Өміріміздің әр сәтінде, Баршамыздың Ойымызға да, Сөзімізге де, Ісімізге де ТӘҢІРІМІЗ разы болсын!
     Бүгін:   жыл
    
  • Азамат пікір-сайыс клубы
  • Бекжан Толыбай
  • Аршат Оразов
  • Өркен Кенжебек
  • Рахат Жақсыбай
  • Ербол Азанбеков
  • Кәмшат Тасболат
  • Ғалия Әженова
  • Жапониядан күнделік
  •  
     

    М. ШАХАНОВ: «Мемлекеттік тілді қолдау — Қазақстан халқының конституциялық парызы!!! » (фото-видео репортаж)

    /

    Арнайы www.internettv.kz үшін Болат Нәукенұлы.

    Қазақ Елі, 27 қыркүйек 2011 жыл

    Бүгін, 2011 жылы 27 қыркүйек күні, Алматы қаласындағы Ұлттық баспасөз клубында 2 қазан күні өтетін «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясына арналған баспасөз конференциясы болып өтті.

    М. ШАХАНОВ: \»Мемлекеттік тілді қолдау Қазақстан халқының конституциялық парызы\»

    ЖЕЛТОҚСАН 86 ардагерлері жастардың Конституциялық құқының бұзылуына қарсы

    М. ШАХАНОВ: «Елімізде қазақ тілін менсінбеу доғарылмаса, Үкіметті сотқа береміз\»

    Баспасөз мәслихатын ашқан Мұхтар Шаханов, өткізілетін акцияның мақсатын айтып берді:

    - Қазақ халқына, билікке, Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдеріне арнап жасаған үндеуіміз қоғамда үлкен талқыға түсті. Біз, Қазақстанда тұратын өзге этностардың тіліне, мәдениетіне оның өсіп- өркендеуіне ешқандай қарсылығымыз жоқ. Біз тек мемлекеттік тіл — қазақ тілі өзінің заңды мәртебесін иеленуі қажет деп білеміз. Ашық хатта «Орыс тілінің мемлекеттік тілмен қатар қолданылады» деген Ата заңдағы 7-баптың екінші тармағын алынып тасталуы керек деп айтқанбыз. Бұл — орыс тіліне қарсылық емес. Керісінше, қазақ тілінің заңды тұғырына қонуына жасалатын құқықтық қадам.

    Ашық хатқа 138 адам қол қойған. Соның бес-алтауы бас тартты. Бірақ олар қоғам тарапынан сазайларын алды. Күні бүгінге дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен қоңырау шалып, хат жазып, хабарласып, ашық хатты толық қолдайтындарын білдіріп жатқан азаматтардың санында есеп жоқ.

    Туған тіліміздің Ата заңда көрсетілген мемлекеттік тіл мәртебесін толық иеленуі үшін соны биліктен талап етіп, ана тіліміздің тағдырына араша түсуге баршаңызды шақырамын. 2-нші қазан күні «Сарыарқа» кинотеатырының артындағы саябақта (Алматы қаласы, Әуезов ауданы. — ред) өтетін «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясына келіп, қолдау көрсетіңіздер!

    Мұхтар Тайжан, Болатхан Тайжан атындағы қордың төрағасы:

    - Мен өз сөзімді өзге ұлт өкілдеріне арнағым келіп отыр. Тілге байланысты көптеген халықаралық пактілерді, заңдарды әртүрлі мемлекеттердің мемлекеттік тілдеріне байланысты ұстанып отырған саясаттарын қарап шықтым. Мысалы, осындағы орыс диаспорасының тарихи отаны Ресейде, сондай-ақ, Кореяда, Әзербайжанда, Арменияда, Грузияда, Израилде тағы басқа елдерде мемлекеттік тілге қатысты қатаң тәртіптер, заңнамалық тетіктер бар. Бұл елдерде мемлекеттік тіл — бір-ақ тіл.

    Сондықтан Қазақстанда қазақ тілінің мәселесі өткір қойылуы заңды. Қоғамның, ұлт зиялыларының қазақ тіліне қатысты жасаған үндеуі өте орынды. Оны толықтай қолдаймыз.

    Қалалық қазақтарға айтарым: Ақтан Төкіштің «Мәңгүртстан» атты шығармасы бар. Соның орысша нұсқасын оқыңыздар. Сонда көп нәрсеге көздеріңіз ашылатын шығар деп үміттенемін.

    «Республика» газетінің тілшісі қойған: Ата Заңның 7-бабындағы «Орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады» деген екінші тармақша алынып тасталған күнде Қазақстандағы барша жұрт қазақша сөйлеп кете ме?» деген сауалға баспасөз мәслихатын өткізіп отырған мырзалар, егер ол талап орындалса, қазақ тілінің кеңістігі кеңейіп, мемлекеттік тілде сөйлейтін азаматтардың қатары молаятына сенімді екендіктерін жеткізді.

    Сондай-ақ, жиынға қатысқан «Руханият жасылдар» партиясының төрағасы Серікжан Мәмбетәлин, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Бөріхан Нұрмұхаммедов, «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұраттар да ашық хатта айтылған талаптарды қолдайтындарын жеткізді.

    БАСПАСӨЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНАН ФОТОКӨРІНІСТЕР:

    Мемлекеттік тілді қолдау акциясына қатысты баспасөз конференциясынан фотокөріністер

    МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОЛДАУ – ЕЛ БІРЛІГІН ҚОЛДАУ!

    Қадірменді тіл жанашырлары!
    Өздеріңізге мәлім, таяуда біз, ұлт зиялылары, партия, қоғамдық ұйым мүшелері, ақын-жазушылар, өзге де тіл жанашырлары бірлесіп,мемлекеттік тілдің бүгінгі аянышты жағдайы туралы баспасөз беттерінде ашық хат жарияладық.
    Ашық хатта мемлекеттік тіл төңірегінде қордаланып қалған өзге де жәйттермен қатар Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастау туралы мәселе көтердік. Себебі, Конституцияның 7-бабында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» – деп бадырайып жазылып тұрса да, 2-тармаққа «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген тіркес ендірілген. Елімізде орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола алмайтынын Қазақстан республикасының Конституциялық Кеңесі бірнеше дүркін дәлелдеп берсе де, сол бір 7-баптың 2-тармағы жұртты әлі шатастырып, орыс тілі заңсыз мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатыр. Осы үшін де өзіміздің көптеген шалақазақтарымыз «бізде орыс тілі мемлекеттік тіл ғой, сондықтан қазақ тілін үйреніп әуре болудың қажеті не?» деген ойдың ауқымынан шыға алмай келеді. Ал елімізде орыс тілі этносаралық, халықаралық қатынас, байланыс тілі деңгейінде қала береді. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Атазаңға осыны нығыздап енгізуіміз қажет. Біздің бұл ойымызды кейбір орыс тілді басылымдар мен ғаламтор сайттары көпе-көрінеу бұрмалап, жала жабуда. Олар тіл жанашырларын әсіре ұлтшыл етіп көрсетіп, республикамыздағы өзге ұлт өкілдерін бізге қарсы айдап салуға тырысып бағуда.

    Ашық хатта атап өткеніміздей, біз әрқашанда республикамызда орыс тілінің және барлық этностар тілінің, олардың салт-санасының, рухани құндылықтарының салтанат құруын, өркен жаюын қалаймыз. Сол ықыласымыз, талабымыз ешқашан өзгеріске түспек емес. Ал мемлекеттік тілдің әлі күнге дейін басқа елдердегідей бәрімізді біріктіретін дара күшке айнала алмағаны ащы шындық.

    Осыған орай, 2011 жылдың 2 қазанында, жексенбі күні сағат 11-де, қалалық әкімшіліктің арнайы рұқсатымен, Алматы қаласындағы «Сарыарқа» кинотеатрының маңындағы алаңда «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясын өткіземіз.

    Егер Сіздер, шын мәнінде ұлтымыздың болашағына, оның тіліне, діліне, салт-дәстүріне жанашырлық танытсаңыздар, онда бізбен бірге боласыздар! Тілсіз – ұлт жойылады. Тілсіз – ұлттық құндылықтардың ешқайсысы да өркен жая алмайды. Егер біз мәңгүрттенбеген, өз бағыт-бағдары бар ұлт екендігімізді, рухани күш екендігімізді танытсақ қана, өзгелер де бізбен санасады. Рухы оянған, намысын жоғалтпаған ел екендігімізді айқындар кез келді. Бейбіт көңілмен, шынайы рухтастық жағдайда өтетін сол басқосуда шыншыл ой-пікір тоғыстыралық.

    Ұйымдастыру комитеті

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Buzz
    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в LiveJournal
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники

    Creative Commons License
    The М. ШАХАНОВ: «Мемлекеттік тілді қолдау — Қазақстан халқының конституциялық парызы!!! » (фото-видео репортаж) by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.

    27 Қыркүйек 2011 at 16:46 - Пікір жазу Пікір жазылмаған 3 006 рет қаралған ...