Өміріміздің әр сәтінде, Баршамыздың Ойымызға да, Сөзімізге де, Ісімізге де ТӘҢІРІМІЗ разы болсын!
     Бүгін:   жыл
    
  • Азамат пікір-сайыс клубы
  • Бекжан Толыбай
  • Аршат Оразов
  • Өркен Кенжебек
  • Рахат Жақсыбай
  • Ербол Азанбеков
  • Кәмшат Тасболат
  • Ғалия Әженова
  • Жапониядан күнделік
  •  
     

    Ұлттық идея адам капиталы дамуының негізі


    Жанұзақ ӘКІМ, биология ғылымының кандидаты,

    Қазақ Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары

    Академиясының корреспондент-мүшесі, Еуропа

    жаратылыстану ғылымдары Академиясының мүшесі

    «138-дің хатында» көтерілгендер тәуелсіз мемлекет дамуының стратегиялық мәселелері болып табылады. Себебі қазақ халқының негізі ретіндегі қазақ тілі мен қазақтың жері елдегі жалғыз мәңгі және әрқашан тұрақты атрибут, Республикадағы тұрақтылықтың негізі болып табылады. Мемлекеттегі билік, заңдар, қазба байлықтары т.б. барлық атрибуттар өзгереді, таусылады, кетіп қалады, яғни – олар уақытша болып есептеледі. Мысалы, 90-шы жылдары елден екі миллионнан астам адам кетті, немесе жоба бойынша елдегі мұнай 50 жылдан кейін таусылады.

    БҰҰ-ның 1992 жылғы классификациясы бойынша Қазақстан авторитарлық биліктегі ұлттық мемлекет деп танылған. Әлемдегі елдердің 95%-дан астамы ұлттық мемлекеттер.

    Рим Папасы Иоан-Павел II-ші Қазақстанда болғанда, “Этникалық, мәдени және діни ұғымдары әртүрлі осы ұлы ел — Қазақстан мен оның тұрғындарының әділеттілік, бірлік және бейбітшілікте дамуын Құдайдан сұраймын.

    Қазақ халқы! Елдің жасампаздық пен нағыз прогресс жолында дамуының құнды міндеті саған жүктелген”, деді.

    Қоғамдағы барлық салалардың (философия, мораль, өнер, экономика т.б.) ішінде ең маңыздысы тіл екенін ғалымдар ХІХ ғасырда дәлелдеді. Себебі, мемлекеттік тіл – ол мемлекеттік институттарды құрайтын негізгі элемент, сонымен қатар ол ұлттық идея ретінде қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын негізгі фактор болып саналады.

    Жоғарыдағы хатты талқылаудың алдын-ала қорытындысы көрсеткендей, бірінші, барлық азаматтар ұлтына қарамастан мемлекеттік тілдің дамуын қолдауда. Оны қалай дамыту керек? Бұл бүгінгі күннің басты мәселесі болса керек?! Екіншіден, электораттың бір тобы Конституцияны өзгертуге қарсы, яғни орыс тілін мемлекеттік тілмен тең қолдануды жақтайды.

    «Егер екі жақ келіспей жатса, олардың екеуінікі де дұрыс емес. Ақиқат екеуінің ортасында»деген еді И.В.Гете. Ақиқат пен түсіністікке ашық сын мен ой бөлісу және дискуссия арқылы жетуге болады.

    Хатқа қол қойғандар ҚР Конституциялық сотының Конституцияның 7-ші бабының екінші тармағын заңсыз дегенін негізге алды. «Орыс тілі этносаралық қатынас құралы» деп жазылған 1995 жылға дейінгі Конституцияның осы бабы барлығын қанағаттырған еді. Дұрысында да Қазақстанда орыс тілі негізінен этносаралық қатынас ролін атқарып келеді. Қазақстанда орыс тіліне тамаша жағдай, тіпті славян республикаларынан да артық жағдай жасалған. Ел тұрғындарының 95%-дан астамы белгілі дәрежеде орыс тілін меңгерген. ЖОО-ның 61% мен мектептердің 48%-нда білім орысша жүреді. Елдің ақпарат кеңістігінің 80%-ы орыс тілінде қамтылған? Оның ішінде 2500 басылым орысша шығады. Сондықтан, орыс тілінің айналасындағы осындай әңгімеге еш негіз жоқ. Ал, білікті мамандар мен талантты жастардың Ресей (негізінен этникалық орыстар) мен басқа елдерге кетулерінің тоқтамауы ол басқа мәселе. Жылына мектеп бітірген орыс жастарының 50-70%-ы оқуға түсуге Ресейге кетеді де, солардың 70%-дайы университет бітіргесін сонда қалады. Орыс жастары өз болашақтарын негізінен Ресеймен байланыстырады. Соның нәтижесінде соңғы ширек ғасырда елдегі орыстардың үлесі екі есеге азайды және бұл үрдіс жалғасуда. Профессор М.Тәтімовтың деректері бойынша елдегі орыстардың орташа жастары 52-53-те. Олар негізінен халық санының өсуіне үлес қоспайтын зейнеткерлер. Оған елдегі зейнетекрлерге арналған аз ғана коммунальдық т.б. жеңілдіктерді ескерсе, тұрғындардың бұл бөлігі негізінен пессимистер екеніне көз жетеді. Болашақ ел стратегиясын айқындағанда бұл факторды да ескерген дұрыс.

    Тіл саясатындағы Балтық жағалуы мен Орта Азиядағы көрші елдердің тәжірибелеріне жүгінсек, ел неғұрлым мемлекеттік тілге тез көшсе, соғұрлым тілдің айналасындағы саясатшылдық пен сауда азайып, яғни қоғамда тұрақтылық болады. Неге Балтық жағалуы елдеріндегі барлық қоғам тұрғылықты халықтың тіліне ауысқанда ешкім көшіп кетпейді. Себебі, ол барлық ұлттық мемлекеттердегі әртүрлі ұлт өкілдерінің өзара тату тұруын қалыптастырған қалыпты жағдай, өркениетті норма. Бұл мәселе тек бізде ғана теріс қойылған.

    Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстаннан басқа тәуелсіздіктерін алған түркі республикаларының барлығы көлденең мәселе туындатпай латын алфавитіне көшті. Енді бұл республикалардағы барлық ұлттардың өкілдері кирилица және латынша оқып-жаза алады. Түркі халықтарының латын алфавитіне көшу туралы шешім 1926 жылы түркі халықтарының өкілдері қатысқан Түркиядағы халықаралық симпозиумда қабылданды. Түркі халықтарының тегі мен тілдері бір, тарихы мен мәдениеті ортақ. Қазақтар түркі халықтары мен түркі өркениетінің бір бөлігі. Сондықтан, латын алфавитіне көшу Қазақстанның түркі және батыс өркениетіне жақындауын тездетеді.

    Конституцияның осы бабына байланысты пікірталас – ол 90-шы жылдардан бері жылдан-жылға ұлғайып келе жатқан жүйесіз саясаттың жалғасы. 1996 жылы 94 кәсіпкер Президентке жазған хаттарында, «біз қазақстандық халықтың құрамында болғанды қалаймыз» десе, одан кейін Әділет министрлігі (оған ешқандай қажеттілік болмаса да) «ұлтын»көрсетпеген төлқұжат дайындады. 2009 жылғы ҚХА ұсынған доктринада қазақ халқы деген тіптен алынып тасталған. Есі дұрыс адам французсыз Францияны, орыссыз Ресейді елестете алады ма?! 20 жылда осындай есерсоқ идеяларға қоғам да дағдыланып қалды.

    Бұл анахроизм ресми Астананың ұлттық саясаты ма? Егер солай болса, ол қандай мақсат көздейді? Ол қандай мақсат көздесе де, оның қорытындысы ұлттық мемлекетті құртуға бағытталған.

    Бұл туралы өзбек Парламентінде Ислам Кәрімов; «…мен Қазақстанның тұрғылықты халқы қазақтардың мүддесіне қайшы келетін мұндай саясатты қолдай алмаймын» деді. Ресей «Русский мир» қоғамы арқылы әлемнің 50 елінде ана тілдерін қолдап тарату үшін Қазақ Үкіметінің мемлекеттік тілді дамытуға бөлгенінен жүздеген есе артық қаржы бөлуде. Ал, Израиль мемлекеті болса әлемнің барлық жеріндегі өз отандастарына қолдау көрсетуде… Ал Қазақстанда бәрі керісінше. Біздегі мемлекет тұғыры жоқ, негізсіз және иесіз үйге ұқсайды. Негізгі шикізат пен шикізат емес ресурстарды (адам ресурсынан басқа) шетелдік компанияларға таратылып берілді. Қазіргі Қазақстанның идеалы ұлттық мемлекеттің идеясынан алшақ және ол Нью-Васюковоны еске салады..

    Бұл жерде О.Хакслидің: «Егер адамдардың мүддесі үшін және адамдар құрған қоғам, оның құрайтындар эмоциональдық тұрғыдан адам деңгейіне жете алмаса, ол өмір сүруге қабілетсіз. Егер қоғам мүшелерінің көпшілігінің жүректері қоқыстан тұратын болса, онда апатты күте беріңіз…»? дегені еске түседі.

    Мемлекеттік тілді дамыту туралы бізге бұрынғы және бүгінгі ана тілдерін білмейтін және білгілері келмейтін «мемлекет қайраткерлері» қандай ұсыныс айта алады? Олардың қазақ тілін қолдамайтыны белгілі. Себебі, ондайлар ана тілдерін білмегесін мемлекеттік тілдің яғни мемлекеттің болашағына сенбейді. Сөйтіп, тоталитарлық жүйенің осындай өнімдері қоғам дамуына кедергі болады. Себебі, мемлекеттік тілді түсінбейтін биліктегілер оны тұрмыстық саясат деңгейіне түсіреді. Ал, саяси этикеттің қауіптілігі, онда сатушы да, сатып алушы да яғни қоғам түгелдей алданады. Біз бүгінгі қоғамда сол жағдайды көріп отырмыз. Жоғарыдағы Нью-Васюково осындай «қайраткерлердің» жұмысының қорытындысы.

    Г. Бельгер көршісінің иті қазақ тілін кейбір депутаттар, министрлер мен кеңесшілерден артық түсінетінін дәл байқаған. Сонда мемлекеттік тілге тек кедергі жасап отыратын ондайлардан елге кеселден басқа қандай пайда? Сондықтан ондайлар не мемлекеттік тілді үйренуі керек, не жауапты қызметтен кетулері керек.

    Н.Назарбаев, «15 жылда аюды да қазақ тіліне үйретуге болады» десе, тәуелсіздіктің 20-шы жылындағы ҚХА-ның жиналысында ана тілдерін білмейтін қазақтарды бишаралар деді. Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дэвид Джон Моран мырзаның қазақ тіліндегі баяндаманы екі күнде дайындауы жоғарыда айтылғандардың дұрыстығын және дұрыс методика жоқ т.б. сылтау іздеп ана тілін үйренуден қашқан жатып ішер арамтамақтарға жауап береді. Елші мырзаның бұл баяндамасы патриотизм мен зиялылықтың үлгісін көрсеткен ерлік болды. Үйренбегендерімен қоймай, енді тіл мәселесі көтерілгенде айтатын ештеңелері жоқ болса көсемсімей тыныш отырмайды ма?!

    Негізсіз саясаттанған этносаралық қатынастар мен мемлекеттік тілдің түсініксіз жағдайы дамымайтын, сырттай қарағанда тұрақты көрінетін шіріген батпақты еске түсіреді. Қоғам батпаққа айналмауы керек. Ол аққан өзендей тұрақты қозғалып, дамығанда ғана басқа елдермен бәсекелесе алады.

    Зиялылардың қоғамдағы тұрақтылық пен этносаралық келісімді сақтауда басқалармен бірдей мүдделі екені белгілі. Сонымен қатар бұл құндылықтар қоғам дамуына кедергі және тұрақсыздықтың факторы емес, керісінше, оны өркениетке апаратын жол болуы керек. Оған қалай қол жеткізуге болады?

    Қоғам дамуының қазіргі кезеңінде мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласына таратып, оның негізінде білім, ғылым… экономика мен мәдениетті дамыту – ол елдегі адам капиталын дамытудың негізгі факторы және Қазақстан даму стратегиясының даңғыл жолы болмақ. Оны әлемдегі ұлы реформалар мен дамыған және жақсы қарқынмен дамушы Шығыстың (Жапония, Оңт. Корея, Малайзия, ҚХР т.б.) және Батыстың (Франция, Алмания, Англия т.б.) елдерінің тұрғылығы халықтың тілі, мәдениеті және дәстүрі негізінде дамуы, және ол ел дамуындағы жетістіктердің негізгі факторы екенін көрсетеді.

    Тіпті, бұрын Үндістанда отарлаушы болған ағылшын тілі әлемде ең көп тарағанымен, бұл елдің мемлекеттік тілі ретінде экономикалық және стратегиялық тұрғыдан осы елге, осы тілді халқының бес пайыздан кемі меңгерген ҚХР алдында басымдық бере алмауда. Үндістан мен Қытай бір географиялық аймақта және климаты бірдей орналасқан Азияның көршілес елдері. Олардың діндері де ортақ – буддизм. Бұл елдер осыдан 62 жыл бұрын тәуелсіздіктерін алды, яғни олардың тарихи тағдырлары да ұқсас. Адам санының өте көптігінен (Үндістанда-1,3 млрд, Қытайда-1,45 млрд адам) бұл елдер отарлаушыларды өздеріне қосып алып отырды. Қытай мен Үндістанды Гегель мәңгі мемлекеттер дейді. Олардың айрмашылығы мемлекеттік тіл мен менталитеттерінде. Осындай ерекшелік Қытайға экономикалық және әлеуметтік дамуда басымдылық беруде.

    Ана тілін пайдаланудың қоғам дамуындағы талассыз артықшылығын өз алфавитін (иероглиф) өзгертпей, оны қоғамның барлық салаларына тарату арқылы шығыс менталитетінің негізінде «экономикадағы таңғажайыпты» жасаған Жапония дәлелдеді

    Сондықтан, зиялылардың белсенді бөлігінің мемлекеттік тілдің тағдырына алаңдауы заңды құбылыс. Биліктегі мәңгүрттер зиялылардың қоғамдағы рөлін төмендетуге тырысқанымен зиялылар барлық кезде өз дәуірінің ақылы мен ары болды. Тарихта ешқашан да ұлт пен өркениетті қоғам зиялылардың қатысуынсыз болған емес. Бізде болса тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап тоталитарлық жүйе кезіндегідей әртүрлі деңгейде ұлттық зиялылармен күрес жүруде. Ол мемлекеттік тілдің статусы түсініксіз, толыққанды Ұлттық ғылым Академиясы жоқ, ұлттық энциклопедиясы мемлекеттен тыс, творчестволық Одақтары (суретшілер, композиторлар…) ыдыраған, ғылыми зерттеу институттарындағы табыстары өте төмен және бітпейтін реструктуризациядан білікті мамандар кетуінен көрінеді. Қорытындысында, ұлттық мемлекеттің институттары қалыптасудың орнына кері кетуде. Тәуелсіздік жылдары ғылымды қаржыландыру өткен ғасырдың 80-ші жылдарына қарағанда 20 есеге дейін азайды.

    Республика бойынша мемлекеттік тілді үйренетін барлығы 60-тай ұйым жұмыс істейді. Бұл қарқынмен қоғам мемлекеттік тілді жеті ғасырдан кейін үйренеді.

    Интеллектуальдық салаға көңіл бөлмеудің салдарынан біздің тұрғындардың орташа еңбек өнімділігі батыс елдерінен 15-20 есе аз, экспорттың 98%-ы шикізат, қоғамды жайлаған сыбайлас жемқорлық мемлекеттің негізіне балта шабуда.

    Заңның рухы жоқ екіұшты заңдар мен сыбайлас жемқорлықпен біржақты (құқық қорғау және ішкі істер органдары күшімен) және ол әдістерді бәсекелестермен күресте пайдалану тиісті нәтиже бермейді. Сыбайлас жемқорлықты жеңу үшін, біріншіден, бала бақша, мектеп, семьяда… қоғамда мораль мен ар (нравственность) тәрбиесінің маңызын көтеру; екіншіден, жауапты қызметке тағайындаулармен сайлау, және тендерлер ашық болуы тиіс. Бюджеттің шығыс бөлігі, шетелдік инвестиция және Ұлттық қорды пайдалануды бақылау парламенттің құзырында, ал парламент, соттар және прокуратура тәуелсіз және оларды халық не көппартиялы жүйе сайлауы керек. Үкімет мүшелері… Елбасы күзетсіз қоғамдық көлікте жүретін жағдайға жеткенде біз сыбайлас жемқорлықсыз еркін және демократиялық қоғам боламыз.

    Мектептер мен универистеттердің 1%-на жетпейтін оқу орындарын дамыту білім саласын дамытуда, сонымен қатар ғылым, құқық саласы, мемлекеттік құрылым т.б. салаларды Батыс үлгісінде көшіре салу да күткендей нәтиже бермейді. Бұндай жолмен жүрген ел әрқашан да өзі үйренетін елдің көлеңкесінде қалып отырады.

    Соңғы жиырма жылдық тәжірибе бұрынғы кеңестік номенклатура, әсіресе түркі республикаларында тұрғылықты халықтың тілі, мәдениеті және менталитетіне негізделген экономиканы модернизациялауға, қоғамды реформалауға және либералды-демократиялық мемлекет құруға дайын еместігін көрсетті. Қазіргі реформалар – ол тұрғылықты халықтың тарихи даму жетістігін, либералды-демократиялық және ғылыми-техникалық прогрессті қоғамды дамытуға пайдалану. Өкінішке орай бізде осы уақытқа дейін мемлекет ғылымды тиісті дәрежеде қолдамағандықтан, оның қорытындысы да мардымсыз. Қазіргі биліктің тұрғылықты халықтың тілі мен мәдениетіне деген көзқарасы кезінде елді күйретуге әкелген авторитарлы кеңестік номенклатурадан алыс кеткен жоқ. Сондықтан ол отарсыздандыру саясатын жүргізіп тұрғылықты халықтың мәдениетін өркендетуге қабілетсіз. Онсыз қоғам азат болмайды, және жаңару мен қайта өрлеуге дайын емес, яғни республика бұрынғыдай дамыған елдерді шикізатпен қамтамасыз етуге тәуелді және көрші елдердің шеткері аймағы болып қалмақ.

    Қазақстанның кеден одағы (КО) мен Еуразиялық одаққа кіруі қоғамда әртүрлі пікір туғызуда. КО теріс жақтары қысқа уақыт ішінде тауарлардың барлық түрлерінің, кейбіреулерінің екі есеге дейін қымбаттауында. Барлық мүшелері тең, мүшелерінің құқықтық мүдделері ескерілген және барлығына тиімді интеграциядан оң нәтиже күтуге болады. КО жобасын дайындауда Қазақстан жағынан бірде бір институт қатыспағанымен Ресейдің 19 институты қатысты.

    Кедендік одақ – ол тек аймақтық одақ ғана болғандықтан (оның мүшелерінің ЖІӨ әлемдік экономика мен ғылымдағы үлестері 3,0 және 1,0%, экспорттарының 90%-дан астамы шикізат, адам даму көрсеткіштері бойынша 70-ші орындардағы дамушы елдер) ол Еуроодақ (ЕО) сияқты әлемдік экономикаға әсер ете алмайды. ЕО-ты құру кезінде жарты ғасыр бойы оның әрбір сатысы бүкілхалықтық референдумда талқыланып отырды. Сондықтан ЕО – демократиялық жолмен құрылған мүшелері тең құқылы Одақ. Керісінше, КО… Еуразиялық одақ (ЕАО) құру ешқандай референдумсыз, яғни демократиялық жолмен емес әкімшілік (авторитарлық) шешіммен қабылдануда.

    Еуразиялық идея XIX ғасырдың 60-шы жылдары самодержавиялық-крепостной Ресей империясында пайда болып, оны өткен ғасырдың 20 жылдары эмигрант — ғалымдар дамытты. Осы идеяның негізін Данилевский, Трубецкой т.б. орыстың ғалым-философтары қалады. Ресейдің сол тарихи кезеңіне бұл идея прогрессивті болды. Бұл әмбибап идея емес, ол Ресей мемлекетіне қажетті орыстың, оның ішінде көрші мемлекеттерді жаулап алуға бағытталған империялық ілімі. Бұл идеяның тәуелсіз Қазақстанның стратегиялық жоспарына қаншалықты сай келетіні шешілмеген мәселе. Бұл идея ХХІ ғасырда прогрессивтік пе, әлде регрессивтік, жасампаздық па, әлде кері кетіреді ме? Ол өркениет дамуының сара жолына сай келеді ме? Бұл идеяның қазіргі жағдайдағы түпкілікті мәселелері де зерттелмеген. Қалай болғанда да бұл шикі идеяны қазіргі уақытта іске асыруға ерте, мүмкін тіптен қажеті болмас. Себебі соңғы бір жарым ғасыр Еуразия кеңістігінде әртүрлі авантюристік және айуандық идеялар ондаған миллион бейбіт адамдарды себепсіз қырғынға ұшыратқан азамат және дүниежүзілік соғыстар, мен «халықтар достығы лабораториясы» негізінде құрылған коммунизм кезінде адамзат тарихындағы ең ірі жасанды қырғындар жасалып, ондаған халықтар құрып кетті…

    Саясаткерлер келеді, кетеді. Ал халық өз проблемасымен қалады. Қазіргі Еуразиялық одақтың да бұрынғылардан гөрі жақсы және демократияшыл екеніне ешкім кепілдік бере алмайды. Себебі, үш президенттің бағдарламалық мақалаларында демократия, гуманизм, прогресс және өркениетке басымдылық берілмеген. Мысалы, «Новая газета» сарапшыларынаң деректері бойынша В.Путиннің мақаласында демократия деген сөз үш ақ рет кездеседі. Осындай саяси-экономикалық одақтарды құруға шешім қабылдардан бұрын, «түркі және славян суперэтностарының тарихи кеңістігі неге катаклизмдер аймағына айналды? Бұл кеңістіктегі халықтар көрші Еуропадағыдай неге бейбіт өмір сүрмейді және бұл кеңістік неге «зұлымдық аймағына» айналды?» деген сұрақтардың жауабын іздеуіміз керек.

    Осы одақ аясында ортақ валюта енгеннің өзінде ол еркін конвертацияланатын валюта және резервтік валюта бола алмайды. Ол теңге, рубль, гривен сияқты жай айналыста қолданатын валюта болады. Айналыс рөлін ешкімге түсініксіз, ұлттан жоғары қаржы – ортақ валютадан гөрі ұлттық валюта тиімді атқарады. Онда ортақ валюта мен ортақ экономикалық аймақ неге керек? Экономикалық тұрғыдан ол бұрынғы Кеңестер Одағының тағдырын қайталайтын бос шығын және құр әурешілік болмайды ма?!

    Кеден одағы, Ортақ экономикалық кеңістікке, Еуразиялық одақ тәуелсіздікке, мемлекеттік тіл мен мәдениеттің дамуына, азаматтардың бостандығы мен елдің демократиялық жолмен дамуына, әлеуметтік сала мен экономикаға қалай әсер етеді?! Ел басшыларын алдымен осы мәселелер толғандыруы керек! Сондықтан ондай шешімдерді қабылдардан бұрын өткен тарих мен бүгінімізді ортақ күшпен жан-жақты саралап, содан кейін бүкілхалықтық референдумға шығару қажет.

    Бұл одақтарға кіру түбінде Қазақстанды тәуелсіздігінен айырмайды ма деген сұрақ әрбір азаматты мазалауда.

    Бұл жағдайдан шығатын қандай жол бар? Қалай болғанда да Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өзінің жолымен дамуы керек. Бұл жол либералды-демократиялық даму жолына негізделген ұлттық мемлекеттік жүйе. Ол барлық дамыған ұлттық мемлекеттердің және жалпы өркениеттің дамуының даңғыл жолы. Қоғам дамуының заңдылықтары авторитаризмнің барлық формалары ауыспалы кезеңдегі кейбір елдерде көрінетін ортағасырлық архаизм екенін көрсетті. Қазіргі кезде ол отарлықтың бұғауынан құтылған демократиялық және либералдық дәстүр қалыптаспаған қоғамда көрінеді. Қазақстан сондай елдердің қатарына жатады. Салыстырмалы сараптама көрсеткендей Қазақстан демократиялық даму көрсеткіші бойынша Оңтүстік Америка (мысалы, Венесуэлада қоғам президенттің мәңгі билік жүргізуіне лұқсат бермеді) және араб елдерінен (Египет, Ливия…) кейін тұр. Қазақстан мен ТМД елдеріне қазіргі жағдайда шығыс Еуропа мен Балтық жағалауындағы елдер сияқты отарсыздандыру саясатын жүргізу маңызды. Отарлық кездегі санадан құтылмай ел азат болмайды. Отарсыздану – ол бостандықтың жолы, тоталитарлық саяси этикеттен құтылып тілдің, ұлттық тарих пен мәдениеттің еркін дамуы. Отарлану кезінде тәуелді ел отарсыздану саясатын жүргізбей азат бола алмайды және толыққанды реформалар жүргізуге қабілетсіз.

    Англия, Франция, Испания сияқты Батыс елдері отарсыздану саясатын жүргізіп, отарлаушылар отарларынан құтылғанда – ол тарихи процесстердің қалыпты жүретін жағдайы ретінде қабылданады. Қазіргі кезең империялар мен авторитарлық режимдердің күйреп тарих аренасынан кететін дәуірі болып табылады.

    Отарсыздану саясаты жүрмеген Ресей сияқты елдерде империялық амбиция сол күйінде қалып, авторитарлық режимдер (Орта Азия республикалары (Қырғызстаннан басқа), Әзірбайжан, Белоруссия, Ресей) өркендейді. ТМД-дағы авторитарлық режимдер – ол отарлау-тоталитарлық жүйенің қалдығы. Ондай мемлекеттік жүйелер демократиялық реформаларды жүргізуге мүддесіз болғандықтан экономикада, гуманитарлық және әлеуметтік салаларда реформа жүргізуге қабілетсіз. Сондықтан олар тұрғындардың кедейленуі, сыбайлас жемқорлық пен қоғамдағы дағдарыс, сонымен қатар мемлекеттің кері кетуінің негізі болып табылады. Болашақта мұндай авторитарлық режимдерді араб елдері, не Қырғызстанның тағдыры күтіп тұр.

    Қазақстанның алдында қай жолмен жүру мәселесі тұр. Осы уақытқа дейін демократиялық реформаны толық жүргізбей экстенсивті жолмен жүріп шикізат есебінен өмір сүрдік. Барлық ресурстардың ішінен кенорындарының негізгі бөлігі шетелдік компанияларға ондаған жылдарға басқаруға берілгеннен кейін мемлекет меншігінде адам ресурсы және негізгі бөлігі экономикаға қызмет етпей өлі капитал түрінде жатқан қозғалатын және қозғалмайтын мүлік қалды. Соңғы онжылдықта әлемдік экономика негізінен адам ресурсы есебінен дамуда. Менталитеттері Батыстан гөрі бізге жақын Шығыстың тез қарқынмен дамыған елдері адам ресурстарын дамыту мен компанияны және жалпы экономиканы тиімді басқарудың жаңа механизмдерін дайындауда тұрғылықты халықтың мәдениетін (тіл, дәстүр, менталитет) кеңінен пайдалану арқылы қол жеткізді. Мысалы, Батыстың индивидуализміне кереғар, Шығыс халықтарының менталитетіне тән Жапонияның «Z теориясы» — компанияны ұжымдық басқару жүйесі әлемдегі ең тиімді экономиканы қалыптастырды.

    Сарапшылардың пайымдауы бойынша адам капиталының 1% өсуі еңбек өнімділігін 3,81%-ға өсіреді. 192 елде зерттеу жүргізген Әлемдік банк өтпелі экономикалық елдері өсуінің тек 16% ғана физикалық капиталға (құрал-сайман, ғимараттар және өндіріс инфрақұрылымы), 20% — табиғи капитал, қалған 64% әлеуметтік және адам капиталымен байланысты. Дамыған елдер жалпы ұлттық өнімнің 40% тиімді білім жүйесін дамытудың қорытындысы.

    БҰҰ-ның даму Бағдарламасының (ПРООН) дерегі бойынша Еуропаның экономикасы дамыған елдеріндегі денсаулық пен білімге жұмсалатын қаржы ЖІӨ-нің 8,1% және 8,5%-ін құрайды.

    Еуропа елдеріндегі денсаулыққа бөлінетін орташа қаржы АҚШ-пен (6,5%) шамалас 6,44%-ға тең. Әлемде денсаулыққа орташа 5,5% бөлінеді.

    АҚШ, Жапония, Швейцариядағы жалпы капиталдың 80% адам капиталының үлесінде. Қазіргі кезде дамыған елдердегі экономикадағы белсенді азаматтардың 50%, АҚШ тұрғындарының үштен екісі ой еңбегімен айналысады.

    Адам капиталы – ол дамудың келесі жоғарғы сатысы инновациялық экономика мен білім экономикасын қалыптастыратын және дамытатын негізгі фактор. Инновациялық экономика – ол жоғары сапалы өмір, интеллект, білім, ғылым және жоғары сапалы адам капиталы.

    Адам капиталының деңгейі мемлекеттің даму деңгейін көрсетеді.1990 жылдан бастап халықаралық деңгейде адам даму потенциалының индексі (АДПИ) – елдің орташа даму деңгейін үш негізгі адам даму өлшемімен анықтайтын индекс:

    1. Белгілі деңгейде елдегі денсаулық пен әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін көрсететін адам өмірі ұзақтығының индексі;

    2. Тұрғындарды бастауыш, орта және жоғарғы біліммен қамту және 15 жастан үлкендердің сауаттылық деңгейін көрсетіп елдегі білім жүйесінің жағдайын сипаттайтын білім беру деңгейінің индексі;

    3. Әрбір тұрғынға шаққанда ЖІӨ-нің көлемі сатып алу мүмкіндігіне (САМ) пара-пар АҚШ долларынмен өлшенетін лайықты өмір деңгейі.

    Бұл комплексті индексте азаматтық бостандық, әлеуметтік қамтамасыз ету, тұрғындардың денсаулық және мәдени даму көрсеткіші, қылмыс деңгейі, қоршаған ортаны қорғау т.б. көптеген факторлар ескеріледі. Адам даму индексі – 0-ден 1-ге дейін көрсеткішпен қабылданатын елдің даму деңгейі мен өмірдің сапасын көрсететін жиынтық көрсеткіші. БҰҰ эксперттерінің анықтауы бойынша елдің, адам дамуы потенциалының индексі (АДПИ) 0,9 және одан жоғары болса, ол дамыған, ол деңгейге жетпейтіндер – дамушы елдер. Көрсеткіші 0-ден 0,499-ге дейінгілер АДПИ-і төмен, 0,500-0,799 – орташа, 0,800-0,899 – жоғары, 0,900-дан көбі — өте жоғары болып саналады. Бұл көрсеткіштерді таңдау, мысалы қоғамдағы еңбек потенциалы ауру мен жарақаттың азаюы жұмыс күнінің саны мен еңбекпен қамту масштабының кеңеюі есебінен өсетініне негізделген.

    Әлемдік банктің есебі бойынша АҚШ-тағы ұлттық байлықтың ішінде барлық өндіріс қорының (ғимараттар мен қозғалмайтын мүлік, машина мен құрал-жабдықтар) үлесі 19%, табиғи ресурстар — 5, ал адам капиталы — 76%. Батыс Еуропадағы сондай көрсеткіштер -23, 2 және 74; Ресейде — 10, 40 и 11-50%.

    Сондықтан, адам капиталы постиндустриалдық қоғамдағы табиғи немесе жиналған байлықтан да құнды, ең маңызды қор болып табылады. Қазірдің өзінде барлық елдерде адам (зерделік) капиталы экономика дамуының қарқыны мен ғылыми-техникалық өрлеуді айқындайтын күшке айналды. Сондықтан, қоғамда осы капиталды шығаратын негізі — білім жүйесін дамытуға көп көңіл бөлінуде. Бұл, елдің өндірісті күштерін жаңа сатыға дамыту жағдайында ірі механикаланған машиналық өндіріске негізделген индустриальдық кезеңнен, негізгі күш қамту саласы, ғылым, білім және т.б. болатын постиндустриальдыққа ауысқан ХХІ ғасырдағы әлемдік экономиканың келешек келбетін айқындайтын күш болады.

    Материалдық байлықты өндіру өзінің маңызын сақтағанымен оның экономикалық тиімділігі алдымен жоғары сапалы мамандар, жаңа білім, технология және басқару әдісін пайдаланумен анықталады. Яғни алдыңғы қатарға өндірістің әдісі және білім, не зерделік потенциалы – адамның өзі шығады. Адам даму тұжырымдамасының теориялық негізі мен маңызды бөлігі болып адам капиталының теориясы, білім берудегі революциялық теория және одан шығатын қазіргі қоғамдағы экономикалық, технологиялық және әлеуметтік прогрестегі білімнің рөлінің алға шығу тұжырымдамасы болып табылады.

    Жалпы қабылданған қағида бойынша адам капиталы дегеніміз – ол адамның қоғамдық өндірісте лайықты қолданғанда еңбек өнімділігі мен өндіріс тиімділігін арттыру арқылы, оның табысының өсуіне әсер ететін, белгілі инвестицияның нәтижесінде қалыптасқан сол адамның жинаған денсаулығы, білімі, тәжірибесі және мүмкіндігі болып табылады. Адам капиталының басқа капиталдарға тән қасиеттері болғанымен, олардан көп айырмашылығы бар. Бұл теорияның орталығында – адам, оның рухани және кәсіби жетілуге, жақсы тұрмыс пен байлыққа ұмтылуы тұрады. Яғни, қазіргі экономикалық жүйеде адам капиталы ұлттың бәсекелестік қабілетін қамтамасыз етуде маңызы зор дербес ресурс болып табылады.

    Қоғамның әрбір мүшесінің білім алу, зерделік, ақпараттық т.б. мүмкіндігі көп болған сайын, ұлт пен мемлекеттің зерделік ресурсы жоғары, экономиканың өсу қарқыны тез, қоғамның мүмкіндігі анағұрлым артық болады. Дамыған елдердің экономикалық артықшылығы көп жағдайда адам капиталының өзінің өлшемімен емес, адамның өндірістегі пайдаланған творчестволық еңбегі нәтижесінде шығарған өнімінің көлемі және сапасымен өлшенеді.

    АДПИ-дің 2009 жылғы көрсеткіші бойынша Қазақстан адам даму индексі жоғарғы елдердің ішінде 82 орында болса, 2011 жылдың қарашасындағы деректе 68 орынға дейін көтерілді.

    Кесте 1

    Қазақстанның 1990-2009 жылдардағы адам даму потенциалының көрсеткіші

    1980

    1985

    1990

    1995

    2000

    2005

    2006

    2007

    2009

    0,778

    0,730

    0,747

    0,794

    0,800

    0,804

    0,802

    Кестеде көрсеткендей 1995–2007 жылдары арасында Қазақстанда АДПИ-дің орташа 0,019 балл шамасындағы өсу үрдісі байқалады. Индекс өсуінің жоғарғы қарқыны 2000-2005 жылдарға – 0,047 балл деңгейінде келсе, 2005-2006, 2006-2007 жылдардағы кезеңде индекстің жылдық өсімі 0,006 және 0,004 балл болды.

    Осы уақытқа дейінгі экономиканың дамуы табиғи ресурстарды пайдалану мен минеральдық шикізатты өндіріп экстенсивті түрде болғандықтан Қазақстан үшін адам капиталын дамытудың маңызы зор. Экономика мен әлеуметтік-мәдени салалардағы осы уақытқа дейін жүрген прогрессивті өзгерістерге қарамастан экономиканы модернизациялау мен индустриальды-инновациялық жолмен дамуға көшу қарқыны әлі жеткіліксіз. Қазақстан ғалымдарының жетістіктері мен елдегі білім жүйесі әлемдік ғылым мен білімдегі бәсекеге сай емес. Оның бір себебі Қазақстан экономикасының дамуы мен модернизациясы және мәдени-әлеуметтік механизмдер мен методологиялық негіздің дайындалмағандығынан бұл салалар осы уақытқа дейін индустриальдық доминанта тұрғысынан, яғни негізгі мақсат пен дамудың нәтижесі экономиканың шикізатты өндіруі мен материалдық капиталды пайдалану тұрғысынан қаралуында. Сонымен қатар модернизациялау мен елдің постиндустриальдық қоғамға көшудегі шешуші фактор адам капиталын дамытуға арналған жүйелі зерттелген ғылыми негіз бен механизмнің болмауы.

    Постиндустриальдық қоғамға өту жағдайындағы елдің интеллектуальдық ресурсының қарқынды өсу механизмі, өндірістің ғылымға негізделген жоғарғы технологиялық түрлерін меңгеру мен ендіру, адам ресурстарын тиімді басқару әдістері нақты дайындалмағандықтан Қазақстанда адам капиталын дамытудың тиімділігін арттыратын ғылыми негізі мен механизмдерін дайындауда оның мәдени-гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық, индустриальды-инновациялық құрамдарын жүйелі-синергетикалық тұрғыдан зерттеу маңызды болып табылады.

    Бұл салада Үкімет атқарып жатқан жобалардың ішінен Индустрия және жаңа технология министрлігінің экономиканың флагманы болып табылатын Үдемелі индустриальдық даму (ҮИД) жобасы мен БжҒМ-нің экономика қажеттілігіне сай жоғары білім саласындағы ағарту бағдарламасы (Қазақстанның Болон процессіне кіруін аяқтау, ЖОО-ның халықаралық мамандандырылған аккредитациясын өтуі, мамандар дайындауда, академиялық бағдарламаларда, білім технологияларымен алмасуда әлемнің жетекші университеттерімен байланысты орнату).

    Жоғарыдағы бағдарламалар жаңа технологиялар мен жалпы өнеркәсіптің, және жоғарғы білімнің дамуына оң әсер етеді. Бірақ ол адам капиталын дамыту мен экономика және мемлекетті тиімді басқару жүйесін қалыптастыру мәселелерін шеше алмайды.

    Қоғамның осындай түпкілікті мәселелерін жан-жақты шешпей жаңа өндіріс экономикада, ғылым мен білімді дамытуда, әлеуметтік салада… тиісті нәтиже бермейді, яғни ондай қоғам тұрақты дами алмайды.

    Сондықтан, қоғамда қордаланған осындай күрделі мәселені жан-жақты шешетін «Қазақстанда адам капиталын дамыту механизмдерінің ғылыми негізін дайындау» (атқарушы ЖШС «Халықаралық адам институты» немесе Институт) бағдарламасын іске асыру үшін Ұлттық ғылым Академиясы, Ұлттық инженерлік Академия, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру Академиясы, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚҰТУ, «Қайнар» университеті, БжҒМ экономика ҒЗ институты, Экономика министрлігі жанындағы экономика ҒЗ институты, АШМ агроөнеркәсіп экономика ҒЗ институты сияқты елдегі жетекші ғылым орталықтары, Батыстаның бес университетінің мамандары, құрамында 3,5 мыңнан астам белгілі ғалымдар (оның ішінде 37 Нобель сыйлығының иегерлері) істейтін Халықаралық инновациялық Қор, және адам ресурстарын дамытуда халықаралық деңгейде мол тәжірибе жинаған Компаниялардың (Атқарушылар) қатысуымен бұл бағдарламаның ғылыми негізделген механизмінің жобасы дайындады. Бағдарламаның кеңесшілері және эксперттері Еуропаның, АҚШ-тың, Жапония және Ресейдің жетекші ғалымдары. Мысалы, Honeywell (АҚШ) компаниясы ғылым мен техниканың әр саласындағы 13 мыңнан астам патенттің иесі.

    Жобаны дайындауға 20 ғылым докторы, 27 ғылым докторлығына кандидаттар( оның ішінде PhD), барлығы 70 ғалым мен мамандар қатысты. Жобаға шетелдік ғалымдар мен ғылыми мекемелерді тартуда шеттегі қазақ диаспорасының жетекшілері Б.Жаңалтай, Р.Айыпұлы және С.Мұхаметжандар атсалысуда.

    Жобаның ғылыми жетекшілері мен жауапты атқарушылары М.Ж.Жұрынов, Б.Т.Жұмағұлов, О.С.Сәбден, А.Б.Молдашев, Р.Е.Елешев, Т.Ғабитов, В.А.Петушков (Кембридж), Е.С.Омаров, А.Т.Дүйсебек сияқты белгілі ғалым-профессорлар.

    Жоба, қоғамның стратегиялық маңызды негізгі салаларын қамтыған 7 бағыттан (1- сурет) тұрады.

    

    1-сурет. Жобаның негізгі бағыттары мен оның орындайтын отандық ҒЗИ

    Бұл жобада комплексті философиялық, әлеуметтік-экономикалық және мәдениетті (культурология) зерттеулердің негізінде жоғары технологиялы өндіріс пен экономиканы қалыптастыратын басқарудың жаңа жүйесін жасап, білім мен ғылымның мәртебесін көтеретін жаңашыл сана қалыптастыратын постиндустриальдық қоғамға өту мәселелерін шешу көзделген.

    Институт жүргізетін жобада постиндустриальдық ақпаратты қоғамға өту кезеңдегі экономикалық доминанта мәдени, ақпараттық және медиа даминантаға ауысатын құрылымдық өзгерістер, сонымен қатар әлеуметтік прогресстің тек экономикалық капитал шығындаумен ғана емес, адамның интеллектуальдық капиталы мен интеллектуальдық технология арқылы қамтамасыз ететіні зерттеліп, қорытындысы қоғамға ендіріледі. Яғни бұл жобаны іске асырудағы негізгі міндет – ол Қазақстандағы адам капиталы дамуының тиімді ең механизмдерін ғылыми негізде дайындап, оны атқарушы органдармен берге іске асыруға атсалысу.

    Қазақстандағы адам капиталы дамуының мәселелері

    Қазақстан алдағы онжылдықта қоғамды дамытатын негізгі күш ретінде адам капиталын тез қарқынмен дамытуға мүдделі. Ол біріншіден Қазақстанға басқа елдермен дамыған технологияның есебінен еңбек өнімділігін арттыру арқылы бәсекелесуғе мүмкіндік береді, екіншіден – ол таусылмай жағарып отыратын ресурс, және үшіншіден, жиналатын болашақтың – болашақ ұрпақтың капиталы.

    Дамыған елдердегі барлық капиталдың ішінде адам капиталының үлесі орташа 75%-дан артық болса, біздің елдегі бұл көрсеткіш 10-12% (Сурет. 2). Сондықтан бізге адам капиталы үлесін 5-6 есе өсіру міндеті тұр.

    Сурет 2. Адам капиталы дамуының көрсеткіштері

    \s


    \s АҚШ Еуропа

    \s \s Ресей Қазақстан

    (Толық зерттелмеген деректер)

    Қазақстандағы еңбекпен қамту жағдайын саралағанда мұнайгаз, машина жасау, металл өңдеу салаларында білікті мамандардың тіптен жетіспейтіндігін көрсетті. Әлемдік банктің 2008 жылғы жүргізген зерттеулері бойынша жұмыс берушілер жұмысшылардың 60%-ның кәсіби деңгейінің төмендігі өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретінін айтады.

    Қазақстан ғылымы мен біліміне тән мәселелерге тұрғындардың білім жүйесінің еңбек нарығындағы қажеттілікке сай келмейтіні, техникалық және кәсіптік білім деңгейінің төмендігі, аймақтық дифференцация мәселелері, оқу орындарында жоғары деңгейлі басқарушы мамандарды дайындаудағы кемшіліктер, екінші білім алатын жүйенің жетіспегендігі, әлеуметтік серіктестігінің жоқтығы, білім саласы қызметкерлерінің білімін жетілдіру орталықтары мен білімді мамандардың жетіспеуі, отандық ғылымның нарықтық экономикаға уақытында бейімделе алмауы, ғылым мен өндіріс арасындағы тиімді байланыстың болмауы жатады.

    Білім саласындағы (12 жылдыққа өту, Бірыңғай ұлттық тест т.б.) және ғылымдағы атқарылған реформалар тиісті нәтиже бермеуде. Біздің университеттер әлемдегі алғашқы мыңдықта және Азиядағы жүздікте жоқ. Сондықтан білім мен ғылым салалары толық модернизациялауды қажет етеді.

    Дамыған елдердің классикалық үлгілеріне қарағанда Қазақстанда адам капиталын дамытудың өз ерекшеліктері мен қиындықтары бар. Сондықтан, елдегі реформалар барынша тиімді болу үшін адам капиталын дамыту аясында өнеркәсіп, энергетика, мұнайгаз саласы, агроөнеркәсіп және қаржы секторларын (банк, зейнетақы және сақтандыру қорлары…) толық модернизациялау қажет.

    Елдегі әрбір екінші адам ауыл тұрғыны болғандықтан бұл жобада қоғамды урбанизацияны жүргізу, тұрғындардың білімге (жалпы жоғары білімге көшу) және кәсіпкерлікке (IPO-ны жүргізгенде акцияларды қала-ауылға 50 х 50 тең бөлу…) белсенді араласуын қамтамасыз ету міндеті тұр.

    Азат қоғам қалыптастыратын Ұлттық мәдениетті (тіл, тарих, мораль, философия, білім, өнер, әдебиет…) қайта өрлету. Қоғамды (ұлтты) өзгерту үшін алдымен бір ұлы роман, ұлы кинофильм, ұлы сурет… қажет. Жобаның алғашқы сатысында мемлекеттік тілде бес мың томдай, оның ішінде екі мың – оқулық, методикалар мен оқу құралдары, екі мың том – ғылым, білім, техника, медицина, экономика.., барлық салаларды қамтыған сөздіктер мен энциклопедиялар, және мың том – әдебиет, өнер… әртүрлі форматтардағы (электрондық т.б.) кітаптар шығару қажет.

    2025 жылға электр қуатының 20-25%, 2040 жылға 40-45%-ке дейін энергияның балама көздері арқылы қамтамасыз етуге қол жеткізіп, оның құнын 30-40%-ға, болашақта екі есеге дейін арзандату.

    Банк-қаржы жүйесіндегі реформа тұрғындарды жеңіл (жылына 3-6%) ұзақ мерзімдік (10-15жылға) несиемен қамтамасыз ету.

    Елдегі барлық ресурстар (кен орындары) мен қозғалатын және қозғалмайтын мүлікті капитализациялап, оларды қоғам дамуына қажетті қаржы (инвестиция) көздеріне айналдыру.

    Шеттен алынатын несиенің үлесін елдің ЖІӨ-нің 15% деңгейіне дейін азайту. Шетелдік компанияларға басқаруға берілген, немесе сатылған барлық стратегиялық кен орындары мен нысандарды мемлекет меншігіне қайтару арқылы олардығы ұлттық компаниялардың үлесін 70-100%-ға жеткізу.

    Ел экспортының 50% және іште пайдаланатын машина, техника т.б. тауарлардың 60-70% отандық технологияның өнімі болуға қол жеткізу.

    Соңғы он жылдағы экономиканың өсуі ел тұрғындарының тұрмысын жақсартқанымен бәсекелестік пен адам даму индексінің көрсеткішінде Қазақстан дамуы жоғары елдердің қатарына қосылған жоқ. Сондықтан Қазақстан үшін адам капиталының жаңа типін тез дамыту ауадай қажет.

    Елдегі еңбекпен қамтуды сараптағанда, онда қазірдің өзінде мұнайгаз, машина жасау және металл өңдеу салаларында білікті мамандардың көптеп жетіспейтіні анықталды. Әлемдік банктің 2008 жылғы жүргізген зерттеулерінде жұмыс берушілердің 60%-ы жұмысшылардың кәсіптік деңгейінің төмендігі өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретінін көрсеткен.

    Іргелі ғылыми жұмыстарды дамытуды қаржыландыру адам капиталын инвестициялаудың маңызды саласы. Ғылымның дамуы кезінде соңынан жаңа технологиялық өндіріс пен тұтыну тәсілдерін қалыптастыратын интеллектуальдық жаңалық енгізумен қатар, адамның өзі өзгеріп жаңа қажеттілік пен мүмкіндіктерді туғызатын күшке айналады. Үкімет соңғы жылдары медицина, білім беру және ғылымға мемлекеттен бөлінетін қаржыны жылдан-жылға өсіріп, әлеуметтік факторға көп көңіл бөлуде. Мысалы, ғылыми-зерттеулер және конструкторлық тәжірибе жұмыстарына бөлінген қаржы дағдарыстағы 2009 жылдан басқа уақытта жыл сайын өсуде (кесте 2), білім беруге бөлінетін қаржы да өсуде (кесте 3). Кесте 2

    Ғылыми зерттеулерге бөлінген қаржы

    Көрсеткіштер

    2005

    2006

    2007

    2008

    2009

    1.

    Ғылыми зерттеулерге бөлінген қаржы, млн. тенге

    12358

    14182

    17039

    18690

    16904

    2.

    Ғылымды қаржыландырудың ЖІӨ-дегі %-дық үлесі

    0,17

    1,15

    0,14

    0,13

    0,1

    Кесте 3

    ҚР Білім және ғылым министрлігі мекемелеріне мемлекеттік бюджеттен білім беруге бөлінген қаржының динамикасы

    Көрсеткіштер

    2001

    2002

    2003

    2004

    2005

    2006

    2007

    2008

    2009

    Шығын, млн. тенге

    103076

    118977

    149549

    195574

    216736

    331503

    480696

    641060

    679851

    ЖІӨ-дегі %-дық үлесі

    3,2

    3,2

    3,2

    3,3

    3,5

    3,4

    3,7

    4,0

    4,1

    Эксперттердің бағалауы бойынша ғылымға бөлінген қаржы ЖІӨ-нің 1%-нан төмен болса, ел бәсекеге қабілетсіз болады. Мысалы, Швециядағы бұл көрсеткіш 3,7%, Жапонияда – 3,01%, АҚШ-та – 2,63%, Алманияда – 2,38%.

    Егер әр тұрғынға шаққандағы ғылымға бөлінген шығынды (Қазақстанда 13 доллар) салыстырсақ, ол Мексикадан үш есе кем (3 және 4 суреттер).

    Сурет 3. Қазақстандағы ғылымға бөлінген қаржы

    Сурет 4. Әлемде әр тұрғынға шаққанда ҒЗТКЖ бөлінетін қаржы

    Қазақстанда басқа салалардан гөрі білім беру саласын қаржыландыру әлдеқайда жақсы. 2001 жылмен салыстырғанда 2009 жылы білім беруге қазынадан бөлінген қаржы 6,6 есе өсті (2-ші кестені қараңыз). Бірақ, бұл көрсеткіштен де Қазақстан дамыған елдерден артта қалуда. ПРООН-ның 2005 жылғы білім беру саласының 90%-ын қамтыған адам даму индексі бойынша Қазақстан Колумбиядан кейінгі 70-ші орынды иемденді. Егер, әлемде қабылданған белгілі бағалауды Қазақстанға пайдалансақ, онда адам капиталының 1-ден 3%-ға дейін өсуі ЖІӨ-ді 1%-ға өсіретінін көреміз.

    2009 жылғы Қазақстанның ЖІӨ-і 17 триллион теңгені құраса, онда адам капиталы 1%-ға өскенде ЖІӨ-нің жылына өсуі: 17 х 0,01 = 0,17 триллион, немесе 170 млрд теңгені құрайды. Сондықтан, адам капиталының өсуі экономика дамуына тікелей әсер етіп, Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосатын негізгі стратегиялық бағдарлама болып табылады. Егер, біздің ғалымдар адам капиталын өсіретін осы бағдарламаны іске асыратын тиімді механизмді зерттеп дайындаса, онда оның экономикалық тиімділігі жылына жүздеген миллиард тенге болады. Қазақстанда адам капиталын қазіргі деңгейден 55-60%-ға өсіру көзделген. Қазіргі ЖІӨ-нің деңгейімен адам капиталын сонша өсірсе, оның экономикалық тиімділігі жылына 9,35- 10,2 трлн. тенге болады. 90-шы жылдармен салыстырғанда Қазақстанның ЖІӨ-нің 10 есеге дейін өскенін және осы өсу динамикасының сақталатынын ескерсек, онда бұл жоба іске асқанда, 2020-2022 жылдары адам капиталы дамуының экономикалық тиімділігін кем дегенде 45-50 триллион теңгеге жетеді және экспортқа бағытталған отандық жоғары технологиялық өнімнің жалпы экспорттағы үлесі 45-50%, іште пайдаланатын өнімнің үлесі 70%-ға жеткізу көзделген.

    Сондықтан, адам капиталын дамыту мәселесі қазіргі Қазақстан дамуындағы ең негізгі стратегиялық бағдарлама болып табылады. Бұл бағдарламаны іске асырудағы негізгі міндет – ол адам капиталын дамытудың Қазақстан жағдайындағы ғылыми негізделген тиімді механизмін дайындап, оны үкіметте қабылданған адам капиталын дамыту Тұжырымдамасын іске асыратын әдіс қылып енгізу.

    Дайындалатын механизм елдегі білім, ғылым, технология, мәдениетті дамыту арқылы, экономиканы өркендетіп, тұрғындардың тұрмысын жақсарту, қоғамды дамыған елдер қатарына қосатын күшке айналу үшін онда әлемдегі реформалардың озық үлгілерін Қазақстан жағдайына бейімдеумен қатар, дамыған елдердің тәжірибелері көрсеткендей, оның қайнар көзі ұлттық діл (менталитет), тіл, дәстүр, мораль … яғни ұлттық идея болмақ. Себебі, дамыған елдердің озық технологиясы, станоктарын … әкеліп істетуге болғанымен тілі, дәстүрі, тәрбие, құқық, мораль т.б. яғни болмысы басқа елдердің адам капиталын дамыту механизмін біздің елге тікелей енгізу мүмкін емес. Сондықтан, әлемдік тәжірибеден көргеніміздей адам капиталын дамытуда жергілікті ұлттың ерекшеліктеріне және Қазақстан жағдайында шығыстық менталитетке негізделген бағдарлама белгілі жетістіктерге жетеді.

    Осындай принциптерді ұстанып, басқа елдерге еліктемей Қазақстанның өзіне тән ерекшеліктері негізінде механизмі жасалған жоба елді дамыған елдер қатарына қоса алады.

    Бұл жоба механизмдерінің концептуальдық негізі, рухы және тұғыры – ол мемлекетқұрушы қазақ ұлтының яғни Қазақстанның ұлттық идеясы (менталитеті, тілі, дәстүрі және мәдениеті). Ұлттық идеямен қатар Шығыс және Батыс елдерінің ұлы реформаларының алдыңғы қатарлы тәжірибелерін пайдаланып дайындалған адам капиталын дамыту механизмдерін отандық білім мен ғылым, технологияны, және ол арқылы экономиканы, тұрғындардың тұрмыс деңгейін өсіріп республиканы дамыған елдердің қатарына қосады.

    Жобаны ҚР Білім және ғылым министрлігінің тәуелсіз мемлекеттік экспертизасы оң бағалағандықтан бұл бағдарламалық мақалада оның актуальдығы, ғылыми жаңалығы… қорытындысын жазбадық.

    Бұл жоба өзінің мақсаты, қаралатын мәселелері мен шешетін сұрақтардың ауқымы, және елдің болашақ дамуы үшін атқарылатын жұмыстардың маңыздылығы жөнінен отандық ғылымда ғана емес, бұрынғы социалистік елдер қауымдастығында баламасы жоқ. Басқа толыққанды идеялар сияқты бұл жобада да белгілі дәрежеде жаңа ой-әдістер қолданылған, сондықтан ол А.Эйнштейн айтқандай оның 90%-ы қарапайым оқырманға түсініксіз болуы мүмкін. Оның басқалардан ерекшелігі – онда басқалардың жүрген жолы қайталанбай, және оның авторлары мәселені елдің тез және тұрақты дамуын қамтамасыз ететін механизмдерді енгізу арқылы шешуде.

    Бұл жобаны іске асыру үшін Институт — осы саладағы отандық және шетелдік интеллектуальдық күштердің барлығын жұмылдыруға тырысты. Жобада әр семья, әрбір азамат және жалпы қоғамның мүддесі қаралған. Сондықтан, бұл жоба ел болашағын ойлаған қоғамдағы барлық күштерді біріктіреді деп сенеміз. Осы уақытқа дейін жоба бойынша істелетін жұмыстың үштен біріне дейіні атқарылды. Қалғанын атқару үшін Үкімет тиісті мемлекеттік (ұлттық) бағдарлама қабылдап қажетті қаржы бөлуі қажет.

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Buzz
    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в LiveJournal
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники

    Creative Commons License
    The Ұлттық идея адам капиталы дамуының негізі by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.

    14 Қараша 2011 at 18:34 - Пікір жазу Пікір жазылмаған 6 260 рет қаралған ...