Өміріміздің әр сәтінде, Баршамыздың Ойымызға да, Сөзімізге де, Ісімізге де ТӘҢІРІМІЗ разы болсын!
     Бүгін:   жыл
    
  • Азамат пікір-сайыс клубы
  • Бекжан Толыбай
  • Аршат Оразов
  • Өркен Кенжебек
  • Рахат Жақсыбай
  • Ербол Азанбеков
  • Кәмшат Тасболат
  • Ғалия Әженова
  • Жапониядан күнделік
  •  
     

    «ЗАҢ» газеті редакциясында қоғамдық ұйымдар әзірлеген Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» Заңы жобасы талқыланды

    «Заң түзелсе, қоғам да түзеледі»

    («ЗАҢ» газетінен көшіріліп, беріліп отыр)

    Жақында үкіметтік емес ұйымдардан құралған жұмысшы топ «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын дайындап бітірді. Осы жұмысшы топтың мүшелері – «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос КӨШІМДІ, «Алаш үні» қоғамдық бірлестігі одағының үйлестірушісі Болат БӨТЕЕВТІ, «Аллажар-қолдау» қоғамдық қорының президенті Марат БӨТЕЕВТІ, «Мемлекеттік тіл» қозғалысының жауапты хатшысы Нұржан ОШАНБАЕВТЫ, сондай-ақ, «Ел бірлігі» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, заңгер Шолпан РИЗАБЕКОВАНЫ дөңгелек үстел басына шақырып, қазақ тілі төңірегінде көкейде жүрген сауалдарға жауап алған едік.


    – Сіздер дайындаған заң жобасымен танысқан адам онда 100 пайыз қазақ тілін көркейту жолында жұмыс жасауға мүмкіндік берілгенін байқайтыны рас. Ал, мұның Конституциямыздың 7-бабы 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі», ал, 2-тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген жолдарға бек сеніп жүрген отандастарымызға жақсы әсер етпейтіні анық.

    Дос КӨШІМ:
    – Қажеттіліктен туған бұл заң жобасы қазақ халқының, қазақтілді азаматтардың ойында көптен бері жүрген мәселе. Біздің 1989 жылы, сосын 1997 жылы екінші рет қабылданған «Тіл туралы» заңымыз бар. Шынын айту керек, олар қостілділікті нығайтатын, қостілділікті орнататын және қостілділіктің тетіктерін жасайтын заң болып табылады. Әрине, соның ішінде тек бір ғана «қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деген жол бар. Заңымыз осындай болғаннан кейін тіліміз көркеймей, мемлекеттік тілдің әлі күнге дейін сан түрлі проблемасы қалып отыр. Кез келген мемлекет жүзеге аспаған заңын қайта жасап шығарады. Сол сияқты тәуелсіз ел – Қазақстанның да осындай мүмкіндігі бар. Мынау заңымызбен мемлекеттік тілімізді көркейтпейтінімізді билік те, Парламент те жақсы түсініп отырғанымен, әзірге «мемлекеттік тіл» деген сөзден олар қорқатын сияқты. Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті бұл күнде қолданыстағы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу мақсатында жұмысшы тобын құрды. Мен сол топтың бір мүшесімін. Ал, еліміздің қоғамдық ұйымдары жиналып халыққа, қоғамға, мемлекетке «бізге мынадай заң керек» деп, жаңа заңның жобасын жазып шықтық. Сол арқылы халықтың аузында жүрген мәселелерді шешуге тырыстық. Бұл заң жобасындағы тетіктердің барлығы да бүкіл дүниежүзілік халықаралық заңдарға сәйкес. Сөйтіп, оны, алдымен, Парламентке, билікке емес, халықтың талқысына ұсындық. Онда шектен шыққан, адамның құқығын шектейтін ештеңе жоқ. Өйткені, біз жұмыс жасау барысында кем дегенде әлемдік оншақты заңды қарадық. Солардың шегінде дайындалған заң бұл. Бір айтарым, мұны ешкім ультиматум түрінде қабылдамаса екен. Біз оны қоғамға, мемлекетке, билікке қозғау салу мақсатында дайындап отырмыз. Ал, егер осы жобаның ішіндегі қажет деп тапқан баптарды, жолдарды алып, пайдаға асырып жатса, онда біз қуаныштымыз. Яғни, біздің негізгі мақсатымыз – осы заңның қажеттілігін көпшілікке сездіру ғана.
    Осы заңның жобасын халыққа ұсыну барысында олардың «бізге осындай заң жобасы қажет» деген дауысын естігіміз келеді. Ал, заң жобасы талқылағаннан кейін оны қолдайтындарын білдіріп, үш жерге хат жіберсе екен деген тілегіміз бар, яғни, Президентке, Парламентке және Мәдениет министрлігіне. Оқырмандар осы үш жерге хат жіберу арқылы өз ойларын білдіруі қажет.
    Болат БӨТЕЕВ:
    – Бұл «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасы бір күнде пайда болған жоқ. Мұны тәуелсіздіктің жиырма жылдық нәтижесі деп те қарауға болады. Себебі, ол қоғамдық ұйымдардың пісіп-жетілуі, қоғамның өзіне керек нәрсені қажетсінуі деп түсінген жөн. Осы орайда, бұған дейін де жекелеген ұйымдар, жекелеген азаматтар тіл туралы неше түрлі ұсыныстарын ұсынған. Бірақ, қазіргі жағдайды құбылыс ретінде қарастыруға негіз бар. Өйткені, бірінші рет азаматтық қоғам ұйымдары осындай жобаны жасап отыр. Биылғы жылдың 13 шілдесінде «Алаш үні» қоғамдық бірлестігі, Жазушылар одағы, сосын республикалық Ғалымдар одағы бірігіп, үлкен жиын өткіздік. Онда осы 2020 жылға дейінгі мемлекеттік тіл бағдарламасы талқыланды. Осыдан бір жыл бұрын «Алаш үні» қоғамдық бірлестігі аталған мемлекеттік тіл бағдарламасына балама нұсқа ұсынған болатын. Сол балама бағдарламаның нәтижесінде бір жарым жыл бойы әлгі онжылдық мемлекеттік тіл туралы бағдарлама қабылданбай жатты. Ал, осы жиын барысында көптеген ұйымдық қоғамдар, тұлғалы азаматтардың ой-пікірлерінен кейін біздер осындай заң жобасын жазуға, оны дайындайтын жұмысшы тобын құруға шешім қабылдадық. Нәтижесінде сегіз адамнан тұратын жұмысшы тобы жасақталды. Жетекшісі – ұлт патриоты Дос Көшім, ал, бұл топ осы жылдың 27 қазанында өз жұмысын аяқтап, жобаны 13 шілдеде құрылған Үкіметтік емес ұйымдардың біріккен комитетіне тапсырды.
    Он бір ғасыр бұрын Жүсіп Баласағұн атамыз өзінің «Құтты білігінде» «заңды түзе, сұмдық сонда сасады, құтың өсіп, абыройың асады» деп, жазып кеткен екен. Міне, сол кісі айтқандай, біз заңды түзеуіміз керек. Егер заң түзелсе, онда қоғам да түзеле бастайды. Ол үшін алдымен, соған сәйкес жұмыстар жүргізілуі керек.
    Марат БӨТЕЕВ:
    – Ұлттық идеология қалай туады, қайдан шығады? Әлгінде Болат ағамыз Жүсіп Баласағұнның жақсы сөзін айтып өтті. Егер заңымыз дұрыс болса, заңымыз жұмыс істесе, сонда ғана ілгерілеу жұмыстары жүреді. Біздің басты кемшілігіміз сол, заңдарымыз жұмыс істемей тұр. Қолданыстағы 1997 жылы шыққан «Тіл туралы» заңның тек кейбір баптары ғана болмаса, жалпылай алғанда, ол жаман емес. Мысалы, осы заңымызда орыс тілін қолдану жөніндегі бап бар. Бізде заңдар бір жылға, не бес, он жылға жазылмайды. Ол бір жазылғаннан кейін жүз жылға дейін кетуі мүмкін. Сондықтан, осы «Тіл туралы» заңда жазылған орыс тілін қолдану жүз жылдар бойы жүре берер болса, онда біз ешқашан да орыс тілінің шырмауынан шыға алмаймыз. Біз дайындаған «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасындағы басты бағыттардың бірі қостілділіктен арылу. Осы мәселелердің бәрінің тірелетіні – Қазақстан Республикасының Конституциясы. Қай мемлекеттің, қай елдің Конституциясы халқын екіге жарып тұр. «Екіге жарып тұр» дегенді мен анық айта аламын. Себебі, Конституциямыздың 7-бабының 1-тармағы «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп келеді де, қазақ тілін менсінбейтін, қазақ тілін үйренгісі келмейтін азаматтарға «орыс тілі қазақ тілімен қатар тең қолданылады» деген 2-тармақты жазып қойған. Нәтижесінде бізде қазір республикамызда қазақтілділер Конституциямыздың 7-бабының 1-тармағымен өз алдына, ал, 2-тармағымен орыстілді және басқалар өз алдына өмір сүріп жатыр. Сөйтіп, қоғамымыз екіге бөлініп отыр. Кейде орыстілді БАҚ және басқалар, әсіресе, билікте отырған кейбір орыстілді азаматтар: «ойбай, мынау ұлтшылдар біздерді сөйтіп жатыр, қоғамға бүлік салып, оны екіге бөліп отыр» деп шулайды. Жоқ, қоғамды бөліп отырған осы өзіміздің заңымыз. Біздің заң жобасын жазудағы мақсатымыз – осы қарама-қайшылықты жою.
    Енді заң жобасын түсіндіру, оның таралу жолдарына келгенде, өкінішке қарай, бізде қазір үйлесімді жұмыс жүріп жатқан жоқ. Осы заң жобасы жазылып біткеннен кейінгі уақытта Біріккен комитеттің әлі күнге оған мүше қоғамдық ұйым өкілдерімен бірде-бір жиыны өткен жоқ. Қазір сіз біздің басымызды қосып, жақсы әңгіме жүргізіп отырсыз. Дәл осындай талқылау бүкіл Қазақстанда, анау аудандағы басылымдарда да талқыланса, қандай керемет болар еді? Біз соған жете алмай отырмыз. Қазір бірен-саран азаматтарды шақырып, бірен-саран азаматтар әңгімелеп береді. Оны сөйтіп «талқыладыққа» санайды. Болды. Шаруа сонымен бітіп жатыр. Бұл тек БАҚ-тың ғана емес, Біріккен комитеттің құрамындағы кейбір мүшелеріміздің қатесі. Сондықтан, осыны ашық айтуымыз керек. Соны дұрыс ұғынуымыз қажет.
    – Біз қостілділіктен айыру мәселесін сөз етіп отырмыз. Бір тілдің ғана үстемдік етуін мақсат тұтқан заң егер ертеңгі күні қабылдана қалса, сөзсіз, өзге ұлт өкілдері «біздің құқығымыз тапталып отыр» деген әңгімені айтады. Сіз заңгер, азаматтардың құқығын қорғаушы ретінде, осыған қатысты қандай пікір білдірген болар едіңіз?
    Шолпан РИЗАБЕКОВА:
    – Біздер бала кезден тілге мұқият қарадық. Тұлға ретінде қалыптасқанда да қазақ тілінде қалыптастық. Кейін «қазақ тілінің дәрежесі орыс тілімен бірдей болуы керек» дегенге де мен өз басым қарсы болдым. Заңгер ретінде де, азамат ретінде де мен өзімнің қарсылығымды білдірдім. Бірақ, әрине, бір дауыс ештеңеге жетпейді. Қарсылығымның бірінші себебі, біз ұлтпыз. Біздің ұлтымызды ешкім жоққа шығарған жоқ. Екіншіден, тіл мәселесін көп көтеріп, оны дәріптеуге тағылым жасауымыз керек. Міндетті түрде әрбір заңның жобасын халық талқылауы тиіс.
    – Шолпан апай, дұрыс, сіз өзіңіздің тілге деген азаматтық көзқарасыңызды білдіріп отырсыз. Ал, егер де жоғарыда мен айтып кеткендей, біртілділік бола қалған жағдайда, қарсы тараптар «құқығым тапталды» десе не істейміз?
    – Олай деп айтуға мұнда тұрып жатқан диаспора өкілдерінің құқығы жоқ. Өйткені, әрбір мемлекеттің өз тілі әрқашанда үстемдік етуі тиіс.
    Дос КӨШІМ:
    – Сіз айтып отырғандай пікірлердің болатыны айдан-анық. Бірақ, мұнда ешқандай адам құқығы бұзылмайды. Себебі, мемлекеттік тілді міндеттеу «Ел бірлігі» доктринасына да енді. Және көптеген елдерде, мәселен, Испания заңында мемлекеттік тілді білуі міндетті екендігі нақты жазылған. Сондай-ақ, көптеген елдердің заңдарында мұндай міндеттеулер орын алған. Себебі, ол дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Бір қателігіміз сол, біздің бар нәрсені заңға айналдыруымызға тура келеді. Адамның аузымен тамақ ішіп, аяғымен жүретіні белгілі бола тұрса да, біз соны заңымызға жазуымызға тура келеді. Себебі, онсыз белгілі бір өзгеріс болмайды, онсыз оны халық түсінбейді. Осындай жағдайда мемлекет заң шығарып, оны халыққа міндеттейді. Түрлі пікірлер қоғамда болатыны рас. Заң сол түрлі пікірлердің бәрін біріктіреді. Әйтпесе, қоғам жан-жаққа тарап, бытырап жүреді. Егер сол түрлі пікірмен бытырап қала берсек, ол ауру сияқты асқына түседі. Әлгінде осында жақсы айтылып кетті, бізде қазір екі дүние пайда болды. Керек десеңіздер, сол орыстілді және қазақтілді қауымның оқитын басылымдары екі түрлі. Көретін хабарлары екі басқа. Олардың идеалдары екі түрлі. Менің бір байқағаным, 2002 жылы ма екен, орыстілді басылымдар оппозицияның он екі басшысына арнап рейтингі шығарыпты. Дәл солай етіп, бір-екі айдан кейін қазақтілді газет рейтингі шығарады. Сөйтсе, орыстіліндегі газеттің рейтингісінде бірінші орынға шыққан адам қазақтілді газеттің рейтингісінде сегізінші орында тұр. Демек, біздің адамды таңдауымыз да екі түрлі. Біз әруақытта да «бір мемлекет, бір ұлт болып ұйысайық» дегенді айтып келеміз. Қазіргі кезде керек десеңіздер, өркениетті елдерде мемлекет пен ұлт сөздері бірігіп те жатады. Мәселен, біз «ұлттық валюта» дейміз. Бірақ, ол қазақтың валютасы емес қой? Сол сияқты «ұлттық кітапхана», ол қазақтікі емес, бәріміздікі. Демек, қазақ ұлты өзінің мемлекетін құрған екен, ал, сол жерде «бірге тұрамыз» дегендер осы ұлт құрған мемлекетпен бірге біте қайнасып, өзінің болашағын, балаларының болашағын осы елмен байланыстыруы тиіс. Егер бізге қарсы шығып, біздің осы пікірімізді қолдамайтындарды ертеңгі күні Францияға не Германияға көшіріп жіберсеңіз, олар үш күннен кейін сол елдің тілінде сайрап шыға келетіні айдан анық. Бұл тек біздің мемлекетте болып жатқан, біздің елімізге ғана тән жағдай. Себебі, біздің момындығымызды, дархандығымызды олар қорқақтығымыз деп ұғады. 20 жылдан бері өзгерістің аз болып келе жатқаны да сондықтан. Жалпы, мен біздің бұл тілегімізге «барлық өзге ұлт өкілдері қарсы» дегенді құптамаймын. Жұмыс барысымен орыс көп қоныстанған Шығыс Қазақстанда, Солтүстік Қазақстанда болып жүрмін. Сонда менің осыған көзім анық жетіп келеді. Егер осында көтеріліп отырған мәселе 90-жылдардың басында айтылса, онда олар қарсы шығар еді. Ал, қазір түсініп келеді. Бірақ, ниет жоқ. Мемлекеттің өзінің ұстанған ұстанымы нық болып, оны халықтың көпшілігі қолдаса, ол да дәлелдеуді қажет етпейді. Мысалы, біздің соңғы санағымыздан алдыңғы санақта, әлі есімде, қазақтардың 98 пайызы ана тілін – қазақ тілі деп көрсетіпті. Қазір біз 64 пайыз болсақ, тағы бір 10-15 пайыз қазақ тілін білетін диаспоралар бар, соны қосқан шақта шартты емес, кәдімгі ресми түрде 70 пайыз қазақ тілін білетіндер шығады. Сонда біз қалған 20-30 пайызға қарап, тағы жүз жыл отыруымыз керек пе? Егер бұл заң жобасы қабылданса, онда қоғамның бірігуі болады. Өйткені, тіл – біріктіруші фактор. Екіншіден, бір ғана тілдің жұмыс істеуі мемлекеттік апаратқа да ыңғайлы. Өйткені, кез келген дүниені ешкім екі тілге аударып жүрмейді. Ең қызығы, негізгі түпнұсқасы орыс тілінен қазақ тіліне аударылғанда кем дегенде оның 10-15 пайызы жоғалып кетеді. Сонымен түсінбестік те орын алады. Қысқасы, егер біз унитарлы мемлекет болсақ, онда бір ғана тілдің болуы ол табиғи қажеттілік.
    Болат БӨТЕЕВ:
    – Мұндай заңға қарсы шығатындар кімдер? Құқықтық сауаты жоқтар, мәдениеті таяз адамдар. Себебі, Конституцияның 93-бабында Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, мемлекет ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасақтауға міндетті екендігі айтылған. Бұған қарсы болғандар, Конституцияға қарсы шыққандар болып табылады. Ал, мемлекеттік тіл болуы үшін оны жүргізу шараларының барлығы айтылып, халыққа жетуі тиіс. Халық сол арқылы бағыт-бағдар алып, оны толық орындауы керек. Біз соны халыққа жеткізетін, орындатқызатын заңның жобасын жасап отырмыз. Егер тиянақты, мұқият оқып шықса, онда ешқандай адамдардың, этникалық топтардың құқығын таптайтын бір де бір бап жоқ.
    Осы «Мемлекеттік тіл туралы» заңның жобасын жасау барысында көптеген елдің тәжірибесін жинақтадық. Сонда мені таңқалдырғаны, Францияның тәжірибесі болды. 500 жыл бұрын мемлекеттік тіл туралы заңын қабылдаған, сол кездің өзінде оларда латын тілі үстемдік еткен екен. Соған қарамай, содан бері 500 жыл өтсе де, олар өз тілдерін қорғап келе жатыр. Жыл сайын үкімет парламент алдында француз тілінің жағдайы туралы есеп береді екен. Әлі күнге дейін өзге тілдердің ықпалынан сақтану шараларын қолданып келе жатыр. Біз өркениетті елдердің тәжірибесін алғанда, алдымызға жан салмаймыз? Неге осы жерде Францияның тәжірибесін қолданбаймыз? Неге Үкімет жыл сайын Парламентке есеп бермейді? Осы заң жобасы сол олқылықтың орнын толтырады деп есептеймін.
    – «Мемлекеттік тіл қазақ тілі болсын» деп, қоғам қайраткерлері мен зиялы топтары бірігіп, ашық хат жолдағанын білеміз. Сонда қолдары қойылған бір топ адамнан кейін «осы хат туралы айтып беріңіз» деп, телефон соққанда, солардың біреуі де ұстатпай, бастарын алып қашқаны бар. Бұл нені білдіреді?
    Дос КӨШІМ:
    – Жалпы өзім қол жинау дегенді ұнатпаймын. Бірақ, қол жинау деген акция болып жатады. Сонда сол азаматтардың ішінде көбі емес, төрт-бесеуінің кейін тайқып кетіп жататыны болса, мен оған қуанамын. Себебі, сол адамдардың ішінде елуі тайқып кетсе, онда біз жер болып қалар едік қой? Өйткені, сөз жоқ, билік тарапынан да, басқалар тарапынан да: «әй, мыналарыңды қойсаңдаршы» деген ұсыныс болады. Сондықтан, тайқып кету дегенді қазақ «аяғының бүрі жоқ» дейді ғой. Ең қызығы, солар осындайда өздерінің азаматтық бейнелерін ашып алады. Ертеңгі күні оларға біреу жұмыртқа лақтырса, мен оған таң қалмаймын. Сол уақытта басқалар ойланатын болады да, «мен кез келген нәрсеге қол қойып, айтқан сөзіме өзім қарсы шықпайын, масқара болады екенмін, балаларымызға дейін масқара болады екен» дегендей ой түйеді. Бұл оларға үлкен бір сабақ болады.
    Нұржан ОШАНБЕКОВ:
    – Қалай алып қарамаңыз, кез келген мемлекетте бір ғана тіл болуы керек. Соған барлық халықты үндеу керек. Әлгінде өзіңіз айтып кеткен ашық хатта 138 адамның қолы болды. Оның ішінде тайқып кеткен бес адамына сәйкес, қазір оны «138 – 5» деп атап жүр. Кейін кейбір сайттар осы хатты қазақстандықтардың үштен бірінің қолдағаны туралы жазды. Егер сол дерекке сәйкес, біз хатты бес миллион адам қолдайтындай деңгейге жеткізе алсақ, онда ол жаман көрсеткіш болмағаны. Қазақтың негізгі потенциалы ауылда. Оны тек дұрыс жеткізе білуіміз керек. Ал, өзім осы хатқа қол жинаушылардың басы-қасында жүрген азамат ретінде айтарым, ия, келісімін беріп, қолын қойып, кейін тайқып кеткендер болды. Оның ішінде Бибігүл апамыздың ісі тіптен ұят болды. «Мен үшін қазақ тілі мемлекеттік тіл бола ма, болмай ма, бәрібір. Себебі, мен өзім таза қазақ емеспін, екіншіден, біздің отбасымыз 10 ұлттан (ұлт өкілдері десе бір жөн) тұрады. Үшіншіден, немерелерім алдымнан орысша сөйлеп, жүгіріп шықса, мен оларды «қазақша сөйле» деп, қалай ұрамын?» деп, баспасөз мәслихатын өткізгені. Телефоннан хаттың мәтінін оқып беріп тұрғанымда, «айналайын, бұл істің басында Мұхтар Шаханов тұрған болса, онда қазақтың тілі туралы айтылып тұрған болса, онда оны несіне оқисың, менің де дауысым бар екенін білдір. Оны үйге әкеліп, қол қойдырып кетуге уақытты өткізіп не істейміз?» деген апамыздың мұншалықты ұят қылық жасағанына жағамызды ұстадық.
    Іссапармен мемлекеттік тілдің жағдайына, соны талқылауға байланысты облыстарды көп аралап, неше түрлі жайттарды көреміз. Жақында Жамбыл облысына бардым. Облыс әкімінің қабылдауына кірейін деп, алдында отырған қызға өзімді таныстырсам, қазақтың қызы менің тілімді түсінсеші?! Ал, оның жанында отырған көмекші қыз «мен телефонға қазақ тілінде жауап беремін, ал, мынау қызымыз орысша жауап береді. Сол үшін екеуміз отырмыз» дегені. Міне, масқаралық. Содан қабылдау бөлмесіне Ішкі саясат бөлімінің бас маманы деді ме, Бақыт Оразбаева деген қызметкер де кіріп келгеннен орысша сөйлеген соң, «айналайындар-ау, «қазақ тілі әбден жетілген» Жамбылға келіп отырғанда, бұларың қалай?» дей бастағаным сол екен, ол «свой государственный язык изучайте сами» деп дүрсе қоя берді. Әсіресе, оның «қайдағы ауылбай, колхозбайлар бізге үйреткісі келеді» деген сөздері ызаны келтірді. Мен жалпы, әкім Қанат Бозымбаевтың іскерлігіне күмән келтірмеймін. Десек те, осы апараттағы мына жағдайлардың көңілге кірбің түсіріп кеткені рас.
    – Әңгімелеріңізге рақмет.

    Айман СЕЙІЛБЕКҚЫЗЫ,
    «Заң газеті»

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Buzz
    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в LiveJournal
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники

    Creative Commons License
    The «ЗАҢ» газеті редакциясында қоғамдық ұйымдар әзірлеген Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» Заңы жобасы талқыланды by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.

    15 Қараша 2011 at 20:15 - Пікір жазу Пікір жазылмаған 5 329 рет қаралған ...