Қазақстан шет елге бала сату жағынан әлемде үшінші орын алғаны үшін Парламент депутаттарын марапаттаймыз ба?(бейнесюжеттер)
Арнайы www.internetTV.kz үшін Болат Нәукенұлы.
Қазақ Елі, 1 желтоқсан 2009 жыл.
2009 жылы 1 желтоқсан күні «Жаңғыру» қоғамдық қоры «Қамқорлыққа зәру балалар мен шет ел ата-аналары асырап алған балалардың жағдайын реттейтін заңдық базаны зерделеу. Кешенді шаралар өткізу» жобасы бойынша әлеуметтік зерделеудің қорытындысын талқылауға арналған дөңгелек стол басына аталған тақырыппен айналысып жүрген біраз сарапшы-мамандарды, қоғамдық ұйым өкілдерін шақырып, жүргізген әлеуметтік зерттеумен таныстырып, пікір алмасып, ортақ мәміле қабылдады.
Дөңгелек үстелде пікір айтушылардың түйінді сөздері:
«Алаш үні» қоғамдық бірлестіктер Одағы төрағасы Совет-Хан Ғаббасов — «Ұлттық идеологиясы жоқ мемлекет өз халқына қызмет етпейді!»;
«Халық дабылы» ҚБ төрағасы Кенесары Қаптағай — «Ұлт байлығын сатып болған билік, енді жетімдерді сатуға мүдделі»;
«Жанашыр»ҚҚ төрайымы Жаңыл Әпетова — «Қазақ жетімдерін шетелге сатуға тыйым салуды барша ҮЕҰ болып талап етейік!»;
«Алаш үні» ҚБО билер Кеңесінің мүшесі Молдағали Матқан — «ЖЕРІН сатқан билік, жетімін де, жесірін де, ҰЛТЫН да сатады»;
«Жетімдер» кинофильмінің режиссері Еркін Рақышев - «Біздің билік, шетелдік идеологияның жетегінде кеткен»;
«Ұлт тағдыры» Республикалық қоғамдық қоөзғалыстың төрағасы Дос Көшім — «Біздің биліктің, жетімдерге қатысты сөздеріне күлкің келеді».
Бейнесюжеттерді көру үшін төменгі сілтемелерді басыңыз:
Ұлттық идеологиясы жоқ мемлекет,өз халқына қызмет етпейді С Ғаббасов
Ұлт байлығын сатып болған билік,енді жетімдерді сатуға мүдделі Кенесары Қаптағай
Жетімдерді сатуды тоқтатуды,барша ҮЕҰ бірігіп талап етейік Жаңыл Әпетова
ЖЕРІН сатқан билік,жетімін де,жесірін де,ҰЛТЫН да сатады Молдағали Матқанов
Депутаттардың жетімдерге қатысты сөздеріне күлкің келеді Дос Көшім
Биыл халықаралық қауымдастық БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенцияның жиырма жылдық мерейтойын атап өтсе, Қазақстан Республикасында аталмыш конвенцияның бекітілгеніне 15 жыл толды. Алайда еліміздегі жетім балалар мен соның ішінде қамқорлыққа зәру балалар мен шет ел ата-аналары асырап алған балалардың жағдайы сын көтермей тұр. Бүгінде ел халқының 4,5 миллионын балалар құраса, соның 46 мыңнан астам бала түрлі себептермен ата-ананың қамқорлығынсыз қалып отыр. Оның 16 мыңы мемлекеттің қарауында.
Соңғы он жылдан бері жетімдеріміз шетелдіктерге кетіп жатыр. Бүгінге дейін 6014 бала шет ел асқан, 5308-і АҚШ азаматтарының үлесіне тиіп отыр. Олардың көпшілігінің бүгінгі тағдыры не болып жатқаны белгісіз. Себебі, АҚШ-қа Конвенция жүрмейді. АҚШ-тың сыртқы істер министрлігі Конвенцияға қол қойғанмен, АҚШ Сенаты оны ратификациялау туралы заңды қабылдамай тастаған. Ресей де солай. Тағы да басқа ірі-ірі мемлекеттер бұл құжатты мойындамай отыр. Сол себептен Қазақстан бүгінге дейін кеткен 6014 баланың өміріне араласа алмауы мүмкін. Олардың асырап алушылары мен біздің органдар арасындағы келісімшарттар заңдық нормалар шеңберінде жасалған. Біздің мемлекеттік орган тек бала саудасына байланысты өтініш берген ұйымдар мен агенттіктерді тіркеумен ғана айналысады.
Конвенцияға батыс елдері шетелден бала әкелу үшін ғана қол қойып отыр. Мысалы, Ирландия заң жүзінде шетелдіктерге бала береді, бірақ еліне барсаң, алып кететін бір бала таппайсың. Израильде солай. Тіпті халық саны көп, адам басы құнсыз дейтін Қытай да шет елге бала бермейді. Небәрі 15 млн. халқы бар Қазақстан шетелдіктерге бала беруде 1,5 млрд. халқы бар Қытайдың алдына шығып отыр. Қазақстан шет елге бала беру жағынан әлемде үшінші орын алады. Шет елге мұнай шығарудан төртінші орын аламыз да, бала беруде үшінші орын аламыз.
Ал елдегі жетім балаларға толыққанды көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Қазіргі заңымыз бойынша мектепті бітіргеннен кейін жетім балалар далада қалып жатыр. Не мамандығы жоқ, не баспанасы жоқ, ағайын-туысы жоқ. Сосын милиция тіркеуге алуы керек. Заң бойынша мекен-жай анықтамасы болуы керек. Ол да жоқ.
Жалпы бұл мәселені тек заңдық тұрғыдан ғана реттей аламыз. Әйтсе де Парламентке «Неке және отбасы туралы» заңды алып келіп, жетім балаларымыздың шетелдіктерге берілуін заңдастыра түсуге үш рет қадам жасаған Үкімет бір рет жетім балалардың мүддесін қорғайтын заң шығара алмағаны өкінішті. Алайда дәл қазір Қазақстанға «Жетім балалар туралы» заң қажет-ақ. Және ол заңда елдегі жетім балалар үйлері мемлекеттік тілде тәрбие беруі қажеттігі міндеттелуі тиіс. Сондай-ақ аталған заң жетім балалар құқын қорғай отырып, Қазақстанда жетімдер үйлерінің санын көбейтуге емес, отбасы және неке құндылықтары институтын нығайтуға жұмыс істеуі тиіс.
«Қамқорлыққа зәру балалар мен шет ел ата-аналары асырап алған балалардың жағдайын реттейтін заңдық базаны зерделеу. Кешенді шаралар өткізу»
жобасы бойынша
әлеуметтік зерделеудің қорытындысына
ШОЛУ
Кіріспе
Қазақстан тәуелсіздікке ие болған күннен бастап балалар құқығы мәселесі алдыңғы қатарлы тақырыптардың тізімінде тұр. Биыл халықаралық қауымдастық БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенцияның жиырма жылдық мерейтойын атап өтсе, Қазақстан Республикасында аталмыш конвенцияның бекітілгеніне 15 жыл толды.
Алайда «Неке және отбасы туралы» заңды алып келіп, жетім балалардың шетелдіктерге берілуін заңдастыра түсуге үш рет қадам жасаған Үкімет бір рет жетім балалардың мүддесін қорғайтын заң шығара алмады. Соңғы он жылдан бері жетімдеріміз шетелдіктерге кетіп жатыр. Бізде қазір шетелдіктерге бала берумен айналысатын 40-тан астам агенттік бар. Агенттіктің бір баланы өткізгенде табатын табысы 30-35 мың долларды құрайды. Бүгінге дейін 6014 бала шет ел асыпты, 5308-і АҚШ азаматтарының үлесіне тиіп отыр.
Бельгияға — 163, Ирландияға — 126, Испанияға — 152, Германияға — 59, Францияға — 45 бала жөнелтілген. Олардың көпшілігінің бүгінгі тағдыры не болып жатқаны белгісіз. Ал Конвенция қабылданар болса мемлекет сыртқа кеткен балаларға қорған бола ала ма? Өйткені АҚШ-қа ол Конвенция жүрмейді. АҚШ-тың сыртқы істер министрлігі Конвенцияға қол қойғанмен, ол ратификацияланбаған.
Өйткені АҚШ Сенаты оны ратификациялау туралы заңды қабылдамай тастаған. Ресей де солай. Тағы да басқа ірі-ірі мемлекеттер бұл құжатты мойындамай отыр. Сол себептен Қазақстан бүгінге дейін кеткен 6014 баланың өміріне араласа алмауы мүмкін. Олардың асырап алушылары мен біздің органдар арасындағы келісімшарттар заңдық нормалар шеңберінде жасалған. Біздің мемлекеттік орган тек бала саудасына байланысты өтініш берген ұйымдар мен агенттіктерді тіркеумен ғана айналыспақ.
Конвенцияға батыс елдері шетелден бала әкелу үшін ғана қол қойып отыр. Мысалы, Ирландия заң жүзінде шетелдіктерге бала береді, бірақ еліне барсаң, алып кететін бір бала таппайсың. Израильде солай. Тіпті халық саны көп, адам басы құнсыз дейтін Қытай да шет елге бала бермейді. Ал біз мемлекеттің ең басты қазынасы — халық дейміз де, демографиялық қор болып табылатын жас сәбилерді шетелдіктерге оп-оңай таратып жатырмыз.
Небәрі 15 млн. халқы бар Қазақстан шетелдіктерге бала беруде 1,5 млрд. халқы бар Қытайдың алдына шығып отыр. Қазақстан шет елге бала беру жағынан әлемде үшінші орын алады. Бұл тоналғандық емей немене? Шет елге мұнай шығарудан төртінші орын аламыз да, бала беруде үшінші орын аламыз.
Бүгінде ел халқының 4,5 миллионын балалар құрайды. Республикамыздағы жетім балаларға арналған 44 балалар үйі мен 22 мектеп интернатта 8987 бала тәрбиеленуде. Тастанды бөбектердің күн санап көбейгеніне бойымыз да, ойымыз да үйреніп алды.
Ал әлеуметтік жетімдік – жаңа құбылыс емес: олар ата-аналары бас бостандығынан айырылған, ішідікті өте көп қолданылатын, бейберекет өмір сүретін жандардың ата-ана құқығынан айырылғандардың балалары.
Осы статистикалық мәліметте ата-анасы қайтыс болған тұл жетім балалармен салыстыруға келмейді. Еліміздегі жағдайлардан Алматы қаласының айырмашылығы жоқ деуге болады. Ата-ананың қамқорысыз қалған жетім балалардың 20 пайызы тұл жетімдер, ал 80 пайызы тірі әке-шешесі бола тұра жетімдер қатарына жатады.
Статистикалық мәліметтер мен зерделеудің қорытындысы жетімдік Алматы қаласында да кеңінен жайылып бара жатқандығын көрсетеді, сондықтанда тез арада шара қолдану қажет.
Егер жағдай осы қарқында бола берсе, проблемалар мен жетіспеушіліктерді шешуге қоғам ат салысса, көмек берсе дұрыс болар еді.
Тәжірибе көрсеткендей, қаладағы жағдай жетім балаларға көмек көрсетуде, басқа шет елдер мен Ресейдегі жағдайдан әлде қайда алыста жатыр. Бұл туындаған жетім балалардың проблемаларды шешу үшін жұмыстарды жандандыру қажет.
Зерделеудің мақсаты және міндеті, бағыты.
Бағыты: Қамқорлыққа зәру балалар мен шет ел ата-аналары асырап алған балалардың жағдайын реттейтін заңдық базаны зерделеу. Және жетім балаларға көмек көрсету және әлеуметтік жетімдік проблемаларына сарапшылардың көзқарасы туралы ақпаратты жинақтау және бағалау.
Мақсаты: жетім балаларға көмек көрсету проблемалары туралы арнайы топтардың пікірін сараптау.
Міндеті:
• Арнайы топтардың пікірі негізінде жетім балаларға көмек көрсету проблемасын саралау.
• Қоғамдық қор деңгейінде жетім балаларға көмек көрсету жолдары туралы ақпаратты сұрыптау.
• Қамқорлыққа зәру балалар мен шет ел ата-аналары асырап алған балалардың жағдайын реттейтін заңдық базаны зерделеу.
Бастапқы ақпаратты жинау әдісінің сипаттамасы.
Сауалнама технологиясы.
Сауалнама тәсілі – эксперттік сұрау.
Сауалнама орны
• Жалпы білім беретін орта мектептер мұғалімдері, басшылары
• Балаларға арналған білім беру ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері
• Балалар тақырыбына жазатын журналистер, ата-аналар
• Мемлекеттік құзырлы мекемелер басшылары, депутаттар т.б.
Сауалнама 2009 жылы қыркүйек-қараша айларында жүргізілді.
1. Қамқорлыққа зәру балалар мен шет ел ата-аналары асырап алған жетім балалардың проблемасы туралы пікірлерді саралау.
Сұралушылардың 92 % пайызы Қазақстан үшін қамқорлыққа зәру балалар мен шет ел ата-аналары асырап алған балалардың жағдайы мен балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жетім балалар мен жетімдердің проблемасы көкейкесті күрделі мәселеге айналып келеді дейді.
Жалпы жетім балалар проблемасы Алматы қаласында да, Республика бойынша да маңызды проблемалардың бірі.
2. Қамқорлыққа зәру балалар мен шет ел ата-аналары асырап алған балалар проблемаларының себептері туралы сауалнамаға қатысушылардың аталған мәселе турасында қаншалықты ақпарат алғандығы жайында.
Сауалнамаға қатысушылардың 42% пайызы жалпы елдегі жетімдік мәселесінің күрделенуі отбасындағы әлеуметтік-психологиялық және экономикалық-материалдық жағдаймен байланысты деп есептейді, ал 16% пайызы жетімдікті нақты дұрыс тұрмыс жағдайының жоқтығынан десе, 48% пайыз – адамгершілікке жат қылықпен өмір сүретін ата-аналар санының өсуімен байланыстырса, 12% пайыз сұралушылар жалпы жетімдікті алдын-алу бойынша шаралардың жоқтығынан деп есептейді.
3. Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқандарға көмек көрсетуге байланысты сауалнамаға қатысушылардың пікірі мен ойлары.
Сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі (90%) пайызы мемлекет көмектесу керек деп есептейді, 40% пайызы жетім балаларға олардың туған туыстары көмектесу керек деп біледі. Сауалнамаға қатысушылардың 38% пайызы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларға қоғамдық ұйымдар көмек беру қажет дейді, 13% пайызы ірі бизнес пен кәсіпкерлермен қатар орта және шағын бизнес өкілдері де жетім балаларға көмектесуге шақырады, тек қана 12% пайыз сауалнамаға қатысушылар әркім өз еркімен көмектесу керек деп есептейді.
4. Жетім балаларға көмектесудің нақты көрінісі туралы сауалнамаға қатысушылардың пайымы.
Тек қана сұралғандардың 10-нан 1-і балалар үйінде тәрбиеленіп жатқандарға қоғам мүшелері (жеке тұлғалар) көмектесу керек дейді. Сауалнамаға қатысушылардың 80% пайызы балаларға мемлекет көмектеседі деп есептейді, 16% пайызы қоғамдық ұйымдар көмектеседі деп есептейді.
5. Жетім балаларға жақсы жағдай ұйымдастыруға ықлас білдіретіндер.
Сұралғандардың 11% пайызы институциализация жетім балалардың жақсы жағдай проблемасын шешудің негізгі шешімі дейді. Сұралғандардың дені: 78% пайызы жетім балаларға жайлы әрі жақсы жағдай жасаудың, яғни мәселені түпкілікті шешудің жолы оларды асырап алу десе, 5% және 4% пайызы қамқорлыққа алу, ал 3% пайызы патронатқа алу қажет дейді. Алайда сауалнамаға қатысқандардың 90% пайызы жетім балаларды шет елдіктерге бермей мемлекет тікелей өз қамқорлығына алу қажет деп есептейді.
6. Жетім балаларды тәрбиелеп жатқан шет елдік отбасылар туралы сауалнамаға қатысушылардың пайымы.
Сұралғандардың 60% пайызы жетім балаларды тәрбиелеуге алған шет елдік отбасылардың іс-әрекетінен мүлдем таныс еместігін айтса, 40% пайызы ондай отбасылардың бар-жоғын білмейтіндігін айтты. Жетім балаларды тәрбиелеп алған шет елдік отбасылар туралы көп біле бермейтіндерінің себебін ол тақырып турасында ақпараттың аздығынан немесе аталған деректер құпияда ұсталатындықтан деп біледі.
7. Сауалнамаға қатысушылардың жетім балаларға көмектесуге өз жеке бастарының қатысуы туралы пікірі мен ойлары.
Сауалнамаға қатысушының бірлі-жарымы жетім балаларға көмектесуге даяр екендігін айтады. Ал дені: 90% пайызы мемлекет көмектесу керек деп есептейді.
8. Сауалнамаға қатысушылардың жетім балаларға қажетті көмек түрлері турасындағы пайымдары.
Негізінен 40% пайыздан көбі жетім балаларға материалдық көмек көрсету қажет деп біледі (тамақ, киім кешек, ойыншық арқылы). 6% пайызы ақшалай көмек беру қажет дейді. 8% пайызы балалар үйіне моральдық-рухани тұрғыдан барып тұру қажет деп есептейді. Ал сұралғандардың 7 % пайызы жетім балаларға тәлімгерлік көмек береді екен, олар негізінен мектептің ұстаздары.
9. Жетім балаларға көмек көрсетуге негізіннен кедергі болатын жағдайлар.
Жартысынан көбі (47%) жетім балаларға көмек беруге ниет білдіргенмен, қаржылай жағдайларының жоқтығын айтты. 90% пайыз сауалнамаға қатысушылар жетім балалардың проблемасы ол көкейкесті мәселе екендігін айтады, тек 23% пайызы бұл жағдайдың маңыздылығына көп көңіл бөле бермейді екен.
Негізінен жетім балаларға көмек көрсетпеудің себебі, негізінен көбі 90% пайызы сұралғандар көмекті оларға мемлекет беру керек деп есептейді, тек сұралғандардың үшінші ғана бұл әрбір азаматтың міндеті деп біледі. Ал әрбір сұралғандардың оныншысы жетім балаларға мемлекет жақсы көмектеседі деп есептейді.
10. Жетім балаларға көмектесудің негізгі мүмкіншілігі туралы сауалнамаға қатысушылардың түсінігі.
Сұралушылардың 85 пайызы жетім балаларға жақсы жағдай жасау ол балаларды асырап алу десе де, оларды отбасыларына тәрбиеге алуға мүмкіншіліктері жоқ деп есептейді. Ал 10% пайызы жетім балаларды асырап алуға дайын екен. 32% пайызы жетім балаларға қолдау көрсету акциясына қатысуға белсенділік танытып отыр, 8% пайызы үнемі балалар үйіне барып тұруды қалайды. 12% ақшалай көмек беруге дайын екен, 6% жетім балаларға көмек көрсетудің қысқа мерзімдік түрі қызықтырды, олар мереке күндері және демалыс уақыттарында балаларды өздеріне қонаққа шақыруға дайын екен.
11. Жалпы жетімдікті алдын алу жолдары туралы сауалнамаға қатысушылардың пікірі.
Жауап бергендердің 25% пайызы көп балалы отбасыларға және толық емес отбасыларға қолдау көрсету жетімдіктің алдын алуға көмектеседі, 27% пайызы проблемасы бар отбасыларына қолдау көрсету керек десе, 16% отбасының ажырасуына алдын ала араласу қажет деп біледі. Сондай-ақ сұралғандардың 22% пайызы отбасылық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жанжандыру керек десе, 16% пайызы салауатты өмір салтын насихаттау қажет деп есептейді.
Қорытынды
Өткізілген зерттеу нәтижесінде келесілер анықталды:
• Сұралушылар қамқорлыққа зәру балалар мен шет ел ата-аналары асырап алған балалардың жағдайы мен жалпы балалар үйінде тұратын балалар мәселесі маңызды проблема және шешім қабылдауды қажет етеді деп санайды.
• Пікір білдірушілер жетім балаларға деген адал көңілін білдіргенмен, олардың басым бөлігі (90%) бұл балаларға мемлекет қамқор болуы қажет деп есептегендіктен, сұралғандардың дені олардың мәселесін шешуге қатыспайтынын айтады. Сауалнамаға қатысушы әрбір он адамның сегізі жетім балаларды өз отбасында тәрбиелеу мүмкіндігін қарастырмаған.
• Бүгінгі күні жетім балаларға көмек көрсетіп отырған және олардың өміріне айтарлықтай өзгертулер енгізе алатын адамдар сұралғандардың 6% құрайды. Сауалнамаға қатысушылардың 6% аз уақытқа өз үйіне қабылдауға келісетіні жайлы айтты. Тәлімгер және патронатты тәрбиелеуші бола аламыз дегендер 12% пайыз.
• Сауалнамаға қатысушылар жетім балаларға жеке көмек көрсетудің негізгі кедергісі қаражат пен уақыт дейді.
• Қоғамдағы жетім балалар жайлы қалыптасқан теріс көзқарасты сейілту үшін заңдық базаны жетілдіру, стратегия жасау, патронаттық отбасыларға балаларды қабылдаудың оң тәжірибесін таратуға бағытталған күш жұмсау қажет. Бұл мәселе бойынша бұқаралық ақпарат құралдары негізгі мәлімет беруші болғандықтан, қоғамға әсер етудің мықты үлгілерін көрсетіп, әсіресе балаларға көмек көрсетуші адамдардың оң тәжірибесін насихаттау қажет.
Ұсыным жоба:
1. Елдегі жетім балалар үйлері мемлекеттік тілде тәрбие беруі қажеттігі міндеттелуі тиіс.
2. Аталған заң жетім балалар құқын қорғай отырып, Қазақстанда жетімдер үйлерінің санын көбейтуге емес, отбасы және неке құндылықтары институтын нығайтуға жұмыс істеуі тиіс.
3. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 46 мың 126.Олардың 16 мыңдайы балалар үйінде тәрбиеленуде.28 мыңнан астамы туыстарының немесе асырап алған ата-аналар қамқорлығына берілген. Биыл Қазақстан азаматтары тарапына 1700, шет елдік азаматтар тарапына 700 бала қамқорлыққа берілді. Балаларды қамқорлыққа алушылардың көбісі зейнеткерлер болғандықтан,олардың балаға толыққанды күтім көрсетіп,білім беруіне шамалары жете бермейді.Оған қоса, қазіргі экономикалық дағдарыс уақыты да қамқоршылар жағдайын қиындата түскендей.Сондықтан қазір дәл осы топты қолдау қажет.
4. «Неке және отбасы» заңы бойынша, қамқорлыққа алынған бала үшін қаржылай көмек көрсету қарастырылған. Бірақ өкініштісі оның мөлшері мен тәртібі анық белгіленбеуінен, көптеген жергілікті атқарушы билік өкілдері бір реттік көмек көрсетумен ғана шектеліп отыр.Сондықтан да,осы мәселеге дәл қазіргі уақытта аса маңызды іс ретінде қарап, жетім балалардың мүдделері мен құқықтарын қорғауда маңызды мемлекеттік міндет пен әлеуметтік борыштарын өтеп отырған қамқоршылар мен қорғаншыларды қолдауға бар күшімізді жұмсауымыз қажет.
5. Бала бойында ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын қағидаларының басымдығына сүйеніп,баланың ҚР-ның Конститутциясында кепілдік берілген негізгі құқықтары мен мүдделерін іске асыруға байланысты туындайтын қатынастары заңмен реттеу керек. Балаларға толымды тәрбие беруді,құқықтарын қорғауды мемлекет және қоғам ,баланы асыраушылар өз мойнына алуы тиіс.
6. Ең алдымен, жалпы балалардың негізгі құқықтарына тоқтала кетсек, біріншіден, сәбидің денсаулық сақтауға құқығы бар.Білікті медициналық көмек алуға, өскелең ұрпақтың дені сау болып өсу үшін мемлекет тарапынан жағдай жасалуы қажет.
- Екіншіден,әрбір баланың өмір сүруге,жеке басының бостандығына,қадір-қасиетіне және жеке өміріне қол сұғылмауға құқығы бар екенін ұмытпауымыз қажет.
- Үшіншіден, әрбір бала, мейлі ол жетім болсын,ата-ананың қамқорлығынсыз қалған болса да, баланың тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын жайды пайдалануға өз құқығы бар.Бірақ,бұл заң жүзінде ғана болмаса, мұндай нормалардың әсіресе,жетім қорғансыз балаларға қолданылмай жатқаны баршамызға белгілі.
- Жетімдер үйінен тәрбиеленіп шыққан бала әрі қарай қайда барады.Бұл қатал дүниеде,қоғамда өз орнын қалай табады.Әке ақылымен сусындамаған,ананың ыстық алақанын сезінбеген бала да жалпы адамзат баласына,қоғамға деген реніш пайда болып қатігез тұлға қалыптасуы мүмкін. 18 жасқа толған бойжеткен не бозбала өмірдің ағымына ілесе алмай,қайда барса да кедергілер мен келіспеушіліктер алдынан шығып оған төзе алмай қылмысқа барады. Заң нормаларын бұзған адам жазаға тартылады.
- Жоғарыдағы проблемалардың болмауы үшін мемлекет,қоғам тарапынан назар аударылып,заңдық базаны барынша жетілдіріп,жетім балалардың мүдделерін қорғауымыз баршамыздың адамзаттық парызымыз деп түсінуіміз керек.Алдымен, осы жетімдер проблемаларына қатысты арнайы көпжылдық,тұрақты әрі мүдделерін көздейтін бағдарлама әзірлеп,сол бойынша нақты әлеуметтік проблемаларды шешуіміз қажет.
- Еліміздегі жыл сайын ата-анасының қарауынсыз қалған балалар саны 10 мыңға жетеді. Бұл қазір ең өзекті мәселе. Заңда шет елдік ата-аналар қамқорлығына берілген балаларға консульдық мекемелер арқылы бақылау жүргізу қарастырылған.Дегенімен мұның бәрі толық деңгейде атқарылып жатыр деп айта алмаймыз.Қоғамда осы мәселеге қатысты сұрақтар туындаған соң, ол балалардың тәрбиесі,жағдайы қалай болып жатқанын бақылауға алуымыз керек.
- Шет ел асып кетіп жатқан балаларымыздың жағдайын бақылап тұратын арнайы комиссия құрылып, оларды жіті бақылап отыру қажет.Шет елдік ата-аналар қамқорлығындағы балалардың жағдайын көрсететін суреттер жіберіп тұру немесе баланың өзі жылына бір рет келіп тұруын қарастырғаны дұрыс.
Поделиться в соц. сетях
The Қазақстан шет елге бала сату жағынан әлемде үшінші орын алғаны үшін Парламент депутаттарын марапаттаймыз ба?(бейнесюжеттер) by «ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықтық бейнелі энциклопедиясы, unless otherwise expressly stated, is licensed under a Creative Commons Attribution-NoDerivs 3.0 Unported License.