінде сол тауардың құны мен ақшаның құнын салыстыратын болсақ, ақша 12 есеге көбейіп кетіпті. Бұл ақша аспандап ұшып кетті, ал шығаратын өнім 12 есеге азайды деген сөз. Әрине, осындай жайттан соң дағдарыс болады. Яғни ақшадан ақша жасау жүзеге асырылды. Дағдарыстың болуына бірінші кінәлі — Америка және капиталистік мемлекеттер. Сол себептен де дағдарыс бірінші Американы «ұрды», содан кейін Жапонияны. Тіпті Жапонияның ішкі өнімі 6,5 пайызға түсіп кетті. Германияның да жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға төмендесе, Ресейдікі 9,5 пайызға түсті. Ал Қазақстанның әлемдік дағдарыстан шығуына өзіндік мүмкіндіктері болды.

    — Ол қандай мүмкіндік?

    — Қазақстанның «Ұлттық Қорда» қордаланып қалған 46 миллиард доллары болды. Осы қаражатқа сүйене отырып Үкімет бағдарлама жасап, соның пайдасынан дағдарыстан аман-есен шықтық. Дегенмен бұл әлі де жалғасатын нәрсе. Дағдарыс қайта болуы әбден мүмкін.

    Дүниежүзінің дамыған мемлекеттері 6-шы технологиялық жинақтауды қалыптастыруда. Олар: нано-технология, био-технология, генетика информациялық-коммуникациялық технологиялар болып келеді. Міне, осылармен айналысуда.

    Дүниеге келген әр балаға 10 мың доллардан беру керек

    Ұлт болашағы

    — Дағдарыстың екінші толқыны келуі мүмкін дейсіз. Дағдарысты болдырмаудың алдын алуға мүмкіншіліктеріміз жетерлік пе?

    — Еуропа мемлекеттерінің жағдайы дағдарыстан соң мәз емес. Дағдарыс бізді оятты деуге болады. Ол үшін экономиканы модернизациялау керек. Алдымен сапалы тауарлар дайындауда, иппотекалық кредит пен баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін шешудің жолдарын қарастырғанымыз дұрыс. Осыларға теріс әсер ететін факторларды анықтап, сонымен күресуді қолға алғанымыз жөн. Ал азық-түлікпен тек елімізді ғана емес, шетелді қамтамасыз ететін мүмкіншіліктерімізді қарастыру. Бұл тұрғыда елбасымыз мал өнімдерін күшейту керектігін баса айтқан. Мал өнімдерін дамытудың жолын қазақпын деген жанның бәрінің де хабары бар дер едім. Кезінде Тұрар Рысқұлов Сталиннің 11 жыл бойына орынбасары болып тұрғанында: «Жолдас Сталин, ет — валюта. Ет өнімдерін дайындап, Еуропаға сатып, одан түскен қаражатқа өндірісте істейтін маман-инженер дайындайық», — деген екен. Осы сөздің мәні қазір де маңызды. Маңыздылығы сол, қазақтың дүниежүзіндегі орны мал арқылы белгілі болған, мұнай мен газ арқылы емес. 50-60 жылдан кейін мұнай мен қазба байлығымыз бітеді. Сонда ата кәсібіміз — мал өнімдері мен шаруашылығымызды қалай дамытпақпыз? Бүгіннен бастап мал шаруашылығын жандандыруды жолға қоймасақ, ертең кеш болды.

    Ауыл мен қаланың арасы мүлдем алшақтап кетті. Ауылда түк қалмаса, әрине жастар қалаға қарай сырғиды. Бәріміз ауылда өсіп-өндік, ауылдың тәрбиесін алдық, қалаға да ауылдан келдік. Баяғыда анда-санда ауылдан ақша да келетін, ет те, сүт те, құрт та келетін. Қазір ғой ауылдан мұндай дүниелер ағылып келмейді. Енді қаладан ауылға таситын қоғамда өмір сүрудеміз. Қайтарым болу керек емес пе? Ендеше, мемлекеттік саясат бетті ауылға бұрса нұр үстіне нұр болар еді. Инвестицияны ауылға салу керек.

    — Дамыған мемлекеттер адам капиталын пайдаланады. Ал Қазақстанда адам потенциалы қанша пайызды құрайды?

    — Расында адам капиталын дамыған мемлекеттер қатты пайдалануда. Жалпы, дамыған мемлекеттерде қордың жылдық табысының 77 пайызы адам капиталынан түседі екен. Бұл дегеніміз — жаңа ғылым мен жаңа білім технологиялары болып келеді. Ал газ, мұнай, қазба байлықтарынан тек 23 пайыз түседі екен. Қазақстанда мұның бәрі керісінше дамуда. Түсетін қаражат көзі — мұнай, газ, қазба байлық пен негізгі қорлардан түседі. Адам потенциалы аз ғана пайызды құрайды. Сондықтан біз пирамиданы ауыстыруымыз керек. Сонда ғана дүниежүзілік мемлекеттік бәсекелестікке түсе аламыз. Мұның екінші себебі бар. Біз 15-16-ақ миллионды әрең құрап тұрған мемлекетпіз. Таяуда Шанхайда өткен конференцияға барып қайттым. Бір Шанхай қаласының өзінде 27 миллион адам тұрады, яғни екі Қазақстанның халқы тұрады деген сөз. Қытай халқының саны жағынан бір жарым миллиардты құраса, Индия бір миллиард болды.

    Тағы бір қызықты есепті айтуға тура келеді. Дүниежүзінде халық көп, сол себептен дамыған капиталистік елдерде адамды азық-түлікпен қамтамасыз ету бірінше кезекке қойылған. Ал Қазақстанның жері кең, қазба байлықтары жеткілікті бола тұрып, дүниежүзінде байлықтан 9-шы орынды иемдене тұрып, халқымыздың саны әлдеқайда төмен. Өзбекстанның өзі бүгінде 27 миллионға жетіпті. Сондықтан халықтың санын өсірмей, жүз жерден бай болсақ та, ешнәрсе нәтижесін бермейді. Адам потенциалы дегенде, қазақтың санын көбейтуге барымызды ортаға салуымыз керек. Керек десең, тек мемлекет емес әр бизнесмен қалта түбіндегісіне дейін халқының санын көбейту үшін қағу керек.

    Осы мәселеде ғалымдардың жұмысын алайықшы. Ғылыми кеңесте ғалымдар бір-біріне жазған-сызғандарының ақиқаттығын дәлелдеп, пікірталасып тұрып алады. Ал біздің Парламентте бәрі керемет, екі қолын тең көтеріп, түсіріп отыра береді. Бұл Парламент миссиясын орындап болды. Күні кеше ғана елбасымыздың өзі «көппартиялы Парламент болсын» дегенді айтып өтті. Дұрыс шешім. Үш-төрт партиялы Парламентте пікірталастың болатыны сөзсіз. Міне, дүниежүзілік мәселенің елімізге әсері қандай?!.

    Ал енді еліміздің ішінде не болып жатыр дегенге тоқталайын. Қайта сайланған президентіміз енді елінің мұнан кейінгі даму жолдарын ойланады. 2030 атты стратегиямыз бар. Енді бізге мұның механизмдері керек. Президент «Әулеметтік модернизация керек» деді. Шынында да әлеуметтік салада атқарылып жатқан тірліктердің нәтижесі қане?! Бала тапқан аналарға қандай жағдайлар жасап, мүмкіндіктер қарастырудамыз? Егер босанған ана мұғалім болса, сол мұғалімдік жалақысын өзгертпей, дәрігер болса, сол дәрігерлік еңбекақысын қалдыру керек. Дамыған мемлекеттерде босанған анаға жұмысты үлкені сол деп, айлығын қалдырады және нәрестенің өсіп-дамуына жағдай жасайды. Бізде ше? Біздің елімізде босанған әйел сыртқа шығып қалады. Нәрестеге берілетін жөргекақы болса, арзымайтын тиын-тебен. Дүниеге келген әр балаға кем дегенде 10 мың доллар беруге еліміздің қазба байлықтары жетеді. «Бала ту, бала тап» дегенмен аналар бала таба бермейді. Баласын бағып-қағуға еш жағдайы келмей, мүмкіншілігі болмаса, қалай бала таппақ? Халықтың санын көбейтуде алдымен ана мен бала мәселесін шешу туралы Парламент заң қабылдауы керек.

    — Нарықтық кезеңге кіргелі сыбайлас-жемқорлық деген белең алып кетті. Экономикамыздың ілгерілеуіне осының кері әсерлері болатын шығар…

    — Әсерінің сөзсіз болатыны ақиқат. Бәрімізді қинап отырған мәселе, бұл — сыбайлас жемқоролық. Сауалнама жүргізудің нәтижесінде сыбайластыққа қатысы бар делініп 70-75 пайыз адам дегенді айтады. Бұл көрсеткіш бәрімізді шарпып өтті деген сөз. Жемқорлықты ауыздықтамай болмайды. Айтып та, жазып та жатырмыз, дәнеңе де өзгеріп кеткен жоқ. Теледиарды қосып қалсаң, ана жерде кісі өлімі, мына жерде қарақшылық шабуыл, келесі өңірде тағы қылмыстық әрекет. Қоғамдағы келелі мұндай мәселелерді тек КТК көрсетеді. Егер барлық телеарна КТК секілді осындай хабарларды беретін болса, онда шашымыз тік тұрып кететін шығар. Бір КТК-ның көрсеткені неге жетіп жатыр?

    Осындай-осындай мәселелерді сараптап келгенде, таяқтың ұшы жоғарыға барып тіреледі екен. Осылардың бәріне енді қайта сайланған жаңа көшбасшымыз жаңаша көзқараспен қарайды деп үміттенем. Жалпы басқару жүйесіне. Бірінші кезекте қоғам мен мемлекет жағдайын сараптап алу маңыздырақ. Қоғам қай жерде, мемлекет қайда тұр дегенді. Бұл аралықты мен есептедім, ол үшін үш аудит керек.


    Біздегі келеңсіздіктің бәрі рухани дағдарыстың кесірінен

    Бірінші аудит — мемлекет тарапынан бөлінген бүкіл шығындарды електен өткізіп алу. Себебі, бізде бөлінген қаражат далада қалуда

    — «Бізде бюджеттің игерілмей қалу көрінісі жылда бой көрсетеді. Дүниежүзі елдері дағдарысқа қатысты қаржыны қайдан аларын білмей бас қатырып отыр. Ал біз бар қаржыны ұқсата алмаймыз» деуіңіздің мәнісі осыда ма?

    — Иә, себебі, жылдың соңында ондаған миллиард ақша үнемделіп қалады? Бұл қандай коммунизм? Ал шетелдіктер ақшаны қайдан аларын білмей, дағдарысқа ұшырауда? Бізде бөлінген қаражат далада қалуда? Демек, бұл көрсеткіш ысырапсыз кетіп жатқан шығынның көптігін білдіреді. Шындап келгенде, әріден айтсақ, мемлекеттік шығын өз үйіңізден басталады. Дүкенге немесе базарға барғанда әр затты аларда құны мен сапасына назар аударып немесе үнемдеп қана жұмсайсың, келесі айлыққа дейін деп. Неге әр адам мемлекетті осылай өз отбасындай, өз баласындай көрмейді? Кейде жылдың соңғы екі айында конференция, семинар дегендер үсті-үстіне өтіп жатады. Мұның ар жағына үңіліп қарасаңыз, мемлекеттен бөлінген қаражаттың қалып кетіп, оны сол басқосуларға төгіп-шашып жатқанын көресіз. Конференция мен семинарға келген шетелдіктердің шығынына жұмсап, соларды тамақтандырып, әйтеуір қалған қаражатты тауысып бітіреміз. Соңынан кеп ешкім ештеңе көрмей, естімегендей боп отыра береді. Мұны мемлекет өз маңайындағылардан бастап, әрісі ауылға дейінгі бөлінген қаражаттың тиын-тебеніне дейін қадағалауға алғаны жөн.

    Екінші аудит — бұл бүгінгі технологиялық жағдайымыз. Техникалық дағдарыс — өте күрделі дағдарыс. Мысалыға қазір машина жасау-жабдықтары 60-70 пайызға тозған, әзер жүр, 80-90-дағы қарияларға ұқсап. Күні ертең бәрі тозып біткенде не болмақ? Біз технологиясы дамыған мемлекеттерден 50-60 жыл кейін қалып отырмыз. Біз оларды қашан қуып жетпекпіз? Сондықтан технологияға да модернизация жасау керекпіз.

    Үшінші аудит — рухани байлығымыз. Өкінішке орай, қай ғасырда болмасын, ешуақытта қазақтың рухани байлығы аудитке түскен емес еді. Қай салада болсын кейінгі кезде әлемге танылған асқан бірде-бір талантымыз шыққан жоқ. Немесе бірде-бір Нобель сыйлығын алған дарынымыз жоқ. Болмаса 20 жылда халықаралық деңгейде Розадай өнерліміз жарқ етпепті. Роза қай заманда шығып еді. Қаламгерлерімізді алайық, Нүрпейісов «Қан мен теріне» Мемлекеттік сыйлық алды. Ал қазір не болды? Мемлекеттік сыйлықты алуда, бірақ халықаралық дәрежеде емес. Қайта осы қиындық заманда өнерлілеріміз көрінуі керек болатын, өкініштісі олай емес.

    Ғылымда алсаң да солай. Рухани байлығымызды неге жоғарыдан бақыламаймыз? Мүмкін қолдап, арнаулы мектеп қажет шығар. Ішкі өнімнен ғылымға бөлінетін ақша жалпы 0,22 пайыз болатын болса, шетелмен салыстырғанда 15-20 еседей кем. Осыдан соң таланттар қайдан шықсын? Тап қазір ғылымда кілең ұлт үшін қырауар тірліктер атқарып отырған патриоттар. Осы патриоттар кетеді, уақыты келді, кеткеннен соң ешкім қалмайды. Мұндай ғалымдарды даярлау жолы жүйеге түспеген.

    Рухани байлығымызды сөз еткенде патриоттық сезімімізді талдап көрелікші. Дініміз жастарға патриоттық тәрбие жолында қандай шаруалар атқаруда? Мен білмеймін. Ана ауылдан мешіт ашқанын, мына ауданнан мешіт ашқанын есітеміз, басылымнан оқимыз. Мешіт ашылады, құран оқылады, сонымен бітеді. Әрине, мешіт керек. Жақында телеарнадан Ресейдің христиан дін басшысы Кириллдің ұлтына қатысты келелі мәселелерді талқылап, жиналыс өткізіп отырған хабарын көрдім. Алқалы жиынды өзі жүргізіп отыр. Әлгі жиналыста Путин мен Медведьев жоқ, өзге үкімет басшыларының бәрі отыр. Мемлекеттік Думаның басшысы, министрлер, партиялардың жетекшілері. Олардың талқылап отырған ортақ мәселесі — Ресейдің білім мен ғылымын қалай көтеру. Міне, тәрбие деген осы. Біздің мүфтиіміз бір министрді шақырып мәжіліс жасады ма екен? Біз дін бөлек, ғылым мен білім бөлек деп, екі ажырап кеткенбіз. Ал тәрбиеге келгенде бір емеспіз бе? Сондықтан мен айтар едім, Қазақстанда діннің рөлі өте нашар. Еліміздің жастарының рухын көтеруге, идеологиялық тәрбиесін айқындауда беретін бағыт-бғдары айқын емес. Бұл — шындық.

    Өркениетті елдің көшіне ілескіміз келсе, дінімізді, тілімізді күшейткіміз келсе, осындай мәселелерге бас қатырайық.. Мұсылман дінінің өзін түрлі тармақ жасап, бірнешеге бөліп тастадық. Ешкім күрескісі келмейді. Әйтеуір әр адам «маған тимесе болды» деп жүріп жатырмыз. Халқыма нақты іс жасаудың көзін таппасам, ондай орынтақтың маған керегі не? Мемлекетіміз гуманистикалық қоғам қалыптастыруға ерік-күшін сарп етсін.

    — Демек, ХХІ ғасыр гуманистикалық ғасыр. Бұл ғасырда ненің ара-жігін ашып алғанымыз дұрыс болар еді?

    — ХХІ ғасыр гуманистикалық ғасыр. Мұны дағдарыс дәлелдеді. Технологияны пайдалана алмасаң басқа жаққа алып кетеді екен. Ақша айналымын дұрыс жолға қоймасаң да солай. Ал рухани тәрбиеміздің іргесі мықты болса, гуманистикалық қоғамда бәрі өз орнында болатыны анық.

    Ақпараттық  технологияның дамуына сай, аз буынды,

    үйлесімді- тиімді Ел басқару жүйесі қажет

    Міне, жоғарыдағы айтқан мәселелердің басын ашып алғаннан кейін, Қазақстан енді қалай жүру керек дегенде, іс-шараларды іске асыру керек. Негізгі мақсатымыз — Қазақстанды тұрақты дамыту. Тұрақты даму арқылы халықтың әл-ауқаты жақсарады. Сонда ғана өзге мемлекеттермен кез-келген салада бәсекелес бола аламыз. Осылайша модернизациялау арқылы стратегиялық жоспарды жүзеге асырамыз. Мұны үш салаға бөліп қарар едім.

    Бірінші сала — жаңа экономикамыздың өзегін жасау. Өзек деген не? Өзек — бәрін суырып алып шығатын дүние. Ол — инновациялық экономика. Инновация арқылы дамимыз. Дүниежүзінің үрдісі де — инновация. Мысалы, 100 кәсіпорынды алсақ, соның бес-ақ пайызы инновациямен айналысады екен. Ұлттық Ғылыми орталықтар құрып, ғылымды өндіріспен ұштастырып, іргелі ғылым мен қолданбалы ғылымды инновациямен байланыстырып, дамыту. Оған жұмсалатын қаражатты аямау керек.

    Екінші сала — кадр мәселесі. Сталин айтпақшы «кадр бәрін шешеді». Кадр институтын ашу керек. Бізде бас-аяғы 14 облыс. Кей әкімдеріміз «князь Царь» сияқты отырады. Үш әкім отырады, үшеуіне ортақ орталарында бір арнамен ғана су ағады делік. Үш әкімде бір экология, үш әкімде бір ресурс, бірақ әрқайсысы жеке отырып өз проблемасын шешеді. Сонда бұл әкімге беріп қойған дүние ме? Онда басшылықтағы құрылымымызды өзгертейік. Таяуда ғана Оңтүстік Қазақстан облысында Ғалымдар одағының конференциясын өткіздік. Облыс әкіміне рахмет, жиынның бас-аяғына дейін орынбасары екеуі қатысты, көп мәселе талқыланды. Барлық әкім ғылымға осынай көзқараспен қараса. Осы облыстағы Сарыағаш ауданында көкөністің, жеміс-жидектің алуан түрі өсіріледі. Ал Шымкентпен іргелес жатқан Қызылорда облысы Қытаймен шарт жасасып, жеміс-жидекті Қытайдан алады екен. Бұл не деген сұмдық?

    Ауыл шаруашылығы

    Мынадай сұмдықтар басшылық тараптан жасалады. Басқару жүйесінің өздерінде жүйелілік жоқ. Мысалы, министрлікті алайық, оларда басқару жүйесі 12-13 буынға барып қалыпты. Негізінде басқаруда 5-6 буын-ақ тиімді. Министр бір, жауапты хатшысы екі, орынбасаларлары үш, комитет төрағалары төрт, мұнан әрі төмен түсе берсек, сонда нағыз жұмыс істейтін адам 12-13-ші буын болып келеді екен. Өзгелері — басшылар. Нағыз жұмыс атқаратын адамды кадр деп санасатын кез келді. Кадр демекші, жетер енді, ата-ата, ауыл-ауыл, ру-ру болып «өмір сүруді» тоқтатып, бәрін де арымыздың сынына салайық.

    Қазақстандағы облыстарды біріктіріп 5 аймақ жасаған дұрыс болар еді. Батыс Қазақстан облыстары бір аймақ, Оңтүстікке кіретін облыстар бір аймақ, Солтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан және Шығыс Қазақстан өңірлері бір-бір аймақ болып шығады. Бес аймақтың өз басшылары тағайындлады, бірақ ол әкім емес, әкімнен жоғары. Аймақтың басшысы 5 аймақтың экономикасы мен индситурисымен айналыссын, сол салаларды дамытсын. Бәсекелестік бойынша. Батыс облыс аймағы Ресеймен шекаралас па, Ресеймен бәсекелс болсын. Елбасы осылай талап жүктесе бәрі де орындалары сөзсіз. Сондықтан аймақтың басшысына Прьемер-министрдің орынбасары деген лауазым берілсе қанеки. Оңтүстік аймақтар көрші Өзбекстан елімен бәсекелестік жасасын. Қырғызстан, Қытай бар дегендей.

    — Сонда облыс әкімі не істемек?

    — Облыс әкімі кіші әкім болады. Бұл кіші әкімдер халықпен жұмыс істесін. Кей облыс әкімдері халықтан алыстап, тіпті ажырап кетті. Халық облыс әкіміне тіптен жете алмайды. Облыс әкімдері әлеуметтік, рухани салалармен, сондай-ақ ғылыммен, біліммен, жастарды тәрбиелеумен айналыссын, керек десеңіз жастардың екінші әке-шешесі болсын. Негізгі индустриямен айналысатын аймақтың басшылары болсын. Сонда ғана біз Қазақстанда түбегейлі өзгеріс жасай аламыз. Кадр дегеніміз осы.

    Үшінші салаАзаматтық қоғам құру. 2006 жылы Президенттің «Азаматтық қоғам құру» деген керемет консепциясы шыққан. Соны кезінде оқыдық, қазір есімізден шығып кетті. Президент сонда: «Адам өмірінің сапасын дәлелдейтін критерийлерге көшу керек» деген тапсырма берген. Азаматтық қоғам құру дегеніміз — халықпен жұмыс істеу керек деген. Халық өзінің қоғамдық ұйымдары арқылы даму керек.

    Қоғамды дамытатын қашанда пікірталас. Сол себептен халықтың ортасынан шыққан азаматтарды үкіметтік ұйым емес қоғамдарды тарту керекпіз. Мұның жолы бар. Ол — Ассамблея. Бүкіл ұлт, ұлыстарды біріктіретін орын. Олар әр ұлттардың өкілдері. Ал мұнан өзге қаншама қоғамдық ұйымдар бар. Айталық, Қазақстан Ғалымдар одағы, академиялар, Жазушылар одағы, Композиторлар одағы, Суретшілер одағы т.б. Бұған партияларды қосайық. Осылардан Президенттің жанынан Қоғамдық Палата құрылсын. Сол жерде әр саладан келген азаматтар халықтың мүддесін айтып, дәледер келтірсін. Мәселен, Ресейде мұндай орын бар. Біздің Парламентте де бар, бірақ соның статусын көтеріп, оның жанынан алып, Президенттің жанынан құру керек. Бөліне-бөліне болдық. Бөлінгеннен пайда болатын болса, болатын еді 20 жылда. Енді бірігейік. Білімді-білімді азаматтарымыз жүр, сыртта жүргендері қаншама. Бұлар неге сыртта қалуы керек. Олар да қоғамға жаны ашып жүрген азаматтар. Шақырсын, істемесе мейлі… артынан бір тепсін. Бір газетте жазады «Тоқтар Әубәкіров жылқы бағып жүр» деп. Бәйменовті де, Ораз Жандосовты да сөз қылады, далада қалды дейді. Міне, осы азаматтарды неге шығармасқа, шақырмасқа? Өзім ғалым болғаннан соң, Парламентке төрт рет депутат болғаннан кейін, қоғамның құбылысын, экономикалық, әлеуметтік жағдайларын бүге-шігесіне дейін білгендіктен бәрін айтып отырмын. «Оразәлі Сәбденов, сен осы мәселелерді үнемі айтып келесің, қане орында» десін, сонда көрер едім.

    Ұрандау көбейіп кеткен сияқты

    Қазақ Елі мәңгі жасайды

    Жалпы сынаудан аулақпын. Үкімет бағдарламасын жүргізіп жатыр. Бағдарламалар қабылданып жатыр. Мұның бәрі дұрыс. Бірақ біз осылардың жүзеге асуына кедергі болып отырған мәселелерді көрсете білуіміз керек қой.

    Елімізде қылмыстық әрекеттер ашықтан-ашық болуда. Бұл қылмыстық іс-әректтер қайдан шығады? Оның астарына неге үңілмейміз? Оның ішкі астарында жұмысссыздық, адамның жеке басының еш жерде тіркеуде жоқтығы да жатыр емес пе?. Бізде қазір адам ұрланып кетсе, ешкім де таба алмайды. Ал Англияда бір пенде жоғалып кетсе, телеарнаға сол адамы табылғанша бере береді. Біз ғой, жүз адам жоғалса да жайбарақат отыра береміз. Өзіміз миллиард болсақ мейлі екен. Ат төбеліндей ғана халықпыз. Әр адамды бағалап, жағдай жасап, қажеттісін біле отырып, әр адамның мемлекет алдындағы өзінің жауапкершілігін де сезіндіре білу керек. Әр нәрсенің құнын сұрайтын, әр нәрсенің орнын бағалауға, судың да сұрауы бар екендігін білетін уақытқа жеттік деп ащына айтар едім. Ұрандатып кеттік. Менің қорқатыным, біз қайтадан советтер одағындағы лозунгке кіріп кеттік, тіпті кейбір тұстарымыз асып кетті. Рапорт беруден. Тек лозунг. Біздің өз мүмкіншіліктерімізді пайдалануымызға өреміз жетпей отыр. Бұл билік жүйесінің кері ықпалынан. Басқару жүйесі тиімді жұмыс жасамайды. Сұрайтын адам жоқ. Орын алып отырған құбылыстарға жауапты қашан іздемекпіз? Жауап бермесек, күні ертең басып қалады, селге ұқсап. Соның алдын алу іс-шараларын белгілеуіміз қажет.

    Бұл ұйықтайтын заман емес. Қазақ аштықтан да, соғыстан да аман шыққан. Ал мынау бәсекелестіктен шығу, дүниежүзілік жаһандану процесінің көшіне ілесіп кету, ол соғыстан да, аштықтан да әлдеқайда күрмеуі қиын мәселе. Бұл терең ақыл-оймен, білім-ғылыммен жүзеге асатын шаруа. Қазақта «қасысаң қаның шығады, қасымасаң жаның шығады» деген сөз бар. Айтпасаң, ақым кетіп барады, қатты айтсам, қарындастың көңілі қалады. Былай айтқанда, қарындас билікте жүргендер. Неге оларды «қарындасым» деп аяуым керек. Олар халық үшін жұмыс істемей ме? Олар мықты болса ғылымға келіп жұмыс істесін. Бәрі ғылым докторы, кандидат. Өздері қорғап алғаннан кейін, бәрін жауып тастады. Енді Қазақстанда диссертация қорғалынбайды. Ал ТМД елдерінің бәрінде бар. Қазақстанда ғана жоқ.

    Ғылым кандидатын, ғылым докторын қорғатып отыру дегеніміз — кадр дайындау ғой. Іргелі ғылыммен жұмыс жасайтын мамандарды бұрын дайындайтынбыз. Біразы осында істейтін. Президент дұрыс айтады: «Қорғап-қорғап алады да басқа жақта істейді, ғылымға тер төкпейді» деп. Бір сөзбен айтқанда, ғалымдарды дайындайтын арнаулы орын жоқ. Америка да, Қытай да бар білімдерін ғылымға жұмсауда.

    Назарбаев университеті құрылды, дұрыс. «Болашақ» бағдарламасы жасалынды. Интектуальдық мектептер бар. Мұның бәрі жаңа білім жүйесі. Ал осының бәрін ғылыми тұрғыда ұштастыруымыз керек емес пе? Қалай жалғастырмақ? Бүкіл ғылыми зерттеу институттарынан қалған академия Алматыда бос қаңырап тұр. Осы ғылыми ошақтарды неге пайдаланбасқа? Ғылым орталығын неге жасамасқа? Президент әрқайсысына шұқып көрсетіп, айта беру керек пе? Президент айтқанда ғана қимылдаймыз. Қашанғы президент айта берсін.

    Бұл қиындықтардың бәрін текке айтып отырған жоқпын. Шанхайда өткен дүниежүзілік көрме байқауына барғанымда технологияларының қарыштап дамып кеткендігін көріп бас шайқадық. Шанхайда 27 миллион халық тұрады, көліктердің кептелісі жоқ. 3-4 сатымен жүретін жолдары бар. Ал Алматыда 1 миллион 250 мың халық тұрады, кешке үйге жеткенше екі сағат ұйықтап барамыз. Жұмыстан шаршап шыққанда бұ да жақсы шығар. Ұйықтап барып, үйге барған соң қайтадан жұмыс істей беруге болады.


    Қысқа-нұсқа

    Тағдырыңызға ренішіңіз бар ма?

    Жоқ

    Қатты қиналған сәтіңізде өзіңізді қалай қолға аласыз?

    Ата-баба аруағына сыйынамын.

    Мінезіңіз қандай?

    Өмірге лайықты, кейде ауырлау.

    Құпия сақтауға бepiкciз бе?

    Берікпін деп айта алмаймын.

    Қанағат деген сіздіңше қандай ұғым?

    Терең.

    Ортамда өз бағамды алдым дер ме едіңіз?

    Бүгін бермесе, ертең берер.

    Шабыт шаттық па?

    Кім қалай ойлайды.

    Мемлекеттік сыйлық Ciз үшін қандай сыйлық?

    Мемлекеттік сыйлық мен үшін Қазақстанның «Нобельі»

    — Ашық пікірлеріңіз үшін рахмет!

    Сұхбаттасқан Қызжібек БӘКІР,

    Алматы.

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Buzz
    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в LiveJournal
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники

    Creative Commons License
    The ҚР ҰИА академигі, ҚРМемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР БҒМ ҒК «Экономика» институтының директоры Оразалы Сәбден: «АУЫЛДЫ БҮГІН КӨТЕРМЕСЕК, ЕРТЕҢ КЕШ БОЛАДЫ» by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.

    24 Маусым 2011 at 17:44 - Пікір жазу Пікір жазылмаған 2 589 рет қаралған ...