НЕГІЗІН «АМЕРИКАНДЫҚ ҰЛТТАН» АЛАТЫН «ЕЛ БІРЛІГІ» («ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ») ДОКТРИНАСЫ ТУРАЛЫ «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ МҰХТАР ШАХАНОВТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ (бейнесюжеттер)
Арнайы www.internetTV.kz үшін Болат Нәукенұлы.
Қазақ Елі, 26 қараша 2009 жыл.
2009 жылдың 25 қарашасында Алматы қаласы, Ұлттық баспасөз клубында «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұхтар Шаханов бастаған бір топ Елағалары мен ҮЕҰ-дар жетекшілері баспасөз мәслихатын өткізді.
Онда, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс өткен ХІ съезінің баспасөз мәслихатында ресми тілде айтқан:«…мы идем к самоидентификации – быть единым народом Казахстана. Вот, например, американцы состоят из сотни народов и наций, но называются американцами. Никто там не называет друг друга китайцем или корейцем. А твоя национальность – это твое дело… И это правильно. Потому что одна страна должна жить одним народом»,
және «…бұл идеяны менің ойымша, қазақ тілінде «қазақстандық ұлт» емес, «қазақстандық ел» деп атаған жөн тәрізді» («Егемен Қазақстан», 31-мамыр, 2008 ж.) деген сөздеріне, тағы Қазақстан халқы ассамблеясының XV- сессиясында жариялаған «Ел бірлігі» (қазақстандық ұлт) доктринасына қатысты өз ой-тұжырымдарын айтып, МӘЛІМДЕМЕ жасады.
Бейнесюжеттерді көру үшін төмендегі сілтемелерді басыңыз:
Бүгін бұғып қалсақ ТАРИХ бізді кешірмейді Мұхтар Шаханов
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ доктринасы халқымыздың түбіне жетеді Аманғазы Кәріпжанов
Біз ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТҚА жол бермейміз! Мұхтар Шаханов 3 бөлім
Ұлт патриоттарын барша ҚАЗАҚ АНАЛАРЫ қолдайды Алтынай Асанова
Билікке ұлт мүддесін қорғайтын АЗАМАТТАРДЫ сайлайық! Бейсенғазы Сәдуұлы
ЕЛ байлығын сатып біткен БИЛІК, енді ҰЛТТЫҢ атын жоқ қылмақшы Жангелді Шымшықов
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТҚА жол беріп отырған БИЛІКТЕГІЛЕР бәрі ҚҰЛДАР Ғаббас Қабышұлы
Ұлттық ойлау қабілеті жаңғырған ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ М Шахановпен бірге Жанболат Мамай
НЕГІЗІН «АМЕРИКАНДЫҚ ҰЛТТАН» АЛАТЫН «ЕЛ БІРЛІГІ»
(«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ») ДОКТРИНАСЫ ТУРАЛЫ «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ МҰХТАР ШАХАНОВТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Осыдан жарты-ай бұрын «Жас Алаш», «Президент және халық», «Қазақ», «Жаңа апта», «Жас қазақ үні», «Қазақстан», «Заман-Қазақстан» газеттерінде және «Abai.kz» сайтында белгілі әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлері Ә.Нұрпейісов, М.Әлімбаев, Ш.Елеукенов, М.Мырзахметов, Т.Кәкішев, А.Әшімов, Қ.Медеубеков, Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, Р.Сыздықова, Г.Бельгер, Қ.Мырза-Әлі, Б.Нұржекеев, Қ.Сәрсекеев, С.Сматаев, Ғ.Қабышұлы, Қ.Ысқақ, Т.Медетбек, Қ.Ормантаев, Б.Атабаев, И.Сапарбай, Ғ.Жайлыбай, Н.Нүсіпжанов, М.Ілиясова, А.Қоразбаев, партия басшылары Ж.Тұяқбай, Б.Әбілев, С.Әбділдин, В.Козлов және республикамызда шығатын газет-журналдардың бас редакторлары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, барлығы 124 адам қол қойған, 5 мыңнан астам халық қолдаған «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа, қазақ халқына, республикамыздағы өзге ұлт өкілдеріне ашық хат» жариялаған едік.
Онда бастауын «американдық ұлттан» алатын, бірақ біздің айқайымыздан кейін аты «ел бірлігі» боп көзбояушылықпен өзгертілген «қазақстандық ұлтқа», яғни Қазақстан халқы Ассамблеясы талқылауға ұсынған «Ел бірлігі» доктринасына бұлтартпас дәлелдер арқылы қарсылық білдіргенбіз. Бірақ билік осыншама халықтың қарсылығына құлақ аспай, доктринаны жедел түрде қабылдатып жіберуге күш салуда. Ал доктрина қабылданған сәттен бастап, Америкадағы сияқты бәріміз бір ұлт боп ұйысамыз. Қазақ ұлты республикамыздағы көп этностың біріне айналады. Ұлтқа бөлектену, оның қасиетін, тарихын ардақтау деген мүлде болмайды. «Үш тұғырлы тіл» аясындағы орыс тілі мен ағылшын тілі алға шығады да қазақ тілі бірте-бірте қимыл-қозғалысын тоқтатады. Доктринадағы «мемлекеттік тілді дамытамыз» деген сөздер жұртшылықты алдарқату үшін ендірілген. Себебі «американдық ұлт» идеясы мүлде басқа мақсатты көздейді. Біздің халықтарымыздың мүддесіне кереғар бұл идеядағы ұлт мәселесі әркімнің жеке шаруасына айналады. Егер сол тұста «мен қазақпын», «мен орыспын», «мен ұйғырмын» десеңіз жауапқа тартылуыңыз ғажап емес. Ол туралы Елбасы «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс өткен ХІ съезінің баспасөз мәслихатында өзі менсінбейтін мемлекеттік тілде емес, ресми тілде былай деп сездіріп еді:
«…мы идем к самоидентификации – быть единым народом Казахстана. Вот, например, американцы состоят из сотни народов и наций, но называются американцами. Никто там не называет друг друга китайцем или корейцем. А твоя национальность – это твое дело… И это правильно. Потому что одна страна должна жить одним народом».
Елбасы тағы бір сөзінде: «…бұл идеяны менің ойымша, қазақ тілінде «қазақстандық ұлт» емес, «қазақстандық ел» деп атаған жөн тәрізді» деген болатын. («Егемен Қазақстан», 31-мамыр, 2008 ж.)
Осы мәселеге арналған бір өлеңімде мынадай жолдар бар еді:
«Қазақстандық ұлтты» мейлі «қазақстандық ел» деңіз,
Одан оның мән-мазмұны өзгерер деп сенбеңіз.
Құл ететін, құм ететін жігеріңді, місеңді,
Тіпті «қазақ елі» деңіз ұлтқа салар кісенді.
Аты ғана ізгіліктен елес беріп саналы,
Зұлымдығы, кісендігі өз күшінде қалады…
Бұл бағытпен ұлтыңызға өзіңіз көр қазасыз,
Бірақ әсте ойламаңыз қаламын деп жазасыз.
Басталатын төгілген қан, сатылған жер атынан,
Ешкім ертең құтыла алмас қатал тарих сотынан.
«Қазақстандық ұлт» ақыры «Ел бірлігі» атауына барып табан тіреді. Бұл қауіпті идея туралы Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримов өз елінің депутаттарымен кездескенде былай деді:
«Көршімізді «Қазақстан Республикасы» деп айта алмаймын. Себебі Қазақстанның жері, жерасты байлығының 75 пайызы өзге шетел азаматтарының қолына сатылып кеткен. Енді олар «қазақ» деген ұлтты құртып, «қазақстандық ұлтпен» паспорт бермекші. Өздері осындай жағдайда тұрып маған «Орта Азия Одағын құруға қолдау көрсет» дейді. Өз ұлтын жойып жатқан елге мен қалай сенуім керек?»
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі» доктринасына қарсы Президентке, қазақ халқына және республикамыздағы өзге ұлт өкілдеріне жолданған ашық хатқа бүгінге дейін 15 мың адамның қуаттап, қол қойғанын жұрттың есіне сала отырып, Қазақстан билігіне мынадай талап қоямыз:
Егер билік 2009 жылғы 17-желтоқсанға дейін, құрылымы да, заңдылығы да күмәнді, екінші Парламент роліндегі, әлемнің бірде-бір елінде жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы ұсынылып отырған, өзінің түпкі негізін «американдық ұлттан» алатын «ел бірлігі» («қазақстандық ұлт») доктринасына тоқтау салмайтын болса, осы жылдың 20-қыркүйегінде Республика сарайында 4 мың адам қатысқан «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясында билікке қойылған 10 талапты орындауға, оның ішінде әсіресе мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдауға және тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін мемлекеттік тілде телеарна ашуға уәде бермесе, 17-желтоқсанда, яғни, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне 23 жыл толған күні, ұлтының, тілінің жойылуына келіспейтін адамдармен бірге аштық жариялаймыз. «Ел бірлігі» доктринасы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылып отырғандықтан ол туралы пікір айтуға, қарсылық білдіруге бәріміздің де құқымыз бар. Ал аштық жариялау аясындағы менің жеке басыма тоқталар болсақ, екі рет жүрек талмасын (инфаркт) алған адам ретінде маған бұл шара үлкен қиындық тудыруы мүмкін. Бірақ ұлтымыздың жойылғанын көргенше, оған дейін көз жұма салған әлдеқайда жеңіл емес пе?!
Бізбен бірге Бақтыбек Иманқожа бастаған «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінен 30 адам, Бейсенғазы Сәдуұлы бастаған «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінен 20 адам және белгілі тарихшы, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов бастаған ғалымдар тобы, Қазақстанның халық қаһарманы желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбековтың анасы Дәметкен Асанбаева мен желтоқсан құрбаны Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова бастаған аналар тобы да аштық жариялауға отырмақ. Аштық жариялаушылар тізімі 17-желтоқсанға дейін жалғаса бермек.
Жуырда, Астанада, ел рухын асқақтату мақсатында «Қазақ елі» монументі ашылды. Жағымпаздар оны Франциядағы Эйфель мұнарасынан да биік қойып, мадақтап жатты. «Қазақ елі» монументінің басқы бетіне, соңғы кездері қайта-қайта мәңгілік Президенттікке ұсынылып жатқан Н.Назарбаевтың ғана түр-тұлғасы сомдалған. Қалғанының бәрі аты-жөні белгісіз, символикалық бейнелер. Сонда Президентімізге ұлтымызды жоюға ерекше қайрат көрсеткені үшін және қаншама жыл бойына, өркениетті елдердегідей, мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдауға жігерлі түрде қарсы шығып келгені үшін осындай ескерткіш орнаттық па? Бірақ «Қазақ елін» Әбунасыр әл-Фарабисіз, Сұлтан Бейбарыссыз, сол ескерткіш маңындағы қоқысқа апарып тасталған Керей мен Жәнібексіз, Абылайхансыз, Исатай-Махамбетсіз, Абайсыз, Ахмет Байтұрсынұлысыз елестету мүмкін бе? Жағымпаздықтың да шегі, шеті болуы керек еді ғой.
Қазіргі кезеңде қазақ перзенттерінің алдында үш-ақ жол қалған сияқты. Бірі – қазақ ұлтының және республикамыздағы өзге аз ұлт өкілдерінің тілін, рухын жоюға алып баратын «ел бірлігі» («қазақстандық ұлт») доктринасын шамасы жеткенше мадақтап, ТЖ-лықпен, яғни биліктің «табанын жалаумен» айналысу. Екінші жол – «сен тимесең мен тимен бадырақ көз» деген бағыт ұстанып, жеке мүддесін ғана ту етіп, аузына су толтырып алғандай, үнсіз, тілсіз отыру. Үшінші жол – басына төнер қауіп-қатерге қарамай қазақ ұлтын, оның рухани парасатын сақтап қалуға күш салу. Елім, ұлтым деп соғар жүрек үшін, бұдан үлкен міндет болмасы айқын.
Кәне, кім қай жолға бұрылады?
Поделиться в соц. сетях
The НЕГІЗІН «АМЕРИКАНДЫҚ ҰЛТТАН» АЛАТЫН «ЕЛ БІРЛІГІ» («ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ») ДОКТРИНАСЫ ТУРАЛЫ «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ МҰХТАР ШАХАНОВТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ (бейнесюжеттер) by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.